Жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, сөз сөйледі.
– Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – балалар мен жасөспірімдердің құқығын қорғау, оларға қатысты құқық бұзушылықтарды болдырмау. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен балаларды әлеуметтік қолдау мен құқықтық қорғау бағытында бірқатар заңнамалық реформалар жүзеге асуда. Балаларға қатысты зорлық- зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Дегенмен, осыған қарамастан балалардың зардап шегу деректері азаймай отыр. Бұл ретте жауапты мемлекеттік органдар өз міндетіне салғырт қарауы және білікті мамандардың жетіспеу мәселесі де бар. Себебі, соңғы жылдары облыста балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен және оларға жасалған қылмыстардың көрінісі азаймай отыр. Бұған қоса, ювеналды инспекторлардың жетіспеуі де мәселені күрделендіріп отыр. Бүгінгі күнге білім беру ұйымдарында оқушылар арасындағы қатерді анықтап, құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлағаны үшін рейтингтік көрсеткіштің оң бағалау тәжірибесі енгізілді. Талдау көрсеткендей, әлі де болса мектеп әкімшілігінің оқыс оқиғаларды жасыру фактілері бар. Өкініштісі, оқушы өзінің қиын жағдайы туралы «қызыл» белгі берсе де, жауаптылардың тиісті шара қабылдамауы орын алуда. Бұған мысал, Мойынқұмда зорлық-зомбылыққа ұшыраған оқушы сауалнамада «өзінің өмірге қызығушылығы жоқ екендігін және түңілгендігін» көрсеткен. Алайда, мамандар бұл мәселеге назар аудармаған. Бұл ретте, тиісті мамандардың жауапсыздығы – болашақ ұрпақ тағдырына жасалған қылмыс ретінде бағалануы тиіс. Білім басқармасы, оқушылармен тығыз жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстарын үздіксіз жүргізуі қажет, – деген аймақ басшысы аталған форумда мәселені тиімді шешуге арналған нақты ұсыныстар айтылатынына сенім білдірді.
Бұдан кейін, сөз алған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров балалар құқығын қорғау, алдын алу бағытында ұйымдастырылып отырған жұмыстардың барысына тоқталды. Прокурор білім ошақтарында мектеп психологтарының жұмысының тиімділігін арттыру туралы айтты.
Психологтарға мектеп басшылығы тарапынан артылған жүктемені азайтып, тек балалармен жұмыс істеп, сауалнама жүргізіп, қылмысты болдырмау мен суицидтің алдын алу бойынша жұмысты жандандыру керектігін жүктеді. Сөйтіп, форумға қатысушыларды еркін пікір алмасуға шақырды.
Жиынға онлайн қатысып отырған Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қажетті іс-шараларын жүргізу туралы» тақырып аясында баяндама жасады. Ол өз сөзінде психологтардың жұмысына кеңірек тоқталып, олардың балалармен, ата-аналармен жұмысын жандандыра түсу керектігін айтты. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында сауалнамалар жүргізгенде неге мән керу керектігіне тоқталып, жақсы кеңестер беріп, тәжірибесімен бөлісті.
Ал, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров «Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіруде атқарған жұмыстар туралы» хабарлама жасады.
Оның айтуынша, облыста қолға алынған «Бестерек» жобасы аясында сары және қызыл тәуекел тобына енгізілген 531 оқушымен арнайы жұмыстар жүргізілген. Бұдан бөлек, облыста «Қауіпсіз балалық шақ», «Komek Stop Bullying» жобалары өткен жылдан бері іске асырылып келеді. Ақпараттық жүйенің QR кодтары облыстағы 447 мектепке және 20 мемлекеттік колледждерге орнатылған.
«Komek Stop Bullying Jambyl» тelegram каналына жыл басынан бері түскен 428 хабарлама бойынша жедел алдын алу шаралары қабылданған. Нәтижесінде 49 оқушы мектепішілік есепке алынып, ата-аналарына ескертіліп, жалпы 115 құқықбұзушылық әрекеттерінің жолы кесілген.
Келесі кезекте баяндамашы облыс прокурорының орынбасары Бахтияр Мұхамеджан прокуратура органдарының атқарған жұмыстары, оңды нәтижелері және алдағы уақыттағы жоспарларымен таныстырып өтті.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қылмысты жасырып-жабуды қою керектігін атап өтті. Сондай-ақ, жасөспірімдер қылмысының алдын алу мен зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатында жасанды интеллектті арқылы олардың алған сауалнамаларын бақылап отыратын тәуелсіз ақпараттық жүйесі құрылса, осы бойынша тиісті басқармалар жұмыс істесе деген ұсыныс айтты. Ал, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров полиция департаменті мен білім басқармасына жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша бақылауды күшейту керектігін айтты. Соңында «Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілімен ынтымақтастықты ұлғайту» туралы меморандумға қол қойылды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді