«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Атқарылған жұмыс аз емес, алдағы жоспар ауқымды

Атқарылған жұмыс аз емес, алдағы жоспар ауқымды
Ағаділ Рысмахан
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасынан кейін еліміздің БАҚ өкілдерінің тарапынан қойылған сан саланы қамтыған сұрақтардың да нақты жауабын берді.

Мерей ҚАНАПИЯ, «24 KZ» телеарнасы:

– Өңірде білім беру жүйесін дамытудың көрсеткіштері қандай? Үш ауысымды мектептердің жайы қалай реттеліп жатыр?

– Облыста 400 мыңға жуық баланы қамтитын 1243 білім беру нысаны жұмыс істейді. Соның ішінде 4 үш ауысымды мектеп бар. Жалпы, биыл 36 білім нысанының құрылысы жүргізілуде, 13 білім нысанын пайдалануға бердік. Оның 7-і мектеп, 3-і мектепке қосымша ғимарат. Бұдан бөлек, «Жайлы мектептер» ашылып жатыр. Сол себепті жыл соңына дейін үш ауысымды мектептер саны 2-ге дейін қысқарады. Келесі жылы да білім беру нысандарының құрылысын жүргізу жоспарымызда бар. Сондықтан бұл мәселе алдағы бірер жылда шешімін табады.

Дәулет ІЗТІЛЕУОВ, «Kazinform» ақпараттық агенттігі:

– Соңғы уақытта Меркі қант зауытына фермерлер қызылша өткізе алмай кезекте тұр деген ақпарат тарады. Қазір аталған мәселе шешімін тапты ма?

– Расында биыл 11,2 мың гектар алқапқа қант қызылшасы орналастырылып, орташа өнімділік гектарына 650 центнерды құрады. Соңғы бесжылдықта бұл көрсеткіш гектарына 350 центнерден аспады. Биыл ауа-райының қолайлылығы мен су тапшылығының болмауына байланысты өнімділік те артып отыр. Қазіргі таңда қант қызылшасы бойынша балтамыр алқабының 84 пайызы жиналды. Жиналған өнім Меркі және Ақсу зауыттарына өткізілуде. Оның ішінде 450 мың тонна Меркідегі қант зауытына өткіземіз деп жоспарланған болса, оның 340 мың тоннасы жеткізіліп, 160 мың тоннасынан өнім өндіріліп үлгерді. Ал, Ақсу қант зауытына 100 мың тоннаға жуық өнім өткізу жоспарланған болса, бүгінде соның 30 мың тоннасы жеткізілді. Қант зауыттарында үлкен кезектің болуы отыз жылда қайталанатын мәселе. Сондықтан, бұл мәселенің алдын алу мақсатында Меркі зауытының жанынан шикізат қабылдайтын қосымша кагаттық алаңдар құрылды. Қазір мұнда 30 мың тонна шамасында қант қызылшасы жиналды. Қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру күтілуде. Әрине, мәселені жүйелі шешу үшін екінші қант зауытымыз – Тараз қант зауытын жаңғырту жұмысын қолға алып, өндіріс басшылығымен келісім жүргізілуде.

Әділжан БЕРДІБЕКОВ, «Atameken Business» телеарнасы:

– Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына дейін қала және ауылдық елді мекен тұрғындарын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасы бар. Облыста бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі. Биылғы жылы бұл бағытта 21,5 миллиард теңгені құрайтын 68 жоба іске асырылуда. Бүгінгі күні ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші қалаларда 97,5 пайызға, ауылдық елді мекендерде 96,7 пайызға жетіп отыр. Жыл соңына дейін 37 ауылдық елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп, оның деңгейін 98,1 пайызға дейін жеткізу көзделуде. Жалпы, 2025 жылдың соңына дейін көрсеткішті 100 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда.

– Сонымен бірге Тараз қаласында қоқыс өңдейтін зауыт салынады дегелі бірнеше жылдың жүзі болды. Былтыр салынуы тиіс зауыт жобасы әлі күнге дейін қолға алынбапты. Есесіне, залал келген аумақ көлемі ұлғайып, мал өрісін де ластауда.

– Тараз қаласында қоқыс өңдейтін зауыт салу – өзекті меселенің бірі. Қазір бұл бағыттағы жұмысымызда нәтиже бар деп сеніммен айтуға болады. Жақын арада Энергетика министрлігі тарифімізді бекітіп, ірі жобаны іске қосайын деп жатырмыз. «Eco Energy Plant» деген алып кәсіпорын Тараз қаласындағы индустриалды аймақтың орнына заманауи, экологиялық жағынан тиімді үлкен зауыт салады. Осы мақсатта 10 гектар жер бөлінді. Жаңа өндіріс ошағы қоқысты қайта өңдейтін жаңа технологиялы кәсіпорын болмақ. Атап айтсақ, зауытта көміртегі, сонымен бірге 5 мегаваттай электр қуаты өндіріледі. Қоқысты өңдеген сәтте пайда болатын электр қуатын мемлекет сатып алады. Тариф бекіту осы үшін қажет. Алдағы жылы ақпан айында құны 47 миллион АҚШ долларын құрайтын зауыттың құрылысы басталады.

Диана ОРЫНБАСАР, «Еl.kz» ақпараттық-танымдық порталы:

– Әлеуметтік желіден сіздің қала тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық көліктердің жай-күйін тексеріп жүрген сәттеріңізді жиі аңғарамыз. Жалпы, өзіңіз облыс әкімі болып тағайындалғалы бері өңірде қоғамдық көлікпен қамту мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Тараз қаласында қоғамдық көліктерді дамыту мәселесі былтырдан бастап қолға алынды. Ол үшін арнайы үш жылдық жоспар бекітілген. Жоспарға сәйкес, үш жылдың ішінде 200 қоғамдық көлік сатып алу көзделген. Биылдың өзінде 133 автобус сатып алынды. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 42 жаңа автобус алынады. Былтырғы жылы жұмыс басталған уақытта 30-дан астам автобус сатып алынды. Яғни, бір жарым жылдың ішінде үш жылдық жоспарды іске асырды. Соның нәтижесінде жаңа автобустар үлесі 68 пайызға жетті. Мұндай көрсеткіш Таразда болмаған. Әрине, мұның ар жағында қаржы мәселесі, субсидиялау бар. Бізде жол ақысы төмен. Сол себептен, жаңа қоғамдық көліктер алу мүмкіншілігі туындамай отыр. Сондықтан субсидия көлемін айтарлықтай арттырдық. Қазір, өздеріңізге белгілі, облыс орталығын екі әкімшілік ауданға бөлу жұмысы қолға алынып жатыр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Темірлан ТІЛЕУБАЕВ, «Jibek joly» телеарнасы:

– Қаншама жылдан бері Тараз қаласының іргесіндегі фосфогипс үйіндісінің мәселесі өз шешімін таппай келеді. Фосфогипс қалдығы жел тұрса жақын маңдағы елді мекендерге ұшып, тұрғындарды мезі етеді. Үйіндіні жою амалдары қалай жүруде?

– Облыстағы ірі өндіріс ошағы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар зауытына» тиесілі аймақта 17 миллион тоннадан аса фосфогипс үйіндісі жиналған. Бұл бір жыл төңірегінде пайда болған мәселе емес, он жылдан бері жалғасып келеді. Биыл кәсіпорын басшылығымен қалдықты одан әрі биіктетпеу керектігі жөнінде келісімге келгенбіз. Сондай-ақ, Жамбыл ауданынан 51 гектар қосымша жер бөлу, қалдықтарды сол жаққа тасымалдау бойынша тапсырма берілген болатын. Қазірге дейін кәсіпорын жаңа аймаққа 500 мың тонна фосфогипс үйіндісін төкті. Енді «Тау-тау болып үйілген 17 миллион тонна қоқысты қайда жаратамыз?» деген орынды сұрақ туындайды. Мұның нақты екі жолы бар. Біріншісі – фосфогипс үйіндісін қоршау. Алайда, төбесін жабу, айналасын қоршауға көп қаржы керек, былайша айтсақ, қаржылық тұрғыдан тиімсіз. Екінші шешімі – қалдықтарды кәдеге жарата алатын заманауи технология әкелу. Қалдықтарды егін шаруашылығына қолдануға болады. Сондықтан, фосфогипс қалдықтарын әзірге тыңайтқыш ретінде пайдалана тұрудан басқа шара жоқ.

Әсел КЕНЖАЛИНА, «NUR KZ» ақпараттық агенттігі:

– Әкімдер тағайындалған соң облыстарда ірі жобаларды іске асырып, өз қолтаңбасын қалдырғысы келеді. Аймақ басшысы ретінде қандай бағытқа басымдық бересіз?

– Әрине, аймақ тұрғындарының игілігі үшін сәулетті ғимараттар мен әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізу әрбір басшының алдыңғы қатарлы міндеттерінің бірі. Алайда, былтырдан бастап біз тұрғындарды алаңдатқан маңызды әлеуметтік мәселелерге баса мән беріп келеміз. Бұған дейін атап өткеніміздей, облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 мың шақырымды құрайды. Биыл автожол саласын дамытуға 25,5 миллиард теңге бөлініп, құрылыс, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстарымен 710 шақырым жол қамтылды. Сондай-ақ, Тараз қаласындағы 15 шағынауданның 10 шағынауданында көпқабатты үйлер аулалары жарықтандырылды. Бұдан бөлек, қоғамдық көлік мәселесі де жүйелі шешімдерді қажет етеді. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта облыс орталығы мен өзге қалаларда, елді мекендерде бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таба береді.

Мария ДЕМЧЕНКО, «Казахстанская правда» республикалық газеті:

– Жамбыл облысы баламалы энергия көздерін өндіру бойынша көшбасшылардың бірі. Осы бағыттағы жоспарларыңызды айтып өтсеңіз.

– Расында, алдағы үш жылда облыс баламалы энергия көздерін өндіру көлемі бойынша республикада толыққанды көшбасшыға айналмақ. Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 жаңартылатын энергия көздері бар. Оның ішінде 6-ы су электр станциясы, 10-ы жел электр станциясы және 6-ы күн электр станциясы. Мұның өзі республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш. Алдағы уақытта облыста 3 ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Олар: Мойынқұм ауданында салынатын француздық «Total Eren» компаниясымен қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр станциясы, Сарысу және Талас аудандарында Біріккен Араб Әмірлігінің Masdar компаниясымен іске асатын қуаты 500 мегаватт болатын жел электр станциясы мен қытайлық China Power компаниясы тарапынан қуаты 500 мегаватт жел электр станциясы жобалары. Жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері 25 нысанға артып, қуаты 2,5 гигаватты құрайтын болады. Бұдан бөлек, оңтүстік өңірдегі электр қуатының өткізу қабілетін арттыру үшін «KEGOC» компаниясы тарапынан 154 миллиард теңгеге «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шу-Жамбыл-Шымкент» жоғарғы кернеулі әуе желілерінің екінші желісін салуды жобалау жұмыстары басталған болатын. Аталған желілердің өткізу қабілеті жылына 18,1 миллиард кВт/сағ-ты құрайды. Оның 4,2 миллиард кВт/сағ электр энергиясы облыстың тұтыну көлемі саналады.

Айгерим БАҚПАЕВА, «BaigeNews» ақпараттық агенттігі:

– Күні кеше ғана жамбылдық асабалар мен ардагерлер той мәдениетін қалыптастыру бойынша үндеу жариялады. Жергілікті билік той мәдениетін реттеуге қаншалықты атсалыса алады? Бұл тойдағы дарақылық пен ысырапшылдықты реттеуге көмектесе ме?

– Рас, қазір той тойлайтын кез емес, ойлайтын кезең! Жақында менің орынбасарымның қатысуымен Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі және облыстағы танымал асабалардың қатысуымен келелі жиын өтті. Ондағы мақсатымыз – тойларды жүргізу барысында ұлттық құндылықтарымызды, әдептілікті сақтау, ерсі қылықтардан аулақ болып, қымбат қазынамызды жоғалтпау. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Қазіргі таңда Жамбыл облысында 90-ға жуық тойхана бар екен. Ал енді оңтүстікте бір тойға орта есеппен 300 адам қатысады десек, бір күнде 22 500 адам той төрінен табылады. Ал тойханадағы мәзір құнын адам басына 15 мың теңгеден есептегенде бір күнде 337 миллион теңге шығын. Бұл дегеніміз үлкен аудитория, үлкен қаржы. Яғни, біз ретті-ретсіз тойларды тізгіндеу арқылы әдет-ғұрып, салт-санамызды және әлеуметтік-экономикалық ахуалымызды да бір арнаға түсірер едік.

Сондай-ақ, облысымызда 300-ге жуық асаба тойшыл қауымға қызмет көрсетеді екен. Асабалардың ақысы да халықтың қалтасына оңай соғып тұрған жоқ. Осы мәселелерді саралай келе облысымызда асабалардың одағын құрып, ережесін бекіттік. Қазақтың тойы ұлттық мәдениетімізді, ана тілін, салт-дәстүрлерді және адами құндылықтарды сақтауға, оны жаңғыртуға, ұлттық және мәдени бірегейлікті дамытуға үлес қосуы тиіс. Осыған орай, тойдың тақырыбына сай ұлттық дәстүрді насихаттау, той үстінде діни уағыздардың айтылуын шектеу, руларды ұрандату, руға бөлініп, басқа атаның ұрпақтарына деген әзілдерді айтпау, жұртшылықты ысырапшылдыққа жол бермей, үнемшілдікке шақыру сияқты өзекті, ұлтымыз үшін өте маңызды мәселелерді қамтыған үндеу жарияланды.

Сонымен қатар, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының ішінен әдет-ғұрып және салт-дәстүр бөлімін ашуды жоспарлап отырмыз. Онда өңіріміздегі той тізгінін ұстап жүрген азаматтарға арналған түрлі танымдық семинарлар өтіп, лекциялар оқылатын болады. Бұл бағытта алдағы уақытта да кең көлемді жұмыстар жүргізетін боламыз.

Олжас АДАЙ, BAQ.KZ ақпараттық порталы:

– Биыл қазан айында Үкімет басшысы ауыл шаруашылығындағы статистикалық деректерді өзектендіруді тапсырған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай атқарылып жатыр?

– Биыл бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, Үкіметтің статистикалық деректерді нөлге келтіру туралы тапсырмасына сәйкес аудандармен егістік алқаптарға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Соған сәйкес өткен жылдары игеріліп жатқан жалпы егістік көлемін және су үнемдеу технологияларын пайдалану алаңдары бойынша есептер ұсынуда сәйкессіздіктер анықталды. Яғни, облыс аумағында 2023 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 762,5 мың гектардың орнына 626,7 мың гектар шамасындағы алаңға орналастырылғаны белгілі болып, егіс алқабы 136 мың гектарға кеміді. Сол сияқты, су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 57 мың гектардан 40 мың гектарға қысқарды. Бұдан бөлек, 700 мыңға жуық мал басы жайында ақпараттың жалған екендігі анықталды. Мұның бәрі әрине, бір жылда ғана емес, бірнеше жыл аралығында қалыптасқан мәселе. Сондықтан, статистикамызды нөлге теңестірудің маңыздылығы зор. Өйткені, бұл біріншіден, субсидия бөлу ісіне кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта мал басына санақ жүргізу жоспарланып отырғандықтан, жалған статистикаға жол бермеу басты міндеттеріміздің біріне айналып отыр.

Жасұлан СЕЙІЛХАН, республикалық «Egemen Qazaqstan» газеті:

– Алғашқы жұмыс күніңізді Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағынауданынан бастағаныңыз есімізде. Ол жерде өзекті мәселелер өте көп. Әсіресе, жол мәселесі алаңдатарлықтай жағдайда. Жалпы, осы шағынаудандағы жол, жылу мәселесі қалай шешілуде? Алдағы жоспарларыңызды айтып өтсеңіз?

– Облыс әкімі болып тағайындалған алғашқы күні-ақ аталған шағынауданның бір топ тұрғыны әкімдікке келіп, өздерінің арыз-шағымын айтқан. Сол күннен бастап ондағы мәселелер жіті бақылауда. «Ұлы дала» шағынауданы проблемаларын жүйелі түрде түсіндіре кетсем, негізі 2015 жылы алғашқы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын жасаған кезде шағынауданда 60 көппәтерлі үй болу керек еді. Ал, қазір 144 үйге жеткен. 53 мың халық тұрады. Жоба бойынша жол, жылу және басқа да инфрақұрылым нысандары сол 60 көпқабатты үйге ғана лайықталған болса, әрине, проблема туындайды. Сол себепті өткен жылдан бері біз қала басшылығымен бірге инфрақұрылымдық проблемаларды шешу жолдарын қарастырдық. Себебі, онда 30-ға жуық көше бар. Бүгінгі таңда 30 көшенің 15-ін асфальттадық. Қалған көшелерді де асфальттау жоспарда тұр. Бірақ әлі де тұрғын үй құрылысы жүріп, инфрақұрылым жүйесі тартылып жатқандықтан жол салуға бөлінетін қаржы тиімсіз жұмсалғалы тұр. Мұны біз тұрғындарға түсіндіріп айттық. Ал, жылу мәселесіне келсек, үйлердің саны көп болғандықтан жылу жүйесіндегі қысым жетпей жатыр. Сол себепті былтыр арнайы су сорғыш станциясын соғып, мәселенің оңтайлы шешімін қарастырдық. Расында да проблема бар, көзімізбен көрдік. Оның үстіне жылу мәселесі қаланың өзге шағынаудандарында, тұрғын алқаптарында да өзекті. Инфрақұрылым түйткілдерін шешуге қажетті қаражат көлемін жылдан-жылға көбейтіп келе жатырмыз.

Айя МҮТӘЛІ, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы:

– Тараз қаласы еліміздегі кәріз суын тазарту кешені жоқ жалғыз қала. Осыдан 60 жыл бұрын пайдалануға берілген нысандар қазір апатты жағдайда тұр. Қалада жаңа кешен салу туралы жоспар болғанымен, құрылысы басталмаған. Жоба қашан қолға алынады және оған қанша қаражат жұмсалады? Осы мәселе туралы не айтар едіңіз?

– Тараз қаласында бұрын кәріз суын тазартудың бірыңғай жүйесі болмаған. Былтырдан бастап ауқымды жұмыс қолға алынды. «Еуропалық кайта құру және даму» банкінің қаражаты есебінен техникалық, экономикалық негіздеме дайындалды. Сол негіздеме бойынша министрліктерден сараптама қорытындысын алып жатырмыз. Жоба құнының көлемі 45-47 миллиард теңге аралығында. Оның ішінде 37 миллиард теңгесі аталған қаржы ұйымы есебінен алынады. 9 миллиард теңгесі республикалық және жергілікті бюджеттен қаралады. Келесі жылы суды тазарту, кәріз жүйесін салу процесі басталады. 2026 жылы оны бітіріп, 2027 жылы толықтай іске қосамыз. Жаңа кәріз жүйесі бізге 100 мың текше метр кәріз суын тазартуға мүмкіндік береді. Бұл жүйені іске қоссақ, қаладағы 50 пайыз тұрғын үй қамтылады.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар