Қазақстан – Иордания: сенім мен ортақ мүддеге негізделген серіктестік
- author «Ақ жол»
- 20 ақпан, 2025
- 346

Екіжақты қарым-қатынастың берері мол Иордания солтүстігінде Сириямен, шығысында Иракпен және Сауд Арабиясымен, батысында Батыс жағалаумен және Израильмен шектесетін Таяу Шығыс аймағында орналасқан мемлекет. Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылы 8 ақпанда орнатылған. Қазақстанның Аммандағы елшілігі 2007 жылдың шілде айында ашылған болса, Иорданияның Қазақстандағы елшілігі осы жылдың сәуір айынан бастап қызмет етуде. Екі ел арасындағы қалыптасқан жылы қарым-қатынастардың нәтижесінде бүгінгі таңда Қазақстан–Иордания ынтымақтастығы жоғары деңгейге жетті. Бүгінде екіжақты қарым- қатынастар қарқынды дамуымен және көп қырлы сипатымен ерекшеленеді және Корольдікті еліміздің Таяу Шығыстағы ең жақын әрі сенімді одақтастарының қатарына жатқызады.
Қазақстан мен Иордания арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейінің айқын дәлелі ретінде мемлекеттер арасындағы үздіксіз байланыстар мен өзара саяси сенімнің тереңдігін айтуға болады және ол сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салаларға оң әсерін тигізуде. 2023 жылы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдық мерейтойы аталып өткен еді. Осы кезеңдерде Қазақстан – Иордания қатынастарының оң бағыты және жоғары динамикасын айқындайтын ынтымақтастықтың берік құқықтық негізі қалыптасып, Астана мен Амман саяси, экономикалық және мәдени саладағы ынтымақтастықты айтарлықтай кеңейте түсті. Бүгінде екі ел де жоғары деңгейдегі белсенді саяси байланысты қолдап отыр. Мәселен, Иордания королі Абдалла ІІ Қазақстанға бірнеше мәрте келсе, Қазақстан Пре зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев корольмен екі рет, 2019 және 2022 жылдары Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының сессияларында кездесу өткізді.
Екі елдің өзара тауар айналымының көлемі 4,2 пайызға артты. Мемлекеттер арасында сауда-экономикалық байланыс тұрақты өсім көрсетіп келеді.
2024 жылы тауар айналымы 6 миллион долларға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға артқан. Өткен жылы Қазақстаннан Иорданияға экспорт көлемі 3,7 миллион доллар болса, Иорданиядан келетін импорт көлемі 30,9 пайызға артып, 2,3 миллион долларға жетті. Қазақстан ұшу аппараттарын, табиғи бал мен қой етін экспорттайды. Ал, Иорданиядан тоқыма бұйымдары, минералды тыңайтқыштар, тропикалық жеміс-жидектер мен өзге тауарлар келеді.
Сауда-экономикалық қатынастың маңызды құралы – Сауда-экономикалық, ғылыми- техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-иорданиялық үкіметаралық комиссия. Аталған комиссия 2007 жылдан бері жұмыс жұмыс істейді. Комиссияның соңғы отырысы өткен жылдың соңғы айында Амманда өтіп, онда геолоиялық барлау және уранды қоса алғанда пайдалы қазбаларды өндіру саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру келешегі де қозғалды. Нәтижесінде, Иорданияның мемлекеттік уран компаниясымен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының корольдіктегі уран жобаларына қатысу мәселесі бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұдан бөлек, Қазақстан – Иордан іскерлік кеңесі жемісті жұмыс істеп тұр. Аталған кеңестік кезекті отырысы осы жылы Астана қаласында өтпек.
Жалпы, 2005 жылдан бері Иорданиядан Қазақстан экономикасына құйылған тікелей шетел инвестициясының жалпы көлемі 15,4 миллион долларға жеткен. Ынтымақтастықтың келешегі бар бағыттары жайында айтар болсақ, онда фармацевтика, туризм, ІТ секторы, косметология, ветеринария, жеңіл және атом өнеркәсібі сынды салаларды айрықша атап өтуге болады. Алайда, сарапшылардың айтуынша, сауда байланыстарының серпінді дамуына логистикалық қиындықтар, Иорданияда ірі трансұлттық компаниялардың болмауы және көлік шығындарына байланысты Қазақстан тауарлары бағасының бәсекеге қабілетсіздігі кедергі келтіріп отыр.
КОРОЛЬМЕН КЕЗДЕСУДЕ НЕ АЙТЫЛДЫ?
19 ақпанда Әл-Хусейния сарайында Иордан Хашимит Корольдігіне ресми сапармен келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Король II Абдалла бен әл-Хусейн мен Тақ мұрагері Әл-Хусейн күтіп алды. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары келіссөз залына барып, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король II Абдалла бен әл- Хусейн келіссөз жүргізді.
Пре зидент, ең алдымен, Король II Абдалланың билік басына келгеніне ширек ғасыр толуымен құттықтап, оның Иордания ха лқының өсіп- өркендеуіне және елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету мен халықаралық аренадағы абырой- беделін арттыруға бағытталған жасампаз бастамаларының сәтті жүзеге асырылуына тілектестік білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып келе жатқаны үшін Иордания көшбасшысына алғыс айтты. Президенттің пікірінше, Иордания – бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бейіл ел ретінде халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалған мемлекет.
«Бұл сапарымның мақсаты–біздің қарым-қатынастарымызға, достығымыз бен сауда-экономикалық байланыстарымызға тың серпін беру. Әлемде орын алып жатқан үдерістерге қатысты көзқарасымыз бен оған беретін бағамыз ортақ деп санаймын. Сонымен қатар біз саяси деңгейдегі ынтымақтастығымызды тереңдете түсуге ниеттіміз. Біздің айқын жо спарымыз бар. Таяу болашақта нақты уағдаластықтарға қол жеткізіп, оның оң нәтижелерін көретінімізге сенімдімін. Біз өзара ықпалдастығымыздың аясында аянбай жұмыс істеуге дайынбыз. Иорданияны достас мемлекет деп санаймыз. Екі елді байланыстыратын дүние көп», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, сапар аясында қабылданатын Бірлескен мәлімдеме мен келісімдер Қазақстан-Иордания ынтымақтастығын екіжақты және көпжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша арттыруға қос тарап та мүдделі екенін білдіреді.
Өз кезегінде Иордания Королі II Абдалла Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Өзіңізді және Сіздің құрметті делегацияңызды Иорданияда қарсы алғаныма қуаныштымын. Бүгін экономикалық байланыстарды жандандыруға және жеке сектор үшін мол мүмкіндіктер ашылады. Бұл өте маңызды», – деді Иордания Королі.
Келіссөз барысында тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік- логистика, туризм, энергетика, цифрландыру және фармацевтика секілді негізгі секторлардағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективасын егжей-тегжейлі талқылады. Екі елдің мәдени- гуманитарлық ықпалдастығын кеңейту мәселелеріне айрықша мән берілді. Қазіргі кезде Қазақстанның медициналық оқу орындарында Иорданияның 300-ге жуық азаматы білім алып жатыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мен Иордания Королі халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Кездесу соңында Президент Иордания Королін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Келіссөздер аяқталғаннан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордан Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әл-Хусейн Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Бірлескен мәлімдемеде энергетика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, ақпараттық технологиялар, өңдеу өнеркәсібі және фармацевтика сияқты салаларда өзара тиімді сауда- экономикалық ынтымақтастықты тереңдету қажет екені айтылған. Сауда-экономикалық байланыстарды арттыру және түрлі секторларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа мүмкіндіктерді зерделеуге уағдаластық жасалды. Тараптар атом саласындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге дайын екенін растады. Сондай-ақ, мемлекеттер басшылары екі жақты қатынастарға тың серпін беріп, мүлдем жаңа деңгейге шығаруға ықпал ететін келіссөздердің нәтижесіне көңіл толатынын атап өтті.
Айта кетсек, Қазақстан мен Иордания – өзара іс-қимылы тұрақты даму жолындағы сенім мен ортақ мүддеге негізделген серіктестер. Қазақстан Президентінің Иорданияға сапары – екіжақты қатынаст ар үшін маңызды оқиға екені даусыз. Өйткені, бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы елге Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы с апары болып отыр. Көшбасшылардың кездесуі елдеріміз арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін береді деп күтіледі. Сапар барысында ынтымақтастықтың экономика, сауда, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, атом өнеркәсібі және ветеринария сынды негізгі салаларында қол жеткізілген уағдаластық қазіргі байланысты нығайтып қана қоймай, бірлескен жобалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны анық.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді