«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алыптар туған Аспантау

Алыптар туған Аспантау
Әсел КӘРІБАЙ
Дүниелік құбылыстарға көңіл көзімен қарап, жүрек дүрсіліне ғаламнан үндестік іздейтін кез келген қаламгерге шартарапты шарлау, қаламдаспен жүздесу ерекше бақыт сыйлайды. Уақыт қанша жүйрік десек те әр мезеттің кереметін алпыс екі тамырымен сезінуге талпынатын бір топ шығармашыл қауым Алатаудың етегінде қауышып, еліміздің мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған әдеби тур аясында Алматы, Жетісу өңірлерін аралады.

Жуырда ғана Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан құрылған «Алқа» әдеби клубының бастамасымен жүзеге асқан әдеби тур еліміздің әр өңірінен келген 15 қаламгердің басын қосты. Әр өңірдің қасиеті мен киесін қаламына қондырған ақындар мен жазушылар мәдениетіміздің мәйегі болған Алматыда жиналуы бекер емес. Дәл биыл отандық балалар әдебиетінің алып бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық, қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Осындай айтулы даталар аясында алыстан ат арылтып жеткен қаламгерлердің тоқтаған әуелгі нүктесі Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты болды. Бұлай болуы заңды да. Қазақ әдебиетінің қарашаңырағынан бір топ қалам ұстаған жасты Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, белгілі жазушы Бейбіт Сарыбай ақжарма тілегін айтып, шығарып салды.

– Бара жатқан жерлеріңіз Мұқағали мен Бердібек туған өлке. Қазақ поэзиясының Меккесі Жидебай болса, Мединесі Қарасаз деп ойлаймын. Қазақтың қос мықты қаламгерінің кіндік қаны тамған жерге тәу етіп барасыздар. Жолда Шарын шатқалы мен Көлсайды да тамашалайсыздар. Тұлпарларыңыз сүрінбесін, – деді ол.

РАЙЫМБЕК БАТЫР РУХЫНА ТАҒЗЫМ

Қалай болғанда да, бұл кітаптан оқығанымыз болмаса, топырағына табанымыз тиіп, қос өкпемізді саф ауасына толтырған жер емес. Сонысымен тылсым, сонысымен ерекше. Осы бір құдіретке куә болмаққа Райымбек ауданына құбыладай бет түзеп сапарға шықтық. Қазақ-қалмақ арасындағы қиян кескі ұрыстарда күллі Жетісу өңірін қорғаған батыр Райымбек талай қаламгердің шығармасына арқау болды. Осы өңірде бүгінде жолбарыс жүректі жауынгердің ұрпақтары бейбіт күн кешуде. Ал, соның бірі «Райымбек!» деп ұрандата жыр жазған ақиық Мұқағали болатын. Ұлағаты мол сапарға Райымбектің мазарына барып зиярат етіп, Құран бағыштап барып аттану әрбір ақынға парыз іспетті еді. Осы парызды үдесінен шыға орындаған жастар келесі бағыт Ұйғыр ауданындағы Шарын шатқалына қарай бет алды. Шарынға дейінгі жолда да талай мықтының ізі сайрап жатыр. Айтпақшы, Алматы облысына жасаған әдеби сапарымызға осы өлкенің төл перзенті, соңғы жылдары қазақ әдебиетіне «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты жаңа роман қосып, оқырманның ықыласына бөленіп жүрген жазушы Қанат Әбілқайыр жолбасшы болды.

Екі сағаттай уақыт өткен соң бұған дейін тек ғаламтор мен теледидардан тамашалаған, сондай өзгеше Шарын шатқалына табан тіредік. Бұл орынның пайда болуы, шатқал ішіндегі таулардың өзгеше формасы, каньондардың биіктігіне тамсанып, осыдан он екі миллион жыл бұрын пайда болған табиғат тамашасынан өзгеше қуат алдық. Құдды бөтен ғаламшарға тап болғандай бөлектеу күй кештік. Айта кететіні, дәл осындай каньондар әлемнің екі ғана нүктесінде бар. Бірі Солтүстік Америкада болса, екіншісі осы Шарын каньоны. Аңғар ұзындығы шамамен 2 шақырым, ені 20-80 метрге дейін барады. Табиғаттың бұл тылсымын ана басынан мына басына дейін жаяу аралап, арнайы жол талғамайтын көлікпен кейін қайттық.

МҰЗБАЛАҚ МҰҚАҒАЛИ МЕН ҚАЛАМГЕР БЕРДІБЕК ТУҒАН ӨЛКЕ

Әрі қарай дүниеге Бердібек Соқпақбаевты берген өлке – Райымбек ауданындағы Қостөбе ауылына беттедік. Жазушының өзі «Балалық шаққа саяхат» шығармасында баяндағандай, Қостөбе Іленің бастауы саналатын Текес өзенін бойлай орналасқан алақандай ғана ауыл екен. Көз ұшында жазушы өзі әңгімелеген қос төбе тұр. Төбенің бірі біздің елге қараса, шығысындағы төбе Қытай шекарасында орналасқан. Ал, ағыны қатты Текеске адам беттеп түспейді екен. Бірақ, Бердібек атамыздың өзі «Текестің суы арық емес пе? Бердібек балық емес пе?» деп өлеңдеткендей, жас күнінде осы өзеннің ағынды суына талай түсіп, балалықтың қызық дәурендерін өткерген сияқты. Айналаға таңырқай қарап тұрғанда көз алдымызға «Өлгендер қайтып келмейді» мен «Балалық шаққа саяхат» шығармаларындағы үзік-үзік көріністер келе бастады. Қаламгер туған құтты өлкеге табан тіресімен өзі оқыған мектепті тамашаладық. Бір қабатты ескі ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Бірақ, мұнда бала оқымайды. Тек жазушы сауат ашқан орын ретінде көпшілік назарына ұсыну үшін жүз жылдық мерейтойға арнайы жөндеп жатқан көрінеді.

Бердібек атамыз жұтқан ауаны тереңірек сіміріп, Алатауды бөктерлеген Аспантау астын «Айналайын, атамекен, ақ мекен!» деп жырлаған қазақ поэзиясының Хан-Тәңірі Мұқағалидың «Қасиетті Қарасазына» қарай жолға шықтық.

Мұқағалидың табанының табы қалған аядай ғана ауылмен таныстық. Айнала қоршаған тау. Аспантаудың астындағы алақандай ауылдың сұлулығына қарап «мынадай ғажап өлкеде туған азаматтың ақын болмауы мүмкін емес қой» дестік бәріміз. Ауылда Мұқағали Мақатаевтың әдеби -  мемориалды мұражайы бар екен. Мұражай алдында ақынға арналған бюст бой көтерген. Шағын ауылдағы шағын мұражайдың іші естелікке толы. Ақынның 45 жылдық ғұмыры осында сайрап тұр. Сондай-ақ, ақынның өзі пайдаланған заттар, жұмыс үстелі, ұстаған портфелі, киген костюмі, қолжазбалары осында сақталған. Мұражай қызметкерлері ақын өмірі туралы, өлеңдері, оның шығу тарихы туралы жатқа біледі. Мұражайды тамашалағаннан кейін, мұражай қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының қатысуымен әдеби кеш өтті. Мұқағали рухынан қуат алып, қасиетті топырақты имене басып, сапарымыздың келесі бағыты Кеген ауданына қарасты Көлсай көлдеріне бет түзедік.

Ақын елінен алыстаған соң Кегенге дейінгі табиғаттың көркем көріністеріне тамсанумен болдық. Әйгілі Қапездің әніне арқау болған Орта Меркі, Шет Меркі, Кіші Меркінің табиғатына көз суарып, Алатау етегіндегі Саты, Тоғызбұлақ, Жалағаш, Бөлексаз, Қарабұлақ, Ұзынбұлақ ауылдарын жанай өтіп, көркі көз тартатын Көлсайға да жеттік. Аспантаудың аспанына шағылысып жатқан айнадай көлді жыры мен сазына арқау етпеген ақын да, сазгер де аз емес. Одан әрі жер жәннаты саналатын Жетісу өңіріне аттандық.

КӘМЕНТОҒАЙДЫ ІЗДЕГЕНДЕР

Жеті өзенді бауырына басып, Алатау алабында күннің нұрына шомылып жатқан Жетісу өңірінде де қаламгерлер қызығатын қастерлі орындар көп екен. Кегеннен кейін қазақтың шын талантымен шырқау көкке жеткен жазушысы Сайын Мұратбеков туған Қоңыр ауылына қарай бет алдық. «Көп ұлтты әдебиетіміздің гүлдеп тұрған мәуелі бағында Сайын Мұратбековтің жас талдай желкілдеп бой көтерген тамаша прозасы бітік шығып, алыстан көзге түсіп, көз тартары сөзсіз» деп өз заманында заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов сөз еткендей, Сайын туған өлкенің сұлулығын өз көзімізбен көру де біз үшін зор ғанибет болды. Қоңыр ауылының орталығына жеткен соң «Жабайы алмадағы» Кәментоғайды іздеп ауылдың арғы басына жеттік. Ортада терең құз бар екен. Құздан төмен түсіп өрге көтерілгенде алдымыздан қалың алма ағашы өсіп тұрған баққа кезіктік. Бұл Сайын Мұратбековтың кәдімгі «Жабайы алмасы» өсіп тұрған бақ еді. Исі қазақ оқып өскен шығармаға арқау болған мекенге табанымыз тигенінен бе, өзіміз де сол шығарманың кейіпкеріне айналып кеткендей хал кештік. Ары қарай іргелес жатқан Қапал ауылындағы ақын Сараның музейіндегі жәдігерлерді тамашалап, көп дерекке қанықтық. Жетісудың орталығы Талдықорғанға табан тіредік.

«ҚҰЛАГЕРДІ» АҢСАУ

Келесі күні қазақ поэзиясының Құлагері, өткен ғасырдағы қуғынсүргінде жазықсыз атылып кеткен ұлт зиялысы Ілияс Жансүгіровтің әдеби - музейіне бас сұқтық. Мұнда ақынның өзі жекелей қолданған тұрмыстық заттары, киімдері, жазу машинкасы сақталған. Ақын өмірінің көпке беймәлім тұстары, жазықсыз атылып кетуі жөніндегі тың ақпараттар көпшілік назарына ұсынылған. Өмірлік жары Фатима Ғабитованың да жеке заттары осы музейден орын тауыпты. Көзімізге бірден ақынның өз үйінде ұзақ жылдар ілініп тұрған сағаты түсті. Кейбір тылсым ақпараттарға сәйкес бұл сағаттың тілі ақынның жүрегімен бірге бір мезетте тоқтап қалған деседі. Дәл осы күні Талдықорғандағы тіл сарайында аталмыш турдың жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған «Алқа» жастар әдеби клубының көшпелі отырысы өтті. Жиынға министрлік өкілдері, еліміздің әр аймағынан келген жас ақын-жазушылар, республикалық әдеби байқаулардың жеңімпаздары, өңір қаламгерлері мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Жиында әдебиет саласына қатысты, оның ішінде қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару, жас қаламгерлерді қолдау, әдеби байқаулар ұйымдастыру мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, қаламгерлер әдебиетті дамытуда өздерін толғандырған ойлары мен ұсыныстарын ортаға салып, өзара пікір алмасты. Отырыс барысында жастар арасындағы әдеби байланысты арттыру, өңірдегі қаламгерлерді қолдау, кітап нарығын, аударма саласын дамыту мәселелері талқыланды.

– Қазақта «атың барда желіп жүріп жер таны» деген жақсы сөз бар. Қазақтың кез келген қаламгері еліміздің қай қиырында қандай тарихи мекен, қандай көркем орындар мен туристік орталықтар бар екенінен хабардар болуы тиіс. Бұл орындар туралы үлкен насихаттар жасалуы қажет деп ойлаймын. Бізде Мұқағалидың Қарасазы, Бердібектің Қостөбесі, Шарын шатқалы, Көлсай болсын, Ілиястың Ақсуы мен Сайынның Қоңыры болсын, барлығы да әр қазақ қаламгері барып тәу ететін орынға айналуы тиіс. Себебі, бізде қасиетті мекендерге қатысты өлең-жырлар, аңызы жазылған көркем әңгімелер, бұларды былай қойғанда эссе үлгісінде, жолсапар очеркі формасында мардымды материалдар таба алмаймыз. Сондықтан қаламгерлер мұндай сапарларға жиі шығып, өздерінің алған әсерлерін қағазға түсіріп отыруы тиіс. Біріншіден, мұндай сапарлар көркем шығармалардың өмірге келуіне себеп болуы мүмкін. Екіншіден, жас қаламгерлер ел көріп, жер таниды. Сонда түйген ойлары бірнеше уақыттан соң көркем шығармаларынан көрініс табуы әбден мүмкін. Мұндай турлардың ұзақ мерзімді әсері болатынын болжай аламын, – деді жазушы Қанат Әбілқайыр.

Рас, бұл сапар еліміздің әр қиырынан келген әрқайсымыздың санамызда сілкініс жасап, әрбірімізді өзгеше күйге, бөлек кеңістіктерге жетеледі. Әрбірден соң ақынның атын алған Жамбылдан Аспантау астындағы шайырлар мекеніне мыңдаған шақырымдарды артқа тастап ентелей жетіп, одан әрі жеті өзеннің алабындағы Жетісуды көзбен көру ерекше хал кештіргенін жасырып жату үлкен әбестік болар еді.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жамбыл – Алматы – Жетісу – Тараз 

Ұқсас жаңалықтар