«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Егемендік сыйлаған үш құндылық

Егемендік сыйлаған үш құндылық
Ашық дереккөз
Бүгінде баһадүр бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған дербес мемлекетпіз. Ал, егемендікті танытатын бірден-бір жол – Республика күні. Жалпы, қазір бұл мерекеге жалпыхалықтық сипат берілуі тегін емес. Өйткені, дәл осы күні азаттықты аңсап күткен халықтың ертеңгі күнге деген сенімі арта түсіп, елең-алаң шақтағы ерлік істер басталды. Сан алуан тосқауыл мен түрлі кедергілерден сүрінбей өткен біздің ел етек-жеңін жинап, алыс-жақын елдермен терезесін теңестіруге күш салды.

Он жылдан аса уақыт бойы лайықты деңгейде аталмай келген мерекеге тек екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды әрі Әділетті Қазақстан құру идеясын ұсынып, көпшіліктің көкейіндегі жайды дөп басты.

Осылайша, ел өркендеуі мен өскелең ұрпақтың болашағын қамтамасыз етуді көздеген айрықша мерекеге ерекше бетбұрыс жасалды. Сонымен, азаттыққа қарай алғашқы қадам басқан тұста республикамыздың саясиэкономикалық тұрақтылығын берік сақтау және мемлекеттің даму кезеңдерінің алғышарттары бекітілді.

Ендеше, декларация арқылы әлем картасынан өз орнын қалыптастырған жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланғанын қазіргі ұрпақ буыны, яғни тәуелсіз еліміздің ертеңгі азаматтары нақты білуі тиіс. Өзгесін айтпағанда, тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадам сіз бен бізге ат басындай алтынға айырбастамас үш құндылық сыйлағанын әсте естен шығаруға болмайды. Өйткені, егемендікпен бірге келген осынау үш сый баршамызға ауадай қажет әрі өміріміздің мәні.

Ал, енді ұлттық мереке сыйлаған үш құндылыққа рет-ретімен тоқталайық. Ең әуелі, біз өз мемлекеті үшін жауапкершілік алатын, құқығы мен еркіндігі бар егеменді елдің азаматтары атандық. Әрине, тәуелсіздік алу – бір күннің ісі емес. Оның үстіне, Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі» туралы заң мен Конституцияда жарияланған идеяларды іске асыру күнделікті еңбекті қажет етеді. Сондықтан, ел Үкіметінің әрбір шешімі мен әрбір заң осы тұғырлы актілердің сөзіне ғана, рухына сәйкес келуі тиіс.

Бұл – демократиялық қоғам, нарықтық экономика мен құқықтық мемлекет құруда үнемі алға ұмтылысты қамтамасыз етуі қажет. Рас, әрбір үкімет бірегей жағдайда қызмет етеді. Геосаяси, жаһандық қаржы-экономикалық конъюнктура өзекті тактикалық шешімдерді керек ететіні өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ, бұл алған бағыттан жаңылыстырып, қозғалысты кейінге шегермеуі тиіс.

Мәселен, бұл – мемлекеттің экономикадағы рөлінің өсуіне қатысты. Тұрақты қозғалыс пен дамудың шешуші факторларының бірі – саясат, экономика, өмірдің барлық саласында бәсекелестік орта қалыптастыру.

Түптеп келгенде, тәуелсіздік билікті халықтың ғасырлық арманын тоғыстырған негізгі құжаттардағы идеяларды жүзеге асыруға міндеттейді. Ал, мемлекет пен тәуелсіздіктің тірегі азаматтық жауапкершілік, азаматтық қатысу мен азаматтық белсенділік екенін есте ұстаған маңызды.

Басқа елде жоқ құқығы мен еркіндігін жүзеге асыруға жағдай жасалған жағдайда ғана азамат өз мемлекетінің тағдыры үшін жауапкершілік арқалай алады.

Екіншіден, азаттыққа ұмтылу арқылы біз жер-жаһандағы өзге де жұртшылықпен жүздесуге мүмкіндік алдық. Бастысы, біздің елдің есігі әлем халқы үшін ашылды. Ресей империясының құрамына кіргеннен бері біз алғаш рет әлемнің барлық елімен тікелей және ашық дербес диалог жасап, мәдени және гуманитарлық салада өзара байланысқа шықтық. Біз әлемдік қауымдастықтың ажырамас бөлігі болу мүмкіндігіне ие болдық. Кеңес Одағы кезеңінің жетістіктері де болғанымен, жаппай білім беру мен денсаулық сақтау саласында жүйе әлемнен тұмшаланып қалған еді.

Айталық, Мәскеу автокөлік институты секілді іргелі оқу орнының өзінде әлемнің жетекші ғалымдары, озық автомобиль өндірушілері, автоқызмет көрсетуші компаниялары жұмыстары мен жаңалықтарына қол жеткізу мүмкіндігі болған жоқ. Соның салдарынан «Мерседес», «Тойота» және «Форд» компаниялары бұрыннан қолданып жүрген кейбір жобалар жаңа деп ұсынылып, тіпті сол бойынша докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды. Алдыңғы қатарлы зерттеулерге арнайы қызметтер арқылы тек мемлекеттің қорғанысы үшін маңызды деген салалар қол жеткізді.

Нәтижесінде мемлекет ядролық қару шығарып, адамды ғарышқа ұшырып, озық қару-жараққа ие болды. Ал, қарапайым адамдардың мұқтаждықтарына сәйкес сапалы теледидар, тоңазытқыш пен жеңіл көліктер шығара алмайтын.

Ғаламға ашықтық елдің әлеуетін іске асыруға жаңа мүмкіндіктер берді. Тарихтан, оның ішінде қуғын-сүргін мен ұлттық мәдениетке қысымнан туындаған мәселелерге қарамастан, біздің руханият пен құндылықтар жүйесі үлкен бәсекелестік басымдыққа ие. Бұл – ашықтық, толеранттылық және бейімделгіштік. Сондықтан, «Болашақ» сияқты серпінді жобаларды дамытып қана қоймай, отандық ғалымдар, сарапшылар, мамандар, өнер қайраткерлері мен әдебиетшілердің өз саласындағы әлемдік көшбасшылар, әріптестерімен еркін араласып, ақпарат алмасуына жол ашу аса маңызды. Әлемге ашылумен қатар сіз бен біз өз тамырымызды, тарихымызды, өзімізді тануымызды тереңірек түсінуге мүмкіндік алдық. Бұл – егемендіктің үшінші сыйы еді.

Ресей империясының тұсында басталған өзіндік болмысымызды тұншықтыру әдісі кеңестік кезеңде де жалғасын тапты. Өкінішке қарай, біз ұлт ретінде көп нәрсе жоғалттық. Тіпті, мәдениетіміздің діңгегі – тілімізден айырылып қала жаздадық. Әліпбиімізді екі рет өзгерту және басқа да идеологиялық қысымның салдарынан тамырымыз бен тарихымыздан жұлынып қалдық. Ленин негізін қалаған Сталиндік билік XX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ұлы қайраткерлердің барлығын дерлік қуғын-сүргінге ұшыратып, көзін жойды. Тек қана тәуелсіздік алу арқылы өзіміздің рухани, мәдени мұрамыз бен құндылықтарымызды жаңғыртуға мүмкіндік алдық.

Демек, біз дара болмысымызды сақтай отырып, заманауи білімге қанық болуымыз керек. Әлемге ашық болғанымыз абзал. Осы ретте ана тіліміздің тағдыры ең алдымен бізге тәуелді екенін түсінуіміз керек. Сонымен қатар, мемлекеттік саясаттың бірізділігі маңызды. Посткеңестік кеңістікте тілге қатысты біздегі заң – ең либералды.

Егер қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне шынайы мазмұн берілмесе, бұл егемендік пен тәуелсіздік идеалдарына кереғар келеді. Тек Қазақстанда ғана біздің тіліміз мұндай мәртебе ала алады. Сонымен қатар, көршілеріміз қазақ тілі мәртебесін қалпына келтіру шарасы, оның ішінде әліпбиді таңдау мемлекеттік тілдің толықтай жұмыс істеуіне жағдай жасаудан туындайтынын түсінуі керек. Мұның басқа астары жоқ.

Қорыта айтқанда, 25 қазан – Декларация қабылдау арқылы әлемге еліміздің ішкі істерін енді Қазақстан халқы өзі басқарып, оның кеңістігінде тұру тәртібін өз халқы айқындайтынын жаһанға жария еткен күн. Кез келген құбылыс пен жаңалықтың бастауы болатыны бесенеден белгілі. Ал, жаңа замандағы Қазақ мемлекеттілігінің де бастауы – осы күн.

Бұл декларация одақтың ішінде қабылданды. Солай бола тұра, ол бізге дербес шешім қабылдау, сыртқы және ішкі саясатымызды жүргізу, экономикалық, құқықтық салаларда тізгінді өз қолымызға алу секілді мүмкіндіктерді берді. Ең бастысы, бұл құжат бір жылдан кейін, яғни 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздік алуымызға себепші болуымен құнды. Осы екі күннің де Қазақ елі үшін маңызы зор. Түйіндей келе, әлем елдерінің арасында өзіндік жолын тапқан республикамызды одан әрі қарай да өркендету баршамыздың міндетіміз екенін еске саламыз.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар