«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әулиеатадағы әдебиет мерекесі

Әулиеатадағы әдебиет мерекесі
Ашық дереккөз
Ежелден атырапқа даңқы шығып, тарихи шаһар атанған төрт қақпалы Тараз талайғы дәуірлер аралығында шайырлар мекені де болды. Міне, осы даңқы дәуірлеп тұрған кезеңде Тараз туралы дүр дастандар мен аңызға бергісіз әңгімелер де айтылып жатты. Екі мың жылдан астам тарихы бар киелі мекен күні бүгінге дейін жауһар жырлар мен әсем әндерге, тәмсілге толы туындыларға арқау болып келеді. Оған биылдың өзінде облыс орталығында бірқатар рухани-мәдени іс- шаралардың жалғасын табуы дәлел бола алады. Соның бірі – «Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби байқауы күні кеше өз мәресіне жетті.

«Баласағұн» орталық концерт залының фойесінде Қазақстан Жазушылар Одағының облыстағы өкілі, ақын Хамит Есаман жүргізуімен өткен салтанатты жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен өңіріміздің белгілі зиялы қауым өкілдері – қаламгерлер мен ақындар, жазушылар мен театр саласының өкілдері, әдебиетсүйер қауым мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Мерекелік кештің шымылдығы А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры актерлерінің орындауындағы Шығыс шайырлары шығармаларынан әдеби композициядан бастау алды. Композицияда шаһардың ерте ке зеңнен-ақ, орт аазиялық өркениет моделін қалыптастырушы аймақтардың бірі болғандығы, соның арқасында саудасы мен қолөнері, сәулеті дамыған қалаға айналғандығы көрсетіліп, шырағдандар мен теңге орталығы болғандығы да сипатталды. Сонымен бірге, шығыс шайырларының шығармаларынан үзінділер оқылып, Тараздың сұлулары мен батырлары, шеберханалары мен арғымақтары, адырнасы мен жебесі жырға қосылды. Көне шаһар Тұран-Иран қатынасы қанат жайып тұрған осы кезеңде Рудаки мен Фирдоусидің, Систани мен Шерванидің бәйіттеріне арқау болды. Мәселен, парсының жаңа поэзиясының негізін қалаушысы саналатын Рудакидің «Кәлилә мен Димна» еңбегінде ақын көне шаһар сұлуларын ерекше бағалап:

«Қандай бақыт табасың жүзіңді бұрып михрабқа,

Бар көңілің бөлінсе Бұқар мен Тараз аруларына», – дейді.

Ал, әйгілі «Шахнаманың» авторы Фирдоусидің: «Тараздың садағындай қиылған қас» сынды теңеулері мен күні бүгінге дейін ел ауызында сақталған «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» тіркесі сонау орта ғасырларда тарихи мекенге берілген шынайы баға еді. Бұдан бөлек, кейінгі дәуірлерде Тараз Сағди мен Идрисидің, Хафиздің мәснәуилерінде мәңгіліктің қаласы ретінде өз биігінде шырқалды. Әдеби кеште осынау ұлылық сарыны қайта жаңғырды.

Жиында елге белгілі ақындар – Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай мен жақында ғана поэзия аталымы бойынша «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының иегері атанған жерлесіміз Маралтай Райымбекұлы, «Тарлан-Үміт» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек сөз алып, жыр шумақтарынан шашу шашты.

Таразда соңғы жылдары рухани бастамалардың көптеп қолға алынып жатқанына қуанышын білдірген Ғалым Жайлыбай:

«Арналарын ақ толқындар кергенде

Жыр іздеген шаттықтан да, шерден де.

Күн астының Күнікейін іздеген,

Ақын деген ел боламыз біз деген», – десе, Жүсіпбек Қорғасбек:

«Тараз десе, тәж түседі есіме,

Шаһзадалар және қанша қастандық.

Болсам егер сонда тәждің иесі мен,

Берер едім барлығына бостандық», – деп Таразға жыр арнады.

Ал, Маралтай Райымбекұлы ақындарға мәңгі астана болған ауыл жайында:

«Ару сүйдім ерінімді күйдіріп,

Шарап іштім шараяққа құйдырып.

Соның бәрін жүрегіме сыйдырып,

Мен өзіңнен алып кеткем, Игілік», – деп туған жерін өлеңге арқау етті.

Сондай-ақ, поэзия кешінде жамбылдық шығармашыл жастар Мұхтар Шаханов шығармаларынан өлеңдер оқыса, Мәдениет саласының үздігі Мадина Сағынбекова ақынның сөзіне жазылған әндерден попурри орындап, жыр мен әннің үйлесімі арқылы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ал, Алматыдан арнайы келген әнші Аққу Байжігіт әсем әнімен көптің ықыласына бөленді. Бұдан бөлек, ашық микрофон айдарында белгілі айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков пен жергілікті жас ақындар – Нұржан Әліш, Арайлы Жақсылық, Назерке Оңғар, Асылхан Бүрлібай, Марал Хантөре секілді бір топ жырсүйер қауым белгілі ақындардың шығармалары мен өз туындыларын оқып, Әулиеатадағы әдебиеттің әлеуетін танытты.

Мерекелік жиында әдебиет пен руханиятқа қолдау көрсету мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі екендігін атап өткен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев алдағы уақытта да бұл бағытта кешенді жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді.

– Поэзия – жүректің жыры. Расында да, әдеби шығармалардың кез келген саналы адамға рухани демалыс, серпіліс сыйлайтыны анық. Өткеннің өнегесі, бүгінгі күннің сырлы бояулары да сол әдеби шығармаларда жатқаны сөзсіз. Осы тұрғыда әдебиет пен мәдениетті қолдау – мемлекетіміздің негізгі бағыттарының бірі саналады. Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың есімі берілген біздің облысымызда да бұл бағытта ауқымды жобалар, маңызды іс-шаралар қолға алынып отыр. Бүгінгі «Асқақ рухты Әулиеата» атты поэзия кеші де соның бір ғана көрінісі десек қателеспейміз. Облыста ақын-жазушыларды, шығармашыл интеллигенцияны қолдау, олардың шығармашылығын насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бірқатар жергілікті тұлғалардың мерейтойлары өтіп, шығармашылық кештер ұйымдастырылып, жан-жақты қолдау көрсетілуде. Біз алдымыздағы 2025 жылды Жамбыл облысында «Кітап оқу» жылы деп белгіледік, – деп жағымды жаңалықпен бөліскен аймақ басшысы республикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттады.

Байқау қорытындысына сәйкес, «Поэзия» номинациясы бойынша К.Әзірбаев пен Ж.Жабаев атындағы жүлде қос ақын Нұржан Қуантай мен Ерлан Жүніске берілді. Сонымен қатар, жазушы Болатбек Төлепберген «Проза» номинациясы бойынша Б.Момышұлы атындағы, жазушы, драматург Нұрғали Ораз «Проза» және көркем аударма» номинациясы бойынша Ш.Мұртаза атындағы жүлдені иеленді. Ал, журналист-сатирик Бақытжан Әлімқұлов «Сатира» жанры номинациясы бойынша Ш.Смаханұлы атындағы, жазушы Ырысбек Дәбей «Проза» номинациясы бойынша Н.Дәутайұлы атындағы жүлдені алса, ақын-драматург Иранбек Оразбаев «Драматургия» номинациясы бойынша А.Бекбосын атындағы жүлдеге ие болды. Сонымен бірге, «Жыр-терме» номинациясы бойынша Ә.Желдібаев пен А.Бетбаев атындағы жүлдені ақын, сазгер Жанатбек Тұрғымбай мен ақын Бауыржан Жақып еншіледі. Кеш соңында жүлдегерлерге арнайы естелік сыйлықтар мен әр номинацияға 1 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді.

Еске сала кетейік, биыл өңірімізде қаламгерлерді қолдауға арналған рухани іс-шаралар легі кешенді түрде жалғасын тауып келеді. Бұған дейін К.Әзірбаевтің 140, Ш.Смаханұлының 100 жылдығы мен облыстың 85 жылдық мерейтойы аясында өңірде бірқатар іс-шаралар өткізілген болатын.

 

 Нұрболат АМАНБЕК

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Таразда «Асқақ рухты Әулиеата» атты әдеби байқаудың қорытынды жиыны өтіп жатыр. Әдеби бәйге осыдан біраз уақыт бұрын жарияланған болатын. Онда осы өңірден шыққан Шерхан Мұртаза бастаған үлкен тұлғалардың атында әр жанр бойынша үміткерлер қатысты. Бұл қазақ руханиятындағы үлкен жаңалық деп ойлаймын. Тағы бір айтулы жаңалық, алдағы жылы «Тараз – кітап оқитын қала» атты үлкен жоба басталғалы жатыр екен. Жалпы, Жамбыл облысы соңғы кезде руханияттың шырақшысы іспетті әртүрлі бағыттағы әдеби шаралармен көзге түсіп, ерекше күйге бөлеп жүр. Біз әрдайым тілекшіміз және осындай дүниелер жалғасын таба берсе дейміз.

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

Келер жыл Жамбыл облысында «Кітап оқу жылы» болып жарияланған екен. Біз бұған жүрегіміз алып-ұшып қуандық. Өйткені, кітапсыз өмірдің мәні жоқ. Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат» десе, қазақтың классик жазушысы Әбіш Кекілбаевтің: «Адамды адам еткен кітап, адамзат еткен кітапхана» деген сөзі бар. Менің ойымша, кез келген елді мекен әкімшіліктің ғимаратынан емес, кітапхана тұрған орыннан басталуы тиіс. Кітап оқу – трендке айналуы тиіс. Себебі, заман өз ағымымен жұмыр жердің бетінде зымырап барады. Ал, оның бағыт- бағдарын айқындайтын жалғыз нәрсе – кітап.

«Күн де кітап, нұр да кітап білгенге,

Кемеңгерге айналдырар бір демде.

Адамзаттың өз кітап емес пе?

Екі дүние арасында жүргенде.

Мен кітапты ана десем нанасың,

От пен судан қорғаштаған баласын.

Заман қанша жатсынғанмен анасын,

Бұзылмауға тиіс ұлы жарасым.

Азғындаудың шегіне жұрт жеткесін,

Ақын жүрек кімге айтады өкпесін?

Табан асты құсқа айналған анадай,

Кітап қайта құсқа айналып кетпесін!», дегім келеді. Қорыта айтқанда, кітапқа еге болайық. Ұрпақты ғажайып кітаптармен тәрбиелейік, сусындатайық!

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері:

Әлем бойынша кітапты қолдау шаралары шексіз жүріп жатыр. Біз нарыққа бейімделген сияқтымыз, ал шын мәнінде нарыққа енді келіп жатырмыз. Бұл тұрғыдан алған кезде кітап нарығын қолға алғанымызға небәрі екі-үш жыл болды. Кейбір өңірлер, оның ішінде осы Жамбыл облысы кітап насихатына ерекше көңіл бөліп жатыр. Көктемде ғана үлкен кітап көрмесіне келіп кеткенбіз. Әрине, мұндай шаралар жергілікті қаламгерлердің сырттан келген мамандармен тәжірибе алмасуына өз ықпалын тигізеді. Қазір әдеби орта тек Алматы мен Астанада ғана емес. Барлық өңірде әдеби орталар баршылық. Бұл біздің әдебиетімізге қан жүгіртеді. Біз осы орталармен тығыз жұмыс істеуіміз керек. Бұл үрдіс Жамбыл облысында жалғасын тауып отыр. Облыс әкімшілігінің өз ресурстарын пайдалана отырып осындай шаралар өткізіп жатқанын ерекше қолдаймыз. Жамбыл облысы осы тұрғыда ерекше көзге түсіп жатыр. Мен 12 жылдан бері түрлі арналарда кітап туралы хабарлар жүргізіп келе жатырмын. Соңғы тұрақтағаным «Абай» телеарнасы. Сонда байқағаным, барған жерімізде, ол мейлі қала, ауыл, шалғай елді мекен болсын, кітапқа құштар, біздің хабарды тамашалайтын көрермендер өте көп. Кітапқа деген құштарлық, құмарлық, ынтызарлық бар. Ол басылған жоқ. Тек адамдар өз уақытын дұрыс басқара алмайды. Қазір технологиясы дамып кеткен елдердің өзінде кітап қолдан түспейді. Біз сондай деңгейге жетуіміз керек. Президенттің өзі де жастарды кітап оқуға баулу арқылы кітап оқитын ұлтқа айналатынымызды айтқан болатын. Бұл ретте Жамбыл облысының бастамасын қолдаймыз.

Ырысбек ДӘБЕЙ, жазушы, «Steppe & world» баспасының бас редакторы:

Жамбыл облысында алдағы жыл кітап оқу жылы деп жарияланып жатыр екен. Бұл өте құптарлық, керемет бастама. Өйткені, қазір қоғам басынан үлкен дағдарысты өткеріп жатыр. Бұл кітап оқылмаудың салдарынан болып жатқан жағдай. Мен күзде Германияның Франкфурт қаласында өткен кітап жәрмеңкесінде болдым. Сол шарада да бүкіл әлем, адамзаттың кітап оқудан қол үзіп бара жатқаны үлкен мәселе ретінде көтерілді. Әлемде орын алып жатқан қырғи қабақ соғыс, түрлі күрделі жағдайлар соның салдарынан, руханияттан алыстап кету себебінен деген пікірлер айтылды. Бұл мәселені сол жәрмеңкеде әлемнің мықты баспагерлері мен қаламгерлері бірлесе отыра көтерді. Бұл мәселе біз үшін де өте өзекті. Қазір цифрлық заман екені жасырын емес. Бұл тұрғыда Жамбыл облысының көтеріп жатқан бастамасы дер кезінде қолға алынып жатқан жоба деп есептеймін. Бізді адам еткен, адамзат еткен кітаптан қол үзіп қалатын болсақ, ешқашан алға баспаймыз. Әрине, қосымша салалардың да алға басқаны жөн. Дегенмен, бізді рухани толықтыратын, жетілдіретін нәрсе – кітап. Сондықтан, бұл бастамаға қолдау көрсетуге дайынбыз.

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар