
– Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі – Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынысты және есеп беретін мемлекеттік орган. Агенттік пен оның аумақтық бөлімшелері қаржылық мониторингті жасап, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасымен аталған органның жүргізуіне жатқызылған экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеруді жүзеге асырады. Агроөнеркәсіп кешені саласында мемлекеттік субсидияларды жымқыру деректерінің алдын алу бойынша тексеру іс-шараларын тұрақты түрде жүргізіп отырады. Өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға 40,7 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Оның ішінде 19,6 миллиард теңге ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерін субидиялауға, 13,1 миллиард теңге «Ауыл аманаты» жобасына арналса, ал 8 миллиард теңге несие ретінде берілген. Сонымен қатар, 57,9 миллиард теңгеден аса инвестициялар тартылды. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, жосықсыз ауыл шаруашылық өнім өндірушілері мемлекеттік субсидияларды бөлінген мақсаттарға жұмсамай, малды, техниканы, жабдықтарды, тұқымдық және жидек дақылдарын егу туралы жалған мәліметтерді, өтінімдерді беру жолымен бөлінген қаражатты жымқырады. Мысалы, 2023 жылы Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өткізген жедел-тергеу шараларының нәтижесінде, таңқурай көшеттеріне шығындарын өтеу мақсатында бөлінген 900 миллион теңгеден аса көлемдегі мемлекеттік субсидияларды жымқыру дерегін анықтады. Жедел-тергеу шаралардың нәтижесінде, Қылмыстық кодексінің 216, 190, 218 баптары бойынша 10 қылмыстық іс тіркелді. Келтірілген залалдың жалпы көлемі 902 миллион теңгеден аса қаржыны құрады. Заңдастырылған мүліктің көлемі 18 миллион теңге анықталды, 1,9 миллиард теңгеден аса мүлік тәркіленді. Күдікті тұлғалар сот өкімімен 8-ден 10 жылға дейін әр түрлі бас бостандығынан айыру мерзімдеріне сотталды, – дейді Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеуші Жағыпар Исатаев.
Осындай деректер 2024 жылда да болған. Департаменттің өндірісінде бөлінген мемлекеттік субсидияларды жымқыру деректері бойынша бірқатар қылмыстық істер бар көрінеді. Әсіресе, бөлінген субсидияларды жымқыру және мақсатқа қайшы пайдалану жағдайлары орын алады екен.
Қазір субсидияға және басқа да шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды алуға өтініш беру электронды түрде жүргізіледі. Алайда, көптеген шаруалар цифрлы техниканың «тілін» түсінбей, сол саланы жетік білетіндердің көмегіне жүгініп, бөгде адамға өзінің цифрлық электронды қолтаңбасын беруге мәжбүр болады. Міне, осындай жағдайлардан асыл тұқымды отандық немесе шетелдік ауылшаруашылық жануарларын сатып алу, мал шаруашылығы саласында шығындарды қаржыландыру кезінде жалған мәміле, бөгде тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдалану, ақпараттық жүйемен манипуляциялау және басқа да әрекеттер орын алады. Сондықтан, Жағыпар Қожахметұлы шаруаларға сақ болуды ескертеді.
– Шаруалар егінін егіп, малын бағып, күні бойы шаруашылықтың қамымен жүреді. Олар еңбек ететін алқаптарда интернет желісі де бола бермейтіні тағы бар. Сондықтан, субсидия алу жүйесін автоматтандырып, ол базаға шаруалар субсидия алуға тиісті құжаттарын аудан әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы бөлімдеріне тапсырып, әрі қарай өтінімдерді сол бөлімнің бір маманы бір жерден беретіндей етіп, бұл жұмысты реттеп қойса болмай ма? Оған не кедергі? Себебі, шаруалардың басым көпшілігі компьютер және интернетті өз бетінше қолданып, өтінім жібере алмайды. Содан кейін, шаруалардың субсидиялар алуға өтінімдерін жіберіп беретін ортада жүргендер сала басшылығымен байланысы болуы мүмкін, әйтпесе олар субсидия алып беруге қалай кепілдік береді? Сондықтан, алаяқтықтың жолын кесу үшін бұл істі автоматтандыру керек, – дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Сарысу аудандық филиалының директоры Шыңғыс Абдрахманов.
Расында да бұл билік тарапынан назарға алатын мәселе. Шаруаларға тиесілі қаржыны алаяқтардың қолды етуіне жол бермей, мақсатты жұмсалуы үшін жауапты әрі білікті маманның бір жерден атқарғаны жөн-ақ. Сонда ауыл шаруашылығын дамытуға көзделген мемлекеттік қолдау «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетпей, нәтижесі жемісті болар еді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді