
Жауынгерлік жаттығудың бір түрі – садақ ату өнері. Бейбіт күні садақты көп атқан кез келген жанның мергендігі жетіліп, ол жебе тартудың машығын үйренеді. Өзінің нысанаға дәл тигізетін қашықтығын анықтап алады. Көшпенділердің аса бір қадірлейтін адамы да осы – мергендер. Қазақтың батырлық дастандары мен эпостық жырларында асқан мергенге хан қызын бергені жайлы дерек жеткілікті. Мәселен, Қобыланды батыр жырында Көктем аймақ деген хан ай астына алтын жамбы құрып, оны атып түсірген адамға қызымды беремін деп жар салады. Жамбыны Қобыланды батыр атып түсіріп, Құртқа сұлуды алып қайтқанын сіз бен біз талай оқыдық. Ал, қазір садақ ату спортымен айналысып жүргендердің қатары екі мыңнан асып жығылады екен. Бір қуанарлығы, ұлттық құндылықты жаңғырту жолында өңір-өңірлерде арнайы орталықтар көптеп ашылуда. Оған осыдан үш жыл бұрын Мәдениет және спорт министрлігінің «дәстүрлі садақ ату» өнерінің спорт түрі ретінде ресми тануы жол ашса керек. Сондай орталықтың бірі – Тараз қаласындағы «SUGIR MERGEN» дәстүрлі садақ ату орталығы. Негізін қалаушы – жерлесіміз Индира Меңлібаева.
– Жоңғар шапқыншылығы кезінде өмір сүрген атақты мерген Сүгірәлі (лақап аты – Шохай) біздің бабамыз. Марқұм әкем ата-бабамыздың сұрмерген болғанын, сол заманда тұтастай бір ауыл оқшылар болғанын айтып отыратын. Тіпті, сол ауылдың келіндеріне дейін қолынан іс келетін шебер екен деседі. Осылайша, «SUGIR MERGEN» дәстүрлі садақ ату орталығын аштық. Кез келген спорт секілді садақ ату – шыдамдылық пен табандылыққа баулып, алға қойған мақсатқа жетуге құлшыныс сыйлайды. Сондықтан, дәстүрлі садақ ату өнерін жас ұрпақ тәрбиесінде кең пайдалану керек. Өз басым қазір шәкірт тәрбиелеуге күш салып жүрмін. Бүгінде 50-ге жуық шәкіртім бар. Бұдан бөлек, өзіммен бірге иық тіресе садақ атып жүрген 30 адамнан құралған ересектер тобы жасақталып үлгерді, – дейді Индира Жәнібекқызы.
Естеріңізде болса, былтыр Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында ұлық мереке – Республика күніне орай ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық фестиваль ұйымдастырылған еді. Фестиваль аясында қазақ күресінен, көкпардан, садақ атудан, тоғызқұмалақтан, асық атудан және теңге ілуден жарыстар өтті. Бұл сында Тараз қаласы мен өңіріміздегі 10 ауданнан келген 500-ге жуық спортшы бақ сынады. Жерлесіміз дәл осы сайыста садақ атудан «Пута» нысанасы бойынша үздік деп танылды. Бұдан бөлек, ол өткен жылдың тамыз айында елордамыз Астана қаласында түндігі түрілген дүбірлі дода V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында елшілік қызмет атқарды. Ал, жуырда ғана Индира баптайтын сұрмерген жерлестеріміз шырайлы Шымкент қаласында өткен айтулы жарыстан жүлделі оралды.
Шын мәнінде, осынау спорт түрі шыдамдылық, жүйке мықтылығы, өткір көз және қуатты қолды қажет етеді. Бұрымды қыздың бес қарудың бірі саналатын садақ ату өнерін насихаттап жүруі қуантпай қоймайды. Демек, алдағы уақытта Әулиеата өңірінен асығы алшысынан түсетін сұрмергендердің қатары көбейе түсері сөзсіз. Бастысы, жамбылдықтар бәсі биік жарыстарда садақ ату өнерін насихаттауын тоқтатпаса деген тілек бар. Оған өңірімізде ұлттық спорттың өз деңгейінде ұлықталуы негіз болса дейміз.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Серік Сәлемов – облыстық бокс федерациясының президенті
- 29 наурыз, 2025
«Jibek Joly» туристік пойызы Таразға табан тіреді
- 25 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді