«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жұмысшы мамандықтары насихатталды

Жұмысшы мамандықтары насихатталды
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысының Жарлығымен жүзеге асқан «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында «Адал еңбек. Адал табыс» атты ауқымды іс-шара өтті. Оған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, өңірдегі іргелі оқу орындарында жұмысшы мамандығында білім алып жатқан студенттермен, жас өнертапқыштармен тілдесті. Облыстық білім басқармасы ұйымдастырған іс-шара барысындағы көрмеде аймақтың ірі кәсіпорындары саналатын «Қазфосфат» кәсіпорны химиялық өнімдерін, «Энерджи-Тараз» жарықтандыру құралдарын, «Меркі ірімшік зауыты» сүт және ет өнімдері, «Қазақстан темір жолы» – теміржол саласына арналған жабдықтарды назарға ұсынды. Ал, түрлі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары өнертапқыш студенттердің жетістігі ретінде робототехникалық құрылғыларды, ауыл шаруашылығы өнімдері мен киім үлгілерінің коллекциясы секілді өзге де дүниелерді ала келген.

Жиында ең әуелі сөз алған Ербол Қарашөкеев биыл аймақта 37 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1300-ден аса жаңа жұмыс орны ашылатынын жеткізді. Аймақ басшысының айтуынша, жұмыс орындарының 91 пайызы жұмысшы мамандықтарына тиесілі және бұл салаға деген сұраныстың артқанының айқын көрсеткіші.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», – деп айрықша атап өтті. Қарапайым еңбекпен адал табысқа жететін жұмысшы мамандар қашан да көпке үлгі болатыны анық. Қажырлы еңбегімен ел дамуы мен экономиканың өсуіне үлес қосып жүрген жандарды таныту – біздің парызымыз. Осы жиынға өңірдегі «Қазфосфат», «Жамбылгипс», «Имстальком», «Энерджи Тараз» секілді өндірістің өзегі саналатын кәсіпорындар қатысып отыр. Бұл кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда. 2025-2026 жылдары ІТ hub орталығын ашу, халықаралық салалық аккредиттеуден өту, кәсіпорындар мен мекемелердің сұранысына мақсатты білім беру тапсырысын ұлғайту, жаңа мамандық ашу жұмыстары жалғасын таппақ. Сонымен қатар, орта мектептерде кәсіби бағдар беру кабинеттері жасақталатын болады. Өңірдегі 42 колледжде 28 мыңнан аса жастар білім алуда. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттер қатары артты. 2022 жылдан бастап кәсіпорындардың нақты сұранысына сәйкес, мақсатты кадр даярлау жұмыстары басталды. Колледждерде заманауи мамандықтардың сұранысқа ие түрлеріне басымдық беріліп келеді. Соңғы үш жылда мемлекеттік тапсырыспен білім алған 8 мыңнан астам түлектің 86 пайызы еңбекпен қамтылған. Өңірге қажетті және сұранысқа ие жаңа мамандықтарды анықтауда алғашқылардың бірі болып жаңа мамандықтар атласы әзірленді, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Бұдан кейін «Қазфосфат» кәсіпорнының тау-кен өңдеу комбинаты Шолақтау серіктестігінің директоры Құдиярбек Омаров 1999 жылдан бері Қаратау құрылыс-техникалық колледжінің ұжымымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын баса айтты.

Сондай-ақ, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті, республикалық «Worldskills» чемпионатының жеңімпазы Ерасыл Үсенов бұл күнде қыр-сырын меңгерген мамандығын мақтан ететініне тоқталды. Ал, Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің 3-курс студенті Едіге Өсерұлы көрмеге ветеринария мамандығын дәріптеу мақсатында қатысып жатқанын жеткізді.

– Бүгінгі таңда ветеринария мамандығында білім алып жатырмын. Өзімізбен бірге көрмеге қансыз кесу, құс жұмыртқасының сапасын бақылауға арналған УЗИ аппараты секілді бірқатар құрылғы мен үй қоянын, торай секілді жануарларды алып келдік. Көрме барысында УЗИ арқылы қоянның іш құрылысын көрсеттік. Осы тектес жұмыстарды көпке көрсетудегі басты мақсатымыз – жастарды ветеринария саласы мамандығына тарту, – дейді студент.

Жалпы, осынау іс-шараға қатысқан 700-ден астам адамға 11 тақырыптық көрме мен 10 интерактивті алаң ұйымдастырылып, өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқытылатын мамандықтар таныстырылды. Қатысушылар колледждердегі оқу бағдарламаларымен танысып, кәсіптік білім берудің заманауи мүмкіндіктерін көрді. Іс-шара барысында ғылыми эксперименттер, мастер-кластар, кәсіптік бағдар беру шеберлік сабақтары, келіссөздер алаңы жұмысы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жиын барысында колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестікті нығайту әрі түлектердің жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мақсатында бас-аяғы 8 меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттар кадрларды даярлау ісін жандандыруға бағытталған. Айта кетейік, дәл осы іс-шара соңында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 30-дан астам ірі кәсіпорын өздеріне қажетті мамандықтар бойынша бос жұмыс орындарын көпшілік назарына ұсынды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар