«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлт руханиятының жоқтаушысы

Ұлт руханиятының жоқтаушысы
Ашық дереккөз
Осыдан тура қырық күн бұрын туралықтың туын жықпай, туған жердің тұнығынан нәр алып, тектіліктің тұғырынан таймаған, қазақ руханиятының жоғын іздеп, барын ұрпақтың бағына айналдыруды өмірлік ұстаным еткен қадірлі жерлесіміз, Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі журналист-публицист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Мейрамбек Төлепберген дүниеден өткен еді. Қазақ журналистикасы мен телевизиясына өзіндік өміршең жобаларымен тыңнан түрен салған, мемлекеттік қызметте халықтың батасын алып, жұрттың алғысына бөленген, елдің мәселесін Мәжіліс мінберінде көтеріп, қоғамдық істе қолтаңбасы, ізгілік жолында ізі қалған қайраткердің артында сан- салада тәрбиелеген шәкірттері, орнын жоқтатпас ұрпағы, шырағын сөндірмес кітаптары қалды. Мейрамбек Мылтықбайұлының саналы ғұмырында қоғамның әр саласында қызметтес, әріптес, замандас һәм дидарлас әрі рухтас болған азаматтар аз емес. Мәңгілік өмірі енді ғана басталған қайраткердің азаматтық қырлары, ағалық қамқорлығы, інілік ізеті мен құрметін көрген жандар да ел арасында көп. Газетіміздің бүгінгі нөмірінде ұлттық құндылықтардың шырақшысы, ұлттық мәселелердің қырағы сақшысы болған Мейрамбек Мылтықбайұлының асқақ бейнесі мен асыл қасиеттерін сөз еткен Мемлекет және қоғам қайраткерлерінің естеліктерін көзіқарақты оқырман, қадірлі әулиеаталықтармен бөліскенді жөн санадық.

Ағалығын ақылмен ғана емес, атқарған ісімен көрсетті

Мен Мейрамбек Мылтықбайұлымен 2010 жылы танысқанмын. 2009 жылдың соңында Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалып, жаңа команда құру керек болды. Біраз іздендім. Ол кезде Мейрамбек Мылтықбайұлы туралы тек журналист ретінде естіген едім, оның мақалаларын оқып жүргенмін, бірақ жеке таныс болмағанмын. Маған ол кезде облыстың идеология мен ішкі саясат, мәдениет бағытына бас-көз болатын орынбасар керек болды. Мұндай лауазымға жергілікті азамат тағайындалғаны дұрыс деп санадым. Сонда, осы өңірдің халқына жақын, олардың жанын түсініп, мүддесін қорғай алатын адам ретінде Мейрамбек Мылтықбайұлымен кездесудің сәті түсті. Шыны керек, ол маған үлкен көмек көрсетті.

Мен оны аға ретінде сыйладым, себебі ол кезде мен қырық жастағы азамат едім, үлкен компанияларды басқарған болсам да, облыс әкімі ретінде халықпен жұмыс істеу мен үшін алғашқы тәжірибем еді. Мейрамбек аға маған көп нәрсе үйретті, үлгі болды. Ағалығын ақылмен ғана емес, атқарған ісімен көрсетті. Үнемі «Құдай қаласа деп айт. Әр істі бастар кезде, жүрегіңде Құдай болу керек» деген сөзі әлі есімде.

Біз Жамбыл облысының мәдениетін көтеру, жергілікті өнер адамдарының мәртебесін арттыру мәселелеріне де көңіл бөлдік. Есімде, Мейрамбек ағаның бастамасымен құрметті Шер-аға, Арғынбай Бекбосын, Әкім Тарази және басқа да мықты азаматтардың мерейтойларын жоғары деңгейде өткіздік. Аталған мерейтойлар жаңа театр қойылымдарымен, конференциялармен және кітаптар көрмесімен ерекшеленіп, еңбек сіңірген қайраткерлерге лайықты құрмет пен ілтипат көрсетілді.

Сол кезде олардың кейбіреулеріне орталық тарапынан дұрыс көңіл бөлінген жоқ. Бірақ, Мәке халықтың оларға деген көзқарасын біліп, барлық іс-шараларды тиісті деңгейде жасауымыз керек деген кеңес берді. Мен онымен келістім. Ал қазір, жылдар өткен соң, оған даналығы үшін алғысымды білдіремін.

Сондай-ақ, Мәкенің ұйымдастыру қабілеттерінің арқасында Бауыржан Момышұлының 100 жылдығын да дүркіретіп атап өттік. Бұл іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен арнайы қонақтар жиналған.

Әкімнің орынбасары ретінде Мейрамбек ағамен үш жыл ішінде біраз мәселелерге назар аудардық. Халықтың ауызбіршілігін, тыныштығын сақтап, өңірдің экономикасын дамыту жолына күш жұмсадық.

Кейін облыстық «Қазақстан- Тараз» телекомпаниясын басқарды әрі Жамбыл облысынан Мәжіліс депутаты болып сайланып, халықтың мүддесін қорғап, Үкімет алдында маңызды мәселелерді көтеріп, нәтижелі жұмыс істеді.

Мейрамбек аға – керемет маман, адамгершілігі мол, кішіпейіл, қиын жағдайда сабырлы, көптеген мәселелерге күлімсіреп, позитивті тұрғыдан қарап шешетін азамат еді.

Өмірден ерте кеткені өте өкінішті. Мәкең қазіргі қоғамға, әсіресе жастарға үлгі бере алатын дана, беделді ақсақал болатын еді. Шыны керек, мұндай кісілер қазір жетіспейді...

Үнемі ақыл-кеңес айтып, жол сілтеп жүретін. Осы күнге дейін оның кеңестері мен өмірлік көзқарасы мен үшін аса маңызды. Қашанда алғыс айтып, рақмет деуден жалықпаймын.

 

Қанат БОЗЫМБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары.

 

Мейрамбекке құрметім ерекше еді

Өмір-керуеннің тоқтаусыз зымыраған екпінін тежейтін күш пенде баласында жоқ. Кейде ең жақын, ең қимас адамыңнан көз жазып, өкінетін сәттер де аз емес. Мейрамбек Төлепберген ерекше құрмет пен сыйға лайықты азамат болатын. Азаматтың қазасын естіп, қабырғамыз қайысты, ауыр халден айыға алмай отырмыз.

Мейрамбекті 1986 жылдан білемін. Мен кеңшар директоры едім, Мейрамбек Алматы облыстық «Жетісу» газетінде бөлім меңгеруші болып қызмет істейтін. Содан бергі 39 жылға жуық уақытта байланысымыз үзілмей, сыйластығымызға сызат түспеген еді. Қай кезде де Мейрамбек іздеп тұрды, елжіреп, еркелеп тұрды.

Тоқсаныншы жылдардан бастап Мейрамбектің республикалық басылымдардағы табысты жолы басталды. Республикалық «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан» газеттерінде сектор меңгерушісі, саяси шолушы, бөлім редакторы қызметтерін жемісті де абыройлы атқарып жүрді. Қай қызметте жүрсе де, сол баяғы жарқылдаған, аңқылдаған Мейрамбек қалпынан айнымады. Үздік еңбектері еленіп, Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын алып, Президент грантының иегері атанды. Қазақстан Республикасы журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» жалпыұлттық жүлдесінің лауреаты атанып, «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағын иеленді. Бірнеше мазмұнды кітаптар жазып, талай тарихты елдің назарына ұсына білді. Әрқашан көркемсөзде өзінің шеберлігін танытты.

Мейрамбектің жарқырап көрінген тұсы – Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметінде болуы. Мен бірнеше облысты басқарған азамат ретінде мұндай лауазымды қызметтің салмағы қаншалықты жоғары екенін сезінемін. Мәкең ініміз бір аймақтың бас идеологы ретінде өзін жақсы қырынан көрсетті. Өзін сыйлата да білді, өзі өзгені сыйлай да білді. Өзіне қарасты барша басқармаларда серпіліс болып, білім, денсаулық, спорт саласында жарқын істер жүзеге асып жатты. Мейрамбек осынау іскер қалпынан облыстық «Jаmbyl» телеарнасына бас директор, облыстық мәслихат депутаты, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы кезінде де танған жоқ.

2021 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланғанда көп жанашырларымен бірге біз де қуандық. Мәжіліске аймақтың жағдайын білетін, биік мінберден елдің сөзін жеткізе алатын азамат барды деп бағаладық. Мейрамбек сол үдеден шығып, нағыз елдің жанашырына айналған депутат болды. Бірақ, ол шақырылымның мерзімі аз болып, екі жылдай уақытқа ғана созылды. Дегенмен, Мейрамбек мандатсыз-ақ елдің үлкен тұлғасына айналып кеткен болатын.

Әр кездесуіміз қуанышқа толы болушы еді. Ол жарқылдап амандасқанда бүкіл әлем күліп тұрғандай жақсы күй кешуші едік. Үнемі хабарласып, сөйлесіп тұратын. Әңгімесі мазмұнға толы, ойлары терең еді. Қай кезде де айналасына нұрын шашып, баршаға жақсылық жасаудан жалықпаған азамат. Мейрамбекті адалдық пен тазалығы, бойындағы ізгі қасиеттері үшін құрметтеуші едік.

Енді, міне, аяулы інімізден көз жазып, өткен шақта естеліктер айтуға мәжбүр болып отырмыз. Ол ортамызда жоқ дегенге сене алмай, ауыр күйге түскендердің бірімін. Жаратушының жазмышына шара бар ма? Асыл інім Мейрамбектің топырағы торқа, жаны жәннатта болғай. Еліне еркелеген, елін ардақтаған асыл азаматтың пейіште нұры шалқысын.

 

Серік ҮМБЕТОВ,

Мемлекет және қоғам қайраткері.

 

Тағылымға толы тағдыр

Зымырап жатқан уақыт-ай! Танымал журналист, көрнекті қаламгер, қоғам қайраткері Мейрамбек Төлепбергеннің де бақиға аттанғанына қырық күн толыпты. Әрине, тірі адам тіршілігін жасай беретіні заңдылық. Дегенмен, Мейрамбектің қазасы тосыннан болғандықтан шығар, артында қалған отбасы мен ағайын-туыс, жора-жолдастарына үлкен соққы болып тиді. Бәріміз де есеңгіреп қалдық. Мен де телефон соғып қалатын шығар деп алаңдай беремін. Мейрамбектің өмірден өткеніне әлі күнге дейін сене алар емеспін. Екеуміз қимас дос едік. Күн сайын болмаса да, аптасына үш- төрт рет хабарласып, телефонмен сөйлесіп, пікір алмасып отыратынбыз. Өйткені, Мейрамбек тек жаны жайсаң, достыққа мәрт азамат қана емес, қоғамның өзекті мәселелері бойынша айтар сөзі бар, ақыл-парасатының арқасында қалыптасқан ұстанымына берік тұлға еді.

Ол – Жамбыл жерінің бел баласы. Тоғызкент деген ауылда туып-өскен Мейрамбек өзін «шалдың баласымын» дейтін. Мақала жазса да, ауызекі әңгіме айтса да, тек фактіге сүйеніп сөйлейтін, сондықтан оның әр сөзі өткір, таза әрі күмән тудырмайтын ақиқат болатын. Жеті баласының ең кішісі – сүт кенжесін Мылтықбай ақсақал пайғамбар жасына тақағанда көріпті. Қазақ ақыл тоқтатқанда туған баласына көп үміт артатыны белгілі. Содан болар ғұмырын жалғап, жүрегін жібіткен сәбиін ол кісі өзге балаларынан ерекше жақсы көріп, бар мейірін осы баласына арнағанын аңғару қиын емес. Көкірегіне сәуле болып құйылған ата-ана тәрбиесі мен өсиеті Мейрамбектің рухани ішкі жан- дүниесінің байлығына, шуақты болмысына негіз қалағаны, ұлттың ұлына айналуына көп септігін тигізгендігін байқау қиын емес. Мейрамбектің қазақ салт-дәстүрін, шежіре-әңгімелерін, жөн- жоралғыны жақсы білгені осыдан болса керек. Журналистік өмірдің қат-қабат тірлігінде Мейрамбектің бойындағы осы бір қасиет оның халықтың намысын оятып, еңсесін көтеретін, қазақтың мүддесін қорғайтын, талай мақалалар жазып, елге танымал болуына себепкер болды десек артық болмас.

Журналистік кәсіпте Мейрамбектің белсенді, ұстанымына берік азамат болуына себепкер болған өмірлік ұстаздары аз болған жоқ. Солардың арасында Мейрамбектің ерекше құрметтейтін табанының бүрі, жүрегінің түгі бар, қиядан таймайтын, соқпақсыз жерде шатаспай жол көрсете білетін халқымыздың мақтанышы Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза секілді алып тұлғалары тұрды. Журналистік кәсібінде Мейрамбек алдындағы сондай тұлғалы азаматтардан үлгі алды, соларға ұқсауға мейлінше тырысты. Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қызмет істеп жүрген жас кезінде сол газеттің бөлім меңгерушісі Жолдасқан Бозымбековтен көп нәрсе үйренді. Журналист үшін табандылық пен қайсарлық маңызды.

Қайсарлық демекші, 1987 жылы Қайрат Рысқұлбеков бастаған бір топ желтоқсаншы жастардың сотта қасқайып тұрған суретін басуға тек Алматы облыстық «Жетісу» газетінің ғана батылы барды. Сол суретті газетке жариялаған бас редактор Мамадияр Жақып та, кезекші редактор Мейрамбек Төлепберген де осы әрекеттері үшін таяқ жеп, қызметтерінен қуылды. «Егер өзіңдікі дұрыс деп санайтын болсаң, тістеген жеріңде тісің қалсын» деп тәрбиелеген ұстазы Темірбек Қожакеевтің сөзін іске асырған осы Мейрамбек досым болғанын мен қашанда мақтаныш тұтамын. Ең бастысы, мен үшін бұл оның журналистік қасиетінің ең биік көрсеткіші болатын.

«Жетісу», «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан» сияқты қоғамдық-саяси газеттердегі журналистиканың қайнап тұрған қазандарында құрыштай шымыр болып құйылған Мейрамбек Төлепберген біліктілігі мен білімділігі арқасында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарғанын да өз басым мақтаныш тұтамын. Бүтін бір өңірдің әлеуметтік- идеологиялық саласын басқарып, дөңгелетіп әкету оңай емес. Мемлекеттік қызметте үлкен абыройға ие болу оның қарапайымдылығы, ұлтжандылығы, азаматтың кісілік келбетін ажырата білетін қасиеттерімен және оның жеке басының парасаттылығы мен біліктілігінің арқасында болды.

Президент сыйлығының лауреаты Мейрамбек республикалық «Қазақстан» телерадио корпорациясы Жамбыл облыстық филиалының директоры қызметін де абыроймен атқарды. Басшылық жасап ғана қоймай, өзі де көгілдір экран алдында хабар жүргізіп, келісті сұхбаттар ала бастады. Облыстық телеарнаның мерейтойы кезінде журналистер сұрағына жауап беріп тұрған бір сәті әлі есімде. Мейрамбек өзін байсалды, істің мәнін жетік білетін адам екенін бірден байқатты. «Біздің арна хабар берудің лентасыз технологиясына, «Синерджи» компьютерлік цифрлық жүйесіне алдыңғылардың бірі болып көшті. Бүгінде телеарна түрлі тақырыптарда отыздан астам өз хабарларын ұсынуда. Біз «Қазақстан» корпорациясы филиалдары арасында бірінші болып футбол ойындарынан, әскери және мерекелік шерулерден тікелей репортаж жүргізуді қолға алдық», – деп жұмыс жайын баяндады ол. Қайда барса да шаруаның ебін таба білетін Мейрамбек бұл саланы да әдемі игеріп алған еді. Облыстық телеарнадағы «Сыр-перне», «Первая студия», «Айна», «Сіз не дейсіз?» атты авторлық бағдарламалар көрермендер ықыласын аударатын тамаша дүниелерге айналды. Сол жылдары телеарна бірнеше деректі фильмдер түсірді. Әсіресе, Төле би, Әкім Тарази мен Шерхан Мұртаза туралы, Жамбыл облысының 75 жылдығына арналған деректі фильмдер жұрт назарын аударды.

Мейрамбек елдік мұраттарды жоғары ұстап, халықтың рухын көтеру жолында өзінің азаматтық ұстанымынан бір сәт те айныған емес. Бір мәселеге көңілі ауса соны жан-жақты зерттеп, соңына дейін жеткізуге тырысуды әдетке айналдырған азамат еді.

Ол егемендіктің алғашқы жылдары «Саңырық батыр» атты кітап жазып, көпшіліктің назарына ұсынды. Сонымен қатар, оның қаламынан туған «Сағасында Таластың бір ауыл бар», «Қаһарман Бақтыораз», «Ақиқат алдында», «Ұлбике», «Шоқыр», «Қос жүрек – бір тағдыр», «Замана сөзі» кітаптары да оқырманнан жақсы бағасын алды. Журналистік өмірде жиған-тергені, көргені оның болмысын, таза рухани дүниесін, ірілігі мен кісілік келбетін ерекше етіп қалыптастырды.

Адалдық пен әділеттіктің нағыз сақшысы секілді Мейрамбек Төлепберген әрдайым жеке тұлғалардың орынсыз ұмыт болып, қоғамда лайықты бағаланбағанына қиналып, халқымыздың көптеген аяулы азаматтарының тарихымыздың төрінен өздерінің орнықты орнын табуына атсалысты. Кезінде 300-ден астам рет көкке көтеріліп, жаудың соғыс қоймаларын талқандап, жеңісті жақындатуға шексіз үлес қосқан Хиуаз Доспанованың батыр атағына лайық екенін дәлелдеп шықты. Мейрамбектің бұл еңбегі елеусіз қалмады. Соның нәтижесінде 2004 жылы Хиуаз Доспановаға көзі тірісінде Қазақстанның «Халық қаһарманы» атағы беріліп, соғыс жылдары әуе ханшайымы атанған қазақтың батыр қызының есімі тарих бетінде өзінің әділетті орнын тапты. Бұл – Мейрамбектің де жасаған үлкен ерлігінің бір дәлелі.

Жұртшылықтың есінде болар, 1996 жылы Ресей және Қазақстан жұртшылығын соғыс жылдары ұшқыш, капитан Александр Масловтың экипажы жасаған көзсіз ерлік туралы оқиға қатты толғандырды. Онда 1941 жылы шайқас кезінде өртенген ұшақты жау нысанына бұрып, әуеден жалын боп құлап, соққы берген экипаж ерлігі көпе-көрнеу бұрмаланғаны жария болды. Бізге бала кезімізден таныс болып қалған Николай Гастелло да дәл осындай батырлыққа барғанын кеңестік кітаптардан жақсы білетінбіз. Бірақ, Гастеллоның ерлігін паш еткен насихаттық саясаттың тасасында дәл осы ерлікті одан бұрын жасап үлгерген Маслов экипажының ерлігі ауызға алынбай қалғанын енді білдік. Міне, осы мәселені Қазақстанда іліп әкетіп, зерттеуге үлес қосқан Мейрамбек Төлепберген еді.

Александр Маслов экипажындағы төрт адамның біреуі қазақ жігіті Бақтыораз Бейсекбаев екені, оның 42-авиациялық дивизияның 27-авиациялық полкінде қызмет еткені, 1996 жылы 2 мамыр күні экипаж мүшелерінің барлығына «Ресей Батыры» атағы берілгені Мейрамбекті бейжай қалдырмады. Мейрамбектің көзі тірісіндегі ең соңғы мақаласы да осы Бақтыораз Бейсекбаев туралы жазылып, өзінің қайтыс болған күнімен тұспа-тұс келуі де тегін емес болар.

Ол үлкен қызметте жүрген кезде елдің ұйытқысы болып, халықты бірлікке, саналы тіршілікке шақырып жүрді. Мейрамбектің соңғы жылдары жасаған еңбектерінің бірі сол, ол өзінің рухани ұстазы, халқымыздың тарихында ерекше орын алатын Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның өмірлік жолын дәріптеп өтті. Қабырғалы қаламгер өмірден өткеннен кейін оның атын мәңгілікке қалдыру жолында Мейрамбек көптеген ауқымды шаралар атқарды. Тараз қаласында Шерхан Мұртаза атындағы орталық ашып, қаланың көрікті жерінен ескерткіш қойылуына мұрындық болды. Шерхан Мұртазаның еңбектерін дәріптеуге бағытталған ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Осының барлығы Мейрамбектің басшылығымен атқарылып отырды.

Соңғы кездері Мейрамбек Қоқан, Хиуа хандықтарының ХVІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ еліне басқыншылық экспансиясы туралы зерттеу жасауға көңіл қойып жүр еді. Ойын онға, санасын сан тарауға бөліп жүрген тарихтың осы бір шаң басқан парақтарын ақтаруға Мейрамбектің пейіл білдіріп, көңіл аудара бастауы болашақта біз біле бермейтін тың деректерге бай тағы бір қомақты дүниеге негіз қаланып жатқанын білдіретін. Оның қандай да бір материалды зерттеуге отырар алдында осылай ширығып, ішінде қордаланған ойын әбден пісіріп, иін қандырып алатын әдеті бар болатын.

Жастайынан алғыр, білімге құштар болып өскен Мейрамбек өзінің жақсы қасиеттерімен ата-анасының мақтанышына айналды. Өсе келе халқының елеулі азаматы болды. Әрине, өкініштісі, Мейрамбек өмірден ерте кетті. Дегенмен, артында өшпейтін рухани мұра, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын өнегелі із қалдырды. Қимаймыз, қиналамыз, бірақ табиғаттың заңына бағынудан басқа шара жоқ.

 

Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,

Мемлекет және қоғам қайраткері.

 

Өмірінің соңына дейін қаламын тастамады

Соңымыздан ерген әріптес жігіттердің ішінде Мейрамбек жарқырап, ерекше көрінген еді. Ол оқуын бітіргеннен кейін Алматыда қызмет істеп, Жамбыл өңіріне қарағанда алдымен Алматы облысында аты танылды. «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан» сынды республикалық газеттерде өзінің журналистік шеберлігін танытты.

Мен Шерхан Мұртазаның қасында көп жүрдім. Жұбайы Мариямның еліне – Сарысу ауданының Түгіскен деген ауылына бірге баратынбыз. Мейрамбек сол ауылдың баласы болған соң, жиі кездесетінбіз. Сол ауылдан шыққандардың ішінде Шерағаның жолымен жүріп, журналистикада еңбек еткен Мейрамбекті Шераға «Сақа» дейтін. Шынында да Мейрамбек сақа десе сақа еді, өз мамандығының нағыз сақасы болды. Әсіресе, «Егемен Қазақстанда» жұмыс істеп жүрген кезінде көптеген проблемаларды көтерді. Өзіміздің облыстық «Aq jol» газетінде де қоғамның кемшін тұстарын айтып отырды. Алға жылжыған уақыттан қалыспай, тіпті озып, қоғамға не жетпейтінін, не керегін айтып жүрді. Кейін де жазған мақалаларын маған жіберуші еді. Сөйтіп, өзінің жазғандары туралы менің пікірімді біліп отыратын. Мен де мүмкіндігімнің келгенінше пікірлерімді айтатынмын. Сонда үнемі «Қызметті қойып, үйде отырып қалмай, өмірде бар екенімізді көрсетіп, қоғамдық құбылыстарға өз ойымды білдіріп, жазып жүрмін, Ел-аға» дейтін. Өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастамады.

Оның қазасы енді күтпеген өлім болды. Олай дейтінім – Мейрамбек сауатты, өзін өзі күтетін жігіт еді. Ол ел мүддесі үшін ұйымдастырылатын алқалы жиындардан қалмай, конференцияларда өз пікірін айтып, қоғамның дамуына барынша өз үлесін қосты.

Жаңа айтқанымдай, жасында оны Шераға тәрбиелесе, кейін Шераға өмірден өткеннен соң, Мейрамбек оның мұраларын насихаттауда, Шерхан туралы орынды-орынсыз пікір айтқандарға түсіндіріп, оң пікір қалыптастыруда, жазушының мерекелерін өткізуге біраз еңбек сіңірді.

Мейрамбек облыстық телеарнада да еңбегімен өз ізін қалдырды. Жамбылдың журналистикасы оның атын өшірмейді, есімі ұмытылмайды деп ойлаймын. Облыс баспасөзі Мейрамбекті еске алатын іс-шаралар ұйымдастырып тұруы керек. Оның мамандықтағы шеберлігін, еңбектегі үлгілі жолын кейінгі жастарға үлгі етуге тиіс. Сауатты, өз ісінің шебері дүниеден өтті, арты қайырлы болсын. Бірақ, артында өшпес із қалдырып кетті.

 

Елен ӘЛІМЖАН,

Қазақстанның Құрметті жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы

 

Мемлекеттік қызметтің майталманы

Мейрамбектің әпкесі әйгілі жазушымыз Шерхан Мұртазаның өмірлік сыңары еді. Қайнысы ретінде жақсы қарым-қатынаста болған. Бірақ араларында жезде мен қайнысының арасындағыдай әзіл болмапты. Оған Шерағаңның мінезі де, жүріс-тұрысы да жібермеді ме екен... Өйткені, үнемі жазу үстінде, қызмет бабында жүрді.

Дегенмен, кейінгі жылдарда араларында жылы, шуақты байланыс орнады. Осындай жақындықтың нәтижесі шығар, оның үстіне, Мейрамбектің елді үйіріп әкететін іскер қарым-қатынасы да әсер етті ме екен, оны еркелетіп «Сақа» дейтін. Мейрамбек Сақа десе – Сақа еді. Жазу өнерінде жарқырап жүрді. «Халық кеңесінде», одан кейін «Егемен Қазақстан» газетінде жауапты қызметтер атқарды. Құлаш-құлаш материалдар жазды. Елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жөнінде жазған ойлары да, танымал тұлғалар туралы портреттік эсселері де көңілінен шыққаны күмәнсіз. Олардың бәрін назардан тыс қалдырмайтын Шерағаң қайнысының шығармашылық тұрғыда түлей түсуіне ықпал етіп, тіпті кейбір жағдайда жазуына тақырып та ұсынды.

Шерағаң өмірден озған соң Мейрамбек бірден-бір жоқтаушысына айналды. Былайғы ел біле бермейтін қырларын қозғады, күнделіктеріне үңіліп, қалың оқырманның көңілінен шығатын естелік мақалалар жазды. Енді, міне, Мейрамбектің өзін жоқтап, жүректегі жылы сөзімізді арнайтын кезеңге көштік. Біз студенттік өмірді бірге өткіздік. Газетте қызметтес болдық. Одан кейінгі жылдарда да берік байланысымыз үзілмеді. Демек, сағынып еске алатын оқиғалар жетеді.

 

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,

жазушы-публицист, курстасы.

Топырағың торқа болсын, Шерағаңның Сақасы!

 

Бала кезден мұраты асыл, арманы биік болды

1974 жылы мектеп бітірген бір топ түлектердің ішінде арамыздағы жалғыз жазушымыз Мейрамбек Төлепбергеннің біздер үшін орны бөлек болатын. Оқу озаты, мектепте өткізілетін түрлі іс-шаралардың бел ортасында жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын елгезек әрі тындырымды жеткіншекті мұғалімдердің барлығы ерекше бағалап, мақтан тұтатын. Үлкен-кішімен тез тіл табыса кететін көркем мінезді, үлгілі оқушы Мейрамбекті ең қатал деген Шәрипа апайымыздың өзі біздерге үлгі етіп отырушы еді. Біз мектепті екі қазақ сыныбы мен бір орыс сыныбында 68 оқушы бітірген едік. Біздердің қітап оқуға деген құмарлығымызды оятқан Мейрамбектің әңгімелері. Кітаптың қасиеті мен сөз құдіретін ерте таныған талапкер небір қызықты оқиғаларды майын тамыза, мөлдіретіп әңгімелегенде біздер таң-тамаша болып, ұйып тыңдай қалатынбыз. Сондай бір шабытты шақта бізге әлі естіп үлгермеген бір өлеңді жатқа айтып шықты. Бұл сол кездегі талантты жас ақын Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын, жер, енді!» деген өлеңі екен. Өлеңін аяқтаған Мейрамбек: «Көресіңдер, бұл әлі мықты ақын болады», деп қояды. Осыдан кейін біздер Мұхтар Шаханов пен Олжас ағаның өлеңдерін іздеп тауып, таласа жүріп оқитын болдық. Сөйтіп Мейрамбектің салған осы бір жіңішке сүрлеу, алтын соқпағы біздерді үлкен әдебиетпен достасуға алып келді.

«Туған-өскен жері мен ұстазын ұлықтамаған – Алласын танымас» деген. Біздерге үнемі ақыл-кеңестерін айтып, адалдықтың, парасаттылықтың жолын көрсетіп, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымыз туралы да әрдайым жылы сөзіңді арнап, оларға деген ризашылығыңды айтып отырушы едің.

Мөп-мөлдір салқын суына шомылып, асыр салып өскен Майлыкөлдің жағасындағы құмының ыстық табы екі табанынан өтіп, бойына асыл қасиет болып дарыған кең жүректі асыл азаматтың туған жерге, ауыл, елге деген ықыласы ерекше еді.

Осы жерде өзіңнің «Менің бала достарым» деген мақалаңдағы мына бір жолдарды кірістіре кеткенді жөн көрдім: «Періште кезінде Құдай табыстырған жандардың жамандыққа жолықтырмайтыны – жазылмаған заң. Мен де достарым мен құрдастарымды ұмытпай, әрдайым сағынып жүремін. Қайда жүрсек те балалық шақтан, жастық күндерден тәтті естеліктер айтып, аман-есен жүргеніміз керек. Бәріңіз де немере сүйіп ата-әже болдыңыздар, енді шөбере сүюге жазсын!

Түгіскен – қалың ел. Ата қоныс. Көзге де, көңілге де ыстық көрінетін, балалық бал дәуреніңді, бозбала шағыңды өткізген, сағындырған туған жер!

Сенен туып, сенен ұштық!.. Адам баласы бәрін өзгерте алатын көрінеді. Тек туған жерін ғана өзгерте алмайды екен. Бала достар туралы да солай ойлаймын».

Міне, осы жазба жолдарынан-ақ адалдықтың, адамдықтың кәусар бұлағынан нәр алған болмысың жаныңда жүрген асыл жандардың қадір-қасиетін бағалап, кісілікті де, кішілікті де, ұлылықты да базарлай білетіні баршаға аян болып тұр.

Шын достыққа деген адалдық та, ізгілік те, сонымен бірге туған жерге деген ұлы махаббат та сенің мейірімді жүрегіңде тұнып тұрушы еді ғой.

Мектепте оқып жүрген кезінен бастап талаптанып, алға ұмтылу, алдына үлкен мақсаттар қою оның айнымас әдетіне айналған. Бірде сол әдетіне салып «Серік, біздер 1957 жылы туғандармыз ғой. Соның құрметіне «1957-ші жыл» деген кітап жазбақшымын. Онда сол жылы әлемде болған ерекше оқиғалар мен тосын жаңалықтарды жинақтап кітап етіп шығарамын», деп биік-биік шыңдарға қол сермеп, алысқа құлаш ұрып ерекше бір шабытпен айтатын.

«Біз Тараздан боламыз, «Мен Тараздықпын» деп кеуде керіп зор мақтанышпен айтатын, өзіңнің туып-өскен топырағын Әулиеата жерінде «Атшабар баба» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілген «Бірлік түбі – тірлік» деген үлкен жиында ата-бабамыздың арманы болған әрі дәл қазіргі кезеңде еліміздің болашағы үшін аса қажет болып тұрған бірлік, татулық және қоғамдық келісім жайында және де ата-бабамыздан біздерге келіп жеткен аса құнды, көне жәдігер тұмардың қасиеті туралы айтқан сөздерің жиналған бар қазақтың санасына сіңіп, көңіл түкпірінен өшпестей орын алды деп ойлаймын.

Кеңес төңкерісі кезінде бүкіл Орта Азия халықтары халықшыл Тұрар ағамызды «Ортақ Рысқұлов» деп басын иіп, қолдарын кеудесіне қойып зор ілтипат білдіретін. Сен де біздің ғана емес, елдің Мейрамбегі болдың. Өзіміздің Мейрамбек қой деп жүріп, соны пайымдамағанымыз өкінішті. Өкіне отырып сенің елге ортақ тұлға болғаныңа қуанамыз, мақтанамыз. Сен өзгеше әрі қайталанбас ерекше едің. Сол ерекшелігіңмен өттің өмірден. Шаршамадың, талмадың, барыңды еліңе арнадың.

Мұраты асыл, арманы биік, талабы таудай, өнегелі-өркенді, халқым деп соққан жүрегі, бергеніңнен берері мол қазыналы абыз шағыңда неге ғана асықтың екен. Артыңда ел-жұртың қалды шөліркеп. Сенің рухани кеңесіңе, қоғамдық пікіріңе. Енді кім жол сілтер мына қайраңда қалған балықтай, аңтарылған жұртыңа?..

Осы жолдарды жазу кезінде жүздеген парақтар умаждалып, жыртылып лақтырылды. Әлденеше қаламсап сынып, көкке ұшты. Бірақ, қағаз бетіне ештеңе түсіп жарытпады. Ой қожырап, ми шаншыды. Қол жазуға жүрмеді. Жүрмегені сол, жазғысы келмейтінін қайтерсің. Қол байқұстың кінәсі не... Бар мәселе жүректе болып тұр ғой. Жүрек, шіркін, қаламайды: «Мейрамбек енді жоқ» деп жазғанды. Тіл алмайды, көнбейді. Қия алмайды, қимайды. Кешегі барды, бүгін жоққа балай алмайды. Жоқ еткісі жоқ.

Қазір де бір сәтке тынығуға көзің ілініп кеткендей, жарқ етіп есіктен кіріп келердей боласың да тұрасың. Шіркін-ай, солай болса ғой!.. Бірақ, ондай болмақ қайда енді. Сол өкініш, өкініштісі сол. Бар еді, жоқ болды. Өтті, кетті, бәрі бітті. Енді ешқашан бар ете алмайсың.

Бақұл бол, бауырым, Мейрамбегім. Бұл менің бүкіл сыныптастарыңның атынан сені азалауым, жоқтауым. Сен әрқашан да біздің жүрегіміздесің.

Алланың қалауында, жаның жәннатта, орның пейіштің төрінде болсын!

 

Серік МАШИРОВ,

ардагер ұстаз, сыныптасы.

 

 

Ұқсас жаңалықтар