«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық жоғары

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық жоғары
Ашық дереккөз
Көктем мезгілі шаруалар мен диқандар үшін қауырт тіршілік кезеңі. Қыруар техника мен адам күші жұмылдырылатын көктемгі науқан арнайы дайындықты қажет етеді. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық кеңеске басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысып, көктемгі дала жұмыстарының жай-күйі сараланды.

Жиында ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әбдірәсіл Желеубаев сала бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып, көктемгі науқанның барысы туралы айтты. Әбдірәсіл Серікұлының айтуынша, өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 38 миллиард теңге бөлініп, 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілген. Биыл бұл бағыттағы қаражаттың жалпы көлемі 39,6 миллиард теңгеге жетіп, 16 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсету көзделген. Нәтижесінде, өсімдік шаруашылығы бағытында 325,1 миллиард теңгенің өнімін өндіру жоспарлануда.

– Биылғы жылы жалпы 659,9 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 33,2 мың гектарға ұлғайып отыр. Бүгінде көктемгі жер жырту жұмыстары 1,3 мың алқапқа жүргізілді. Сонымен қатар, дақыл себуге 908 гектар жер дайындалып, 555 гектар алқапқа жаздық масақты дақыл себілді. Көктемгі дала жұмыстарын өз деңгейінде өткізу мақсатында тауарлық-материалдық қажеттіліктер толығымен дайын. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 54,8 мың тонна тұқым көлемі толығымен құйылды. Қосымша 28 мың тонна 156 мың гектар алқапқа егілген күздік бидай себілді, – деді Әбдірәсіл Желеубаев.

Көктемгі науқанда шаруаларды қажетті техникамен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Бұл ретте дала жұмыстарына 8 мыңнан аса ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылмақ. Сонымен бірге, Үкімет тарапынан өңіріміз үшін 20 мың тонна дизель отыны бөлініп, оны тарату үшін сегіз өңірлік таратушы операторлар айқындалған. Бүгінде мұнай өңдеуші зауыт пен өңірлік операторлар арасында келісімшарт жасалып, тиісті көлемге қаражат аудару жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 418 мың гектар алқапқа 83,1 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарланып, жеңілдетілген төлемдер қарастырылған.

– Көктемгі дала жұмыстары барысында шаруалар үшін аванстық жеңілдетілген төлемдер бойынша тыңайтқыштарды алу механизмі қолайлы болып отыр. Осыған орай, биыл жергілікті бюджеттен бөлінген 1,5 миллиард теңге қаражат аванстық төлемдер ретінде отандық «ҚазАзот» және «Қазфосфат» кәсіпорындарына аударылды. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Агронесиелік корпорация» арқылы облыс шаруаларына 8 миллиард теңге көлемінде 5 пайыз бен несие беру жоспарлануда. Жалпы, өңірде көктемгі дала жұмыстарына материалдық-техникалық қажеттіліктер толығымен дайын және агротехникалық шараларды мерзімінде өткізу жұмыстары тұрақты бақылауда,– деді Әбдірәсіл Серікұлы.

Аппараттық кеңесте аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен жеңілдіктерді түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп, арзандатылған жанар-жағармайды кедергісіз жеткізу қажеттігін баса айтты.

– Ауа-райының қолайсыздығына байланысты көктемгі дала жұмыстары былтырғы жылмен салыстырғанда кеш басталуда. Жоспардағы жер жырту жұмыстары 1,5 пайыз, дақыл себуге дайындалған жер 0,3 пайыз, жаздық масақты дақылды орналастыру 1,1 пайызға ғана орындалды. Сондықтан, егіс науқанын ойдағыдай өткеру үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдау қажет. Бұл ретте бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы өте маңызды. Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстарында агротехнологияларды қат аң сақтап, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау шараларын уақытында жүзеге асырған жөн, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Жиын соңында облыс әкімі биыл қант қызылшасының егіс алқабы қысқарғанын айта келіп, тәтті түбір дақылдарын егетін аудан әкімдеріне өнімді орналастыру жоспарын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы жауапты сала басшыларына су үнемдеу технологияларын енгізу, шаруаларға жанар-жағармайдың уақтылы жеткізу және тұқым қорымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жандандыруды жүктеді.

Бұдан бөлек, аппараттық кеңесте облыс елді мекендері бас жоспар жобаларының мемлекеттік қала құрылысы кадастры ақпараттық жүйесіне енгізілуі бойынша атқарылған жұмыстары кеңінен сөз болды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар