«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мектептерде педагог-психологтар неге тұрақтамайды?

Мектептерде педагог-психологтар неге тұрақтамайды?
Автор
Бала – болашағымыз десек, елдің ертеңі болатын жас өркенге ерекше күтімнің керегі анық. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алып, қауіпті кеселге ерте жастан тұсау салудың маңызы зор. Бұл ортақ қоғамдық қауіпсіздік пен мәдениетті қалыптастырудың басты тетігі саналады. Бұл ретте мәселенің бір ұшы балалармен жұмыс жасаушы мамандарға, яғни, психологтарға келіп тірелетіні белгілі. Бүгінде облысымызда аталмыш сала мамандарының тапшылығынан кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны да артып отыр.

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірде мектепішілік есепке қойылған оқушылар саны 2023 жылы 395 болса, өткен жылы 490 оқушыны құраған. Ал бүгінгі күні 587 оқушы мектепішілік есепте тұр.

Аудандар бойынша Байзақ ауданында өткен жылы кәмелетке толмағандар арасында 5 қылмыс жасалса, есепті кезеңде Жамбыл ауданында қылмыс тіркелмеген. Алайда ауданда 7 оқушы полиция бөлімінің, 14 оқушы мептепішілік есепте тұр. Сол секілді Жуалы ауданында колледж білімгерлерімен 3 қылмыс, Қордайда 2 қылмыс орын алған.

Салаға жауапты министрліктің бекіткен қаулысына сәйкес, мектеп психологтарына орта е сеппен 300 баладан болуы тиіс. Ал, облыстық білім басқармасы басшының міндетін атқарушы Ләззат Қызылқұлованың сөзінше, өңірде бұл стандарттың межесі 3-4 есеге артқан. Яғни, аймақта бір мектеп психологына 1000-2000 аралығында оқушы жүгінеді.

Мұндай жүктеменің көптігінен және артылған жауапкершіліктің ауырлығынан мамандардың білім ошақтарында көп тұрақтамайтынын атап өткен өңірдің бас ұстазы аталған мәселеге басқа қырынан қарау керектігін жеткізді.

– Облыста психолог мамандар тапшылығы бар екені жасырын емес. Оның бірінші себебі, мектеп жасындағы балалар арасындағы қылмыс үшін оқиғаның қайда орын алғанына қарамастан, дәл осы мамандық иесінің жауапқа тартылуы болып отыр. Бүгінде жүргізілген зерделеу нәтижелеріне назар аударсақ, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың 80 пайызы мектептен тыс уақытта орын алған. Демек, бұл тұрғыда бірінші кезекте ата-ана жауапкершілігін күшейту керек, – деді Ләззат Әбілдақызы.

Кез келген маманның жұмыс орнында нәтижелі жұмыс жасауы үшін бірінші кезекте жайлы орта мен жалақы мәселесі реттелуі керектігі айтпаса да түсінікті. Өйткені аталған мамандық иелерінің білім мекемелеріне жұмысқа баруға құлшына бермейтіндігінің де себебі осында болып отыр. Мәселен, бүгінде мектептегі психологтардың жалақысы мұғалімдерден, ал оларды қадағалайтын облыстық психологиялық орталық мамандарының айлығы мектеп психологтарынан да төмен деңгейде қалыптасқан. Бұған мектептегі мамандардың өз функциясынан бөлек қызметтерді атқаратындығын және қосыңыз.

– Өңірде соңғы уақыттарда орын алған қылмыстық жағдайларға байланысты бүгінде орталық тарапынан мектеп психологтарына аутодеструктивті (зиян келтіруге бағытталған) мінез-құлықтың алдын алу бағытына басымдық беру жүктеліп отыр. Алайда педагог-психологтарға қажетті жағдайдың жасалмауынан маман тапшылығы туындап отырғаны жасырын емес. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде мектептегі психолог мамандардың 90 пайызы өз қызметінен бөлек жұмыстарды да атқаратындығы анықталып отыр. Бұл межеленген міндеттің өз деңгейінде орындалмауына да әсерін тигізетіні түсінікті. Жалпы тек мектептегі психологтардың ғана емес, өзге саладағы аталған мамандық иелерінің жай-күйі осы. Бүгінде өңірдегі педагог[1]психологтарға жетекшілік ететін облыстық психологиялық орталық мамандарының жалақысы мектептегі әріптестерінен де төмен. Сондықтан орталықтағы 48 маманды 1,5 мөлшерлемедегі айлық жалақымен қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді орталық директоры Ришат Райф.

 Сондай-ақ, Ришат Еркінұлы биылдан бастап аталған мамандықтың магистранттарына төлемақыны алып тастау да өз деңгейінде болашақ маман иелеріне әсер етпей қоймайтындығын атап өтті. Ал Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев болса, маман тапшылығын өңірдегі ЖОО-лармен өзара байланыс орнату арқылы жолға қоюға болатындығына тоқталды.

– Тергеу изоляторларында болғанымызда кәмелет жасына жетпегендердің басым көпшілігі іс-әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын білмеген. Демек, бұл ретте түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеген. Ал, маман тапшылығына келетін болсақ, бұл мәселені өңірдегі білім бағдарламасы бар қос бірдей ЖОО-мен бірлесе шешу керек деп ойлаймын. Жылына кемінде бұл білім ордаларынан 50-ге тарта студент аяқтап шығады, – дейді Еркін Қуанышев.

Расында өзекті мәселенің шешімі түрлі тараптар мен тораптарға барып тіреледі. Десек те, түйткілді түйіннің түп тамыры адам жанының механигі – психолог мамандарына жұмыс жағдайын жасау арқылы шешілетінін аңғартуда. Сол себепті ұрпақ тәрбесін ойласақ, салдары орасан қателікті қайталамас үшін қажетті әрекетті бүгіннен бастай білу керек.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар