Салық төлеу тәртібі қайтсе жеңілдейді?

Салық төлеу тәртібі қайтсе жеңілдейді?
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Салық режимдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн», – дей келе жаңа Салық кодексін қабылдауды келесі жылға қалдыруды ұсынды. Президенттің айтуынша, жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай саралау қажеттігі туындап отыр, яғни кім қанша көп табыс тапса, сонша салық төлеуі керек.

Ал, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов қазіргі уақытта Салық кодексінде арнаулы салық режимінің 7 түрі қарастырылғанын жеткізді. Оның 4 түрі – шағын кəсіпкерлік субъектілеріне, 2 түрі – ауыл шаруашылығы өнімдеріне, 1 түрі бөлшек сауда салығы шағын жəне орта бизнеске арналған. «Кəсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау мақсатында Салық кодексінде жекелеген салықтарды есептеу жəне төлеу тəртібін жеңілдету көзделіп отыр. Сондай-ақ, бұл режімдер жеңілдік мөлшерлемелерін жəне салық жүктемесін азайтуға бағытталған басқа да тетіктерді белгілейді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында салық режимдерін оңтайландыруды тапсырды. Осы мақсатта жаңа Салық кодексінде арнаулы салық режимдерінің үш түрі ұсынылады. Бірінші, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жеке тұлғаларды жеке табыс салығын төлеуден босату, арнайы мобильді құрылғылар бойынша əлеуметтік төлемдерді есептеу. Екінші, оңайлатылған декларация негізінде бөлшек сауда салығын біріктіру. Үшінші, шаруа жəне фермер қожалықтары бойынша қолданыстағы тəртіп сақталды, бірыңғай жер салығының жойылуына байланысты салық тек жеке табыс салығы түрінде төленетін болады. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына сəйкес жаңа Салық кодексін қабылдау келесі жылға шегерілді. Жаңа Салық кодексінің жобасы аясында салықтық əкімшілендіруді оңайлатуға жəне цифрландыруға ерекше көңіл бөлінген. Негізгі мақсат – салық төлеушілердің салық міндеттемелерін қарапайым орындауы. Қарым-қатынастың бұл форматын қолдану салықтық əкімшілендіруді жеңілдетіп қана қоймай, салық төлеушілерге хабарламалар мен мемлекеттік қызметтерді жеделдетіп алуға мүмкіндік береді», – дейді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары.

Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы, сарапшы Ғалым Байназаров Ұлттық экономика министрлігінің екінші деңгейлі банктердің корпоративті табыс салығы мөлшерлемесін 20-дан 25 пайызға арттыру туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. Сарапшының айтуынша, ішкі нарықта теңге дипломатиясының мүмкіндігін пайдаланатын кез енді келді. «Бұл – ұзаққа созылатын үдеріс. Мұны банктердің құрылтайшылары мен Үкімет арасындағы дипломатиялық майдан деуге болады. Шыны керек, банк құрылтайшылары да осал емес. Олардың арасында Үкіметтің кез келген шешімімен жүре сөйлесетіндер жетеді. Банктерді заңға мойынсұндыруға мəжбүрлейтін заң тетігі осыдан басталады. Біз банк туралы заң қабылдаумен банктердің мəселесін шеше алмаймыз. Қаржы сегментінде халықтан жасырып, бүгіп қалатын қалтарыстар болмауы керек. Ал, банктердің корпоративті табыс салығын көтерсек, несие пайызы көтеріліп кетеді деген қорқынышы торғайдан қорқып, бидай екпеумен бірдей. Корпоративті табыс салығы кез келген деңгейлі банктердің табысына кері əсер ете алмайды. Қаржы сегментінің түтіні түзу болса, нарық пен банктің бір-біріне деген көзқарасы түзеледі. Мемлекет басшысының бұл ұстанымы түсінікті тілмен айтқанда, «банктер саған айтамын, қазақ бизнесі, сен де түзел» дегенге көбірек ұқсайды», –дейді ол.

Егер банктердің экономиканы қаржыландырудағы үлесі ойдағыдай болса, мұндай ұсыныс айтылмас еді. Біздің банктердің ұзақ уақыт бойы ресурстарға бай елдер арасында табыстылықтың ең жоғары көрсеткіштеріне ие болғаны Дүниежүзілік банктің сəуір-мамыр айындағы есебінде де айтылады. Былтыр Дүниежүзілік банк ел үкіметі 2009-2020 жылдары банктерге көмектесуге 8,2 триллион теңге бюджет қаржысын бөлді деп мəлімдеді. Мұны Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов те растады.

– Біздің банктердің шығыны төмен, салығы аз, табысы көп. Біз бұл көрсеткіш жағынан əлемде ешбір елге дес бермей отырмыз. Отандық банктердің негізгі клиенттері – халық пен өзіміздің компаниялар. Шетелдік компаниялар қаржыландыруды халықаралық институттардан іздейді. Несие портфеліндегі экономикаға, өндіріске берген несие үлесі өте төмен. Банктер тұтынушылық несие есебінен табысқа кенеліп отыр. Бұл ретте кей сарапшылардың «банктердің табыс салығы көтерілсе, несие пайызы көтеріледі» деген болжамымен келіспеймін. Банктерде қосымша табыс көзінің каналдары жетеді. Мобильді ақша аударымдары үшін алынатын комиссиялар – сомасына қарай 150-1500 теңге. Есепшот арқылы аударымдар комиссиясы 0,2 пайызбен 0,95 пайызға дейін құбылып тұрады. Халықаралық аударымдар сомасы – аударатын сомасына қатысты тұрақты түрде 2 доллар немесе 10 мың доллар. Бірақ, соған қарамастан елдегі 21 банктің салығы 600 миллиард теңгеден сəл ғана асатыны өткен жылы айтылды. Ұлттық экономика министрлігінің олардың корпоративті табыс салығын 25 пайызға көтеру керек деген шешіміне осы фактор себеп болса керек, – дейді Ұлттық банк басшысы.

Өткен аптада Астана төрінде Құрылысшылар одағы ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында сарапшылар, бизнес-қоғамдастық өкілдері және мүдделі мемлекеттік органдар салық пен нарық арасындағы түйткілді мәселелерді талқылағаны белгілі. Жиынға қатысқан құрылысшылар бүгінде баспанаға сұраныс бар, бірақ тұрғындар оны сатып ала алмай отырғанын айтты. Сөздерінше, құрылыс компанияларында өтпей қалған, бос тұрған пəтерлер көбейіпті. Рас, халықтың басым бөлігінің қазіргі бағаларды да қалтасы көтермейтіні белгілі. Оның басты себебі – құрылыс материалдарының 80 пайызын импорттық тауарлар құрайды. Баға доллармен бірге өсіп жатыр. Мұндай жағдайда нарықтағы ұсақ компаниялар жұмысын уақытша тоқтатады немесе өздерін банкрот деп жариялайды. Мұның соңы нарықтағы жаңа ойыншылардың қырық жылғы қырғыннан да аман шығатын монополист компанияларға жұтылып кетуіне алып келеді. Салық альянсының мүшесі Жанар Сүлейменованың айтуынша, көп талқысындағы кодекстің жаңалығы жаңадан іс бастауға əрекеттеніп жүргендерге емес, қалыптасқан кəсіпорындардың алдағы тіршілігіне қауіп төндіріп тұр. Бизнес қауымдастықтың пікірінше, бизнестің басты проблемасы – корпоративті табыс салығы жəне жалақының жоғары салықтары. Бұл түйткілдер жаңа Салық кодексінің жобасында шешімін тапқан жоқ. Соған қарағанда келесі жобаның еншісіне қалған тəрізді. «Бұл шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орта бизнесті дамыту туралы жоспарының өзектілігін жоққа шығарумен бірдей. Күні бүгінге дейін жоғары деңгейдегі шешімдердің бəрі орта бизнестің дамуына əсер ете алмады. Статистикалық мəліметтерде бар болғаны 3 мың кəсіпорынның жұмыс істеп тұрғаны айтылады. Бұл барлық шаруашылық жүргізуші субъектілердің 0,13 пайызынан аз», – дейді сарапшы.

Сондай-ақ, Жанар Сүлейменова Салық кодексінің жобасындағы мəселелер шешілмесе, мұны декларация мен бөлшек сауда салығы арасындағы гибридтік əдіс деп бағалауға болады деген ой айтады. «Мұндай жағдайда кодекстің жаңа редакциясы қоғам мен бизнес үшін ыңғайсыз əрі қалаусыз құжат ретінде қабылданады. Осы заңның жүзеге асуына мүдделі болып отырған топ нарықтағы жағдайдан мүлдем бейхабар сияқты. Нарыққа гибридті кодекс емес, ішкі мүмкіндіктің қалтасы көтере алатын дені сау кодекс керек. Қазір халық экономикалық құрылымның қандай болатынын білгісі келеді», – дейді ол.

Қазақстан салық кеңесшілері қауымдастығының төрағасы Сəкен Қариннің айтуынша, шағын жəне микро бизнеске мемлекеттің қолдауы қажет. «Бұл қолдау салық ауыртпалығын азайту емес, салықтық əкімшілендіруді жеңілдету арқылы көрсетілсе, нəтижелі болады. Ұсынылып отырған салық реформасы бейресми немесе тіркелмеген бизнесті, төленбеген салықтарды жəне заңды айналып өтуді қамтитын «көлеңкелі нарықтың» өсуіне ықпал етуі мүмкін. Құжатқа енген өзгерістер салық органдары жоспарлы тексерістен кетіп, жоспардан тыс тексеріс жүргізуге мүмкіндік бергелі тұр. Осыған дейін бұл мəселе мемлекеттің бақылауында болды. Кəсіпкерлер мен салық органдары арасындағы байланыс жоспардан тыс тексеріс жүргізуге мықты негіз бен себеп керек деген ұстанымға негізделді. Енді салық органдары жоспардан тыс тексерісті Кəсіпкерлік кодексі негізінде емес, өздерінің шешімі негізінде жүргізгісі келеді. Мұндай тəсіл жарамайды деп ойлаймыз. Мұның бəрі жемқорлық факторларын тудырады. Мен ең маңызды деген мəселені көтеріп отырмын. Жаңа Салық кодексінде кəсіпкерлерді толғандыратын мəселелер көп», – деген ол қазіргі уақытта кəсіпкерлер мен салық төлеушілерді алаңдатып отырған бірнеше негізгі жайтқа назар аударды. Айтуынша, ұлттық палата сарапшылар пікірінің түйінін «Ашық НҚА» порталында жариялау керек еді. Жаңа кодекстің бірінші жобасына қауымдастық 200-ге жуық ұсыныс жолдаған. Дегенмен, қазірдің өзінде кодекстің екінші жобасы əзірленді, ол бірінші талдауға сəйкес мүлдем басқа нормаларды қамтиды. Оның салық төлеушілердің жағдайын жақсартатын да, нашарлататын тұстары бар. Енді қауымдастық жаңа кодекстің екінші жобасына ұсыныстар енгізу мүмкіндігінен айырылып отыр. Айтуларынша, уақыт тапшы деп асығып, миллиондаған бизнес өкілінің болашағына селқос қарауға болмайды. «Бұрын фискалдық орган біреуді адал емес деп тану үшін заң бұзушылықтың бар екенін дəлелдеуге мəжбүр болды. Заң кəсіпкерлердің құқын қорғады, мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етті. Енді салық органдары профилактикалық бақылау принциптерінен алшақтап кетті. Біреуді біреу тексеру қажет деп есептесе, соны жасайды. Біз тексеру немесе бақылау мақсатының ашық болуын қалаймыз. Салық органдарының кез келген жоспардан тыс тексерісі – бизнестің жағдайын нашарлататын норма», – дейді С.Қарин.

Сарапшының айтуынша, бұрынғы тексерулердің барлық негіздемесі Кəсіпкерлік кодексте нақты көрсетілген. Кəсіпкерлер Салық кодексінде де осындай ережелерді көргісі келеді. Олардың айтуынша, қазіргі құжат заңға тəуелді акт ретінде қабылданғалы тұр. Басқаша айтқанда, бұйрық қабылданады, соған сəйкес салық органдары тексеруге іріктеу критерийлерін бекітеді. Бірақ, Үкіметтің мұндай пікірлерге айтар уəжі де дайын болып шықты. Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Ерлан Сағынаев жаңа Салық кодексінің жобасында барлық проблемалық мəселенің 70 пайыздан астамы көрініс тапқанын жəне олар барлық рəсімді сақтауға тырысатынын мəлімдеді. «Нарық бірінші кезекте ұсынысқа ғана басымдық береді. Тіршілік бар жерде бұл процесс жалғаса береді. Сіз бен біздің қаншама күн бойы талқылап, түйінін таба алмаған шешімдердің бəрін нарықтағы ұсыныс пен сұраныс реттеп отырады. Ал, заң жобасына қатысты тəуелсіз сарапшылар тарапынан бір мыңнан аса ұсыныс түсіпті. Халықаралық сарапшылардың да пікірі ескерілді. Дүниежүзілік банк те, Халықаралық валюта қоры да оң пікір берді. Мемлекет болып атқарып жатқан орасан істерді жоққа шығармайық. Салық кодексінің барлық жобасы бизнестің де, халықтың да талап-тілектеріне сай емес деп айту шындыққа жанаспайды. Өйткені экономиканың дамуы тұрғысынан оңды жəне жақсы тұстар көп», – дейді Е.Сағынаев.

Қорыта айтқанда, Президент бұған дейін өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа Салық кодексінің жобасын қатаң сынға алғанын ұмытқан жоқпыз. Ал, халыққа арнаған маңызды құжатта жаңа Салық кодексін қайта қарап, талқылау жүргізіп барып қабылдауды ұсынды. Естеріңізде болса, Премьер-министр Олжас Бектенов кодексті қайта жазып, оның риторикасын өзгертуді тапсырған еді. Нəтижесінде, Үкімет корпоративті табыс салығын көтеру идеясынан бас тартып, кейбір нормаларды қайта қарады. Енді құжат қайта жазылса, біраз жайттың басы ашылмағаны байқалатын сыңайлы. Демек, мамандардың кәсіби біліктілігі келер жылы тағы да сынға түспек.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

 

Ұқсас жаңалықтар