
Сақ патшасының қызы Зарина
Зарина – Сақ патшасының қызы, Мермер қолбасшысының әйелі, Роксанаки қаласының билеушісі. Бұл қала Сырдария жағалауында, кейіннен Сығанақ қаласының іргесі қаланған аймақта орналасқан. Зарина жайында оны әділеттілік пен патриотизм символы ретінде көрсететін тамаша аңыз қалған. Сақтар өздерінің салты бойынша 13 жасынан бастап қыздарын садақ ату, найзаласу, қылыштасу сияқты соғыс өнеріне үйреткен.
Парсылар сақтардың ежелден бергі жауы болатын. Ұзаққа созылған соғыс екі елді де әбден мезі қылады. Бірде құлан мен киік аулауға үстірт далаға нөкер қыздарымен шығады. Кенет Зарина алдынан жау әскері шыға келеді. Сақ әскері сауытын киген сақ ханшайымының соңынан қуып жетіп, басын алмаққа жау ханзадасы қылышын көтергенде жауынгердің дулығасы ұшып түсіп, иығына ұзын қолаң шашы төгіліп құлайды. Ханзада өзінің алдында сұлу қыз тұрғанын көріп, бастапқы ойынан қайтады, ес-түссіз ғашық болады. Бірақ күйеуі Мермер екі ел шекарасынан ұстап әкелінген парсы ханзадасын өлтірмек ниетте болады. Зарина күйеуінен екі ел арасына от жақпай, парсы ханзадасын жіберуді бұйырады. Бірақ қызғаншақ Мермер бұйрыққа бағынбайды, сөйтіп өзінің оққағарларынан қаза табады. Сол кезде Зарина өр дауыспен: «Маған жүздеген және мыңдаған адамдардың өмірі бір асып-тасқан қолбасшының өмірінен анағұрлым қымбат. Мейлі, ол менің күйеуім болсын, бірақ та маған бәрінен де халқым қымбат! Босатыңдар парсы ханзадасын!», деп бұйырады.
Ол сөйтіп Отаны үшін сүйгенін құрбан етеді. Ұзақ уақыт бойы екі ел арасында тыныштық орнайды.
Сүзге ханым жайында
Сүзгені сөз еткенде Сібірдің Көшім ханы жайлы қысқа да болса айта кеткен жөн. Онсыз тарихтың мән-жайы толық ашылмайды. Әйгілі Сібір тарихының білгірі Г.Миллер, Есиповтың еңбегі еске түседі. Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов Қазан университетінің профессоры И.Березинге жазған хатында «Көшім қазақтың сұлтаны деп: «Көшім хан – Қараөткел, Есіл бойының ұланы. Өзінің бұрынғы түп, атақонысы болған Сібірді қол бастап барып, өз билігін жүргізген. Ол Сібір хандығын құрып қана қойған жоқ, патшалық Ресей империясының шығыс-оңтүстікті отарлау саясатына үлкен тосқауыл жасады», дейді.
«Заманында Сібір хандығының аумағы Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақстан аймағын алып жатқан, астанасы – Іскер қаласы Тобыл өзенінің Ертіске құяр жерінде орналасқан. Ал хандықтың негізгі тұрғындары қазақтың арғын, қыпшақ, керей, жалайыр, найман, уақ және басқа рулар болды. Бұл рулар хандықты құрған әрі ұстап тұрған. Бұл хандықты түрлі жаулармен күресіп жүріп, өзі ұйымдастырып, өзі құрған Көшім хан биледі. Бүкіл Сібір байлығы қазақ тайпаларының қолында болды. Артта қалған Сібірге өркениет әкелді. Көшпелі еліне ислам дініне бағыттады. Сауран, Бұхар, Үргеніш, Қырым, Персиямен сауда қарым- қатынастарын орнатты», деп тарихи деректерде жазылады.
Сүзге ханым Есіл даласын уысында ұстаған қазақ сұлтандарының қызы болатын. Сүзге хандықтың құлағанын естіп, қалашықтың барлық қақпаларын жаптырып, қорғанысқа дайындайды. Ұзақ уақытқа жететіндей азық-түлік қорын жинатады. Ермак хандықтың орталығы Іскерді жаулап алған соң Сүзге Тураға шабуыл жасайды. Көмекке келген Иван Грозныйдың әскері қосылып, Қорған – қалашық қақпасының ашылуын, Сүзге сарбаздарының соғыссыз берілуін талап етеді. Бірақ Сүзге берілместен аянбай соғыса береді. Сүзгенің өзі де садақты жақсы ататын. Жаудың біраз адамын жамсатып түсіреді. Бірақ сарбаздары біртіндеп азайып, қарсы тұрарлық қауқары кеми береді. Ешқандай көмек те келмейді. Хан мен Сүзгенің туған ағасы Мұқаметқұл сарбаздарымен қазақ аймағы – Есіл даласына қарай шегініп кетеді. Ақыры Сүзге атаман Грозныйға адам жіберіп, мынадай шарт қояды: «Біз қаланы барлық байлығымен саған қалдырайық, тек сен біздің адамдарды қоршаудан босат әрі кеме беріп, өзенннің арғы бетіне өтуімізге жол аш», деп хабар айтады.
«Таңертеңгілік осыған дейін өзін қорғаған сарбаздарымен өзіне қызмет еткен адамдардың үлкен кемеге тиеліп, Ертіспен төмен қарай жүзіп бара жатқанын есік алдындағы биік тұғырдан қарап, көріп тұрады. Үстіне алтын және күмістен әсемделген киімдерін киіп, қаруын асынып, жылап тұрған еді. Қалашықты қорғаушылардан қақпаның ашылуын тосып тұрған орыс казактары қалашыққа лап қояды. Бірақ олар ештеңеге үлгермейді. Қымбат байлықтың бәрін ханым сарбаздарынан беріп жіберген болатын. Жау әскері ханша сарайының алдында өзіне қанжар салып, қанға боялып жатқан Сүзгені көреді. Алдында жатқан кербез ханшайымның осыншалықты сұлу әрі көркемділігіне қайран қалады.
Елінің әрі өзінің ар-намысын аяққа таптатқысы келмеген қайсар Сүзге өзін осылай мерт етеді». (Бейсенғали Ұлықбек).
Бұл оқиғаны 1839 жылы жас жазушы Петр Ершов «Современник» журналына басып шығарады.
Қазақстаннан Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандар ішінде бес мыңға жуық әйел болды деген дерек бар. Бұлардың ішінде Совет Одағының Батыры атағын алған қыздарымыз Әлия мен Мәншүкті ғана айтамыз. Ал, соғыс майданында штурмовик- ұшқыш ретінде қаһармандық ерлік көрсеткен Хиуаз Досанованы көп жұрт біле бермейді. Сұрапыл соғыста фашистерге ажал отын шашқан, «Түнгі пері» атанып, жаудың зәреқұтын қашырған батыр қыз ұшағымен апатқа да ұшырайды. Әйтеуір Алла сақтап, аман қалады. Небір адам сенгісіз ерлік жасаған ержүрек ұшқышқа Совет Одағының Батыры атағы да кеш берілді.
Сондай-ақ, желтоқсан оқиғасының құрбандары Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджановалардың есімдері де әрдайым ел есінде.
Деректі материалдар негізінде дайындаған
Тұрсынтай ҚАЛДАРБЕКОВ,
зейнеткер.
Мойынқұм ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Жуалыда 100 бүлдіршіннің тұсауы кесілді
- 21 наурыз, 2025
Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады
- 21 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді