Даланың даналығы дарыған

Даланың даналығы дарыған
Ашық дереккөз
Тарихы тереңде жатқан Талас топырағының қай кезде де тәлімі мен тәрбиесі мол. Арысы Астана мен Алматыны, берісі Тараз бен Түркістанды жайлаған елге танымал кісілердің көпшілігі осы Таластың перзенттері. Олай болатындай жөні де бар. Себебі, бұл өлке қай кезден де ұлағат пен ізгіліктің, өнеге мен жақсылықтың бастауы болып келеді. Міне, осы тағылымы мол Талас ауданының Ойық ауылында «Елдіктің тоғыз бағыты – жас ұрпаққа бағдар» атты облыс ардагерлер кеңесі семинарының өтуі де ұлағатты жолдың жалғасы деп айтуға болады.

Ұлттық құндылықтарды жаңғырту, салт-дәстүрді дәріптеу, ысырапшылдықтан арылу – осы және өзге мәселелерді қамтыған алқалы жиын Ақкөл ауылынан басталып кетті. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастаған облыс аумағындағы түрлі деңгейдегі ардагерлер ұйымдарының төрағалары мен белсенді мүшелері Ақкөл ауылдық округіне барып, мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, ауылдық Мәдениет үйіне бас сұғып, мекеме қызметкерлерінің өнері мен арнайы әзірленген көрмені тамашалады. Ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының жұмыс бөлмесінде болып, ұйым тарапынан қолға алынып жатқан бастамаларға оң баға берді. Облыстың әр аудан, ауылынан жиналған өкілдердің Ақкөл ауылында да ұлағатты жол, өнегелі істер бар екеніне көздері жетіп, көңілдері сенді.

Мұнан соң аталған делегация Ойық ауылындағы орта мектеп түлектері орнатқан «Д.Қонаев белгісіне» аялдады. Міне, толғанысқа толы сәттің бірі осы. Кезінде барша қазақ даласына нұрын төккен дара тұлғаның отырып, атамекеннің жазира белдеріне сүйсіне қараған тас белгісі – қымбат құндылық. Сол біртуар тұлға, аса көрнекті қайраткер отырған тұғырлы тасқа бірқатар қонақтар отырып көріп, риза болысты.

Ойық ауылдық округінде тарихи жерлер аз емес. Жиын қонақтары Бөлтірік шешен кесенесіне де атбасын бұрды. Қазіргі таңда кесене басына тал-дарақтар егіліп, айналасы күтімге алынған. Жеке шырақшысы кесене жанындағы арнайы салынған баспанада тұрып жатыр. Сыйлы қонақтар Қарақожа мешітіне және Рысқұлдың (Тұрар Рысқұловтың әкесі) бейітіне тәу етіп, аруақтарға бағышталған Құранға қол жайды.

Облыстық делегация «Ауыл аманаты» жобасы аясында төмен пайызбен несие алып, іс бастап отырған ауыл азаматтарының кәсібімен танысты. Атап айтқанда, Фахрадин Рахайдың көлік жөндеу және көлік жуу орталығын, Болатбек Тілепбергеновтың мал бордақылау алаңын аралап көріп, жүйелі іске риза болысты.

Мұнан соң игі шара округ орталығында жалғасты. Ойық ауылдық округіндегі «Жеңіс» саябағында ұйымдастырылған ұлттық нақыштағы көрмелер мен құрылған киіз үйлер, асық ойнаған бозбалалар, боз кілемде белдескен жас палуандар көңіл жадыратады. Біз он қолынан өнер тамған шеберлерді, ұлттық болмысымызды жанымен жақсы көретін жастарды, асық ату ойыны мен қазақ күресінің болашақ чемпиондарын көргендей болдық. Мұнан бөлек алтыбақан тепкен жастар, ауылды тербеген әсем ән қандай ғажап. Тіпті, бір сәт Абай, Біржан, Ақан сері дәуіріндегі қазақы болмыс көшіп келгендей әсерге бөлендік. Өзімізге таныс, өзімізге қымбат қазақы болмыс осы.

Ән мен күй төгілген сахна өңірдегі еңбек ардагерлерінің басын қосқан жиынның деңгейін танытты. Мұндай іс-шараны ұйымдастырушылар тарапына облыстық делегация басшылары ризашылықтарын білдірді.

Мұнан соң жиын қонақтары осы кеңшарды ширек ғасыр басқарған тұлға Әнуарбек Тәжімбетов атындағы Мәдениет үйінде өткізілген «Елдіктің тоғыз бағыты – жас ұрпаққа бағдар» атты семинар-кеңеске қатысты.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев маңызды да, мазмұнды баяндама жасады. Ол: «Осы киелі жерде бабамыз Бөлтірік шешеннің мазарына тәу еттік, Қарақожа мешітінде Құран оқылды, белгілі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұлдың құлпытасына барып, оның әруағына Құран бағыштадық. Ата жолын жалғаған аталарымыз қашанда құрметке ие. «Қарты бар елдің қазынасы бар», олардың әрбір гауһар тасқа бергісіз айтқан ақылдары кейінгі жас ұрпаққа өнеге. «Ел ағасыз болмас, тон жағасыз болмас» деп халқымыз айтқандай, ел ағалары қай уақытта болмасын қоғамдық жұмыстардан еш уақытта тысқары қалған емес. Осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасының Президенті ардагерлердің VIII съезінде үлкен баға беріп: «Екі миллионнан астам мүшесі бар бұл құрылым – Қазақстандағы ірі қоғамдық бірлестіктің бірі. Бүгінгі бейбіт әрі берекелі өміріміз – аға буынның қажырлы еңбегінің жемісі. Тәуелсіздік кезеңіндегі Жаңа Қазақстанды құру жолында жұмыла жұмыс атқардыңыздар. Мемлекет өздеріңізді жан-жақты қолдауға баса мән береді», – деген еді Мемлекет басшысы. Президент айтқандай, біз шынымен үлкен күшпіз. Біз бабалардан қалған салт-дәстүрлерді бүгінгі ұрпақпен лайықты жалғастыруға тиіспіз. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Осы семинардың ұйымдастырылуына себепші болған Ойық ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Пана Рахманбердиевке, қолдау білдірген округ әкіміне, ардагерлерге, мектеп ұжымына үлкен алғыс айтамыз. Бұл жерде нағыз патриоттар, дала дәстүрінде тәрбиеленген, даланың даналығы дарыған адамдар тұрады.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында: «Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты үйлестіре білсек, бұл қолдан келетін шаруа. Ол үшін кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс, яғни әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет. Әділеттілік, заң мен тәртіп, экономикалық тұрақтылық және халықтың оптимизмі – мемлекетіміздің тұрақты дамуының негізі» деп атап өтті.

Жолдауда айтылған тоғыздан астам бағыттың ішінен біздің назарымызда ерекше аударатын мәселе, бұл – ауыл шаруашылығы, яғни асыраушы сала.

Ауыл халқына мемлекет тарапынан да қолдаулар аз емес. Ойықтықтардың 100-ге жуық отбасы арзандатылған кредитті алып, оның оң нәтижесін көріп отырғанын байқадық. Бүгін біз Ойық ауылында біраз кәсіпкер-ардагерлердің жұмысымен таныстық.

Қазір біздің облыста 12 ауылдық округ ішімдіксіз салауатты өмір салтын ұстанатын елді мекендер қатарында», – деді.

Сонымен қатар, семинарда Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндап, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.

Айтолқын Серікқызының айтуынша, аймақта биылғы жылы 2318 азамат жұмыспен қамтылған және жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. 2019 жылдан бері атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларының саны 255-ке кеміген. Мүмкіндігі шектеулі зейнет жасындағы 35 ардагер шипажайға жолдама алған.

Өз кезегінде Ойық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Пана Рахманбердіұлы ауыл көлемінде жүзеге асып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

– «Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауыл азаматтарының қаржылай демеушілігімен 1 отбасыға 1 баспана соғылса, 4 отбасының үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 100-ден аса тұрғын 2,5 пайызбен несие рәсімдеп, кәсіптерін жалғастырып отыр. Ауылдан шыққан кәсіпкерлер мен мектеп түлектері балалар ойын және спорт алаңшасын, саябаққа субұрқақ орнатты, атшабар соқты. Жомарт жандар айналаның шырайын келтірген көптеген игі іске көмек көрсетіп келеді, – деген Пана Рахманбердіұлы жүйелі жұмыстардың жалғасатындығын жеткізді.

Сондай-ақ, басқосуда ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығын алға тартқан облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы Жаңабай Миллионов елдігімізді танытып, ауызбіршілігімізді сақтау үшін ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға көңіл бөлуге шақырса, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы ұйым тарапынан жүзеге асқан жұмыстар мен алға қойған міндеттерге тоқталды. Ал, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ақынбек Бектай жердің шалғайлығына қарамастан уақыт бөліп келген ардагерлерге ризашылығын білдірді.

Жиын соңында қатысушылар «Елдіктің тоғыз бағыты – жас ұрпаққа бағдар» атты облыстық семинар-кеңестің Үндеуімен таныстырды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар