«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Мен Мәдімар...»

«Мен Мәдімар...»
Ашық дереккөз
Мәдімар болыстың «Я Мадумар (истинное мое имя Мулла Умар)» деп басталатын түсініктемесі табылды. Патша өкіметінің отарлық саясатында болыстық басқару жүйесі маңызды рөл ойнады. Бұл қазіргі кезде Қазақстанда жиі айтылып жүрген жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің бір үлгісі еді. Халық өз ортасынан болыс басқарушысын, биін, старшынын сайлады. Сайланған би, болыс, старшындарды Пристав бастығы бекітіп Ояз бастығының қарауына жіберіледі. Соңында Оязнойдың бұйрығы шыққан күннен бастап қызметіне кіріседі. Бұл жергілікті қызметтер 3 жыл мерзімге сайланады. Сол мерзімі біткен соң қайтадан жаңа сайлау ұйымдастырылады.

Бірақ кейбір кездері қылмыс істеген, Оязнойға жақпай қалған би, болыстар қызметтен алып тасталып, орнына өздеріне жағатын кісіні тікелей тағайындап отырған. Яғни, сайлау өткізбестен. Қызметтен алып тастау кезде «лауазымдық қызметіне сәйкес емес» деген заңға сүйенген. Мысалға, 1908 жылы Ойық болысы Мырзахмет Бейбітов, Билікөл болысы Жұмағұл Кісебаев, Бота- мойнақ Алмалы болысы Сұраншы Телғозин, Көшеней болысы Сатымбек Төтин қызметіне сай келмейді деген себеппен «Түркістан өлкесін Басқару туралы Ереженің» №103 бабына сәйкес қызметінен алынып, олардың орнына Ойық болысына Бақберген Тауасаров, Билікөл болысына Белқожа Тастанбеков, Ботамойнақ Алмалы болысына Есіргеп Тілемісов, Көшеней болысына Мәдімар Райымбеков тағайындалған.

Бұлардың ішінде Мәдімар Райымбеков туралы біраз зерттеулер бар. Мәдімар болыс әйтсе де, әлі өте аз зерттелген тұлға. Мәдімар болыстың әкесі Райымбек те болыс би болған. Патша өкіметі Әулиеатаны басып алған уақыттан бастап 1886 жылы қайтыс болғанға дейін билік еткен екен. Сонда Черняевтің жорық жасаған жылы 1864 жылдан бастап есептесек шамамен 22 жыл. Райымбек өлгенде ұлы Мәдімар өте жас екен. Бірақ соған қарамастан би сайланады. Ол заманда барлық би болыстардың сайлау мерзімі үш жыл. Үш жыл би қызметін атқарған соң Мәдімар болыс болып сайланады. 1893 жылы жаңадан сайлау өткенде Мәдімарды қарсыласы жеңіп кетеді. Бұрынғы зерттеушілер Мәдімар 19 жасынан бастап болыстық билікке қол жеткізді дейді. Бұл мәлімет қате болуы керек. Ауызша жеткен мәліметтерде қателіктер, сәйкессіздіктер көп болады. Себебі, болыстық қызметке жас шектеуі болған. Мәдімар би, старшын қызметтерінде болып сосын жасы келген кезде болыстық қызметке сайланған. Сонда жасы шамамен 23- 25 жаста болса керек. Сонда жобамен 19 жасынан бастап би, 23 жасынан бастап болыс басқарушысы болды деп нақтырақ айта аламыз. Сосын тағы бұрынырақ Мәдімар туралы мақала жазған жандар ол Көшеней елінде үздіксіз болыс қызметін атқарды дейді. Бұл сөз де шындыққа сай келмейді. Себебі, ара-арасында сайлауда жеңіліп, болыстықтан түсіп қалған кездері де болған. Мысалы, 1905-1908 аралығында Сатымбек Төтин Көшеней болысын басқарған. Сатымбек болыс салық жинау науқаны кезінде жалған құжат жасады деген айыппен орнынан кеткен.

1909 жылы Үшқорған болысынан Жанкелді Шәдібеков деген кісі Мәдімар болыстық қызметті 800 сом ақшаға сатып алған және осы ақшаға қосымша Шу учаскелік приставы бастығына 5 дана «қызыл арқан» (киіз үйдің сәнделген бел арқаны, орысша пять кусков тесьмы) және 500 шөмеле жоңышқа берген деп арыз жазып, айып таққан. Мәдімар болыс бұл айыптарды жоққа шығарады. Осы мәселе бойынша Мәдімар болысты Әулиеатаға тергеуге шақырады, сол тергеуде Мәдімардың өзі орысша айтқан мынадай құжаттық дерек сақталған:

«Я Мадумар (истинное мое имя Мулла Умар) Раимбеков, заявляю, что никому не платил за назначения меня на должность Волостного управителя, никакой тесьмы и клевера не давал. Отец мой, со времени занятия края русскими и по день смерти то есть до 1886 года служил Волостным управителем. На момент смерти отца я был в очень юношеском возрасте, был избран народным судьей и прослужил три года. Когда истекал срок 3-х лет, я был избран волостным управителем и прослужил три года. В 1893 году были выборы и тогда выбор пал на другого. В 1908 году я был неожиданно определен на должность волостного управителя по назначению. Мой предшественник Сатымбек Тютенов был удален от должности за составление подложного приговора по раскладке податей».

Сондай-ақ, Көшеней елінде Мәдімардан басқа мынадай әйгілі тұлғалар болғанын айтып өтуіміз керек тәрізді. Көшеней болысы №1 ауылда Бошай Мойнақов 16 жыл бойы қатарынан би болған. Бұл туралы айғақ құжаттар бар. Он алты жылдан кейін билік қызметтен алып тастаған кезде «Мені неге биліктен шеттетесіңдер?», деп жазған арызы да сақталған. Көшеней елінде басқа би болған кісілер мыналар: 2 ауылда Дәурембек Райымбаев, 3 ауылда Мамай Үмбетов, 4 ауылда Әлімқұл Белқожин. Жалпы, Көшеней, Талас елінің тарихын ешкім жазбаған, сондықтан көп нәрселер, көп кісілер бізге белгісіз болып жатыр.

 

Нұржан СӘДІРБЕКҰЛЫ,

тарихшы-генеалог.

Алматы қаласы

Ұқсас жаңалықтар