«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әулиеатадағы әдеби кездесу

Әулиеатадағы әдеби кездесу
Ашық дереккөз
Әулиеата жерінің ұлт тарихында ғана емес, халықтың руханияты мен әдебиетінде де айшықты қолтаңбасы қалыптасқан. Ақын атын иеленген өңірде бұл үрдіс күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Бұған өткен жылы жергілікті қаламгерлерге қалың қолдаудың көрсетілгені анық дәлел бола алады. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында жалғасын табады. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновпен кездесуінде атап өтті.

Жиынға облыстағы жергілікті Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері қатысты. Кездесуде биылғы жылдың еліміз үшін сындарлы әрі елеулі оқиғаларға, тарихи шешімдерге толы болғандығын атап өткен аймақ басшысы түрлі бағытта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілгенін, әсіресе, мәдениет пен спорт, әдебиет пен өнер саласында көптеген жетістіктер болғандығына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Жазушылар Одағы ұлттық интеллигенцияның басын қосып отырған қарашаңырақ екенін атап, ақын-жазушылардың халық әдебиетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, қоғамның бірлігін нығайтудағы еңбегін жоғары бағалады. Қасиетті Әулиеата өңірінде ақын-жазушыларды қолдауға барынша жағдай жасалуда. Оған өткен жылы атқарылған жұмыстар негіз бола алады. Әлбетте, әдебиет пен мәдениетті қолдау бір реттік іс-шаралармен ғана шектелмейтіні белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Жиында Мереке Құлкенов облыс қаламгерлеріне көрсетілген қолдауға ризашылығын білдіріп, жергілікті қаламгерлер шығармаларының қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше екендігін атап өтті.

– Өткен жылы Жазушылар Одағы тоқсан жылдық мерейтойын атап өткені белгілі. Руханиятымыздың алтын діңгегі саналған бұл ұйым қаламгерлеріміздің кәсіби қауымдастығы ретінде төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді өркендетуге және оны әлемге танытуға зор ықпал етіп келеді. Темірбек Жүргенов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіровтердің бастамасымен негізі қаланған Жазушылар Одағының шығармашылық жолы қазақ әдебиетінің алтын қорына айналды. Қуғын-сүргін мен соғыс жылдарында да Одақ өз жұмысын тоқтатпай, ұлттың мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрін, тұтастығын қаламмен өрнектеп, тек қазақ жұртына ғана емес, әлемге танытты. Осы тоқсан жыл ішінде Жамбыл өңірінен шыққан қаламгерлердің қаламынан туған шығармалар да көптеген ұрпақ үшін рухани азыққа айналды. Бүгінде біз кешегі Шерағаңдардың жолын жалғаған Күләш Ахметова, Пернебай Дүйс енбин, Елен Әлімжан, Шырын Мамасерікова, Көсемәлі Сәттібайұлы, Үміт Битенова, Ғайни Әлімбекқызы секілді ақын- жазушыларымызды мақтанышпен айтамыз, – деді Мереке Әбдешұлы.

Бұдан бөлек, Одақтың басқарма төрағасы өңір руханиятына жаңа серпіліс алып келетін ұтымды ұсыныстарын алға тартты. Олардың қатарында өңірдегі ақын-жазушылардың басын бір ортаға тоғыстыратын Шығармашылық үйін салу, облыстан шыққан үздік туындыларға Шерхан Мұртаза атындағы «Қызыл жебе» әдеби сыйлығын тағайындау, аудандардағы қаламгерлерді қолдау мақсатында «Алтын бесік» жинағын шығару, қаламгерлерге облыс әкімінің стипендиясын ұйымдастыру секілді бастамалар бар.

Өз кезегінде өңірдің зиялы қауым өкілдері аймақ руханиятын дамыту бағытындағы қолдаудың жыл сайын артып келе жатқандығын айтты. Республикалық «Құлагер» әдеби конкурсының бас жүлдегері, жазушы Пернебай Дүйсенбин өңірде зиялы қауым өкілдерін қолдауға бағытталған игі бастамаларға ризашылығын білдіріп, жазушылар мен ақындар мұрасын өскелең ұрпаққа дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.

– Өздеріңіз білетіндей, 24 автордың кітабы баспадан шығарылып, облыстағы барлық кітапханаларға таратылды. Өткен жылы әдебиет пен өнерді қолдау және таланттарды анықтау мақсатында поэзия, проза, драматургия, сатира, балалар әдебиеті саласында «Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби конкурсы өткізілді. Онда Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Шона Смаханұлы, Несіпбек Дәутайұлы, Арғынбай Бекбосын сияқты өңіріміздегі біртуар тұлғалардың атындағы жүлделер табыс етілді. Облысымыздың 85 жылдық мерейтойы да жоғары деңгейде аталып өтті. Сондай-ақ, жыл ішінде ақын-жазушыларымыз, жалпы мәдениет, өнер адамдарына арналған іс-шаралардың көптеп өтуі жергілікті билік пен зиялы қауым арасындағы байланыстың айқын көрінісі, – деді Пернебай Дүйсенбин.

Сонымен бірге, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, жазушы-драматург Елен Әлімжан бүгінде өңірде қаламгерлерге кең қолдау танытудың нәтижесінде жас әдебиетшілердің шоғыры қалыптасып келе жатқандығын атап өтті.

– Бүгінде жас қаламгерлердің үлкен қалаларға сабылмай, өңірде қалып жұмыс жасауға деген бейімділігі байқалып отыр. Бұл жергілікті атқарушы билік тарапынан жасалған қолдаудың нәтижесі деп білеміз. Қазірдің өзінде жас ақын-жазушылар оқу орындары мен білім ошақтарында, басылымдар мен түрлі орталықтарда жұмыс істейді. Осы ретте облыс орталығындағы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығын «Әдебиет және өнер» музейі деп өзгертетін уақыт келді деп ойлаймын. Қазірдің өзінде орталық қаламгерлердің жиі бас қосатын мекеніне айналды, – деді Елен Әлімжан.

Еске сала кетсек, бұған дейін өңірде облыс әкімінің қолдауымен Алматы қаласындағы «Абай» баспасынан жергілікті 24 автордың кітаптары басылып шыққан болатын. Бұдан бөлек, былтыр облыстың 85 жылдық мерейтойы қарсаңында елімізге белгілі бірқатар қаламгерлер мен қайраткерлердің мол мұрасы насихатталып, кең көлемде дәріптелді. Атап айтқанда, облыста қазақтың біртуар ұлы Балуан Шолақтың 160 жылдығы, сатирик ақын Шона Смаханұлының 100 жылдығы, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығы, мемлекет қайраткері Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығы, жазушы, журналист Мақұлбек Рысдәулеттің 75 жылдығы, сонымен бірге, жазушы- сықақшы Доқтырхан Тұрлыбектің 75 жас, сатирик Толымбек Әлімбекұлының, жазушы-журналист Талғат Айтбайдың 70 жас мерейтойлары аталып өтті.

Айтылған ұсыныс-пікірлердің ескерусіз қа лмайтындығын ат ап өткен Ербол Қарашөкеев биыл аймақтағы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелеріне 500 мың теңге көлемінде стипендия берілетінін жеткізді. Жиын соңында Елен Әлімжан, Шырын Мамасерікова, Қайырбек Асанов, Көсемәлі Сәттібайұлына «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы беріліп, талантты ақын Жұлдыз Бейсек пен Нұржан Әліш Жазушылар одағына мүше атанды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар