«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қайыр сұрайтындар азаяр емес... неге?

Қайыр сұрайтындар азаяр емес... неге?
Ашық дереккөз
Қазақта «Жалқаудың жаны тәтті, еңбектің наны тәтті» деген бар. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей...» деп айтып кеткен Абай хакімнің сөзінде жалғандық жоқ. Қазір байқасаңыз, қоғамда жалқаулық, самарқаулық басым. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргісі келетіндер қатары көбейген тәрізді ме, қалай өзі... Қалай айтсақ та қаламызда алақан жайып тұратындар азаймай отыр?

Қайырымдылық жақсы қасиет десек те, қайыр сұрау жақсы іс емес. Қайыр сұрағанда да мешіт маңында кейбір жарымжан қарттар, тағдырдан теперіш көрген жасы үлкен кісілер отырушы еді. Ал, бала- шағасын шұбыртып қайыр сұрап жүретіндер басқа этностан болатын. Олардың салттары тіленшілік деп естуші едік. Оларға аздап әжет ашқанға ешкім ренжи де қоймайтын. Қазір тіленушілер жасарып кетті. Олар тіпті, мешіттің айналасында ғана емес, үлкен сауда дүкендерінің жанында, кинотеатр, базар маңы, үлкен бұрылыстарда, үлкен даңғылдардың бойында қол жая беретін болды. Ол да ештеңе емес. Тіпті, аялдаманың жанынан да, шаштараз бен моншаның тұсынан да алақан жайған адамдар кейде ұшыраса кетеді. Енді машинасы бар адамдарға да тыныштық жоқ. Бағдаршамға 30 секунд тоқтағанда тіленші балалар «Тиыныңыз бар ма?» деп әйнек қағып тұрады. Май құю бекетіне тоқтасаңыз. «Жанар май құйып берейік» деп жамырап алдыңнан шыға келетін жас балалар бар. Оларға қадаға қайда? Ата-анасы қайда? Басымызға сол сәтте осындай ой келеді.

Жалпы, осы тіленшілікке, қайыр сұрауға байланысты тәртіп пен заң бар ма? Біз осы орайда тараздық заңгер Шора Шұғайұлына жолыққан едік. «Мұндай жағдайға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі бар. Тіленшілік, қайыр сұрау әкімшілік құқық бұзуға жатады. Қайыр сұрау бір бөлек дүние. Өзінің адал ақшасымен ақыға адам тасып жүргендер де заң алдында абайлағандары жөн.

Үлкен қалаларда жолаушы адамдарға «Менің таксиіме отырыңыз» деп көлік жүргізуші айтуына болмайды. «Менде пәтер бар. Пәтерімді жалға беремін» деп те айқайлауға құқыңыз жоқ. Ол үшін заңның алдында басыңызды иіп тұрып жауап бересіз. Мұның баршасы бейтаныс бөтен кісіні бөгеу, оның құқығына кіру, оны алаңдату секілді заңсыздыққа жол ашады» – дейді.

Бұл орайда заң мен тәртіпті назарға алып жатқанымыз да бекер емес. Осы Тараз қаласының орталық көшелеріндегі үлкен мешіттердің қайыршы апаларын, тіпті тануға да шақ қалдық. Өте қиналған адам жабырқап, үнсіз алақан жайып отырмай ма? Ал, ол апалар намазхан жұрт далаға шыққаннан «Айналайын, маған бере ғой, мендей апаңа бере ғой», «Оған берме!», «Алдыңда біз неге тұрмыз, қарағым? Маған тастап кет» деп адамның көңіліне жаға бермейтін сөздерді айтып тұрады. Кенет шеттеу тұрған бір апаға 200 теңге тастап кетсеңіз, бітті. Басқа тілемсектер оны түтіп жіберуге де дайын. «Неге саған береді, ей, ә. Қарашы шеттеу тұрып қағып түсуін. Көзіңді сата бермей тыныш отыр» деп айқайлап жатқандары. «Ойпырым-ай, бұл кісілер өзі Құдайға жалбарынып қайыр тілеген кісілер ме? Әлде ұрысуға маман болып алған еріккен апалар ма?» деген де ойға қаласың. Тағдыр жолымен бастары қиын жағдайда түйіскен, ең соңғы нәсіптерінен дәметіп қолын имене жайып отырған жандар бір-біріне мейірімді, бір-біріне тілеулес келуші еді. Тіпті, «Кемедегі кісінің жаны бір» деп, қайыр сұрап тапқан тиынынан серіктестеріне бөліп бергісі келіп тұрушы еді. Ал, қазіргі қатыгездеу қоғамның қайыршылары да мейірімсіз. Бір-біріне екі көздерін төңкеріп алара қарайды. Имандылық үйі саналатын мешіттің алдында отырып, бірін-бірі көзбен атып, көздері жетпеген жерді сөзбен атып отырады. Оларға не айтуға болады.

Жақында бір жағдайды естіп жағамды ұстадым. Білім саласында еңбектеніп жүрген бір егде кісі кештетіп қарапайым киініп алып, үлкен с ауда орынының алдында банкісін қойып, алақан жайып отырыпты. Әрі-бері өтіп жатқан жолаушылар қарайласып, банкісі біраз тиын мен ұсақ теңгеге толып қалса керек. Кенет сол жолмен өтіп бара жатқан бір әріптесі әлгі кісіні танып қалып: «Ой, Пәленше қалайсың? Жай отырмысың. Жұмысың қалай?» деп сұрай қалады. Сонда анау «қайыршы» орынынан атып тұрып, ұяттан жерге кіріп кете жаздапты. «Мен... Мен білім саласында әлі де істеп жүрмін. Категориямды көтеруге «сұраған» ақшаны табу үшін жұмыстан соң осындай амалға барып жүр едім. Сен көріп қойдың ғой» деп құрбысына шынын айтуға мәжбүр болыпты. Мұндай мысалдар жетіп артылады. Әр салада, әр қалада кездеседі. Он екі мүшесі кем, жарымжан, қарттықтан әбден қажыған кісілерге қол жаю деген аса ерсі емес шығар. Тепсе темір үзетін жап-жас жігіттер ше?

Біздің айтпақ ойымыз, жағдайы аса мүшкіл болмаса да тіленші, қайыршы топтар көбейіп кетті. Олардың кез келгеніне атқарамын десе, жұмыс бар. Базардағы сауда орындарының айналасын сыпырып берсе де, көктемде жер үйі бар кісінің жерін аударып берсе де жұмыс. Біреудің затын көтерсе де, көлігін жуып берсе де кәмелетке толған азаматқа жұмыс көп. Олай еңбектеніп жүріп тапқан тиынның наны тәтті. Ал, жап- жас азаматтың азаннан кешке дейін алақан жайып отыруы ешқандай қисынға келмейді.

Ауылды жерде де біреу- жарым қайыршылар кездесіп жатады. Олар негізінен ащы суғ а бой а лдырып , қи ын жағдайға түскендер. Бірақ, ауылдың ас-жиынында олардың қолы жүреді. Итке бо сқа тастамайық деп, жиын өткізген үйдің адамдары еті мол күрішін, бауырсағы мен шелпегін, қаттама нандарын әлгі жоқ- жітік кісілерге ұстатады.

Қалай айтсақ та, қайыр сұрайтындар азаяр емес. Бәлкім, қанағат жоқтықтан да болар.

Намысы бар адамдарға ойланатын уақыт жетті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар