Кемшіліктерді жою – міндет, жол бермеу – маңызды
- author «Ақ жол»
- 14 қазан, 2024
- 271
Осыған орай өңірдегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыру, қызметтер көрсету кезінде туындайтын өзекті мәселелердің түйінін тарқату мақсатында облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіне сәйкес жиында әуелі облыс әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингілеу бөлімінің басшысы Ғалия Боранбаева баяндама жасады. Ғалия Бектенқызы өз есебінде бөлімнің осы жылдың екінші тоқсанында көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша бағалау көрсеткіштері және мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша бақылау шаралары туралы баяндады.
– 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында облыс бойынша 6,3 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде электронды – 6 247 494, қағаз түрінде – 49, баламалы қағаз негізінде 87 651 қызмет ұсынылған. Есепті мерзімде жергілікті атқарушы органдар қызмет алушылардың құжат топтамасын толық ұсынбауы немесе дұрыс толтырмауы себебінен 1 166 қызметті көрсетуден бас тартты. Былтыр «Жаңа шабыт» қоғамдық бірлестігі тарапынан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік зерделеу барысында мемлекеттік қызметтің 423 түрі бойынша 62 823 респонденттің арасында сауалнама жүргізілді, – дейді Ғалия Бектенқызы.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, ҚР Президенті Жарлығының негізінд е мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын бағалау әдiстемесіне сәйкес жыл сайын жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша бағаланады. Яғни, Президент әкімшілігі «Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы» бойынша бағалау рейтингісін қалыптастырады. Бағалау нәтижелері бойынша, облыстың жергілікті атқарушы органдарының көрсеткіші 95,28 балға тең. Дегенмен, аймақ тұрғындарының көрсетілетін қызмет сапасына шағымдану, мерзім бұзу, статистикалық мәліметтерді сапасыз ұсыну, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзу фактілері бағалау нәтижесіне кері әсерін тигізіп жатқан көрінеді.
– Осы жылдың бірінші жартыжылдығында жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсету барысында барлығы 28 мерзім бұзу фактісі орын алған. Атап айтқанда, Қордайда – 12, Меркіде – 4, Т. Рысқұлов пен Сарысу аудандарында – 3, Мойынқұмда – 2, Жуалы, Шу аудандарында 1 мерзім бұзу фактісі тіркелген. Сол сияқты денсаулық сақтау басқармасы мен білім басқармасында да көрсетілген қызмет барысында мерзім бұзушылыққа жол берілген. Мерзім бұзу фактілерінің орын алуының басты себебі – «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесін уақтылы қарамау. Яғни, мемлекеттік көрсетілетін қызметке жауапты мамандар өздеріне жүктелген міндет бойынша жауапкершілікке салғырт қараса, басшылық тарапынан да қадағалау деңгейі төмен болған, – деген Ғалия Боранбаева мемлекеттік қызмет көрсетуге жүргізілген ішкі бақылау жұмыстары жайын баяндады. Тағы бір атап өтер жайт, облыс бойынша 704 «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары» жұмыс істейді. Олар Тараз қаласы мен аудандардың, ауылдық округтердің әкімдіктерінде, жергілікті атқарушы органдардың бағынысты мекемелерінде орналасқан. Есепті кезеңде тұрғындарға 2 000-нан астам мемлекеттік қызметтер «Өзінеөзі қызмет көрсету бұрыштары» арқылы көрсетілген. Ал, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы Жанәділ Құрбановтың айтуынша, биыл департамент тарапынан сәулет, қала құрылысы саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мерзімін бұзу деректері бойынша бірінші басшыларға, ауылдық округ, бөлім басшыларына 7-8 әкімшілік хаттама толтырылса, рұқсат беру мерзімдерін бұзу деректері бойынша да Қордай ауданы көп кемшілік жіберген. Ауданда соңғы айда 13 заңбұзушылық фактісі есепке алынып, 3 ескерту, 7 әкімшілік айыппұл салынған. Сондай-ақ, Қоғамдық кеңе стің мүше сі Назима Жұбандықова аудандардағы «Сервистік әкімдіктер» мен «Өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары» тиісті деңгейде жұмыс істемейтінін баяндады. Кеңес мүшесі Сұлтан Өсербаев та баяндамашыға бірқатар ұсынысын жеткізді.
– Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша әкімдікте жұмыс істейтін арнайы жауапты азаматтар бар ма? Мәселе осында болып тұр. Айтпағым, айлық бекітіп берген маман жоқ, жұмысты бір адамға жүктеп қояды. Құқықтық мемлекет боламыз деп жатырмыз. Алайда, елімізде тұратын әр азаматтың құқықтық сауаттылығын арттыру ісі әлі бір жолға қойылмаған. Қарапайым «eGov»-пен өтініш бере алмайтын азаматтарымыз көп. Сондықтан, насихаттау жұмыстарын көбейту керек. Себебі, қосымша жұмыс қазір әкімдікке жүктеліп отыр, – деді С.Өсербаев.
Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Әбдірайымов «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесін уақтылы қарамау, яғни мемлекеттік көрсетілетін қызметке жауапты мамандардың өздеріне жүктелген жауапкершілікке жүрдім-бардым қарауы және басшылық тарапынан қадағалаудың төмендігі ойландырарлық мәселе екенін айтты. Сондай-ақ, порталды қадағалау бойынша кесте құрып, жауапты маман бекіту керектігін жеткізді. Талқыға түскен кемшіліктерді жоюды тапсырып, заңбұзушылыққа жол бермеу керектігін ескерткен кеңес мүшелері баяндамашы Ғалия Бектенқызының есебін «қанағаттанарлық» деп таныды. Мұнан соң облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Төрегелдиев есеп беріп, басқарма тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру және жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Айтуынша, әлеуметтік салада, оның ішінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мансап орталықтары және Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жұмыспен қамту бөлімдері 24 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Оның ішінде басқармада тікелей 3 және басқармаға қарасты мансап орталықтарында – 4, жалпы алғанда 7 мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады. Қалған 17 мемлекеттік қызмет түрі Тараз қаласы және аудан әкімдіктері арқылы көрсетіледі.
Сонымен қатар, басқармаға қарасты «Еңбек мобильдігі орталығы» мен оған бағынысты мансап орталықтары арқылы 4 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олар – жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу, жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы ақпарат ұсыну, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға жолдамалар беру. Биыл 1 қыркүйекте облыс бойынша 134 696 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 511 қызметке артқан. Оның ішінде электронды түрде 106 349 қызмет көрсетіліп, өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 18 049 қызметке ұлғайған. Сәйкесінше баламалы қағаз түріндегі қызмет 7 443 қызметке азайған. Сондай-ақ, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мансап орталықтары қызметкерлеріне атқарылған жұмыс көлемі мен сапасына байланысты жалақы төлеудің жаңа пилоттық моделі енгізілмек. Бұл жоба 2026 жылдан бастап республиканың барлық өңірлерінде іске асырылып, халықтың сапалы мемлекеттік қызмет алуына тағы да өзінің оң септігін тигізетін болады.
Жанар ОРЫНБАЕВА,
облыстық Қоғамдық кеңестің хатшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді