
Сол жиында өзге тілдегі баяндаманы тоқтатқан, Ана тілін сүйетін, мемлекеттік тілді қадірлейтін Сарысу ауданының тұрғыны Шыңғыс Абдрахманов еді.
«Өз тілімізде өзіміз сөйлемесек, басқаларға керек пе? Сол жиналыс ауыл шаруаларына арналғанын біліп тұрып, неге баяндамасын қазақ тілінде дайындап келмеген? Менің жаныма бататыны – осы. Мен де мектепте, жоғары оқу орнында орысша оқыдым, жақсы-ақ білемін, алайда Анамның тілі ардақты. Сол жиынға қатысушылардың ішінде бір де бір өзге этнос өкілі жоқ, ыңғай қазақтар отырмыз, кім үшін орысша сөйлеп отыр? Осыны түсінбедім. Ана тіл – жарық дүниеге ең алғаш келгенде анамыздың әлди үнімен құлаққа сіңген, анамыздың ақ сүтімен бойымызға нәр берген асыл тіл. Мейлі, заман ағымы қалай құбылса да, тіршілік үшін басқа тілді үйренсең де, ана тіліңнің абыройын арттырып жүру – азаматтық парызымыз. Ақын Қадыр Мырза Әли «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп бір-ақ ауыз сөзбен дәл жеткізгеніндей, барлық тілді үйрену, білуге ұмтылу керек, бірақ өз тіліңді бәрінен биік қойған жөн. Өзіміз қазақша сөйлемесек, көпшілік орындарда өз тілімізден жалтарсақ, үйде балаларымыздың санасына басқа тілді сіңіріп өсірсек, ұлтымызға, бүгінгі біздің бақытымыз үшін жанын қиған ата-бабаларымыздың аманатына қиянат болмай ма? Жиналыс – көптеген адамдардың басқосуы, сондай алқалы ортада қазақша сөйлемесе, қолданыс аясы қалай дамиды, мемлекеттік тіл мәртебесінің салмағы бола ма?», – дейді Шыңғыс Басиеұлы.
Расында да өзіміз қолданбасақ, Ана тіліміздің дамуы тежеледі. Тіл зерттеушілерінің айтуынша, әлемде әрбір екі апта сайын бір тіл жойылады екен. Тіл білімінде «тірі тіл» мен «өлі тіл» деген ұғым бар. Аталуынан-ақ белгілі, өлі тіл жойылудың алдында тұрған тіл. Ал, өлі тіл дегеніміз – ауызша да қолданылмайтын, тек жазба ескерткіштер мен жазбалардан ғана белгілі тіл. Осыған қарап, сөзіміздің басында айтқандай, жиындарда жасалатын баяндама, ортаға тасталатын ойды ауызша өзге тілде, қазақшасын тек жазбаша таратсақ, мемлекеттік тіліміздің халі нешік?
Елімізде тіл оқыту орталықтары бар. Ондағы негізгі мақсат – тіл білмейтіндерге тегін үйрету. Айталық, облыстағы Тілдерді оқыту орталықтарында және оның бөлімшелерінде мемлекеттік тілде 1407 адам оқып жүр екен. Бұл нені байқатады? Биыл облысымыздың халық саны 1 222 513 адамға жеткен. Яғни, мемлекеттік тілді оқып жүргендер облыс тұрғындарының 0,115 пайызын ғана құрайды, бұл мемлекеттік тілді білмейтіндер аз деген сөз бе, әлде оны меңгеруге құлықсыздық басым болғаны ма?
Тілдерді оқыту орталығының директоры Қуаныш Дәурембековтің айтуынша, елімізде тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша облыста мемлекеттік тілді үйренушілердің индикаторлық саны биылға 4135 адам болып бекітілген. Өңірде мемлекеттік тілді оқытудың Жол картасы облыстық статистикалық көрсеткіш негізінде өзге ұлт өкілдерінің тығыз шоғырланған 4 қала, 39 елді мекендерін ескере отырып әзірленіпті.
– Халықтың ересек топтарына тіл үйретудің тегін курстарын мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Тілдерді оқыту орталығы және Қордай ауданы әкімдігінің Тілдерді оқыту орталығы жүргізеді. Тілдерді оқыту орталықтары өз жұмысында еліміздің Тіл туралы заңы және Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын басшылыққа алады. Тұжырымдаманың іс-қимыл жоспарына сәйкес, этнос өкілдерінің жинақы тұратын жерлерінде мемлекеттік тілді сапалы оқытуды ұйымдастыру процесі маңызды мәселе. Тілдерді оқытуға байланысты «Жетілдірілген әдістемемен мемлекеттік тілді оқыту курстарынан өткендер саны» индикаторы белгіленген. Елімізде азаматтардың мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау Қазтест жүйесі арқылы анықталады. Облыстық Тілдерді оқыту орталығы базасында 2015-2023 жылдар аралығында 21 422 адам тестілеуден өтті. 2024 жылы 15-18 сәуір, 14-17 қазан күндері 55 мемлекеттік қызметші, «Болашақ» халықаралық стипендиясына және докторантураға үміткер 117 адам, барлығы 172 адам сертификаттық тест тапсырды. Мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдар қызметкерлерінен 1592 адам деңгейді анықтайтын диагностикалық тестілеуден өтті. «Этносаралық ахуалдың жай-күйі» бойынша кеңес отырысындағы облыс әкімінің тапсырмасына орай бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, Байзақ және Т.Рысқұлов аудандарындағы Тілдерді оқыту орталықтарының бөлімшелерінің оқу кабинеттері аудан әкімдіктері тарапынан қамтамасыз етілді. Өңірде тіл курстарының сапасын көтеру және білікті мамандарды тарту мақсатында Тілдерді оқыту орталығындағы жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы 17 пайызға көтерілді. Тілдерді оқыту орталықтарындағы бөлімшелердегі бос жұмыс орындарына жоғары білімді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері жұмысқа алынды. Өңірдегі этномәдени бірлестік жетекшілерін қазақ тілін үйрету мақсатында Тілдерді оқыту орталығындағы курстарға тарту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Тілдерді оқыту орталығы тарапынан мемлекеттік тілді оқитын азаматтардың тілдік деңгейіне қарай ауызекі сөйлеу тілін үйретуге бағытталған «Тілашар» және әскери сала қызметкерлеріне арналған салалық бағдарламалар дайындалып, оқу процесінде пайдаланылуда. Мысалы, Талас ауданы, Қасқабұлақ ауылында 75 тыңдаушы «Тілашар» бағдарламасынан өтті және Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметкерлерінің 326 сарбазымен басшылық құрамын салалық бағдарламамен оқыту ұйымдастырылуда. Биылғы жылдан бастап оқу курстарының сабақ кестесіне сай өтуін және тыңдаушылардың курсқа қатысуын қадағалау мақсатында Telegram каналы ашылып, күнделікті өткізілген сабақтардың суреттері салынуда. Сонымен қатар, орталықтардың Instagram, Facebook парақшаларында тұрақты түрде сабақтар мен іс-шаралардан үзінді бейне роликтер жариялануда. Мемлекеттік тілді меңгеру, оның этносаралық қатынастар тілі ретіндегі рөлін нығайту, қоғамдық қатынастардың барлық саласында пайдалануда патриотизм сезімін, мемлекет тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарауды қалыптастыру бағытында жұмыстар жалғаса береді, – дейді Қуаныш Кәрібайұлы.
Осындай Мемлекеттік тілді үйрету жұмыстары, әсіресе, халыққа аса қажетті сала қызметкерлеріне үйретілсе екен. Қарапайым халыққа ең қажетті қызметті көрсететін құқық қорғау, медицина, төтенше жағдайлар, ғылым салаларында жиындар көбіне орыс тілінде өтеді. Ал, мәліметтерін қазақ тілінде сұрасай қалсаң, орыс тілінен аударған сөйлемдерінің сөзі бір-бірімен байланыспай, жалғау-жұрнақт ары жарасымсыздықт ан мағынасы түсініксіз қойыртпаққа айналғанын көресің.
Осындай кемшіліктерді болдырмай, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, Ана тіліміздің аясын кеңейту үшін халыққа маңызды қызметтерді атқаратындарға мемлекеттік тілді білу міндеттелсе екен деген ұсынысымызды да айта кетейік. Сонымен қатар, көпшілікке арналған жиналыстарда айтылатын мағлұматтар, баяндамалар мемлекеттік тілде жасалуы билік тарапынанда қатаң қадағаланса дейміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Жуалыда 100 бүлдіршіннің тұсауы кесілді
- 21 наурыз, 2025
Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады
- 21 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді