
Ел арасындағы аңызға сүйенсек, Шайқорық атауы ежелден, Қарахандар дәуірінен басталады деуге болады. Қараханидтер билеп тұрған кезде Талас қаласының теріскей беті хан қорығы болыпты. Бұл мекен хан әулетінің ерекше қорғалатын аймағы атанып, мұнда сусын ретінде ішетін шөптесін өсімдігі өсірілетін болған. Шөптесін өсімдік хан қорығында арнайы өсіріліп, күтіп бапталып, піскенде кептіріліп, сусын, тыныс жолдарына суық тиген кезде, іш тоқтатуға ем ретінде, жүнді, теріні сары түске бояуға пайдаланған. Күндердің күнінде қорыққа «бір ауыл көшіп келіп қонды» деген хабар ханға жетеді. «Менің қорығыма қонатындай бұл кім екен» деген оймен хан жанындағы кеңесші билерін, уәзірлерін жиып жаңа қоныстанған ауылға беттейді. Ауыл ханның келе жатқанынан хабардар екен, ханды бір келісті жас әйел құрметпен қарсы алып, сый көрсетеді. Ханға лайық жоралғысын жасап, құрмет танытады. Әлден уақытта әйелдің рұқсатымен үйге бірдей киім киіп, белдерін қызыл белбеумен буынған бес жасөспірім жігіт кіріп келеді де, ханға иіліп сәлем беріп шығады. Аздан соң дәл солай бірдей киім киіп, белдерін жасыл белбеумен буынған бес жасөспірім келеді де, ханға сәлем беріп шығады, олардың соңын ала беріп тағы да бірдей киінген бес жас бала келіп ханға иіліп сәлем береді. Хан шыдай алмай, қарсысында отырған отанасынан: «Бәйбіше, мына балалардың барлығы өзіңіздікі ме?», – деп сұрайды. Сонда отанасы: «Бәрі де өз балаларым хан ием. Алғашқы келіп сәлем берген өзімнен туған балаларым, кейінгі бес бала отағасының менен кейінгі әйелінен туған перзенттері. Олар да өзімнің балаларым. Соңғы бес жас бала отағасының кіші әйелінен туған балаларым», – деп жауап береді. Хан одан сайын таң болып: «Апырай-ә, өзіңіз де әлі жас екенсіз, бір кісіге жетерлік көркіңіз де бар екен, калайша отағасыңызға үстіңізге әйел алдыра бергенсіз?», деп қалады. Сонда отанасы «Қатынның жаманы ер қориды, ханның жаманы жер қориды, ер қорысам Құдай маған мұнша баланы бере ме?» деген екен.
Бәйбішенің ақыл-парасаты мен сөзіне көңілі толып, разы болған хан келген шаруасын айтпай қайтып кетеді. Бұл әйелдің аты Шейі екен. Сарайына жеткесін хан қасындағы кісілерге: «Бұл қорық енді Шейінің қорығы болсын», деп айтқан екен. Содан бері хан қорығы Шайқорық деп аталып кеткен деген аңыз бар.
Ортағасырлық Тараз қаласымен тығыз байланысы бар, хан қорығына айналған Шайқорық тарихы осылайша тереңнен сыр шертеді. Бүгінде бұл маңнан айнала ағып жатқан өзен-сулар ирригациялық оңтайлылық суармалы шаруашылықтың өзегі, мұнда шайқурай өсімдігі өсірілген деген болжамға жетелейді. Өйткені, елді мекенге жақын аймақта ортағасырлық сәулет өнерінің ерекше үлгілерінің бірі – төрткүлдер көптеп кездеседі. Төртбұрышты келген, бұрыштары мен қабырғаларының бойында мұнара орындары сақталған төрткүл тәріздес ескерткіштерді Қазақстан территориясында шығыста Зайсан, Алакөл өңірінен бастап, Орталық Қазақстан, Жетісу, Сырдария және Маңғыстауға дейін кездестіруге болады.Талас өзенінің төменгі сағасында да мұндай төрткілдер көптеп кездеседі. Бұл қатарда Шайқорық елді мекеніне жақын маңда орналасқан төрткүл мен Қоңыртөбе мекен жұрты секілді тарихи жерлер бар.
Бұл орындар 2013 жылы археолог ғалымдар Мадияр Елеуов пен Дөкей Талеевтің зерттеу жұмыстары негізінде белгілі болған еді. Ғалымдар Талас өзенінің орта ағысында барлау жұмыстарын жүргізіп, ортағасырлық ағара төрткүлінде батыс қабырғасы ен мұнарасында кесік-қазба, Жайтөбе, Қаратөрткүлтөбе, Қаракемер, Қоңыртөбе және Бектөбе қалаларының шаруашылық аймағын қоршап жатқан ұзын қорғандарында қайта зерттеу жұмыстарын атқарып, олардың ұзындықтарына толықтырулар енгізді. Сонымен бірге Қоңыртөбе мен Жайтөбе қалаларының ұзын қорғандарына зерттеу жүргізді.
Әр кезеңде облыс орталығы Талас, Тараз, Янгикент, Әулиеата, Жамбыл болып неше рет өзгергенімен Шайқорық атауы Кеңес өкіметі орнағанға дейін ел қоныстанбаған қорық болып келген. Тек 1929 жылы Шайқорық ұжымшары ұйымдастырылып, 1961 жылы аймақта Жамбыл атындағы жеміс-жүзім кеңшары құрылады. Кеңес дәуірінде әйгілі жүзімдік орнына айналған алқап кейінгі уақытта пайдаланылмай, 15 жыл бойы бос жатқан болатын. Тіпті, бұл жер ауыл тұрғындарының қоқыс тастайтын орнына айналып кеткен еді. Алайда, мемлекеттің қолдауы арқылы пайдаланылмай бос жатқан жер бүгінде жайқалған алма бағына айналып отыр.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Жалпыұлттық акция жалғасын тапты
- 6 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді