Франция сапары: стратегиялық серіктестіктің жаңа белесі
- author «Ақ жол»
- 6 қараша, 2024
- 271
Астана – Париж бірлескен жобасы жайлы мақала жарық көрді
Президенттің мемлекеттік сапары алдында Францияның Le Figaro газетінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан – Франция үшін стратегиялық және сенімді серіктес» деп аталатын мақаласы жарияланды. Онда Мемлекет басшысы Астана мен Париждің бірлескен жобалары туралы сөз қозғап, Францияға мемлекеттік сапарының мақсаттарын айтқан.
«Біз президент Эмманюэль Макронмен бірлесіп, осы жылдың желтоқсан айында су ресурстарына қатысты барлық сын-қатер бойынша ынтымақтастықты күшейту мақсатында және БҰҰ-ның орнықты дамуының ең маңызды мақсаты – «Барлығына таза су және санитарияға» қол жеткізу үшін One Water Summit бастамасын өткізуге қуаныштымыз. Бұдан бөлек, тату көршілік қағидатын берік ұстану бізге Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыратын стратегиялық жоба – «Орта дәліз» сияқты жобалар арқылы өңіраралық интеграцияны дамытуға мүмкіндік береді», – делінген Президент мақаласында. Мақалада тек сауда жолдарын кеңейту ғана емес, екі ел әртүрлі аймақтар арасындағы өзара тиімді экономикалық байланыстарды ілгерілету үшін ынтымақтастық рухын нығайтуды қарастырып отырғаны атап көрсетілген. Президент Қазақстан мен Францияның сирек кездесетін металдарды өндіру, «жасыл» энергетика және атом өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастыққа мүдделілігін де атап өткен. Ол Қазақстанда атом электр стансасын салу жөніндегі референдум Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін нығайту үшін мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. «Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы атом электр стансасын салу бойынша жақында өткен жалпыхалықтық референдумның оң нәтижесі болашақта өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізін қалайды. Әрине, бұл да жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді. Бұл қазіргі тұрақсыздық жағдайында өте маңызды. Сондықтан Қазақстан сияқты орта державалар көпжақты диалогты ілгерілету және жаһандық және аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін өз мүмкіндіктерін пайдалануы қажет», – делінген мақалада. Бұған дейін тараптар президент Эммануэль Макронның өткен жылғы қарашадағы Астанаға сапары барысында осы бағыттарды дамытуға өзара қызығушылық танытқан болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында Қазақстан әрқашан белсенді, прагматикалық және теңгерімді сыртқы саясатты жүргізетіні және барлық мемлекетпен ынтымақтастықты нығайта отырып, осы үдеріске белсенді түрде үлес қосуға ниетті екенін жазды. «Біз халықаралық аренада сөзсіз беделге ие және үлкен дипломатиялық тәжірибеге ие Франциямен жұмыс істеуге сенім артамыз. Біз бірге қауіпсіз қатар өмір сүруге, өзара тиімді ынтымақтастық пен жалпыға бірдей прогреске кепілдік бере отырып, тұрақты және гүлденген әлем құруға үлесімізді қоса аламыз. Дәл осы көзқараспен мен Парижге мемлекеттік сапарымды жасағалы отырмын», – делінген мақалада.
Қазақ-француз байланысы артады
5 қарашада Қазақстан мен Франция мемлекетінің басшылары Париждің Елисей сарайында кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. «Осы сапарыма айрықша мән беремін. Бұл Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа белесі болмақ. Бүгінгі келіссөздер және қабылданатын Бірлескен декларация әріптестігімізді күшейтілген стратегиялық деңгейге көтеруге ықпал етеді», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентінің былтыр Астанаға жасаған сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар мен келісімдер қазақ-француз байланысын жан-жақты тереңдетуге зор серпін бергеніне назар аударды. «Франция – біздің аса ірі сауда серіктестеріміздің бірі. Сіздің еліңіз Қазақстан экономикасына мол инвестиция салып отырған жетекші елдердің қатарында. Бүгінде Қазақстанда француз капиталы бар 200-ден астам компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары машина жасау, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіптік кооперация, климат, цифрлық даму және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективасын егжей-тегжейлі талқылады. Бұдан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға мән берілді.
Бірлескен декларация қабылдап, 36 құжатқа қол қойды
Екіжақты келіссөзден кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макрон бірлескен мәлімдеме жасады. «Біз үшін осы сапардың маңызы зор. Франциямен қарым-қатынасымыз 34 жылдың ішінде стратегиялық сипатқа ие болды. Сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыс нығая түсті. Нақты шарттық-құқықтық база қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық кеңейді. Мызғымас достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін», – деген Мемлекет басшысы Франция президентімен мазмұнды келіссөздер жүргізгенін атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту қажеттігіне баса назар аударды. Мәселен, былтыр екі елдің сауда айналымы 4,2 миллиард доллар болған. Ал биыл бұл көрсеткішке 9 айда қол жетті. Франция еліміздің алтыншы ірі инвесторы, ондағы компаниялар Қазақстанға қомақты инвестиция салды. Оның көлемі 19,5 миллиард долларға жуықтады. Атап айтқанда, Alstom, Total Energies, Air Liquide, Orano, Vicat, Danone, Lactalis секілді алпауыт компаниялар бар. Мұнай-газ, тау-кен, өнеркәсіп, құрылыс, авиация, машина жасау, денсаулық сақтау салаларында ықпалдастық артып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар «жасыл» энергетика, сирек кездесетін шикізат, климат, су шаруашылығы, инновация және жасанды интеллект салаларына баса мән береді. «Жақында Астанада Француз даму агенттігінің өкілдігі ашылды. Біз оның жұмысына барынша қолғабыс көрсетуге уағдаластық. Сондай-ақ, халықаралық көлік дәліздерін дамыту маңызды екенін атап өттік. Логистика инфрақұрылымы және қайта өңдеу өнеркәсібі секторындағы байланысты кеңейту мәселелерін талқыладық. Біз Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниеті бар француз компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Бүгін бірқатар үкіметаралық және коммерциялық құжатқа қол қойылады. Оның барлығы мемлекеттеріміздің мүддесіне сай келеді. Бұл құжаттар екі ел үшін де пайдалы болмақ. Жалпы, сапар аясында бірнеше инвестициялық келісімдер жасау жоспарланған», – деді Мемлекет басшысы.
Өз сөзінде Эмманюэль Макрон Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін, оның маңызы мен өзектілігі арта түскенін атап өтті. Сонымен қатар, екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту ұзақмерзімді перспективадағы орнықты және табысты серіктестікке негіз қалап, екі елдің өсіп-өркендеуіне жол ашатынын жеткізді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макрон екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту туралы Бірлескен декларация қабылдады. 2008 жылғы 11 маусымдағы Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге сүйене отырып, Мемлекет басшылары екі ел арасындағы сенімді және тұрақты диалогты барлық деңгейде қолдады. Екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап өтіп, 2022 жылғы 29-30 қарашадағы Қазақстан Республикасы Президентінің Парижге және 2023 жылғы 1 қарашадағы Француз Республикасы Президентінің Астанаға сапарларын жалғастыра отырып, мемлекеттер басшылары басымдықтағы мемлекетаралық қатынастарды күшейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткізу мақсатында оны тереңдетуге, кеңейтуге және әртараптандыруға деген өзара ұмтылыстарын растады. Президенттер жаһандық және өңірлік деңгейде бейбітшілікке, қауіпсіздікке және тұрақтылыққа жәрдемдесуге ортақ бейілдігін қайта білдірді. Мемлекеттер басшылары бір жағынан Қазақстан мен Францияның, екінші жағынан, Қазақстан мен Еуропа Одағы және оған мүше мемлекеттер арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберіндегі тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға деген ұмтылысын атап өтті. Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы өзара байланыс саласындағы әріптестіктің аса маңызды екенін мойындап, еуропалық «Global Gateway» стратегиясын іске асыруға, сондай-ақ аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастыққа қолдау білдірді. Президенттер климаттың өзгеруіне қарсы күреске деген бейілдігін де білдірді. Дүниежүзілік банк президенті мен Сауд Арабиясы Тақ мұрагерінің әріптестік бірлесуімен 2024 жылғы 3 желтоқсанда Эр-Риядта COP16 алаңында ұйымдастырылатын «One Water Summit» іс-шарасына дайындық шеңберінде Қазақстан мен Франция арасындағы шөлейттену бойынша ынтымақтастықты құптады. Аталған бірлескен бастама арқылы Қазақстан мен Франция суды тұрақты және интеграциялай отырып басқаруға қатысты нақты шешімдер әзірлеуді және жоғары деңгейде саяси тұрғыдан бірлесу ісін күшейтуді мақсат тұтады. Екі ел климаттың өзгеруінің салдарын жеңілдету және оған бейімделу, азық-түлік қауіпсіздігін және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Орталық Азияда бұл бағыттағы ынтымақтастықты жалғастыруды көздейді. Қазақстанның инновациялық көміртексіз энергия көздеріне көшуіне ықпал ететін қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр стансасын салу жөніндегі ауқымды жобасын іске асыруды құптады.
Қазақстан мен Франция – өзара маңызды экономикалық әріптестер. Мемлекеттер басшылары екі ел арасындағы жүйелі ынтымақтастық, атап айтқанда, энергетика, соның ішінде атом энергетикасы, маңызды материалдар, өнеркәсіп, көлік және аэроғарыш салаларындағы ықпалдастықтың жаңа көкжиектерін айқындаудың, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және қаланы тұрақты дамыту секілді салаларда жаңа әлеуетті әріптестіктерге қол жеткізудің маңыздылығымен келісті. Франция Президенті Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздік және экономиканы көміртексіздендіру салаларындағы мақсаттарын қолдайтынын білдіріп, Қазақстанның азаматтық атом энергетикасын дамыту саласында қабылдайтын кез келген шешімдерін іске асыруға белсенді түрде жәрдемдесуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, президенттер Францияның даму агенттігінің (AFD) Қазақстандағы өкілдігінің ашылуын құптап, су ресурстары, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрлық технологиялар, тұрақты қалалар құру және энергетикалық көшу салаларындағы жобалар мен оларды қаржыландырудың перспективаларын атап өтті. Мемлекеттер басшылары 2024 жылы Клермон-Ферранда өткен мал шаруашылығы саммитіне Қазақстанның құрметті қонақ ретінде қатысуын құптап, ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік секторлардағы ынтымақтастықты нығайтуды қанағаттанарлықпен атап өтті. Президенттер денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың маңызын атап көрсетті. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту бойынша Жаһандық коалицияға қолдау білдірді. Екі елдің медициналық мекемелері мен оқу және зерттеу орталықтары арасындағы әріптестікті тереңдетудің маңызын атап өтті. Протон терапиясы, медициналық диагностика, жасанды интеллекті және ауруханаларды жабдықтау салаларында қол қойылған келісімдер осы негізгі сектордағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін болады.
Мемлекеттер басшылары 2024 жылғы 4 қарашада Гиме мұражайында ашылған «Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары» көрмесінің өткізілуіне оң баға берді. Мұражайлар мен мәдени мұралар, археология және архивтер саласында қол қойылған келісімдерді іске асыру шеңберінде екі елдің мәдени мекемелері арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды күшейтуге бағытталған жобаларды жалғастыруға қолдау білдірді. Екі елдің кинематография саласындағы ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, оны одан әрі дамытуға шақырды.
Президенттер білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген ниеттерін жеткізді. Қазақстанда француз тілін оқытуды дамыту маңызын атап өтіп, 2023 жылғы 1 қарашада Астанада қол қойылған Үкіметаралық келісім негізінде Астана мен Алматыда екі француз мектебін ашу жобасының ілгерілеуін құптады. Студент алмасу, кадрларды даярлау және кәсіби білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі қолдады. Мемлекеттер басшылары сапар барысында қол қойылған Реадмиссия туралы үкіметаралық келісім негізінде заңсыз көші-қонмен күреске бағытталған ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. 2024 жылғы қазанда өткен «Қазақстан – Еуропалық Одақ» ынтымақтастық кеңесі барысында белгіленгендей, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы визалық режимді жеңілдету мен реадмиссия туралы келісімдер бойынша келіссөздерді дайындауға одан әрі қолдау білдірді.
Бұдан кейін мемлекеттер басшыларының қатысуымен екі ел үкіметтері арасындағы реадмиссиялау туралы келісім, аса маңызды материалдар мен ресурстар бойынша Қазақстан мен Францияның стратегиялық ынтымақтастығының жол картасы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен Société Generale S.A. компаниясы арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Alstom Transport SA» компаниясы арасындағы 6 осьті электровоздар бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімдер сияқты құжаттарға қол қойылды.
Жалпы, Париж сапары аясында екі ел делегациясының мүшелері 36 құжатқа қол қойды. Оның ішінде жалпы сомасы 2,2 миллиард долларды құрайтын 1 үкіметаралық, 21 ведомствоаралық және 14 коммерциялық құжат бар.
Бизнес өкілдерімен басқосу
Мемлекет басшысы екі күндік сапары аясында бизнес өкілдерімен де кездесіп, Қазақстан-Франция инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес капитандарының алдында сөйлеген сөзінде экономикалық ынтымақтастықты қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің басты факторы ретінде атады. «Біз Францияның Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі болғанымызға қуаныштымыз. Францияның аталған аймақпен сауда-саттығының 80 пайызы Қазақстанға тиесілі. Биыл екіжақты сауда айналымы 45 пайызға ұлғайды. Біз бұл үдерістің сақталғанын қалаймыз. Сондай-ақ, Франциядан тартылған тікелей инвестиция көлемі 15 пайызға артып, 900 миллион долларға жуықтады. Бұл – рекордтық көрсеткіш», – деді Президент. Бұдан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық байланыстарды кеңейтудің перспективті бағыттарына тоқталып, Еуропа Одағына мұнай және уран жеткізуші ел ретінде Францияның энергетикалық дербестігін одан әрі қолдауға дайын екенін жеткізді. «Біз Қазақстанда француз өнеркәсібінің өкілдері көбірек болғанын қалаймыз. Өйткені, олар отандық өндіріске озық технологиялар әкеледі. Еліміз әлемдегі ең ірі уран өндіруші саналады. Ал Францияның атом өнеркәсібінде тәжірибесі мол. Сондықтан біз атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану ісінде ынтымақтаса аламыз», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде жел, күн және су энергиясы бағыттарында ауқымды жобаларды жүзеге асырғысы келетін ірі халықаралық компаниялардың қатары көбейді. Мәселен, Total Energies компаниясы 1,1 миллиард доллар құйып, қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр стансасын салуды жоспарлап отыр. Президент су ресурстарын және жылумен қамту ісін тиімді басқаруды тағы бір басым бағыт ретінде атады. Бұл ретте Suez және Veolia компанияларымен ынтымақтастық су инфрақұрылымын жаңғыртуға оң ықпал етпек. «2040 жылға қарай дүние жүзінде аса маңызды шикізатқа сұраныс төрт есе артады. Демек, Қазақстан Франция мен Еуропа өнеркәсібіне сенімді шикізат жеткізушіге айнала алады. Қазіргі кезде біз Еуропа Одағының экономикасы үшін өте маңызды 34 шикізат түрінің 19-ын өндіреміз. Бұл санатқа титан, мыс, магний және скандий секілді элементтер кіреді. Болжамға сәйкес, Қазақстанның жер қойнауында жоғары технологиялық және экологиялық өндірістердің барлығында дерлік сұранысқа ие литий, берилий және тантал сияқты сирек кездесетін үш минералдың мол қоры бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты ахуал күрделенген кезеңде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызы зор. Қазақстан астық экспорттаушылардың ірі ондығына кіреді. Сыртқы нарыққа 8 миллион тоннадан астам бидай мен 2 миллион тонна ұн шығарады. Өнімдері әлемнің 80-нен астам еліне жеткізіледі. Биыл егіннің бітік шығуы нәтижесінде еліміздің астық экспорттау әлеуеті 12 миллион тоннаға дейін артты. Осы ретте Президент француз серіктестерді мал шаруашылығы мен дәнді дақылдар селекциясы саласында инвестициялық және технологиялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға үндеді. Президент бұл кездесу Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді. Сондай-ақ, дөңгелек үстел қатысушыларына елімізде өз бизнесін өркендету үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Келелі мәселе қозғалған кездесулер
Жиыннан кейін Мемлекет басшысы Électricité de France (EDF) компаниясының бас директоры Люк Ремонды қабылдап, кездесу барысында энергетика саласындағы ынтымақтастық перспективасын талқылады. Президент жалпыұлттық референдум нәтижесінде Қазақстан азаматтарының басым бөлігі еліміздегі алғашқы атом электр стансасының құрылысына қолдау білдіргенін айтты. Француз компаниясы АЭС құрылысына арналған ядролық технологияларды әлеуетті жеткізушілердің қысқа тізіміне енеді. Люк Ремон өз кезегінде «Қазатомөнеркәсіп» компаниясымен өзара тиімді серіктестікті жалғастыруға ниетті екенін растады. Айта кетсек, EDF – электр қуатын өндірумен және таратумен айналысатын Францияның мемлекеттік компаниясы. Компания 67 атом реакторын басқарады, тағы 14 реактор салуды жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысы сонымен қатар халықаралық ірі өнеркәсіп компаниясы, Франциядағы атом өнеркәсібінің көшбасшысы Orano S.A. компаниясының президенті Николя Масты және 1978 жылы Францияда негізі қаланған жүк кемелерін құрастыратын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі, 160 елді қамтитын жаһандық желісі бар CMA CGM компаниясының президенті Родольф Саадты қабылдады. Кездесулерде ғылыми-техникалық, сондай-ақ сирек кездесетін металл өндіру мен өңдеу саласындағы қазақ-француз стратегиялық серіктестігін нығайту перспективалары мен көлік-логистика кешенін дамыту мәселелері сөз болды.
Жалпы, шетел баспасөздерінің мәліметтеріне сүйенсек, Франция Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапарына тынғылықты дайындалды. Себебі, сапар аясында құны миллиардтаған долларға татитын келіссөздер күтілді. Мәселен, Елисей сарайымен кәрі құрлық қана емес, тұтас жаһан санасады. Саяси салмағы мен экономикалық қуаты ұшан-теңіз, зор әлеуетке ие бұл ел Орталық Азиядағы негізгі серіктес ретінде Қазақстанды таңдағаны белгілі. Биыл қос елдің тауар айналымы 4 миллиард АҚШ долларына жуықтады. 2,69 миллиард доллардың тауары сатылып, импорт 1 миллиард доллардан асқан. Президенттің осы сапары кезіндегі көлемді келіссөздерде 36 құжатқа қол қойылса, оның 14-і жалпы сомасы 2,2 миллиард долларды құрайтын коммерциялық құжаттар. Жалпы, Франция инвесторлары көптеген салаға қызығушылық танытып отыр дейді сарапшылар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, вакцина даярлау саласы бар. Уранды өңдеуге байланысты компаниялар оны өңдеу ғана емес, қолдануға да арналған технологиялар әкелетін болады. Сарапшылардың пікірінше, мұндағы инвесторлар энергетика мен тау-кен секторына да қызығушылық танытуда. Ал, олар Қазақстанды экономикасы тұрақты, бизнес климаты жайлы мемлекет ретінде таниды. Сарапшылар агроөнеркәсіптегі байланысты да жоғары бағалап отыр. Ал, біздің тарап энергетика саласы бойынша тәжірибе алмасуға ниетті. Франция қазақ еліне инвестиция құятын елдердің үздік бестігіне кіреді. Жергілікті инвесторлар Қазақстан экономикасына 20 миллиард долларға жуық қаржы салған. Елде франциялық 204 кәсіпорын жұмыс істейді. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттықтың көлемі 4,2 миллиард доллар болса, биыл тоғыз айда 3 миллиард 960 миллионға жеткен. Бұл өткен жылғы осы кезеңнен 45 пайызға көп. Қазір құны 2 миллиард доллардан асатын қосымша 7 ірі жоба жүзеге асып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға осы сапары екі елдің барлық саладағы байланысын одан әрі мығымдай түсері анық.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді