ТЕҢГЕ НЕГЕ ӘЛСІРЕП ЖАТЫР?
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаевтың айтуынша, теңгенің әлсіреуі – Қазақстан экономикасының ерекшеліктеріне байланысты ұзақмерзімді үрдіс.
– Теңге ерте ме, кеш пе, тұрақты құнсыздану үрдісіне қайта оралады. Бұл үрдісті бұзатын негіз жоқ. Әлсіз ұлттық валюта, керісінше, шикізаттық экономика үшін пайдалы. Курстың әлсіреуі арқылы біз бір доллардан көбірек теңге аламыз, бұл бюджет үшін тиімді, – дейді экономист.
Ол экспортқа бағытталған экономика жағдайында әлсіз валюта өнімнің халықаралық нарықта арзандауын қамтамасыз ететінін, бұл оның бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын түсіндірді. Алайда, халық үшін бұл импорттық тауарлардың қымбаттауына байланысты бағаның өсуін білдіреді.
Экономист Айдар Әлібаев ұлттық валютаның әлсіреуі тікелей рубльдің құлдырауымен байланысты деп санайды.
– Біздің елде өз өндірісіміз жоқ, қосылған құн жоқ, сондықтан ұлттық валютаны қамтамасыз ететін ештеңе жоқ. Теңге әрдайым доллар, еуро, мұнай, Ресей рубліне тәуелді. Жыл соңында қарап отырсақ, біз Ұлттық қордан 5,6 триллион теңге алыппыз. Бұған қоса, біз зейнетақы қорынан және басқа да көздерден қарыз аламыз, – деп атап өтті Айдар Әлібаев.
ҰЛТТЫҚ БАНК АРАЛАСУЫ МҮМКІН БЕ?
Арман Бейсембаев Ұлттық банктің валюта бағамының тұрақтылығын сақтау және оның күрт құнсыздануына жол бермеудегі маңызды рөлін атап өтті.
– Әр жолы курс 496 теңге межесіне жақындағанда, Ұлттық банк әрекет еткенін көрдік. Қазан айының басында интервенциялар жүргізілді. Ұлттық банк қажет болса, нақты интервенцияға көшуге дайын екенін көрсетіп отыр. Бұл күрт құнсыздану Ұлттық банкке де, Үкіметке де тиімсіз екенін білдіреді. Егер жағдай бақылаудан шыға бастаса, Ұлттық банк араласуы мүмкін, – деді Арман Бейсембаев.
Дегенмен, ол доллардың 500 теңге межесіне жетуі Ұлттық банктің курсқа өз бетінше қалыптасуға мүмкіндік бергенін немесе уақытша араласудан бас тартқанын көрсетуі мүмкін екенін айтты.
– Егер Ұлттық банк араласуды шешсе, теңге бағамының күрт нығаюын байқауымыз мүмкін. Бірақ мұндай әрекеттің болуына 50/50 ықтималдылық бар. Олар курстың одан әрі әлсіреуіне де жол бере алады, – деп қосты ол.
Экономист Айдар Әлібаев Ұлттық банк жағдайдың бақылаудан шығып кетуіне жол бермейтініне сенім білдірді.
– Бұрын Ұлттық банк теңге еркін айналымда екенін айтқан. Бірақ шын мәнінде, банк әрдайым теңге бағамының қалыптасуына араласады, – деді ол.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР НЕ КҮТЕДІ?
Арман Бейсембаев 500 теңгеден жоғары доллар бағамы экономиканың құрылымын көрсетеді және бұл анау айтқандай «апат» емес екенін атап өтті. Бірақ бұл инфляцияны күшейтіп, импорттық тауарлардың қымбаттауына әкеледі.
– Бағаның өсуі бола ма? Иә, болады. Бұл курстың әлсіреуі импорттық тауарларды қымбаттатқандықтан болады. Бірақ бюджет бұл жағдайдан пайда көреді, себебі кірістер артады. Бұл зейнетақыларды, жәрдемақылар мен жалақыларды индексациялауға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді ол.
Экономистің пікірінше, теңгенің ұзақмерзімді нығаюы екіталай. Шикізат экспортына негізделген Қазақст ан экономикасына ха лықара лық нарықтарда бәсекеге қабілеттілік үшін әлсіз валюта қажет.
БОЛЖАМДАР ЖӘНЕ ЫҚТИМАЛ ӘРЕКЕТТЕР
Нарық қазір Ұлттық банктің әрекетіне назар аударып отыр. Экономист алдағы күндері теңге бағамын нығайту үшін интервенциялардың жүргізілу мүмкіндігін қарастырып отыр.
– Доллар 500-ден асып кетті, бірақ одан жоғары бола ма? Бұл сұрақтың жауабын ешкім білмейді. Ең бастысы – күрт құнсыздануға жол бермеу, – деді ол.
Валюта нарығындағы жағдай әлі де белгісіз күйде қалуда. Экономистер реттеушінің әрекеттерін мұқият бақылап, ағымдағы экономикалық шындыққа бейімделуді ұсынады.
АЙЫРБАСТАУ ПУНКТТЕРІНДЕГІ ЖАҒДАЙ
Қазақстанның айырбастау пункттері қауымдастығы ұлттық валюта бағамының өзгеруіне қазақстандықтардың реакциясын түсіндірді.
– Курс күрт өзгергенде бұрынғыдай дүрбелең немесе шу байқалмайды. Халық «дауылдың» басылуын күтуді жөн көреді. Төрт пайыздық өсімді «дауыл» деп атау қиын, – деді қауымдастық президенті Арчин Ғалиымбаев.
Айта кетсек, Қазақстанның кейбір қалаларында доллар бағамы 500 теңгеден асып түсті. Ұлттық банк теңге бағамының күтпеген өзгерістеріне араласу шараларын қолдануға дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов реттеушінің теңге бағамына неге араласпайтынын түсіндірген болатын. Қазақстан қаржыгерлер конгресінде ол Ұлттық банктің теңгенің нақты бір бағамын ұстап тұруға ұмтылмайтынын айтты. Алайда, валюта бағамының құбылмалылығы және оның экономикалық негіздерден ауытқу жағдайында реттеуші шетел валютасын сату арқылы интервенция жүргізуі мүмкін. Қазіргі уақытта мұндай шаралар қолданылған жоқ.
– Келесі жылға инфляция болжамы – 5,5-7,5 пайыз. Біз ақша-несие саясатын 5 пайыздық межеге орта мерзімді перспективада жету үшін жүргізіп жатырмыз. Бүкіл саясатымыз осыған бағытталған. Ұлттық банк төрағасы инфляция мақсаттарына қол жеткізуге назар аудару қажеттігін айтты. Үкіметтің де осыған назар аударып, фискалдық үстемдік пен ынталандыруды айтарлықтай қысқартуы керек. Мемлекеттік қаржыны теңдестірілген жағдайға келтіру уақыты келді. Бұл Үкіметтің инфляцияны төмендету мақсаттарына қол жеткізуге қосқан маңызды үлесі болар еді, – деді Ақылжан Баймағамбетов.
Ол инфляцияны төмендету базалық мөлшерлемені азайтуға мүмкіндік беретінін, бұл өз кезегінде бизнеске арналған несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендететінін атап өтті. Бұл мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтып, экономиканың мемлекеттік қолдауға емес, жеке инвестицияларға сүйене отырып дамуына жол ашады.
– Біздегі дедолларизация деңгейі жоғары. Депозиттердегі дедолларизация – ұсақ және орташа салымдарда толық дедолларизация орын алған деп айта аламын. Кейбір ірі салымдар әлі долларланған күйде. Халықтың кең топтары толығымен дедолларизацияланды, – деп қосты Ұлттық банк өкілі.
Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңгенің еркін айналымдағы бағамы макроэкономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін маңызды механизм екенін атап өтті. Ол 2015 жылдан бастап қаржы реттеушісі осы бағамға көшкенін және оның автоматты тұрақтандырғыш ретінде жұмыс істейтінін еске салды. Макроэкономикалық жағдай жақсарғанына байланысты теңге бағамы 4 пайызға нығайған. Алайда, Ұлттық банк басшысының айтуынша, әлемде валюталық ауытқуларға әсер ететін белгісіздік ахуалы әлі де бар.
Ал, жалпы алғанда көптеген сарапшылар жүргізген зерттеулер теңгенің соңғы уақыттағы құнсыздануын бірнеше негізгі факторларға байланысты деп санайды. Біріншіден, мұнай бағасының төмендеуі. Қазақстан экономикасы мұнай экспортына тәуелді болғандықтан, мұнай бағасының құлдырауы ұлттық валютаға тікелей әсер етеді. Мұнай бағасының төмендеуі экспорттық кірістерді азайтып, теңгенің әлсіреуіне себеп болады. Екіншіден, Ресей рублінің әлсіреуі. Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі – Ресей. Ресей рублінің құнсыздануы теңгеге де қысым жасайды, себебі екі ел арасындағы сауда қатынастары тығыз байланысты. Үшінші себеп: әлемдік экономикалық тұрақсыздық: Жаһандық нарықтардағы құбылмалылық, әсіресе дамушы нарықтардан капиталдың шығарылуы теңгенің бағамына кері әсерін тигізеді. Инвесторлар сенімді активтерге көшу арқылы дамушы елдердің валюталарының әлсіреуіне ықпал етеді. Ішкі экономиканың диверсификацияланбауы: Қазақстан экономикасының әртараптандырылмауы және мұнайға тәуелділігі теңгенің тұрақсыздығына әкеледі. Экономиканың мұнай секторының құлдырауына бейім болуы ұлттық валютаның әлсіреуіне себепші болады. Бұл факторлар теңгенің құнсыздануына әсер етіп, экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіруде.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Отандық бизнеске бәсекелестік орта қажет
- 7 қаңтар, 2025
Ақпарат
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Жазасын өтеушілер бұқаралық спорт түрлерінен сынға түсті
- 30 желтоқсан, 2024
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді