«Ажырасамын...»

«Ажырасамын...»
ашық дереккөз
«Ажырасамын...»

Тұрсынбек пен зайыбы Ақылқан және Құрмаш үшеуі – он жыл бірге оқыған сыныптастар. Оның үстіне Ақылқан мен Құрмаш қыз алыспайтын жақын ағайын болып келеді. Кейін үйлі-баранды болған шақта қызмет бабымен Тұрсынбек отбасымен ауылда, Құрмаш аудан орталығында тұрақтайды. Бірде Тұрсынбек Алматыға сапарлап барып, қайтарда Қордайдағы Құрмаштың үйіне соғады. Көптен көріспеген достар дастархан басында өткенді еске алып, жеңіл шараптан сілтей отырып екеуара мәре-сәре болады. Арғы-бергіден айтылмаған әңгіме қалмайды. Кеш түсіп Тұрсынбек ауылға қайтар шақ таялғанда бұрынғы сыныптастар бірін-бірі қия алмай, сол қимастықтың белгісі ретінде ауылдағы досы Құрмаштың әлі мектепке бара қоймаған бес жастағы ұлы Маралды өзімен бірге әкетпек болады. – Ауылдың ауасын жұтып біраз күн аунап-қунасын, сосын әкеліп тастаймын, – дейді. – Болсын, – дейді Құрмаш, – онда тұрған не бар, қайта сенің балаларыңмен бауырласып, әкесі туып-өскен жерде ойнап асыр салсын бір. Сонымен, Тұрсынбек бес жасар Маралды ертіп кешкі автобуспен алпыс шақырым жердегі ауылға тартып кетеді. Жол үстінде бір қуақы ой басына келіп, ол балаға былай деп үйрете бастайды. – Үйге барғанда «папаң кім?» деп сұраса, «Тұрсынбек» деп, мына мені көрсет, «мамаң кім?» десе, «Алматыда тұрады, аты – Оксана» де, жарай ма? Кім сұраса да осылай айтуды әлденеше қайталап, жол бойы балаға әбден үйретіп қояды. Содан олар ауылдағы үйге де келеді. Бәрі ол ойлаған «сценариймен» жүре бастайды. Әйелі күйеуімен еріп келген қарғадай баланы көріп алғашында таңғалады. Бұл не қылған бала, кімнің баласы екенін есіне түсіре алмайды. Күйеуінен сұраса: – Алматыдағы әйелімнен туған өз балам ғой, ертіп әкелдім. Енді бірге тұрамыз, көнсең де, көнбесең де осы, – дейді беті бүлк етпестен. Мұны күйеуінің кезекті бір қылжағына балайын десе, көңілі құрғырға күдік ұялап әкетіп барады. Сосын баланы оңаша бөлмеге апарып сұрақтың астына алсын. – Кімнің баласысың, папаң кім сенің? – Тұрсынбек. – Мамаң қайда тұрады? – Алматыда. – Мамаңның аты кім? – Оксана, қыдырып кел деп, мені папаммен жіберді... Сол-ақ екен, Ақылқанның қаны басына теуіп, ызадан жарыла жаздайды. «Бәсе, бұл неге алматышыл болып алды десем, бір бәлесі бар екен ғой о бастан. Қанша жылдан бері білмей қара басып жүріппін де. Басынғаны соншалық, көңілдесінен туған баласын да ертіп келіпті ұялмай. Ойбай-ау, жұртқа не бетімді айтамын...». Ызаға булыққан күйде заттарын асығыс жиыстырып, үйден шығуға айналады. – Әй, қайда барасың? – дейді Тұрсынбек түк білмегендей, ішкі есебі енді қайтер екен деп әйелін тағы да ызаландыра түспек. – Кетемін бұл үйден, сендей арсызбен бірге тұрмаймын. Ажырасамын. Енді анау Оксанаңды әкеліп ал, балаңды әкеліпсің ғой, – деп долданғаннан жылап жібереді. Сол қалпы аулаға шығып та айқай-сүреңге бассын. Көшеде жүргендер мен көршілері мұндағы дабыраға елеңдей бастаған шақта, күлкі буып әзер тұрған Тұрсынбек әйелін құшақтап алып, ой бір ақтарылсын. – Не бетіңмен күлесің? – дейді Ақылқан одан бетер жарылардай болып. – Күлмегенде ше, Қордайдағы Құрмаш құрдасыңның, тіпті, өз бауырыңның баласын танымай қайдағы жоқты тантып тұрсаң? Әдейі бірер күнге қыдырып келді әпкесінің үйіне. – А-а... Әй, сен Құрмаштың баласысың ба? – Иә, – дейді, мынадай айқай-сүреңнен есі шығып кеткен бала да шынға көшіп. Не керек, ойыннан өрт шығара жаздаған сол оқиға бір айдай үйінде жүрген балаға қайтарында бір кепе қозыны атап, құлағына ен салып берумен аяқталады.

Құрманбек Әлімжан.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар