Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, ағымдағы жылыту маусымының қалыпты жұмысын үйлестіру мақсатында облыстық штабтың отырысы тұрақты өткізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін 7 штаб отырысы өткізілген.
–Президентіміз Жолдауында инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелердің ең алдымен энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларында жүргізілуі керектігіне тоқталды. Жылу энергиясын тұтыну барысында көп қордаланған мәселе әлі де бар екені белгілі. Биыл облыс көлемінде жылу беретін кәсіпорындар жылу маусымына толық кірісіп кетті. Құрылыс нормалары мен Ережелеріне сәйкес облыста жылыту маусымы 164 тәулікті құрайды. Бүгінгі күнге жылыту маусымының бір жарым айы өтті. Облыста 9 жылу энергетика кешені мен 593 автономды қазандық жұмыс істеп тұр. Бүгінге облыстағы 1 665 көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік маңызы бар 1 737 нысан жылумен қамтамасыз етілуде. Оның 784-і білім беру, 389-ы денсаулық сақтау, 467-і мәдениет, 81-і спорт саласының нысандары мен 18-і әлеуметтік арнаулы мекемелер, – дейді басқарма басшысы.
Биылғы жылыту маусымында жылу энергетика кешендерімен жалпы 1,100 миллион Гкал жылу энергиясын өндіру жоспарлануда, бүгінгі күнге 185 миллион Гкал жылу энергиясы өндірілген. Барлық жылу көздерінде температуралық кестелері сақталған. Ол үшін басқармамен жедел ақпарат ұсыну қалыптастырылған. Қазіргі таңда отын-энергетика кешендері штаттық режимде жұмыс істеуде, барлық кәсіпорындарда апаттық- диспетчерлік бөлімшелері тәулік бойы қызмет көрсетуде.
Кәсіпорындардың резервтік көмір қоры 1 240 тоннаны құрайды. «Облысқа 23,466 мың тонна әлеуметтік мазут бөлінген. Жаңатас қаласының орталық қазандығына 11966 тонна мазут сатып алу үшін облыстық бюджеттен 1,05 миллиард теңге қаралды. Одан бөлек 2025 жылдың қаңтар айына мазут сатып алуға 500 миллион теңге қарау жоспарланды. Кестеге сәйкес қазан және қараша айларында жоспарланған 4500 тонна мазут жоспарлы жеткізілуде. Бүгінге қоймада ауа-райының температуралық көрсеткіштеріне байланысты 33-38 тәулікке жеткілікті 2601 тонна мазут бар», – дейді Ғ.Исақов.
Ал, «Таразэнергоорталық» компаниясы тарапынан жылыту маусымына дайындық барысында 430,7 миллион теңгені құрайтын 23 іс-шара әзірленіп, жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Оның ішінде, №2 станциясындағы БКЗ-160-100ГМ бу қазандығы күрделі жөндеуден өткізілді. Ағымдағы жылы Жаңатас және Қаратау қалаларының орталық қазандықтары мен Қаратау қаласының мазут шаруашылығы қайта жаңғыртудан өткізілуде. Жаңатас қаласының орталық қазандығын қайта жаңғырту жобасының құрылыс-монтаж жұмыстарына 2023-2024 жылдары 4,134 миллиард теңге қаралған. Жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, BOSH маркалы 4 су және 1 бу қазандықтары орнатылды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Бүгінге жаңадан орнатылған BOSH маркалы қазандықтары рет-ретімен сынақтан өткізілуде.
Басқарма басшысының айтуынша, Қаратау қаласындағы «Игілік» кәсіпорнының альтернативті отынмен жұмыс істейтін мазут шаруашылығын және жеке қазандығын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, мұндағы құрылыс жұмыстардың 90 пайызы аяқталып отыр, оның ішінде жобаға сәйкес 2 су қыздырғыш қазандығы, 1 бу қазандығы және сорғылар орнатылуы тиіс. Бүгінгі күні 2 су қыздырғыш қазандығы орнатылып, Қаратау қаласын жылумен қамтамасыз етуде, ал бу қазандығын орнату жұмыстары жоспарлы мерзімінен кешігуде.
«Мазут шаруашылығына қатысты жоба бойынша проблема әлі сақталып отыр. 2024 жылдардағы құрылыс жұмыстарына 258 миллион теңге қаралған. Ағымдағы жылы 1000 текшеметр мазут резервуарын, мазутты тасымалдау құбырларын, сорғы станциясын орнату жоспарланған. Бұл жоба бойынша құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Жоспардан кешігу байқалуда. Жылыту маусымы барысында табиғи газдың шектелуі немесе өшірілуі кезінде альтернативті отын түрімен қамтамасыз етілмеу қауіпі бар. Қалған 6 энергетика кешендері белгіленген жылу өндіру қуаттылығы сағатына 100 Гкал-ға дейінгі кәсіпорындар болып табылады. Негізгі және қосалқы жабдықтарының орташа тозу деңгейі 60 пайызға дейін қалыптасқан», – дейді басқарма басшысы.
Бюджеттік ұйымдардың автономды қазандықтары үшін жалпы 61,3 мың тонна көмірмен қамтамасыз ету жоспарланса, оның ішінде білім нысаны – 53 088 тонна, денсаулық сақтау нысаны – 3707 тонна, мәдениет нысаны – 3615 тонна, спорт нысаны – 880 тонна қатты отынмен қамтылған. Бүгінгі күнгі жағдай бойынша қатты отынның 56 444 тоннасы, яғни 91 пайызы жеткізілген. Қордай ауданының көмірмен жылытылатын 27 қазандығына қажетті отын 10300 тоннаны құраса, оның 5454 тоннасы (52 пайыз) жеткізілді. Қалған аудандарда бұл көрсеткіш 100 пайызды құрап отыр.
– Бүгінгі күні елді мекендердегі тұрғындарға қажетті көмірдің көлемі 144,8 мың тонна болып отыр. Мамыр айының 1-нен бастап, бүгінгі күнге дейін өңірлік операторлармен 95 мың тонна (65,6 пайыз) көмір жеткізілген. 18 қараша күнгі жағдай бойынша өңірдегі теміржол тұйықтарына 16,5 мың тонна көмір қоры бар. Шұбаркөл, Қаражыра маркалы көмірлердің бағасы 17-24 мың теңгені құрап отыр, ауылдарға дейінгі ара-қашықтығын ескерсек, жеткізу құны есебімен 21-26 мың теңгеден сатылуда. 2024 жылдың 13-15 қараша аралығында басқарманың мамандары тарапынан жылыту маусымының өту барысы бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізді. Зерделеу барысында білім, денсаулық сақтау нысандарында бірқатар кемшіліктер және Қордай, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм аудандарында жазғы мезгілде анықталған кемшіліктердің қалпына келтірілмегендігі анықталды. Нақтырақ айтатын болсақ, қазандықтардағы өлшеу құралдары кезекті тексерістен өткізілмеген, температуралық кесте бекітілмеген, газ сигнализаторлары істен шыққан, операторлардың оқудан өту куәліктері жаңартылмаған, резервтік дизель генераторлары мен желілік сорғылары тиісті деңгейде жұмыс істемейді, қазандық ғимаратында бөгде заттар анықталды. Аталған кемшіліктер Қордай ауданындағы Сұлутөр ауылындағы Т.Бигелдинов атындағы орта мектебінде, Үлкен Сұлутөр ауылындағы Қозыбаев мектептерінде, Шу ауданы бойынша Шу қаласының орталық ауруханасы мен №10 колледжінің қазандықтарында, Т.Рысқұлов ауданының орталық ауруханасы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылындағы дәрігерлік амбулаториясында анықталып отыр. Оларға ол кемшіліктерді жою үшін тиісті міндеттемелер беріліп, бүгінгі күні ол ақаулар ретке келтірілуде. Жалпы, жылыту маусымының өту барысы облыстық штаб құрамының тұрақты бақылауында, – дейді басқарма басшысы Ғ.Исақов.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
«Желтоқсан-86» орталығының жайы қалай?
- 2 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді