«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ту биеге бағаланған тегене

Ту биеге бағаланған тегене
Ашық дереккөз
Батырлар мен билер қашанда халыққа ортақ. Олардан қалған құнды мұралар да халықтікі. Сондай асыл мұраның бірі – Өтеген батырдан қалған тегене. Үш ғасырға жуық уақыттан бері Қордай жерінде сақталып келе жатқан тегене туралы аңыз көп.

Мәселен, қордайлық ақын Күміскүл Сәрсенбаева: «Өтеген атамыздың тегенесі қалай сақталғаны, батырдың қолына қалай түскені туралы тарих бізді де қызықтырады. Менің естіп-білуімше, Өтеген әйгілі Абылай ханның әскерінде болған. Кезекті жеңістерінен кейін Хан әр батырына қалауы бойынша үлес береді екен. Сондай үлес кезінде біздің Өтеген атамызға осы тегене бұйырған. Содан бері батырдың ұрпақтарында сақталып келе жатыр. Мен ұзақ жыл аудандық мәдениет үйін басқарған кезімде осынау құнды мұраны бір сағатқа әрең алдырып, пайдаланып, халыққа көрсетіп, ұрпақтары қайтадан алып кетіп отырды. Мұндай мұраның батырдың ұрпақтарында сақталғаны да дұрыс», – деді. Біз Өтеген батырдың тікелей ұрпағы Бақытжан Бекбатыровқа да хабарластық. Ол: «Бабамыздың тегенесі біздің үйде сақтаулы. Мен Өтегеннің сегізінші ұрпағымын. Ол 1699 жылы дүниеге келіп, 1973 жылы 74 жасында өмірден қайтқан. Абылай ханның жанында жүрген.

Бірде Хан бастаған жақсылар үлкен тегенемен қымыз ішіп отырғанда Өтеген баба: «Тақсыр, осы, жұрт естіген нәрсесіне сене ме, көрген нәрсесіне сене ме?» деп сұрапты. Хан сонда: «Әрине, көрген нәрсесіне сенеді» депті. Сол кезде Өтеген баба: «Тақсыр, олай болса осы тегенеңізді мен қаладым. Маған сыйға беріңіз. Жерлестеріме көрсетіп жүрейін, ұрпақтарымда сақталсын» деп өтініпті. Хан Өтегеннің уәжіне құлақ асып, тегенені сыйға тартқан екен. Содан бері ұрпақтарында сақтаулы. Халқымыздың басынан не заман өтпеді?! 1931-1932 жылғы ашаршылық жылдары Кішкей деген атамыз осы тегенені қырғыздың малды адамына бір тайға бермекші болады. Соны байқаған Жолдасбек деген атамыз бір ту биесін Кішкейге беріп, тегенені аман-есен алып қалған екен. Жолдасбек – менің Бекбатыр атамның туған ағасы», – деді.

Ал, Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейінде біз айтып отырған тегененің суреттері мен әртүрлі басылымдарға шыққан ақпараттары ғана қойылған.

Өтеген батырдың тегенесін құнды мұра ретінде құрметтейтіндер көп. Ұлыстың Ұлы күні Наурыз, аудан күндерінде ішіне ыстық бауырсақ салынып, көпшілік назарына ұсынылып жүр. Қордайға келген қонақтар ұрпағының үйіне барып, Өтеген батырдан қалған тегенені көруге асығады. Қордайлық әр тұрғын үшін батырдан қалған осынау мұра бағалы.

 

Есет ДОСАЛЫ

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар