Елімізде 18-27 жас аралығындағы денсаулығы жарамды жігіттер міндетті түрде әскерге шақырту алады. Осылайша, шақырту алған әрбір азамат Ата Заңға сәйкес Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына қабылданып, елдің тыныштығын күзетуге серт береді. Десе де, мүддесі берік, тәртібі қатал әскери өмірден қашатындар да кездеседі. Әйткенмен, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі екендігін ұғынатындар да жетерлік. Солардың бірі – қызылордалық Қасым Әбдіғани.
Сыр елінің тумасы «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығына қарасты даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атындағы 5-ші механикаландырылған бригадада мерзімді қызметтен өткен. Былтыр күзде әскерге шақырылған ол әуелгіде мұндағы өмірге үйренісе алмай, отбасы мен жақындарын сағынғанын жасырмайды. Оның үстіне, ерте тұру әрі уақтылы ұйықтауға дағдыланбаған оған темірдей тәртіпке бағыну да оңайға соқпаған. Алайда, оқу-жауынгерлік процестерден кейін бар қиындық артта қалған.
– Шын мәнінде, әскердегі өмір адамды шыңдайды. Оған өз басым толықтай көз жеткіздім. Бұған дейін үлкендерден, жора-жолдастарымыздан әскердегі қызықтар мен қиындықтар жайлы жиі еститінмін. Әйтсе де, естіген мен көргеннің айырмашылығы бөлек екен. Өзім әскерге келгеніме еш өкінбеймін. Әрине, әскерге алғаш келген уақытта қиындық болды. Таңертең тәтті ұйқыны қиып, жылы төсектен ажырау оңайға соқпады. Алғаш қолға мылтық ұстап, нысанаға бағыттаған кезде де үйренісе алмай, қорқыныш сезімі кернейтін. Алайда, көп кешікпей бұған да үйреніп, қалыптасып алдық. Әскер адамның ойының қалыптасуына, болашаққа үлкен мақсаттар қоюға әсер етеді. Мен секілді жастарға, замандастарыма Отан алдындағы борыштарын өтеп, елге қызмет етуге шақырамын. Әскерге келгелі спорттық көрсеткішім де жақсарып, дене бітімімді нығайтып, салауаттылықты да серік еттім, – дейді жас жауынгер.
Бұл сарбаздың сөзін жерлесі Мадияр Өтеген де қолдады. Ол өз сөзінде әскердегі қызықтары туралы таңды таңға жалғап айтуға болатынын тілге тиек етті. Жаңа достар тауып, ата-анасы мен туған жерінің қадіріне жеткен ол әскери бөлімнің асханасындағы ас-ауқаттың дәмі өмір бойы есінде сақталатынын жеткізді. Ал, ефрейтор Абылайхан Нұрбай мұнда уақытты бағалауды үйренгенін айтады.
– Ең алдымен, әскери бөлімнің барлық әскери қызметшілеріне шынайы алғысымды білдіремін. Себебі, олар әскери өмірді бұрын-соңды көрмеген, тәртібі мен талабы мүлде бөлек ортаға жаңадан келген сарбаздарға жан-жақты қолдау көрсетті. Нәтижесінде сарбаздар аз ғана уақыттың ішінде еңселерін тіктеп үлгерді. Әскер қатарына жаңа қосылған өзім секілді бозбалаларды мұндағы офицерлер мен сержанттар оқу пунктерінде жауынгерлік өмірге барынша үйретті. Темірдей тәртіп, сымдай тартылған түзу сап, әскери жаттығулар, әскери жарғы мен ережелерге бағыну, уақыт құндылығы – әрбір отбасының ерке балаларын нағыз патриот жауынгер етіп қалыптастырғаны сөзсіз. Отан алдындағы азаматтық борышымызды адал атқарып, зор мақтанышпен туған үйіме қайтып бара жатқаныма қуаныштымын, – дейді ол.
Иә, кешегі жасөспірім бозбалалардың бүгінде иығын тіктеген жас сарбаз атанғаны сүйсінтпей қоймайды. Олар аз ғана уақыт ішінде әскери өмірге бейімделіп, өз борыштарын адал атқарды. Бригада командирі подполковник Жәнібек Құранбеков бұл жауынгерлер әскери өмірде бір үйдің баласындай ұйымдасып, жауапкершіліктері мол екендіктерін дәлелдегенін атап өтті. Енді санаулы күндерден кейін олар отбасымен қауышпақ. Бұл күн сарбаздар үшін, ата-анасы мен ағайын-туыстары үшін тарихи әрі бақытты сәт екені сөзсіз. Осындай ісіне жауапты офицерлеріміз бен әскери қызметшілеріміз, жүрегінде жалыны бар жастарымыз барда тәуелсіз елдің қорғаны берік болары анық!
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді