«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстан – Италия: өзара серіктестікті кеңейтуге мүмкіндік мол

Қазақстан – Италия: өзара серіктестікті кеңейтуге мүмкіндік мол
Ашық дереккөз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Италияға барған ресми сапары кезінде Серджо Маттарелланы Қазақстанға келуге шақырған болатын. Сол сапарда Мемлекет басшысының шақыруын ризашылықпен қабыл алған Италия Президентінің борты 9 наурызда елорда әуежайына қонды. Қазақстанға ресми сапармен келген Серджо Маттарелланы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алып, одан кейін екі ел басшылары келіссөздер жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Еуропадағы басты инвестор

Айта кетсек, бұған дейін екі президент 2024 жылдың 18 қаңтарында Рим қаласында кездескен еді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті ретінде Италияға жасаған алғашқы сапары болатын. Еуропаның оңтүстік бөлігінде, Апеннин түбегінде орналасқан мемлекетке ресми сапар Серджо Маттарелламен кездесуден басталып, Квиринале сарайында екі ел басшылары келіссөз жүргізгені белгілі.

Кездесу барысында Қазақстан басшысы еліміздің Еуропа Одағындағы сенімді серіктестерінің бірі – Италия Республикасымен қарым-қатынасы ұзақ уақыттан бері өзара тиімді сипатта дамып келе жатқанын жеткізген болатын. Сол сапарда өзара мүддені көздейтін мәселелерді, атап айтқанда, экономикалық байланыстарды дамыту және екі елді өркендетуге бағытталған қатынастарды нығайту мәселелерін шешу жолдары талқыланды.

Шын мәнінде, Италия – Қазақстанның Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші стратегиялық сауда серіктесі. Еліміздің Еуропадағы тауар айналымы мен сату нарығындағы маңызды серіктесі саналатын мемлекетпен өзара сауда-саттық көлемі бүгінде 20 миллиард АҚШ долларына жуықтады. Таяу жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымын бұдан да арттыру жоспары қарастырылуда. Сонымен бірге, Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Бүгінде біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді, соның ішінде ENI кәсіпорны да бар. ENI – көшбасшы компания.

 

Сондықтан, екіжақты қатынастардағы жетістіктерді жоғары бағалайтын еліміз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыруда. Италияға сапарында Мемлекет басшысы алдағы уақытта екі ел арасындағы ынтымақтастық өте табысты болатынына сенім білдіре отырып, шетелдік инвесторлар үшін ел экономикасының неғұрлым тартымды және перспективалы салалары туралы да егжей-жегжейлі айтып берген болатын.

Екіжақты байланыстарға тың серпін берген келіссөз

Ақордада Серджо Маттарелламен өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге келген Италия делегациясына ілтипат білдіре отырып, бүгінгі кездесу өзара мүддеге сай келетін екіжақты қатынастардың маңызды аспектілерін талқылау үшін оңтайлы мүмкіндік екенін айтты.

«Италияға былтырғы сапарымнан жақсы әсер алдым. Сіздің қонақжайлық танытып, нәтижелі келіссөз жүргізуге барынша жағдай жасағаныңыздың арқасында сапарым өте сәтті өтті. Екі мемлекет түрлі салада тығыз қарым- қатынас орнатқан. Біздің нарықта біраз италиялық компания жұмыс істейді. Олардың қатары қарқынды артып келеді. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз да ойдағыдай дамып жатыр. Сондықтан, елдеріміздің арасында берік ынтымақт астық қалыптасқан деп санаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Италия Президенті Қазақстан басшысына құшақ жая қарсы алғаны үшін ризашылығын білдіріп, бұл кездесу екі ел арасындағы шынайы достықтың көрінісі екенін айтты. Сондай-ақ ол екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайын жоғары бағалап, өзара стратегиялық серіктестікті кеңейтуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

«Біз шын мәнінде барлық бағытта, соның ішінде саяси, экономикалық, сауда және мәдени салаларда тамаша байланыс орнаттық», – деді Серджо Маттарелла.

Әңгімелесу барысында Президенттер сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективасын егжей-тегжейлі талқылады. Мемлекет басшысының айтуынша, Италия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің арасында үшінші орын алады, сондай-ақ экономикамызға қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда айналымы 20 миллиард долларға жуықтаған. Қазақстанда кәсібін жүргізетін 250-ге тарта италиялық компания мұнай-газ, жаңартылатын энергия, машина жасау және ауыл шаруашылығы салаларының дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Пре зиденттердің пайымынша, Қазақстан мен Италия экономикалық қана еме с, мәдениет пен туризм саласындағы серіктестікке де баса мән беруі керек. Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Айта кетсек, биыл тамызда екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толады. Аталған уақыт ішінде Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып, жоғары деңгейге жетті. Мазмұнды саяси диалог жүргізілуде, өзара сауда қарқыны өсуде, келісімшарттар базасы кеңейіп, көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастық нығаюда. Бұл ретте 2009 жылы қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы Шарт Қазақстан – Италия қарым-қатынастарының ерекше мәртебе сін айғақт айтын аса елеулі оқиға болды. Италияның Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және қоғамдық реформаларға үлкен қызығушылық танытып отырғаны да белгілі. Сондықтан да екі ел арасындағы келіссөздер нәтижесі екіжақты экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық байланыстарға тың серпін беруде. Бүгінде Қазақстан Италиямен стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайтуға және дамытуға бағытталған сыртқы саяси бағытты одан әрі жүргізуге ниетті.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

Ұқсас жаңалықтар