«Қазақ хандығының құрылу тарихы»

«Қазақ хандығының құрылу тарихы»
ашық дереккөз
«Қазақ хандығының құрылу тарихы»

атты монография жарық көрді

Қолыңды соқ, оқырман! Елімізге белгілі тарихшы, ғалым, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Берекет Кәрібаевтың Алматы қаласындағы «Сардар» баспасынан «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты монографиясы жарық көрді. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының қарсаңында шығарылған туынды ғалымның тойға тартқан тәбәрігі болса, ал бүгінгі жас ұрпақ үшін өз тарихына терең бойлауына, еліміздің өткені мен келешегіне қатысты өзіндік пікір түюіне игі әсерін тигізері даусыз. Өйткені, ғылыми еңбекте Қазақ хандығы құрылуының теориялық және әдістемелік мәселелері, хандықтың құрылуының зерттелуі, оның деректері, этникалық және саяси алғышарттары, хандықтың құрылу барысы мен кезеңдері, қазақ этнонимі, сонымен қатар хандықтың құрылуының маңыздылығы туралы мәселелер нақты тарихи мәліметтер негізінде ғылыми тұжырымдармен түйінделіп берілген. Онда алпыстан астам шығыс деректерінің мәліметтері пайдаланылыпты. Сондай-ақ, тарихи деректермен қатар аңыздар да тілге тиек етілген. Жеті тараудан тұратын кітапты парақтаған жан ондағы тақырыптардың қай-қайсысының болсын өзектілігіне көз жеткізеді.

Сиясы әлі толық кеппеген дүние Таразға да келді. Оған ұйытқы болған Тараз мемлекеттік педагогикалық институты. Оқу орны жанындағы Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығының ұйымдастыруымен, кітап авторы, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаевпен кездесу өткізіліп, институттың оқытушы-профессорлық құрамы және студенттерінің алдында монографияның Тараз жерінде ресми тұсауы кесілді. Жарқын жүздесуді ашқан институт ректоры Дәрия Қожамжарова оқу орнындағы оқулықтардың сөресін тың дерекке толы жаңа дүниемен толықтырған әріптесінің еңбегіне ризашылығын білдірді. «Қазақ хандығына қатысты мәселелер кімді де болса бей-жай қалдырмайды. Қолымызға тиген кітап үлкен ордалы еңбек. Тарихи дерекке толы туындының өмірге оңайлықпен келмесі анық. Бұл автордың осы Қазақ хандығы тақырыбындағы жиырма жылдан астам талмай ізденген еңбегінің жемісі. Бұл біздің қуанышымыз, өткеніміз, тарихымыз, болашағымыз», – деді Дәрия Пернешқызы сөзінің түйінінде. Ал Берекет Бақытжанұлы қазақ тарихын оқып, зерделеуге бала күнінен ынтық болғанын, оның ішінде Қазақ хандығының құрылуы қызықтырғанын жеткізді. – Негізі, кандидаттық диссертациямның тақырыбы – «Қазақ хандығының күшеюі» деп аталды. Бірақ мен Қазақ хандығының құрылуы мәселесіне қарай ойысып, соны зерттеуге ықыласпен кірістім. Сөйтіп, Қазақ хандығының құрылуына қатысты деректер негізінде бұл кітапқа енген материалдарды 2008 жылы жазып бітірдім. Еселі еңбектің ешқашан зая кетпесі анық. Биыл міне, Қазақ хандығының 550 жылдығына тарту ретінде кітап етіп шығардым. Мұны дер кезінде шыққан дүние деп ойлаймын. Кітапқа сұраныс көптеп түсуде. Педагогикалық институттардан бірінші болып Тараз мемлекеттік институты тапсырыс берді. Мен бұған қатты қуандым. Тараз біріншіден, тарихи қала, екіншіден, торқалы тойдың иесі. Ұлы мерекені тойлауға қатысты таңдау да Таразға бекерден-бекер түскен жоқ. Мұның барлығының мән-жайын кітаптың ішін оқыған соң білесіздер. Қазақ хандығының құрылуы өте күрделі тақырып, әрине. Бірақ өзім осымен ұзақ жылдар бойы айналысқандықтан, жазу онша қиындық тудырған жоқ,-деді Берекет Бақытжанұлы. Келесі кезекте сөз алған қаламы қарымды журналист, облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген өз ойын былай өрбітті: «Кітап оқырмандар мен көрермендер үшін ерекше деп білеміз. Өйткені, Қазақ хандығының тарихы туралы халықтың барлығы толыққанды біледі деп айта алмаймыз. Шындығы сол. Берекет Кәрібаев өзінің жиырма жылдық еңбегінің жемісін міне біздің қолымызға ұстатып отыр. Оны парақтаған қалың оқырман талай тарихтың сырын ұғары анық». Институт оқытушылары мен студенттері Берекет Бақытжанұлына түрлі сауалдар қойып, оған жауап алды. Дәл осындай жиын Тараз мемлекеттік университетінде де өтті. Қазақ хандығының құрылуына қатысты сан-сауалдар төңірегінде тарихшы ғалыммен жүргізген сұхбатымызды газетіміздің алдыңғы сандарынан оқисыздар.

Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар