«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Желге ұшқан жемісті жоба, қараусыз қалған жетім бақ

Желге ұшқан жемісті жоба, қараусыз қалған жетім бақ
Автор
Осыдан 8 жыл бұрын, яғни 2017 жылы Т.Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылында шие бағы отырғызылған болатын. Соның артынша 2019 жылы осы ауылдан қарқынды алма бағы да құрылған. Шие мен алма бақтарының жұмысы басталғанда бәріміз де қуандық. Жобаның көздеген мақсаты да үлкен еді, бақ жұмысын жандандыра келіп, жеміс шырынын шығаратын цех ашу да жоспарланған. Облыс халқын таза жеміс және табиғи сусынмен қамтамасыз етумен қатар, жергілікті тұрғындарға кіріс көзі болар жұмыс орнын ашатын айтулы жоба еді. Әттең, бүгінде алма бағының жартысынан көбі, ал шие бағы түгелдей қурап қалды.

Көптің игілігіне негізделген ауқымды жобаның жарты жолда қалуына не себеп? Бұл бақтардың ендігі жайы не болмақ? Оған мемлекет тарапынан қандай да бір қаржы бөлініп пе еді, оның қайтарымы болды ма? Әрине, біз бұл сауалдарымызды алдымен облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына жолдадық.

Басқармадан келген жауап хатта: «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 бұйрығымен бекітілген «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларының №13 «5 гектардан басталатын қарқынды алма бағын отырғызу» жоба паспорты аясында қарастырылған.

Бұл жоба паспортының инвестициялық салымдарды өтеу үлесі 40 пайызды құрайды. 2021 жылы жоғарыда аталған жоба паспорты аясында Т.Рысқұлов ауданы бойынша 16 миллион теңге субсидия төленгендігін хабарлаймыз» делінген. Бақтың қазіргі күйін көріп, бұл мәселе туралы анығырақ білу үшін Құлан ауылына арнайы бардық. Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиевтің айтуынша, 150 гектар қарқынды алма бағы «SV AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, ал 100 гектар шие бағы «ARNO AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі.

– Қарқынды алма бағы 2019 жылы құрылып, 2021 жылы өнім алып бастаған болатын. Ал, шие бағы 2017 жылы жұмысын бастап, 2020-2021 жылы өнім алған еді. Екеуі де 3-ші жылдан бастап 1800-дей тонна өнім берді. Алынған өнімнің 30 пайызы аудан көлемінде, 70 пайызы облыс көлемінде сатылымға шығарылған. Тек алма бағының өзі 45 адамды жұмыспен қамтыған. 2023 жылы ауа райының қолайсыздығынан алма бағын үсік шалып, жарамсыздыққа ұшырады. Алдыңғы және өткен жылы аздап өнім алды, бірақ көзге көрінетіндей болмады. Кейінгі жылдары серіктестіктер арасында түсініспеушіліктер болып жатыр. Ал, шие бағы уақытылы күтімнің болмауынан 100 пайыз күйіп кетті. Бұл бақ екі жыл қатарынан жақсы өнім берген болатын. Соңғы екі жылдан бері түгелдей қурап тұр, ешқандай өнім де жоқ. Енді біз аудан әкімінің тапсырмасымен жерді мемлекетке қайтару мәселесін қарадық. Бірақ, ол жер жекешеленіп кетіпті. Ешқандай шара қолдана алмай отырмыз. Қазір жұмысшы топ құрып, мемлекеттің мұқтаждығына байланысты қайтарып алу жұмысын атқарудамыз. Бас жоспар бойынша ол жерге тұрғын үй түсу керек болған. Соның қасында қазір «Арай» тұрғын үй алқабы бар. Бұрын бас жоспарға түсірілгенде сол жерлерде 1500-2000-дай үй тұрғызылып, Шөңгер ауылына жалғасуы керек болатын. Өйткені, Шөңгер Құлан ауылының бір бөлігі, сондықтан екі араны тұрғын үйлермен жалғау жоспарланған екен. Қазіргі уақытта ол жерге мектеп салынды. Тұрғындарға қажетті сауда орталықтары да жоспарда көрсетілген. Сол тұстағы дендросаябақты суғару үшін ұңғыма қазылған, әлгі бақтарға да сол ұңғыманың суын қолданып, тамшылатып суғарған. Енді қазір ол серіктестіктердің қызметкерлерімен байланыса да алмай отырмыз, – дейді Темірғали Нәдірұлы.

Бақтар алғашқы жылдарында жайқалып өсіп, мол жеміс бергенде ауыл тұрғындарын маусымдық жұмыспен қамтып, көп көмегі тиіпті. Сол жылдары аудан әкімдігі баққа жауапты серіктестіктерді мақтау қағаздарымен марапаттаған да, бірақ бүгінде ол бақтардан күй кеткен.

– Бастапқыда қарқынды алма бағын «SV AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мың гектарға жеткізуді, қайта өңдеу цехын ашып, алма шырыны мен кептірілген жеміс шығаруды жоспарлаған. Шие бағынан 1700 тонна өнім алуды жоспарлап, жұмыс істеп тұрғанында 6 азаматты жұмыспен қамтыған еді. Шие бақ жеміс берген жылдары өзіміздің аудан тұрғындары-ақ сатып алып тұрды. Тараз қаласынан келіп, жүк көлігімен тиеп алғандар да болды. Өз ауылымыздың балалары бос уақыттарында бақта шие теріп, күніне 15-20 мың теңге тауып жүрді. Кейін жеміс ағаштары қурап қалғаннан соң агроном және басқа жұмысшылары айлықтарын уақытылы төлемегендіктен жұмыстан шығып кетті. Жеміс ағаштарының бұлайша күйіп кетуі күтімнің уақытылы жасалмауынан. Қазіргі дамыған технологияның игілігімен ағаштарды өзінің уақытында арнайы дәрісін беріп, ұйықтатады. Ерте көктемде тағы бір дәрісін беріп, оятады. Ол процесті өз көзіммен көргенмін. Ұйықтататын дәріні бергенде ағашта тұрған жапырақ қоңыр болып қалды да, көктемде оятатын дәрісін бергенде, сол жапырақтар жерге түспеген күйінде жап-жасыл болып шыға келді. Сірә, кейінгі жылы ерте оятып қойды ма екен, сол жылы үсік жүрді де өнім аз болды, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиев.

Игі жоспармен басталып, жемісті жылдарында тұрғындарға пайдасын тигізген екі бақ енді жойылмақшы. Соншама қаржы, қыруар еңбек салынған ауқымды істің жоқ болатыны жанға батады. Біз барғанда бақ басында тіпті қарауыл да жоқ. Тек биылғы еріген қардың суы қалған бассейні мен техникалары қаңырап тұр. Иесіз бақ, қураған ағаштар есіл кеткен еңбекті еске салып, жаныңды аяздай қариды екен.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар