Әулиеатадағы алғашқы әйел соты

Әулиеатадағы алғашқы әйел соты
Ашық дереккөз
Әйел теңсіздігі мәселесі өткен ғасырдың басында-ақ алашордашылардың басты ұраны болған. Олар әйел теңсіздігін бірінші орынға қойып, нәзікжандыларға қатысты ұлт ұғымынан тыс таным-түсінікті өткір сынады. Осылайша, қазақ қыздарының мұң-мұқтажын күйттеп, қалыңмал арқылы адам баласын саудаға айналдыру феодалдық дәуірге ғана тән сипат екендігін айтудан шаршамады. Осы бағытта ұлт зиялыларының басты қаруы баспасөз болды десек, қателеспейміз. Қара танып, жұртшылық оқуға жаппай ұмтылып жатқан тұста халықтың аймаңдай ұлдары қазақ қызына жасалған әрбір қиянатты қапы қалдырмады. Сол арқылы халық жадына сілкініс жасауға ұмтылды. Бұл үрдіс әулиеаталықтарды да айналып өтпеді. Ұзақ жылдар Қоқан хандығының қарамағында болған өлкеде кеңестік биліктің алғашқы жылдары әлеуметтік ахуал мәз болған жоқ. Мұнда да қыздың қалыңға сатылған оқиғалары жиі ұшырасты. Осындай сипаттағы оқиғаның бірі 1922 жылы орын алған. Қыз еркіндігін көксеген кезекті таластың соңы сот процесіне ұласқан. Қызығы сол, сот отырысына Алаш арыстары Сұлтанбек Қожанов, Қабылбек Сарымолдаев пен қазақтан шыққан тұңғыш әйел журналистердің бірі – Сара Есова да қатысқан.

Қыз құқығын қорғауды мақсат тұтқан сот отырысы кеңестік Әулиеатадағы алғашқы әйел соты десек те қателеспейміз. Өйткені, бұл оқиға сол кезеңдегі партиялық орган басылымы «Ақ жол» газетінің 1922 жылғы 10 маусымдағы санында «Шын» лақап атымен «Көптен күтілген іс» деген тақырыпта жарияланған. Сот процесінде Жұмай Өмірбекқызы есімді жәбірленушінің тағдыры қаралған. Патша тұсында Шу өңірінің тұрғыны Өмірбек Сандыбайұлының 6 жасар қызын Аққолтық болысының азаматы Байболат Байгөбек баласы бесіктегі ұлы Қырғызбайға құда түсіп, атастырып қояды. Құдалар арасында алыс-беріс жүріп, қалыңмал да өтіп кетеді. Арада жылдар өтіп, қыз 18- ге жетіп, толған айдай толықсиды. Әйтсе де, күйеу әлі 12-де ғана. Соған қарамай Байболат келінін түсірмек болады, бұған ата-анасы келісіп, қызын ұзатуға дайындалады. Бірақ, балалықтан шықпаған Қырғызбайға қосылып, тұрмысқа еніп тіршілік ете алмайтынын білген Жұмай қыз Аша болысындағы Мақатай Батырбек баласымен көңіл қосып, қашып кетеді. Байболат елі ар-намысқа шауып, ақсақал-қарасақалы, жігіт- желеңі жиналып, құда ауылына ат ойнатады. «Келінімізді тауып бер» деп шаңырақтарына қобыз сарнатады. Өмірбек қызының бақытын ойламай, өткен малды қайтаруға қимай, құда- құдағиларын ертіп барып, қыстың қылшылдаған аязды түнінде Мақатай ауылын қиратып, адамдарын қан қылады. «Өлтірсеңдер де, мен енді қайтпаймын» дегеніне қарамай, Жұмайды түйеге басып алып кетеді. Келіннен айырылып, артынан қуып барған адамдарды өлімші етіп сойылға жығады. Арада үлкен дау туып, іс сотқа жетеді.

1922 жылы 10-12 мамырда сот процесі Әулиеатада өткен. Бұл жайында филология ғылымдарының докторы Темірбек Қожакеевтің «Тараз тағылымдары» еңбегінде баяндалады. Осы дерекке сүйенсек, сотқа айыптаушы ретінде Сұлтанбек Қожанов пен Сара Есова, қорғаушы болып Қабылбек Сарымолдаев қатысқан. Айыпталушы орындығына 8 адам отырған. Бұлардың ішінде Шудың ақын-серілері Сауытбек Ұсаұлы, Қален баласы Жидебай болған. Куәлар қатарына тоғыз адам тартылған. Болған істі бұра баяндап айыпталушылар ештеңе өндіре алмаған. Байболат бесік құда болғанын, Өмірбек қалыңмал алғанын, ақын-серілер қыз тағдырын көкпарға салғанын жоққа шығара алмаған. Күйеу жігіт Қырғызбайға алдын ала үйреткен өтіріктер көпке ұзамаған.

Сотта Жұмай: «Мұндай күйеуді бұрын-соңды көрген емеспін. Бұл мені айттырып, алам деп ауылыма келген де емес. Мені барған жерімнен тартып әкеліп, бұл мұрынбоққа зорлап қосып отырған мыналар», – деп айыптаушыларды көрсеткен. «Мен Мақатайдың әйелімін. Маған бостандық беріңіздер!», – деп басына бостандық сұраған.

Ал, Сұлтанбек Қожанов: «Қазір... бізге бостандық берілді. Бір байдан шығып, басқа байға кетсек те, өз еркіміз деп, кедейлерден кетіп, ішіп-жемі бар, киер киімі бар байларға барып, бас ұрып жатқан әйелдер көбейіп барады... Бұл Кеңес өкіметі берген бостандықты дұрыс түсінгендік емес, бақытын тапқандық емес, бұл – арсыздық, азғындық. Өмірбек қызы Жұмай осындай бейморальдыққа соққы беріп отыр. Байларға, барларға бас ұрмай, сүйген кедей жігіттің етегінен ұстап отыр. Міне, нағыз имандылық, өз бақытын іздеу. Бұған қарсы болу, жол бермеу – қылмыс, қара жүректілік, әділетсіздік. Жұмайға бостандық беру керек. Ал, оған көлденең тұрғандарға, жуан жұдырықтарға заңның жұдырығын «иіскету» керек. Бұл – заман талабы», – деген екен.

Әділ ұсынысты қорғаушы Қ.Сарымолдаев та қостап: «Кеңес өкіметі бүгінде әйелдердің теңдігін қолға алып отыр. Қалыңмалды жою, қызды малға жығып алуды қою туралы низам – осының дәлелі. Бірақ, мұнымен әйелдерге бостандық бола қалған жоқ. Бұған қызды көкпарға салып отырған мына ағайындардың сорақы ісі – айғақ. Өз құқығы үшін күрес әйелдердің өз тарапынан да көрсетілуі қажет. Осы жағынан мына Жұмай қыздың қайсарлығы – басқа қыз-келіншектерге үлгі- өнеге. Демек, шын бостандық алу низамда емес, әркімнің өзі үшін күресінде. Жұмайға ерік беріп, ерлікпен алған еркің баянды болсын деу керек. Ал, айыптыларды жауапқа тартуда бесік құда болып, қалыңмал өткізу төңкерістен бұрын, патша заманында болғанын ескерген жөн», – деген. Сот үкімі бойынша Жұмай Өмірбекқызына бостандық берілген. Айыпталушылар 2-3 жылдан кесік алып, күпісін киіп, бөстегін арқалап, түрмеден бір-ақ шыққан.

Жалпы, Сара Есова Алма Оразбаева, Нағима Арықова, Мәдина Бегалиева секілді әйел теңсіздігін ту еткен арулармен бірге Қазақстандағы әйелдер қозғалысын ұйымдастырушылар қатарында болғаны белгілі. Олар оңтүстік өңірлерде қызыл киіз үйлер тігіп, әйелдерге құқықтық мәселелер бойынша кеңестер беріп, сауатсыздықты жою бойынша жұмыстар жүргізген. Ал, Алаш қайраткерлері Қабылбек Сарымолдаев пен Сұлтанбек Қожановтың өңір тарихына қатысты тағдыршешті оқиғалардың ортасында көбіне бірге болғандығын білеміз. Әсіресе, Сұлтанбек Қожанов өлкеде заң үстемдігін орнатуға атсалысып, 1920 жылдары қалың малды жою, қыздарды малша сатуды қою туралы декретті жүзеге асыруға қатты араласқан. Өйткені, әйелдер арасында да теңдік берілді дегенді теріс түсініп, енді не істесек те өзіміз білеміз деп адасушылар да болған. С.Қожанов осы әлеуметтік ағынға қарсы күрес жүргізді. Мұның моральдық, имандылық жағынан мүлде терістігін тынбай түсіндірді. Түркістан Орталық Атқару Комитетінің мүшесі ретінде бірде ол «Ақжол» газетінің 1921 жылғы 7 маусымдағы санында: «Әулиеатада көбіне қазақ-қырғыз кедейлерінің әйелдері кетіп жатыр. Орыстың әйелдерге берген теңдігі біздің қазақ, қырғыз кедейлеріне тиімді болмай отыр. Орыстың «кушимасы» тар болып, сарттың шапаны кең, ұзын болып, құрбанға шошқа сойғандай болып жатырмыз. Орыс отаршылдарымен, өз арамыздан шыққан соғылғандармен тартынбай таласу, тартысу, аянбай алысу керек. Ия өлім, ия азаттық деп белсене күресіп, жебірлерді жеңу, бәйге алу керек», – деп үндеді.

Осылайша, Әулиеата жерінде Алаш идеясының түлектері бір уақытта бір мақсатқа жұмылып, жұмыс істеген. Олар қоғамдық құндылықтар мен адам құқығының бұзылмауын қадағалап, азаматтық бейнемізді айшықтап, еркіндігімізді танытатын заң үстемдігінің орнауына белсене қызмет еткен. Сонда ғана білімді, озық ойлы азаматтардың қоғамда кең қанат жайып, ұлттың әл- ауқаты мен әлеуметтік жағдайының жақсаруына жұмыс жасайтындығын білген. Сол арқылы ел ертеңі мен болашағының кемел болатындығына кәміл сенген.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар