Облыста биыл 750 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне беріледі
- author «Ақ жол»
- 17 қазан, 2024
- 202
Аталған бағдарлама аясында несие беру үшін «Отбасы банкі» Қазақстан қор биржасынан («KASE») 170,5 миллиард теңге алған. Яғни, осы жылдың шілде айында «KASE»-де банктің әлеуметтік облигацияларының екі шығарылымын орналастыру бойынша мамандандырылған сауда-саттық өткізілген. Тиісінше, тұтынушыларға алғашқы 60 заем берілген. Қазір қоныстойын атап өтуге Астана, Семей, Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Тараз және өзге де өңір тұрғындары дайындалып жатыр.
Айта кетейік, бір облигацияның номиналды құны – 1000 теңге. Бұл ретте тартылған қаражат мөлшерлемесі сауда-саттықты өткізу қорытындысы бойынша айқындалып, 14,25 пайызды құраған. Облигациялардың айналым мерзімі – 5 жыл. Купонды төлеу кезеңділігі – жылына 2 рет. Банк облигацияларын сатып алудың артықшылығы, бұл купондық сыйақы үшін салық салынбайды.
– «Отбасы банктің» облигациялары әлеуметтік облигациялар мәртебесіне ие. Бұл қосымша опция олардың иелеріне ESG даму саясатын жүзеге асыру аясында айтарлықтай артықшылық береді. Сондай-ақ, қор биржасында біздің облигацияларды сатып алған инвесторлар іс жүзінде «Наурыз» бағдарламасының қатысушылары болды. Олар ерекше мұқтаж азаматтардың санаттарына қолжетімді несие беру үшін қаражат түрінде қорландыру жасады деген сөз. Серіктестерімізге қосқан үлестері үшін алғыс айтамын. Олардың қолдауының арқасында биыл 12 500 азамат қоныстойын атап өтеді, – деді «Отбасы банктің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Жалпы, алдағы уақытта еліміз бойынша 111 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады деп күтілуде. Бұл туралы ҚР Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ведомствоның тұрғын үй саласындағы құрылысы саласындағы жоспарларымен бөліскенде мәлімдеді. Оның айтуынша, ел Үкіметінің экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі жоспарын іске асыру шеңберінде 2024 жылы тұрғын үйді пайдалануға берудің көлемі 15,5 миллион шаршы метрден 18 миллион шаршы метрге дейін ұлғайған.
«Соңғы 5 жылда тұрғын үй құрылысына 12 триллион теңгеден астам инвестиция тартылып, шамамен 78,5 миллион шаршы мет р жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. 2030 жылға қарай тағы 111 миллион шаршы метрді салу жоспарланып отыр. Мақсатымыз – 1 миллионнан астам отбасыны жаңа баспанамен қамтамасыз ету», – деді ол.
ӨҢІРЛІК ЖОБАЛАРДЫҢ ДЕҢГЕЙІ ҚАНДАЙ?
Рас, бүгінде әр өңірге тиесілі ипотека лық бағдарлама лар да бар. Мәселен, «Елорда жастары», «Алматы жастары» және «Сыр жастары». Атап өтерлігі, мұндай жобалар «Отбасы банкпен» бірлесе отырып іске асырылады және жобаға тек сол аймақтың тұрғындары қатыса алады. Бірер жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Әулиеата жастары» бағдарламасына аймақта тұрақты тіркеуде тұрған жастар қатысады. Бұл ретте бағдарламаға қатысушының жұмыс өтілі соңғы 6 айдан кем болмауға тиіс. Оны міндетті зейнетақы аударымымен растау қажет. Жамбылдық жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында қабылданған бағдарлама аясында биыл 2 миллиард теңге қарастырылып, соның нәтижесінде 140 жасқа пәтер кілтін беру жоспарлануда. Жалпы, өңірімізде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа алаптар мен шағын аудандар салынуда.
Айталық, жыл басынан бері 392,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 750 мың шаршы метрге жеткізу көзделген. Бұдан бөлек, дәл қазір құны 18 миллиард теңгеге 3 709 пәтерлік 78 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатса, оның ішінде, осы жылы 2 569 пәтерлік 51 тұрғын үйді өз иелеріне тапсыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, биыл Тараз қаласы мен Сарысу, Шу және Т.Рысқұлов аудандарындағы 79 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу мақсатында қазынадан 5,9 миллиард теңге бөлінген. Ал, 26 көппәтерлі тұрғын үйдің аулаларында демеушілік қаражаты есебінен ойын алаңдары салынған. Сондай-ақ, 12 миллиард теңгеге 77 тұрғын үй объектісі мен жеке тұрғын үй құрылысы үшін 351 жер учаскесіне инженерлік инфрақұрылым жүргізу қолға алынбақ. Ал, облыс орталығындағы «Әулие Ата» жаңа шағын ауданында 800 пәтерлі 22 әлеуметтік кредиттік тұрғын үйдің құрылысын ағымдағы жылы бастау үшін 5,2 миллиард теңге қаражат бөлінген. Бұл күнде мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесі шығып, мердігерлер анықталған. Осы жылдың қорытындысымен 2 569 пәтерге арналған 51 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Дәл қазір 664 пәтерлі 15 үйдің құрылысы аяқталса, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан республикалық бюджет қаражаты есебінен 4,7 миллиард теңгеге 354 пәтер сатып алынған. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының» есебінен жекешелендіру құқығымен жалға берілетін 1 221 пәтер сатып алуға 18 509,4 миллион теңге қаражат қарастырылған. Қазіргі таңда 187 пәтердің жеңімпазы анықталып, биыл сатып алу тетігі арқылы 1 575 осал топтағы азаматтар арендалық тұрғын үймен қамтылады деп күтілуде. Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда пәтер 2, қаражат көлемі 3 есеге артқан.
Бастысы, биыл бюджет және жеке меншік қаражаты есебінен 750 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға асыра орындау межесі бекітілген. Айта кетейік, бүгінгі күні облыс бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 39 524 азамат тіркелген.
ТҰРҒЫН ҮЙ САЯСАТЫН РЕТТЕЙТІН ЗАҢ КЕРЕК
Жасыратыны жоқ, тұрғын үй сатып алу халықтың едәуір бөлігі үшін, әсіресе жастар мен аз қамтылған топтар үшін қолжетімді емес. Сенатор Бауыржан Қаниевтің айтуынша, әлеуметтік тұрғын үй құрылысына бөлінетін қаржы жеткіліксіз, жаңа құрылыстардың сапасы төмен және әлеуметтік тұрғын үй кешендерін салу қарқынынан инфрақұрылымның құрылысы артта қалды. Бүгінде аталған мәселе өзекті болып отыр.
«Қазірдің өзінде кезекте 651 мың адам тұр, көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда 8 есе өсіп отыр. Әлеуметтік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көлемі халықтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін жеткіліксіз. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде қандай кешенді шаралар қабылданып жатыр? Іске асырылған тұрғын үй бағдарламалары бойынша талдау бар ма, оның ішінде қандай мәселелер көтерілді?», – деген еді сенатор Өнеркәсіп және құрылыс министріне сұрау салғанда.
Ал, депутат Ұлықбек Тұшамановтың сөзінше, кейінгі жылдары елімізде тұрғын үй қатынаст арындағы түйткілдер жиілеп кеткен. Мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен және мемлекеттік бағдарламалар аясында баспанамен қамту ісі біршама дұрыс жолға түссе де, мәселенің түбегейлі шешілетін түрі жоқ. Ол үшін сапалы, жүйелі заң керек дейді депутат.
– «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң 1997 жылы қабылданған. Содан бері 27 жыл өтсе де құжатқа айтарлықтай өзгеріс енгізілмеген. Яғни, заңға біраз өзгерту енгізу қажеттілігі уақыт т а лабынан да туындап отыр. Бұдан бөлек, заң бұған дейін Мәжілістің жетінші шақырылымның депут атт арының т алқылауына түскен болатын. Олар бізге дейін жұмысты баст ап қойғанымен, толыққанды соңына жеткізген жоқ. Осылайша, былтыр сәуір айында осы заң төңірегінде жұмысты бастап кеттік. Бір жыл ішінде саладағы өзекті мәселелерді зерттеп, барынша зерделеп, комитетке түсіп жатқан көптеген арыз-шағымды талдаумен айналыстық. Ал, заңға өзгерістер енгізу қандай қажеттіліктен туындады деген сұраққа келсек, адамға ең басты керек дүниенің бірі – баспана. Қазақ «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деп бекер айтпаған. Әрине, қоғам мен мемлекет үшін барлық заң маңызды. Бірақ, бүгінгі қоғамда баспана мәселесін реттейтін заңнаманың өзектілігі артып тұр. Өйткені үйдің жырымен жүріп, талай табалдырықты тоздырып, бақыт шамын жаға алмай жүрген отбасы қаншама? Бұл өте өзекті мәселе болып тұрғандықтан, тұрғындардың тұрмыстық әл-ауқатын жақсартуды осы баспанадан бастағанымыз жөн. Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде 650 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде 205 мыңнан аса адам түрлі санаттағы әлеуметтік осал топқа жататын азамат. Шынтуайтына келсек, бұл заңнамалық реформаның арғы жағында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан екі жыл бұрынғы тұрғын үй қатынастарын реттейтін Ұлттық даму институтын құру туралы Жарлығы тұр. Бұл институт «Отбасы банкінің» негізінде құрылмақ. Яғни, «Отбасы банкіне» тұрғын үйді есепке алуды, қоюды және бөлуді орталықтандырып жүзеге асыратын Ұлттық даму институты мәртебесі беріледі, – дейді халық қалаулысы.
ТҮЙІН: «Өз үйім – өлең төсегім» – дейді халқымыз. Бақыт шамы маңдайына бұйырған баспаналы азаматтардың қатары көбейе түссе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Оның үстіне, тұрғын үй мәселесі қай кезде де өзекті. «Үйі жоқтың – күйі жоқ» дегендей, үй баспанасыз жанның басты мұңына айналары тағы бар. Дейтұрғанмен, бүгінгі таңда ел тұрғындары үшін баспаналы болудың мүмкіндіктері көп. Өңірлердегі түрлі бағдарламалар арқылы біршама тұрғын үй кешендері салынып, ел игілігіне берілуде. Көптеген отбасы қоныстойын тойлап, қуанышқа кенеліп жатыр. Мемлекеттің мыңдаған азаматтарға жасаған қамқорлығы мен мүмкіндіктерінің нәтижесінде әрбір азамат өз шаңырағының иесі атанып, мерейі тасуда. Жыл өткен сайын қоныстойын тойлайтын жандар Жамбыл жерінде де көбейіп келеді. Өз кезегінде бұл – қарапайым халықтың әл-ауқатын арттыра түсері анық.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді