
«Еселі еңбектің ерлері» атты тақырыпта өткен кездесу барысында Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров, белгілі кәсіпкер «Рысбаева және К» серіктестігінің директоры Сәуле Рысбаева мен жас маман, Жамбыл станциясының диспетчері Нұрсұлтан Ажікелді қатысты. Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған жүздесуде спикерлер колледж студенттеріне өз мамандықтары бойынша жұмыс істеу қажеттігін жіті түсіндірді. Ең әуелі сөз алған Мұқаш Зұлқарнайұлы өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, болашақ мамандарға бағыт-бағдар берді. Ол өз сөзінде бүгінгі қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасты жақсарту арқылы жастарды техникалық және кәсіптік білімге ынталандыру қажеттігін атап өтті.
– Қазіргі таңда технология дамып, заманауи өндіріс өзгеріп жатыр. Бұл – білікті жұмысшыларға деген сұранысты арттырады. Ал, еңбек адамдарының жастармен кездесуі – оларға тек таңдаған кәсібінің қыр-сырын түсіндіріп қана қоймай, жастардың бойында еңбексүйгіштік пен кәсіби дағдыларды қалыптастыруға жол ашады. Сондай-ақ, студенттерді бүгінгі заманғы өндіріс пен жаңа технологиялар жөнінде хабардар етіп, олардың инновацияға деген қызығушылығын ояту – маңызды. Қысқасы, мұндай іс-шара жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін тағы бір мәрте айқындап, еңбектің қадірін ұғындырады, – деді халық қалаулысы.
Бұдан кейін, сөз алған Сәуле Мақшанқызы 1992 жылы мөр шығару ісін бастағанын, сол кезеңде бұл салада көптеген қиындықтарға тап болғанын жеткізді. Осылайша, кәсіпкер мөр жасайтын құрылғыны Венгрия елінен жолаушылар пойызы арқылы әкеледі. Нәтижесінде, еш қиындыққа мойымаған кәсіпкер табандылығының арқасында өз ісін жолға қойғанын атап өтті. Ал, теміржолшылар отбасында дүниеге келген Нұрсұлтан әкесі Махмұдтың жолын жалғағанын айтты.
Жалпы, дәл осы оқу орнында екі мың үш жүзден астам студент 30 мамандық және 47 біліктілік бойынша дәріс алады. Өз кезегінде олар электргазымен дәнекерлеуші, кран машинисті, химиялық талдау зертханашысы мен компьютерлік аппараттық қамтамасыз ету операторы, аппаратшы, электромонтер және бақылау- өлшеу аспаптары мен автоматикаға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі слесарь секілді сан түрлі мамандықты меңгереді. Бұдан бөлек, мұнда сандық техниканы монтаждаушы-жөндеуші, токарь, жөндеуші-слесарь, автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик пен аспазшы мамандықтары да оқытылады. Директордың міндетін атқарушы Саят Қойшыбаевтың сөзінше, колледж студенттерінің жартысынан көбі «Қазфосфат», «Энерджи-Тараз», «ӘулиеАтаТрансПасс», «Тараз металургиялық зауыты» мен «Тараз энерго орталығында» қызмет етуде.
Айта кетейік, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру мақсатында бұл күнде Үкіметпен жұмысшы мамандықтар жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспар бекітілді. Сондай-ақ, министрлік пен кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025- 2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда кәсіптік- техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда 565 мың студент оқиды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім берудегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынды құрады, ал студенттердің стипендиясы екі есеге өскен.
Іс-шаралар жоспарында өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып жасалған Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды дайындау, жұмысшы орындарын құру, жұмысшы мамандардың құқықтары н қорғау және мәртебесін көтеру қамтылған. Кәсіпорындармен бірлесіп ел мектептерінде 1000 бейінді сынып ашылады. Қазіргі уақытт а колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, олардың санын 4 мыңға дейін жеткізу жоспарланған, кәсіптік және World Skills стандарттарының талаптарын ескере отырып, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленді. Биыл колледждер мен жұмыс берушілер 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасын дайындайды, сондай-ақ, өндірістік базада 1,5 мың педагогтің тағылымдамадан өтуі жоспарға алынған.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Жуалыда 100 бүлдіршіннің тұсауы кесілді
- 21 наурыз, 2025
Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады
- 21 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді