«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаржылық қолдау көрген кәсіпкерлер әлемдік бәсекеге де түсуге қабілетті

Қаржылық қолдау көрген кәсіпкерлер әлемдік бәсекеге де түсуге қабілетті
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатында мемлекет субсидия, жеңілдетілген несие және кепілдендірілген қарыз беру арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді. «Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі үздіксіз артып келеді. Бүгінде осы бизнестің өкілдері 4,3 миллион адамға, яғни еңбек етіп жүрген азаматтардың тең жартысына жуығына жұмыс тауып беріп отыр. Сондықтан кәсіпкерлік бастамалар ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді деп сеніммен айтуға болады», – дейді Мемлекет басшысы сұхбатында.

Президент айтқандай, мемлекет ірі бизне сті де дамытуға мүдделі. Бұл арада отандық және шетелдік инвесторлардың ел бизнесіне салып отырған көмегі де зор. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, өңір экономикасында биыл өнеркәсіп өндірісінің үлесі 19, ал ондағы өңдеу секторы 65,5 пайызды құрады. Жалпы, аймақта 891 кәсіпорын жұмыс істесе, өңдеу өнеркәсібінде 46 мың адам еңбек етеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында шетелдік және отандық инвесторлар тарта отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қалыптастыруды тапсырған болатын. Президент тапсырған міндеттер облысымызда жоспарлы түрде жүзеге асырылу үстінде. Шағын және орта кәсіпкерліктің де көзін тауып, байланыстырып отыр. Ал, еліміздің белді басылымдарының бірі–«Ana tili» газетіне берген сұхбатында Президентіміз «Қазақстанда өз жұмысына жаңа технологияларды енгізіп жүрген озық ойлы кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болды.Мұндай кәсіпкерлер әлемдік бәсекеге түсуге де қабілетті. Қазір шетелдік бизнестің Қазақстанда өз өкілдігін ашып жатқаны да көңіл қуантады. Бұл жағдай отандық нарыққа халықаралық сипат беруге, әділ бәсекені күшейтуге және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді», деп санайтынын айтқан болатын. Президент тапсырғандай, облысқа жаңа инвесторларды тарту мақсатында отандық және шетелдік кәсіпкерлермен 110 кездесу өткізіліп, 18 келісім-шартқа қол қойылды. Нәтижесінде 2024-2028 жылдар аралығында жалпы құны 3,3 миллиард теңгені құрайтын 80 жоба әзірленді. Бұл жобалар іске асырылған кезде 6 мың жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Ал, өткен жылы жобалық құны 214 миллиард теңгені құрайтын 35 инвестициялық жобаны жүзеге асыру және 1453 жұмыс орнын құру жоспарланған болса, бүгінгі күні құны 207 миллиард теңгені құрайтын 32 жоба іске қосылып отыр. Осы жобалардың аясында 674 жаңа жұмыс орындары ашылды. Сондай-ақ, қалған жалпы құны 7 миллиард теңгені құрайтын 3 жоба да жоспарлы іске асырылуда, – дейді Аспандияр Мұраталыұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдыңғы және жаңа Жолдауларында ел азаматтарын жұмыспен қамту, ерекше жандарды мемлекет қамқорлығына алу, оларға жағдай жасау, кәсіп бастауға ниет еткен азаматтарға қайтарымсыз грант тағайындау, пайыздық мөлшері аз несие қарастыру жұмыстарын көтеріп, жүйелі тапсырмалар берген болатын. Президенттің осы тапсырмасы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан да жоспарлы жүзеге асырылып, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға – 494 адам жолданса, оның 197-і қайтарымсыз грант иегері атанып, өз кәсіптерін ашқан.

Шағын және орта бизнесте ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер де мемлекеттің қаржылық қолдауларынан тыс қалып отырған жоқ. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 26,9 миллиард теңге бөлініп, 15 мыңнан астам шаруашылыққа субсидия төленген. Сондай-ақ, қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1594 агроқұрылымға 16,1 миллиард теңге несие үлестірілген. Нәтижесінде, өткен жылдың он бір айында салада 425,4 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Оның 275 миллиард теңгесі егін, 149,6 миллиард теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 20 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған.

– Мемлекет басшысы «Ana tili» газетіне берген сұхбатында елге инвестиция салып жатқан отандық, шетелдік шағын және орта кәсіпкерлердің жасампаз бастамаларын қолдайтындығын жеткізді. Ең бастысы Президент Үкімет пен барлық мемлекеттік органдарға бизнеске дұрыс көңіл бөліп, олармен үйлесімді жұмыс жүргізуді, болашағы зор жобаларға қаржы салатын кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсетуді қатаң тапсырды. Бұл тапсырмалар біздің тараптан жауапкершілікпен орындалуда. Мәселен, өңірімізде «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасын (Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату) іске асыруға өткен жылы республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге қарастырылып, 13 жоба қаржыландырылды. Ал, 2019-2023 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 42,2 миллиард теңге бөлініп, 8 мыңға жуық жобалар несиелендірілді. Сонымен қатар, сапалы тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау және жанар-жағармай заттарын сатып алу үшін кооперативтерге 946,9 миллион теңге айналым қаражаты берілді. Мұның барлығы да Президент Жолдауында тапсырғандай ел халқының әлеуметтік тұрмысын жақсартуға, ауыл шаруашылығы кооперативтерін және агроқұрылымдарға салынған инвестициялық жобаларды дамытуға бағытталған. Ендігі кезекте «Ауыл аманаты» жобасын дамытуға осы жылға 10 миллиардтан астам қаржы республикадан сұралуда, – дейді дейді Төлебек Құлекеев.

Президент сөзімен қорытындылайтын болсақ, кәсіпкерлерге жасалып жатқан мүмкіндік мол. Кәсіпкерлерге қысым жасауға тыйым жасалған. Ендігі Мемлекет басшысының қойып отырған басты талабы – кәсіпкерлер заң аясында жұмыс істеуі тиіс.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар