Өңірлерді дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті, сапалы өнім өндіріп шығаруына кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді көздеген іс-шараға Тараз қаласы мен облыстың барлық аудандарынан іскерлер қатысты. Олар өздері әзірлеп, өндірген ұлттық киімдерді, аксессуарларды, бас киімдерді, бірегей зергерлік және ағаштан жасалған бұйымдарды, түрлі азық-түліктерді көпшіліктің назарына ұсынды.
– «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша, өнімдер маркетингтік қолдауға ие болып, брендтеліп, сертификатталатын болады. Бұл жергілікті тауарларға деген сұранысты арттырып, экспортқа шығуына мүмкіндік беретіні анық. Бүгін көрмеге облысымыздың 250-ден астам тауар өндірушілері қатысуда. Мұнда қосымша көрмеге қатысушылардың өнімдерімен танысып, үздіктерді іріктейтін арнайы сарапшылар тобы да жұмыс істеп жатыр. Үздік деп танылған өнімдер «Бір ауыл – бір өнім» республикалық көрмесіне қатысып, жеңімпаз атанып , 5 миллион теңгеге дейін грант ұтып алу мүмкіндігіне ие бола алады. Сонымен қатар, аталған іс-шара аясында жергілікті тауар өндірушілеріміз облыс басшылығымен кездесіп, көкейлеріндегі сауалдарына жауап алады. Мұндағы басты мақсатымыз – жергілікті кәсіпкерлердің мәселесін анықтау. Қандай көмек керек екенін білу. Бұл көрме-жәрмеңке жыл с айын өткізіледі деп жоспарлап отырмыз,–дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев.
Көрмеге жасаған тауарларын ұсынғандардың бірі – Т.Рысқұлов ауданынан келген Гүлбахар Нурадинова бұл іс-шараға екінші рет қатысып отыр екен.
– Дінмұхамед Қонаев ауылындағы №5 мектепте медбике болып жұмыс істеймін. Өзімнің қызығушылығыммен аяқ киім тоқимын, табиғи шикізаттардан түрлі сабындар жасаймын. Бүгінгі көрмеге крассовки, сәнді сүйретпе және үй ішіне киетін тәпішке, балаларға арналған жеңіл аяқ киімдер алып келдім. Сонымен қатар, сиырдың тоңмайы, сұйық май қосылған кір сабындар және эфир майынан жасалған әтір сабындарды жәрмеңкеге қойып отырмын. Тұтынушылардың қызығушылығы жақсы. Себебі, бұл өнімдер химиялық қоспасыз, таза табиғи шикізаттардан жасалған. Осы іспен айналысқаныма екі жыл болды. Қажетті заттарын сатып алуға қаржы керек. Әзірше аз-аздан жасап жүрмін. Егер қаржылай қолдау болса, осы ісімді кеңейтіп, өз ауылымыздан аяқ киім, сабын өндіретін цех ашсам деген ойым бар. Мұндай көрме-жәрмеңке тауарларымызды тұтынушыларға ұсынуға мүмкіндік бере отырып, іскерлікте не қажет екенін айтуға, талап-тілектерімізді осы бағыттағы басшылыққа жеткізуге зор мүмкіндік береді. Осындай іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, – дейді Гүлбахар Мәуленбергенқызы.
Айта кетейік, көрмеге қатысушылардың жәрмеңкесімен қатар, әйелдер мен әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары бойынша панельдік сессиялар да өткізілді. Менторинг, бизнесті дамыту жайында «Үздік инвестиция» консалт-орталығының басшысы Айнұр Заурбекова және Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Виктория Усманова жүргізді.
Көрме-жәрмеңке аясында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бизнес-қоғамдастықпен кездесіп, пікірлесті. Сарапшылар анықтағаннан соң көрме финалистері бизнесті дамыту үшін мемлекеттен гранттық конкурсқа қатысуға мүмкіндік алады.
– Кәсіпкерлікті дамыту – бүгінгі күннің талабы. Көптеген жергілікті кәсіпкерлерімізге көмегі зор бүгінгі көрме-жәрмеңкені ұйымдастырған «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына алғысымызды айтамыз. Үкіметтің белгілеген бағдарламаларымен әртүрлі қолдаулар да көрсетілуде. Бүгінде өңірде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 105 мыңнан асты десек, осы салада тұрақты түрде жұмыс істейтін азаматтар саны 165 мыңға жетті. Шағын және орта бизнес субъектілеріне көрсетілген қолдау аясында, яғни 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлік дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде 300 миллиард теңгеден астам қаржыға 15 мыңнан астам жоба іске асырылды. Өңірдің алдағы жылдарға арналған инвестициялық портфелінде 3,4 триллион теңгеге дейін жобаланған 80-нен астам жоба тұр. Бұл шамамен 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Осы тұста әйел кәсіпкерлігінің ел экономикасын ілгерілетуге қосқан үлесін атап айтқан жөн. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерліктің тең жартысына жуығын әйел азаматшалар жүзеге асырып жүр. Әйел кәсіпкерлер басқаратын шағын және орта бизнес субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 50 мыңнан асты. Бұл жалпы жұмыс істеп жүрген кісілердің 30 пайызы. Әйел кәсіпкерлердің белсенділігін бүгінгі көрмеде де көрдік. Әрине, бұл саладағы қолдау бұдан ары жалғасын таба береді. Халықтың әлеуетін арттыру үшін билік пен бизнестің тығыз жұмыс істеуі аса маңызды. Елге тиімді барлық бизнес идеяларды жүзеге асыруда біз қолдауға әзірміз, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Кездесу барысында жамбылдық кәсіпкерлер ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту мен ауыл халқының әл-ауқатын арттыру құралы ретінде өзінің тиімділігін көрсеткен «Бір ауыл – бір өнім» жобасын жүзеге асыру барысында кейбір шектеулерге тап болатындарын айтып, оны шешу жолдарын қарастыруды сұрады.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Референдум-2024: Сайлау учаскелері жұмысын тоқтатты
- Бүгін, 20:01
Бақылаушылар да белсенді
- Бүгін, 18:15
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді