Малды ауылда молшылық

Малды ауылда  молшылық
ашық дереккөз
Малды ауылда молшылық

13Жуасбек қария қарт Қаратаудың қойнауына өргізген малын дүрбімен сырттай бақылап қарады да қырау шалған басын бір сипап қойды. Көңілі тоқ. Күн сәскеге таяған. Мал суаратын уақыт болып қалды. Малшылар суаттан алыстап кетпеген болар деп алаңдап, дүрбісіне қайта көз салды. «Бақпасаң, мал кетеді» деген, балам. Қай түліктің болса да қасиеті бар. Сондықтан, күн-түн демей, малдың соңында жүргеніміз. Машақаты жоқ емес, есесіне ешкімге қарайламайсың, қол жаймайсың». Жастайынан атакәсіпті жанына серік еткен Жуасбек қарияның сөзі рас. Бүгінде еңбек адамының еңсесі биік, абыройы асқақ.

Қыс қыса қоймаса да, малды ауылға бұл мезгілдің оңай соқпайтыны бар. Ертелі-кеш түліктің соңында жүрген қарашаға қашанда көмек көрсету керектігін облыс басшысы үнемі ескертіп отырады. Ал ол ескерту мен тапсырмалар нақты қалай жүзеге асырылып жатыр? Көзбен көріп қайту мақсатымен Талас ауданына жол тарттық.

Малды ауылда молшылық. Манағы Жуасбек қария – біз атбасын алғаш тіреген шаруа қожалығының иесі. Қаратау қыраттарында орналасқан Бүгіл қыстауында қоныстанған «Бағжан» деп аталатын қожалық осы қарияның үлкен ұлы Сағынбектікі. Ақылшы әке шаруаны шиырып отыр. Қыс ортасынан ауса да күн жайма шуақ болды ғой биыл. Жиылған шөп қорының шетін де бұзбаған секілді. Жарықтық мал тұяқ серіппей-ақ қыр, қыраттарда азықтанып жүр екен. Қоңды көрінді. Малдан өзге көңілді аударған тағы бір дүние болды. «Е, мынау ма? Мемлекет миллион теңге қаржы берді бағдарламамен. Оған қырық бас саулық алдық. Елден жырақ отырған соң, бізге жасаған үлкен сыйы ғой үкіметтің. Жел және күн электр стансасын тегін орнатып берді. Осының арқасында 14жарық та бар, теледидар мен телефон да қосулы. Сондықтан, еш жаңалықтан кеш қалып жатқанымыз жоқ, шырағым», – дейді қария қуанышымен бөлісіп. Біздің де көңіліміз көтеріліп-ақ қалды. Алыс ауыл назардан тыс қалмаған екен. Ақсақалдың алдында жүздеген қой, ондаған жылқысы мен сиыры бар. Ал былтыр үлкен ұлы Сағынбек Кенжеев шаруа қожалығын ашып, әке жолын жалғап, ол да мал санын арттыруды көздеген екен. Биыл да «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен «ангус» тұқымды екі бас бұқа алуды жоспарлап отыр. Отанның отбасынан басталатынын айтсақ, отбасы бизнесін өрге сүйреу арқылы бұл жігіт алыс қыстауда отырып-ақ ел көсегесін көгертуде. Шаруа жайын сұрастырып сыртта жүргенімізді байқаған Бибіажар апа: «Үйге бас сұғып, дастарханнан дәм татыңдар», – деді. Кірдік. Көзге бірден күбі түсті. Қыс ортасында айран шайқап, май мен құрт жасап отырған осынау тіршілікке қатты қызыққаным-ай! Апаның тарыдан жасаған бозасын айтсаңызшы... Ақ пейілінен ажырамаған ауыл адамдарының тыныс-тіршілігі қаланың қым-қуыт тіршілігінен бір сәт мүлде алысқа алып кетті. Ойша балалық шаққа саяхат жасап кеткен едім. Отар қойды иіріп қойып, қос қойшы түскі ас ішуге келді. Біз қайта жолға шықтық. Басталған жыл молшылыққа толы болар деп жорамалдап қояды Жуасбек қария. Бүгілдің бүгіні жарқын екен. Болашағы да баянды болатын түрі бар.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар