«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ қызы – ұлттық болмыстың айнасы

Қазақ қызы – ұлттық болмыстың айнасы
Ашық дереккөз
Қазақ дүниетанымында әйел затының алар орны ерекше екені анық. Халқымыз қай заманда болсын әйелді ерекше қастерлеп, тұтас тіршіліктің бастауы ретінде қараған. Бұған ұлттық санамыздағы ел мен жер, тіл мен діл ең бағалы қазыналарымыздың әйел затымен байланыстырылып, «Жер-Ана», «Ел-Ана», «Ана тілі» ұғымдарымен ұштасуы дәлел бола алады.

Ұлы дала төсіндегі еркіндікті аңсаған ата-бабаларымыздың тарихнамасында қаншама аналарымыз ел билігін қолына алып, халықтың тағдырын шешуге септігін тигізіп, тіптен бір ұлтты жоғалып кетуден сақтап қалып отырған. Игі істері елдің жадында аңыз бен ертегіге айналған кейіпкер ретінде жырланып келе жатқан қаншама әйел-аналарымыздың өз дәуірінде қоғамдық-саяси оқиғаларға белсене араласып, ақыл- парас атының арқасында білдей бір мемлекеттің тағдырын шешкені жасырын емес. Сонау сақ дәуірінен бастап тұтастай бір мемлекетті билеген Томирис, Зарина патшайымдар бір елдің анасы мен ұлт мәйегі болған.

Әйелге деген құрмет – ерте заманнан ата-бабаларымызда қалыптасып, күні бүгінге дейін үзілмей сақталып келе жатқан қасиет. Нәзікжандыларға деген құрметтің ең биік шыңы ретінде түркілік тотем – Ұмай ананы айтсақ болады. Әйел бейнесінің түркілер мифологиясында көрініс табуы қасиетті Ұмай анамен тығыз байланысты. Ұмай ана ертедегі түркілер мифологиясында халқы мен әскерлеріне жеңіс әкелуші және мейірімділік пен тұрақтылық сыйлаушы Тәңір бейнесінде болғандығы орта ғасырдағы Күлтегін мен Тоныкөктің балбал тастарында қашалып жазылған.

Міне, бастауын сонау мыңжылдықтардың мінсіз мұрағатынан алатын әйелге деген құрмет кейінгі кезеңдерде де жалғасты. Осының арқасында байырғы қазақ қоғамында қазақ әйелдерінің әлеуметтік еркіндігі де кең сипатта дамыды.

Ұлт тарихындағы екі мың жылдық жаугершілікпен өткен қилы кезеңдерге толы болды. Сол бір қиын шақтарда да бесік тербеген бұрымдылар байрақ ұстап жауға да шапты. Олардың қатарында Гауһар мен Назым, Сүйінбике, Сүзге мен Сапура сияқты нәзікжанды батырлар бар. Тіпті, тарих сахнасындағы сом ерліктер мен өрліктің үлгісін көрсеткен оқиғалар да әйелдер үшін болды. Мәселен, XIX ғасырда қоқандықтар Сыр бойындағы қалаларды шауып, тонағанымен қоймай, салық есебіне қыздарды алып елдің еңсесін басуға тырысады. Дәл осы уақытта Арқада орыс әскерімен қарсыласып жүрген Кенесары оңтүстіктен жеткен хабарды естіп, майдан бағытын бірден Сыр бойына бағыттайды. Осылайша, айлық жерді алты күнде басып өтіп қоқандықтардан кек қайтарады.

Осындай еліне елеулі атпал азаматтарды тәрбиелеп, ерінің даңқын еліне әйгілеген асыл аналардың есімі де ел өткенінде алтын әріптермен сақталып қалды. Мұқым елге қорған болып, халқына билік жүргізген Айғаным, Бопай мен Ұлпан, даналығымен көпке танылған Домалақ ана мен Қарашаш, Күнімжан мен Зере, махаббат пірі саналған Айша бибі, ауыз әдебиетіне арқау болған Гүлбаршын, Ақжүніс пен Құртқа, Жібек пен Ләйлі, Мамыр мен Баяндар бүгінгі қазақ қызының биік болмысты жарқын бейнесіне айналды. Сондай-ақ, Түймекент пен Баршынкет секілді құрметіне қала атауларын берген Түйме мен Баршын арулар, есімінен елді тарқатып айтатын ру атауына айналған Қызай, Жекей, Абақ, Алтын, Жанат, Әлеуке, Мұрын ана секілді жандар елдің ұлы анасына айналып, қазақ әйелінің тұлғасы мен оның асқақ рухын әйгілей білген тұлғалар болды.

Қазақ сахарасындағы ең алғаш қыздардың білім алуына жол ашқан Бөкей ордасындағы 1883 жылы салынған бастауыш мектеп пен Ырғызда Ыбырай Алтынсариннің бастауымен ашылған әйелдерге арналған алғашқы арнайы орта оқу орыны қазақ қоғамындағы ағартушылық бағытқа жаңа бетбұрыс әкелді. Дәл осы уақыттан бастап қоғамда әйел теңсіздігі мәселесі қайта қаралып, өткен ғасырдың ортасына дейін күн тәртібінен түспеді. Осы аралықта қазақ қыздарының ағартушылық бағыттағы «тұңғыштары» ғылым көкжиегіне құлаш сермеді. Олардың қатарында әйелдер арасынан шыққан тұңғыш күйші Дина Нұрпейісовадан бастап, алғашқы дәрігер әйел Гүлсім Асфендиярова, журналист Нәзипа Құлжанова, кинорежиссер Дариға Тіналина, тұңғыш КСРО халық артисі Күләш Байсейітова, алғашқы кәсіби биші Шара Жиенқұлова, геолог- ғалым Патшайым Тәжібаева, ұшқыш Хиуаз Доспанова, балерина Нұрсұлу Тапалова, елші Ақмарал Арыстанбековалар бар.

Ал, соғыс жылдарында Мәншүк пен Әлия бастаған 8 мыңға жуық қазақ қыздары майданға аттанса, оның 270-і жамбылдық қыз-келіншектер болды. Сұрапыл жылдармен бірге келген қазақ әдебиетінің классикалық дәуіріндегі шығармаларының басым көпшілігі де әйел тақырыбына арналды. Кешегі Ботагөз бен Сұлушаш, Қамар мен Ұлпан, Құралай мен Ақбілек, Шұға мен Салтанат, Жамал мен Меңтай секілді сұлулар ұлттық колориттің, қазақы болмыстың шынайы келбетін танытты. Бұл шығармалдар өз кезегінде майдан даласындағы қару ұстаған жігіттерге рух сыйлап, еліне, отбасына оралуға деген үмітін сөндірмей сақтауға септігін тигізді.

«Қазақ қызы қазақтың мақтанышы, ерлігіне ескерткіш қойылмаған» деп ақын Күләш Ахметова айтқандай, қазақ әйелі қашанда өз халқының төлқұжаты, ары мен намысының эталоны бола білді. Олар қилы шақта батыр ретінде жауға шауып, даналығымен ту ұстаған азаматқа ақылшы болды. Осылайша, дәуірлер ағымында халқымыздың жойылып кетпеуін қамтамасыз етіп, ұлттың жаны мен жүрегіне айналды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар