«Жүр, Бақытжан, моншаға...»

«Жүр, Бақытжан, моншаға...»
ашық дереккөз
«Жүр, Бақытжан, моншаға...»

Қазақта «соғымбасы» деген жақсы дәстүр бар. Жаңа жылдың алдында екі-үш жігіттің басын қосайын деп үйге шақырдым. Ет піскенше емен-жарқын әңгімелесіп отырғанбыз. Бір кезде Асекең (әртіс Асқарбек Сейілхан) «Бақытжан, өлеңіңді оқышы» демесі бар ма. Мен өлең емес, сықақ жазатынымды, өкінішке қарай, оны жатқа білмейтінімді айтып ақталып жатырмын. Оған пысқырған Асекең жоқ. «Сен болмасаң, балаң оқиды. Мен білетін Санат (тұңғыш ұлым) атасының өлеңін білуі керек. Шақыршы», – деді. Қонақтардың алдына келген Санат сасқан жоқ. Атасының мазақтама өлеңін судырата оқи жөнелді. Сондағысы мынау: – Жүр, Бақытжан, моншаға! – Кір емеспін соншама. – Жүр, Бақытжан, бұлаққа! – Не бар шаршап жырақта. – Құлағың кір, мойның кір, Жуынуды қойдың бір. Жүр дегенге жүрмесең, Үйде жуын онда сен!

Тұр Бақытжан есінеп Жуынамын несін деп. Бұны естіген жігіттер қыран-топан күлкіге көмілді. Ал мен не дейін. Бала кезімде моншаға бармай қырсығып, Совет әкемнің маған жазған мазақтау өлеңі кітабына еніп кеткені рас. Кезінде оны әкемнің өзі оқып бергенде жинақты жыртам деп ашуланғаным да бар. Сол кезде әкем: «Жарайды, менің қолымдағы кітапты жыртсаң, жыртарсың. Бірақ, бүкіл Қазақстанға тарап кеткен өлеңді қалай өшіресің?» – деп күлгені әлі есімде. Енді міне, өзім де әке болғанда бұл өлең тағы алдымнан шығып отыр. Оны басқа емес, ұлым айтып жатса, не шара?! Баланың аты – бала. Болар іс болды. Содан бері Асекең «Жүр, Бақытжан, моншаға» деп ұялы телефоныма «смс» жіберетін болды. Бармағанда қайтем?! Бүгінде әкем жоқ. Есесіне аптасына бір рет әкемнің өлеңін еске салып, моншаға «жетектеп» алып баратын Асекеңе мың да бір рахмет.

Бақытжан Советұлы.

Ұқсас жаңалықтар