Жиында биылғы жылдың еліміз үшін сындарлы әрі елеулі оқиғаларға, тарихи шешімдерге толы болғандығын атап өткен аймақ басшысы түрлі бағытта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілгенін, әсіресе, мәдениет пен спорт, әдебиет пен өнер саласында көптеген жетістіктер болғандығына тоқталды.
– Зиялы қауым – ұлттық руханияттың темірқазығы, халық әдебиетін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші алтын көпір екені баршамызға белгілі. Мемлекет басшысы «Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына» деп айтып өткендей, қай кезеңде болмасын әдебиет ұлтты тәрбилеуші басты құрал болып қала береді. Бұл тұрғыда қазақтың жазушысы Мұхтар Әуезов «Әдебиеттің зор міндетінің бірі – елдің мінезін түзеу», деп әдебиеттің қоғамдағы маңызды рөлін айшықтап берді. Шын мәнінде, қазіргі біздің міндетіміз жастарды ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізге сай тәрбиелеу. Әсіресе, қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалудың маңызы зор деп білемін. Бұл аса жауапты мәселеде ақын-жазушыларымыздың ойлары мен олардың әрбір шығармалары өскелең ұрпаққа рухани азық, – деп қаламгерлерге мемлекет тарапынан алдағы уақытта да қолдау көрсетіле беретіндігін атап өткен облыс әкімі өңірде келер жылдан бастап қолға алынатын «Тараз – кітап оқитын қала» жобасының маңыздылығын да айтты.
– Балалардың, жалпы қоғамның кітапқа деген құштарлығын ояту мақсатында біз алдағы 2025 жылды кітап оқу жылы деп жариялап, «Тараз – кітап оқитын қала» жобасын бастағалы отырмыз. Басты мақсат – жастарға білімнің де, тәрбиенің де кілті – кітап, кітап – ең құнды қазына, адамның нағыз досы екендігін түсіндіру. Жергілікті ақын-жазушыларымыздың шығармалары осы кітап оқу жылында көп оқылатын кітаптардың қатарында болады деп сенемін. Одан бөлек, келер жылы бүкіл Жамбылдың тарихи жер-су атауларына байланысты «Әулиеата аңыздары» деген кітап шығармақ ойымыз да бар. Осылайша, әр тасы тұнған тарих киелі өңірдің руханияты мен туризмін тағы бір тың туындымен толтырмақпыз, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Өз кезегінде зиялы қауым өкілдері өңір руханиятына жаңа серпіліс алып келетін ұтымды ұсыныстарын алға тартты. Мәселен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы Пернебай Дүйсенбин өңірде зиялы қауым өкілдерін қолдауға бағытталған игі бастамаларға ризашылығын білдіріп, жазушылар мен ақындар мұрасын өскелең ұрпаққа дәріптеу бағытындағы ұсынысын жеткізді.
– Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы жергілікті 24 автордың кітабы баспадан шығарылып, облыстағы барлық кітапханаларға таратылды. Жақында ғана әдебиет пен өнерді қолдау және таланттарды анықтау мақсатында поэзия, проза, драматургия, сатира саласында «Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби конкурсы өткізілді. Онда Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Шона Смаханұлы, Несіпбек Дәутайұлы, Арғынбай Бекбосын сынды өңіріміздегі біртуар тұлғалардың атындағы жүлделер табыс етілді. Облысымыздың 85 жылдық мерейтойы да жоғары деңгейде аталып өтті. Сондай-ақ, жыл ішінде ақын-жазушыларымыз, жалпы мәдениет, өнер адамдарына арналған іс-шаралар көптеп өтуі жергілікті билік пен зиялы қауым арасындағы байланыстың айқын көрінісі, – дей келе жазушы балалар мен жасөспірімдерге аймақ тарихы мен руханиятын дәріптеу мақсатында тағылымдық бағыттағы экскурсиялар ұйымдастыру керектігін алға тартты.
Еске сала кетсек, былтыр өңірде облыс әкімінің қолдауымен Алматы қаласындағы «Абай» баспасынан жергілікті 24 автордың кітаптары басылып шыққан болатын. Нәтижесінде, Пернебай Дүйсенбин, Елен Әлімжан, Қайырбек Асанов, Күләш Ахметова, Шырын Мамасерікова, Жеткерген Әбдірейұлы, Жапар Сатылғанов, Баймаханбет Ахмет, Көсемәлі Сәттібайұлы, Қасқырбай Нарбатыр, Жанатбек Тұрғымбаев, Ғайни Әлімбекқызы, Үміт Битенова, Бақытжан Советұлы, Марат Құлибаев, Есет Досалы, Людмила Мельник, Лариса Губашева сияқты аға буынмен қатар, Нұржан Әліш, Қуаныш Ауғанбаев, Жұлдыз Бейсек, Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл, Нұржан Қадірәлі сынды жастардың да түрлі жанрдағы кіт апт ары әрқайсысы мың данамен жарық көрді. Ал, биыл мерейтой қарсаңында елімізге белгілі бірқатар қаламгерлер мен қайраткерлердің мол мұрасы насихатталып, кең көлемде дәріптелді. Атап айтқанда, биыл облыста қазақтың біртуар ұлы Балуан Шолақтың 160 жылдығы, сатирик ақын Шона Смаханұлының 100 жылдығы, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығы, мемлекет қайраткері Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығы, жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулеттің 75 жылдығы, сонымен бірге, жазушы-сықақшы Доқтырхан Тұрлыбектің 75 жас, сатирик Толымбек Әлімбекұлының, жазушы-журналист Талғат Айтбайдың 70 жас, Үміт Битенованың 60 жас мерейтойлары аталып өтілді.
Келелі ке зде суде зиялы қауым өкілдері қоғамдық-саяси мәселелерге де назар аударды. Бұл тұрғыда Жамбыл облысының Құрметті азаматы, жазушы- драматург Елен Әлімжан жуырда ғана екі әкімшілік ауданға бөлінген Тараз қаласының ескі «Әулиеата» кезеңін тарихи тұрғыда қайта қарау керектігін атап өтті.
– Өздеріңізге белгілі, жақында ғана облыс орталығы екі әкімшілік аумаққа бөлініп, зиялы қауым өкілдерінің ұсынысымен аталған аумақтар «Әулиеата» және «Жібек жолы» болып аталды. Осы тұста қаламыздың Әулие ата кезеңіне тарихи тұрғыда баса мән беру керек деп ойлаймын. Себебі күні бүгінге дейін Тараз қаласына еліміздің ең көне шаһары ретінде ғана мән беріліп, тек ортағасырлық кезеңі зерттелді. Соның салдарынан одан бергі тарих елеусіз қалып барады. Ал, бүгінге бұзылмай жеткен қаламыздағы бір ғасырлық тарихы бар ғимараттардың басым көпшілігі Асанбай Асқаров, Шерхан Мұртаза, Александр Пушкин, Хасан Бектұрғанов көшелерінде орналасқан. Сондықтан мұндағы тарихи ескерткіштерді қорғауға алып, ескі қаланың мәдениетін жаңғыртып, сол арқылы туристік кластерді қа лыпт астыруға болады, – деді Елен Әлімжан.
Расында, шаһар аумағында аталған нысандардан бөлек, Әулиеата және Алашорда дәуіріне тән Қоқан хандығынан қалған көше атаулары, Атшабар базары мен ұлт-азаттық қозғалыстың құрбандары атылған Қарасу қорымы секілді тарихи аймақтар орналасқан. Мұнымен қоса, жиында ардагер журналист, жазушы, аудармашы Бекет Момынқұл келер жылы даңқты батыр Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына орай халықаралық айтыс ұйымдастыруды ұсынып, посткеңестік елдерге кеңінен танымал жерлесімізге лайықты құрмет көрс ету қажеттіген жеткізді. Сонымен бірге кеш барысында сөз алған ақындар Үміт Битенова мен Ғайни Әлімбекқызы аймақтағы ақын- жазушылардың шығармашылық кештерін ұйымдастыру қажеттігін де атап өтті.
Жиын соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің қоғамдық- саяси өміріндегі өзгерістер тұрғысында ой-пікірлерді ортаға салып, маңызды мәселелерді талқыға салған қаламгерлерге келер жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Конституцияның 30 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы секілді республикалық маңызы бар іс-шаралармен қатар аймақта жазушы-драматург Елен Әлімжан, ақындар Қайырбек Асанов пен Шырын Мамасерікованың 80 жас мерейтойларын атап өту жоспарланып отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ, аймақ басшысы дөңгелек үстел ұйымдастырылған Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында ақын- жазушыларға арналған арнайы «Ашық кабинет» жасақталатынын айтты. Мұнда қаламгерлердің шығармашылықпен еркін түрде айналысуына жағдай жасалмақ.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді