Басқосуда Әбілхайыр Ғалымұлы биыл асыраушы салада мол өнім жиналғанын атап өтті. Ол өз сөзінде 370 мың тонна өнім күтілгенін, ал 600 мың тонна өнім алынғанын жеткізді.
Бұдан кейін күн тәртібіндегі «Жамбыл облысында қант қызылшасын тасымалдау, зауыттарға өткізу және субсидиялауға» қатысты туындап отырған, сондай-ақ «Кіші Қаратау геопаркін құру» мәселесі және «Тараз қаласындағы Зербұлақ көлінің су қорғау аймағын белгілеу, құрылыс салуға тыйым салу және құрылыс салуға берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы» мәселелер қаралды.
Алғашқы мәселелері бойынша облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірасыл Желеубаев баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл өңірімізде ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 46,1 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ, есепті кезеңде облыстың 11 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 20,3 миллиард теңге субсидия төленген.
– Биыл 11,2 мың гектарға орналастырылған қант қызылшасы алқабынан 600 мың тоннадан астам өнім алу күтілуде. Қазіргі күні 2,6 мың гектар алқабынан 182,7 мың тонна өнім алынды. Жоспарлы өнімнің 450 мың тоннасын Меркі қант зауыты қабылдайтын болады. Қант зауытымен келісілген кестеге сәйкес, бүгінгі күнге 149 мың тонна өткізілді. Меркі қант зауытына Үкімет тарапынан тиісті көмектер көрсетілуде. Зауыттың айналым қаражатын толықтыруға Аграрлық несие корпорациясының «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие берілуде. Қалған 100-150 мың тоннаға жуық өнім Ақсу қант зауытында қайта өңделетін болады. Облыс фермерлері Ақсу қант зауытына қызылшаны өткізуді бастады. Қазіргі таңда 14,6 мың тоннаға жуық өнім өткізілді. Шикізатты тасымалдау шығындары берілетін субсидияның нормативін 25 теңгеден 45 теңгеге көтеру есебінен өтелетін болады. Меркі қант зауытына өткізілген өнімді жергілікті бюджет есебінен субсидиялау басталып, қолда бар қаржымен 6,8 мың тонна өнім субсидияланды, – деді Әбдірасыл Серікұлы.
Ал, күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Кіші Қаратау геопаркін құру туралы» бойынша Қазақстан Республикасындағы геоғылымдар және ЮНЕСКО геопарктері жөніндегі халықаралық бағдарламалар жөніндегі Ұлттық комитеттің төрайымы Саида Нигматова мәлімдеме жасады.
Сонымен қатар, жиын барысында күнтәртібіндегі үшінші мәселе де қаралып, спикерлер тиісті ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Бұдан кейін, су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Нариман Сулайманов өз пікірін ортаға салды.
Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаттары Серік Қойбақов пен Фарида Жүнісова хабарлама жасады. Жиын соңында халық қалаулылары баяндамашыларға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді