Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте бұл мәселе жан-жақты қаралып, талқыланды. Жалпы, облысымызда халық санына шаққанда тұрғындарды таза ауыз сумен қамту көрсеткіші қалалық жерде 97,5 пайызға жетсе, ауылдық жерде 94,9 пайызды құраған. Аймақта бүгінгі күні таза ауыз сумен қамтамасыз етілмеген Тараз, Шу қалалары бойынша 9 тұрғын алап және 54 ауылдық елді мекен қалып отыр, оның ішінде 34 елді мекенге құрылыс жұмыстары және 20 елді мекенге кешенді блок-модульді орнату жұмыстары жоспарланған.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, қала және ауылдық елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында кейбір құрылысы жүріп жатқан нысандарда мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қорытындысына байланысты сот процестерінің жүруі, құрылыс нормаларының бұзылуы, жұмыстардың өндірістік кестеден кешігуі орын алған. Бұл олқылық өз кезегінде нысандардың жоспарланған мерзімде тапсырылмауы мен құрылыс нысанының сапасына кері есерін тигізген.
– Президентіміз Жолдауында 2025 жылы елді мекендерді таза ауыз сумен қамту жұмыстарын аяқтауды тапсырған. Бүгінгі күні бұл бағытта ауданда атқарылған жұмыс көп. Биыл біршама жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі болжам бойынша, жоспарланған ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіштері жыл соңында қалаларда 97,9 пайызды, ауылдық елді мекендерде 97,1 пайызды құрап, меженің жоспардан 1 пайызға дейін кем орындалуы күтілуде. Осы жылы 9 елді мекенде құрылыс жұмыстарын аяқтау қажет болса, 20 елді мекен бойынша жобалар 2025 жылға өтпелі. Ал, 5 елді мекен бойынша 3 жобаға 2025 жылға бюджеттік өтінім ұсынылды. 1 жобаның сараптама қорытындысы алынса, тағы 1 жоба сараптамадан өтуде. Сондай-ақ, 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету үшін жалғыз Қордай ауданындағы Алға елді мекені бойынша жоба әзірленіп, сараптама қорытындысын желтоқсан айының соңына дейін алу жоспарлануда. Сондықтан да аудан әкімдігі бұл жұмысқа тездетіп кіріспесе болмайды. Ары қарай сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін салалық министрлікке бюджеттік өтінім ұсынылады. Биыл жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға тапсырылуы тиіс жаңа нысандар ішінде 13 құрылыс, қалаларда 6 тұрғын алқап және 6 реконструкция жұмыстары 2025 жылға өтпелі болып отыр. 13 жаңа құрылыс Байзақ ауданындағы Аққия, Қосақ, Жамбыл ауданындағы Қызылшарық, Жаңаөткел, Т.Рысқұлов ауданындағы Шөңгер, Мамай, Сөгеті, Мойынқұм ауданындағы Ақсүйек, Талас ауданындағы Қараой, Қожағаппар, Сейілбек, Шу ауданындағы Еңбек, Жиенбет ауылдарында жүріп жатыр. Көрсеткішке әсер ететін 11 елді мекендегі құрылыс жұмыстарының өндірістік кестеден кешігуіне байланысты жыл соңына дейін аяқталмайтын түрі бар. Өйткені, 2 нысан құрылысы сот процестерінің ұзаққа созылуына байланысты әлі күнге басталмаған. Қалалардағы 6 тұрғын алқапқа, яғни Тараз қаласындағы «Қайнар», «Родничок», «Мичуринец», «Ақжол», «Шалғай Қарасу – 1-7», Қаратау қаласындағы «Флора» тұрғын алабына келсек, 2 тұрғын алқаптың құрылыс жұмыстары да кестеден кешігуіне байланысты биыл бітпейді. 4 тұрғын алаптың құрылысы сот процестерінің ұзаққа созылуына байланысты әлі басталған жоқ. 6 жаңғыртудан өтетін Қордай ауданындағы Күнбатыс, Меркі ауданындағы Сыпатай, Гранитогорск, Т.Рысқұлов ауданындағы Арай. Мойынқұм ауданындағы Хантау. Шудағы Сауытбек елді мекені болса, 3 елді мекеннің жобаларына қайта түзету енгізілгендіктен, жыл соңына дейін олар да аяқталмайды. 2 нысанның құрылыс жұмыстары өндірістік кестеден кешіккен, 1 нысан құрылысы сот процестерінің ұзаққа созылуына байланысты әлі күнге басталмаған, – деді Ғалым Исабайұлы.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бұл жиынға онлайн байланыс арқылы қатысып отырған Қордай ауданы әкімінің бірінші орынбасары Бақыт Сахатовқа күн тәртібіндегі мәселе бойынша сұрақ қойды.
– Қордай ауданы, Сарыбұлақ ауылының тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі қашан шешіледі? Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылдың соңына дейін қала және ауылдық елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауға бір жыл ғана уақыт қалды. Облыс бойынша тек ғана Қордай ауданындағы Алға ауылына ауызсу тарту мәселесі пысықталмай отыр. Аталған жобаға сараптама қорытындысын қай уақытта аласыздар? Сонымен қатар, Қордай ауылындағы Жібек жолы көшесінің 200 тұрғынының атынан зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтардың құдықтан су әкелуде қашықтықты еңсере алмай отырғаны, судың үзіліспен берілуінің салдарынан халықтың ауызсусыз қалғаны жөнінде шағым түсті. Аудан әкімдігі мен тиісті серіктестікке өтініш жасалғанымен мәселе шешімін таппаған. Осы мәселе бойынша не айтасыз? – деді Ербол Шырақпайұлы.
Бақыт Оңласынұлының айтуынша, биыл бюджеттен 5,5 миллиард теңге қаржы бөлініп, 6 елді мекен бойынша ауызсу құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Үш елді мекеннің жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланса, Күнбатыс-2, Шарбақты елді мекендеріндегі жұмыстар келесі жылға өтпелі. Сарыбұлақ ауылындағы жұмыс осы айдың соңында аяқталмақ. Одан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес межені орындау үшін 12 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, бюджеттік өтінім облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жолданған. Оның ішінде бірқатары бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынған. Ал, Жібек жолы көшесіндегі орын алған су құбырындағы ақау бүгінде жөнделіп, мәселе шешімін тауыпты.
Бұдан кейін Байзақ, Шу, Талас пен Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласы бойынша таза ауыз су құрылыс жұмыстары туралы аудан және қала әкімдерінің бұл тапсырманы қалай орындап жатқандығы тыңдалды.
Жиын барысында өзге де тиісті қала және аудан әкімдерінен, басқарма басшыларынан жауап алған Ербол Шырақпайұлы инфрақұрылым жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу, проблемалық нысандар мәселесін уақыт оздырмай шешу, әрбір нысанның уақытылы әрі сапалы тапсырылуына күш салу секілді бірқатар тапсырмалар мен міндеттер жүктеді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді