Жылдан-жылға, айдан-айға аман жетіп, есейген сайын адамға уақыт өзінің қадірін білдіре береді.
Абайлап адымдап, сабырмен сөйлер салмақты шаққа шыққанда, мейлінше аз айтып, көп тыңдап, естіген, оқыған, көргенбілгендерінен салиқалы ой іздеп, сары алтын сөз табуға ұмтыла бастайды.
Сөз қадірін түсінетін, мәйегін мәпелей білетін тәрбиелі, тәлімді адамды кездестірсек, жанымыз тұщынады. Керісінше, өз ана тілінде ойын білдіріп, тілегін жеткізбек тұрмақ, екі ауыз сөздің басын құрастырып өре алмайтын өресіз жанды жолықтырсақ, қарнымыз ашатын кездеріміз қазіргі кезде жиірек болып жүргенін несіне жасырайық.
Баяғыда Мәтжан биден: «Сіздің сөзден жеңілген кезіңіз болды ма?» деп сұрағанда, ол кісі: «Неге жеңілмейін?! Сөздің жанын, сөздің мәнін, сөздің дәмін ұқпайтын надан дүрден күнде жеңілемін» депті. Сол айтқандай, біздің де айнала қоршаған ортамыздағы сөздің жанын, сөздің мәнін, сөздің дәмін ұқпайтын ағайындарымыздың көбісінен күнде жеңіліп жүрген жайымыз бар. Соның өзінде мейлінше жаманын жасырып, жақсысын асыруға тырысамыз. Бірақ, бұл жалпақшешейлік, жағымпаздық емес. Арғы жағында бірдеңесі бар адам айтқаныңыздың не шын, не шығарыпсалма сөз екенін өзі-ақ айырса керек. Арғы жағында түгі жоққа жөнін айтып, жүрегін ауыртып, дұрысы мен бұрысын айырып берем деп әуре болудың қажеті қаншалықты, оны ішіңіз білсін.
Осы жерде сөздің шыны және шығарыпсалма түріне назар аударайықшы.
– Тү-үу, қатты азып кетіпсің ғой! – деп амандасты көптен көрмеген бір танысымыз қасымдағы жағы суалса да жымиып тұрған құрбымның жүзіне таңырқай қарап. Жанашырлықпен айтып тұрмын деген сөзінің оның жүрегіне керісінше жебедей сұғылғанын аңдаған жоқ. Өзінің онсыз да мазасы жоқ боп жүрген құрбым қапелімде не дей қойсын оған. Қуқыл тартып тұратын жұқа өңді бұл досымыздың бар түрі осы.
– Азған түгі де жоқ. Бәріміз бірдейміз. Аязды қыста қоңданамыз. Көктемде шираймыз. Жазда жадыраймыз. Күзде, Абай атамыз айтқандай, «жапырағынан айырылған ағаш қурайдай» сылынамыз. Өйткені, біз де табиғаттың бір перзентіміз. Сенің де семіріп тұрғаның шамалы! – деп жабырқаулы құрбымызды алдаусырата, ал өзі етжеңді танысымызға ойнай-барымталай, мен жауап қаттым. Менікі шығарыпсалма сөз екенін үшеуміз де іштей үнсіз түсінгенбіз. Дегенмен, жүдеу жүзді құрбым менің тарапымнан сөз жәрдеммен үлкен қолдау көргеніне риза болды.
Біздің тілдік стиліміздің алыпқашпа сөз деп те аталатын түрі бар. Алыпқашпа сөз дегеніміз, тұрлауы жоқ, барып тұрған сұмырай сөз. Көбіне сатпақ-сатпақ ауыздан шығатын лас сөз. Лас сөз былғаныш ауыздан шыққан соң былапытқа айналады. Осындай лас пікірмен уланған жан сол сөзді ойсыз айта салып, өзгенің жанды жерін мысықша тырналағанын ұқпайды. Алыпқашпа деп әдіптеп ат таңып, атау беріп жүрген сөзіміздің тоқетер түп негізі «өсек». Өсек деген – үздіксіз, қысы-жазы бірдей, күндіз-түні, үзіліссіз, демалыссыз жұмыс істейтін дарақы неме. Пенде болып жаратылған соң, «Дейді, дейділерден» тұратын көмекші баяндауыштарды тілге тиек еткіш, өмірде із қалдыру дегенді отырған, тұрған, жүрген жеріне ыбырсық, қоқыс қалдырумен шатастырғыш мұндай оспадар дерттен айыға қоюымыз неғайбыл. Өкініштісі сол.
Сөз ұқпау, сөз тереңіне үңіле алмау деген кемістік салт пен дәстүрді де білмеу, әдет пен ғұрыптарды да байыптамау деген кемшіліктермен пара-пар.
Салт пен дәстүр, әдет пен ғұрып тарихтың ғасырлар бойғы қалыптасқан тағылымдарынан түзілетін, бабалардың мұхиттай терең даналықтарынан екшеліп, інжу-маржандай сүзілетін нағыз ұлттың ұлы құндылықтары. Салт пен дәстүрімізді марқая сөз етуге осы жерде тағы бір мысал өзек болмақ.
Тұрғындар ауыл дүкеніне тізім арқылы тіркеліп, кезегі келгенде, сауда жасайтын, өткен ғасырдың ауырлау тоқсаныншы жылдары болатын. Дүкенде жұрт лық-толы. Кезегі келіп, жақындаған жас келін үнсіз тұрып қалды. Аты-жөнін сұрап, отбасының тегін алдындағы көк тысты дәптеріндегі тізімінен іздеп жатқан дүкеншіге өзін бірден таныстыра қоймады. Кібіртіктей берген орамалды қыз баланың әуеніне жығылып тұрар уақыты жоқ сатушы Бибіажар әкпеміз «Фамилияңды айт дереу!» деп дүрсе қоя бергенде:
– Апай, мен Бандыны қуған кісінің өткен аптада түскен келінімін! – деді имене. Жаңадан түскен келіннің қайынатасының ауыл қариясы Хамит жәкеміз екенін сонда естіп тұрған бәріміз бірден біліп, күліп жібердік. Үлкендердің атын атамай лезде тапқырлық танытқан жас келінге сондай риза болдық.
Шіркін-ай, елді қырқыстырып, қыз бен жігітті шаш жұлыстырғызып, ене мен келінді жауластырып, ауызы бардың ауызына келгенін оттатқыздырып қойып, жұмыстан шаршап келетін отағасына дәм дайындап, ыстық шай әзірлеп үлгеруге тиіс әйелдердің, жылтырақтың бәріне елігіп, жарқырағанның бәріне желігер жастағы жас қыздардың ойын бұзып, санасының пәршек-пәршегін шығаратын өзіміздің аты дардай телеарнадағы «Қалаулымның» әләуліміне, «Кел, келінімнің» жыртағына шығын болған қайран үш сағат, екі сағаттар-ай!... Өкінішке орай, соларға керісінше, басқа тәп-тәуір телебағдарламалардың ғұмыры жыл, жыл жарымнан ары аспай, қысқарып қалатыны қынжылтады. Ұлттық арнамызда бір кездері жап-жақсы ұйымдастырылып, көрермені қалыптасып қалған «Сырғаның» тағдыры осыған дәлел. «Әйел бақыты» да жаңа қамзол киіп, кимешегін ауыстырды.
Әр жас талап өзiне дейiнгi ақындардың он мың жол өлеңiн жатқа бiлуге мiндеттi болғандығымен әлемді мойындатқан ежелгi Шығыстың өркениетін өрлеткен өнер, мемлекетін дамытқан мәдениет емес пе еді. Бұл тұрғыда еліміздегі үлкенді-кішілі тәрбие ошақтары мен білім ордалары өз хал-қадерлерінше жұмыс жүргізіп жатқандығын айтпай кетуге болмас. Абай, Шәкәрім оқулары, Мұқағали, Мағжан оқулары және Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз байқаулары секілді ауыл, аудандарды қамтып, облыстан асып, республикамыздың түкпір-түкпіріне дейін тарап, ұйымдастырылып, қалыптасқан жарыстар, конкурстар тәп-тәуір-ақ. Оқушылар мен студенттердің таным-тәлімін кеңітер ғылыми жобалармен шұғылдандыру ісінің де мұраты асыл. Ішінара хисса-дастандар мен эпостық жырларды жаттаудан ұйымдастырылып жатқан байқаулар да ізгі мақсатқа ие. Бірақ бұлар – оқушылардың, жастар мен жасөспірімдердің белгілі бір бөлігін ғана қамтитын науқандық шара болып қалмауы тиіс. Бірізділік пен жүйеліліктің әбден керек жері осы тұс.
Мәселенің бәрі кітапқұмарлардың азаюынан орын алып отырған кемшіліктер. Кітап оқу мәдениетін мықтап қалыптастырмайынша, сөз мәдениеті үшін күресті жүйелі жүргізбейінше, бұл олқылықтардың орнын толтыру кешеуілдей берер деген үрейдің қылаң беріп қалуының өзі қорқынышты.
Мектепте жұмыс істеген кезімде жиырма күнде немесе бір айда бір кітап оқып бітіруді оқушыларыма міндеттеп, үнемі қадағалап отырғаным жиі есіме түсіп, қазіргі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің де солай етуін жаным қалайды. Мен білетін ол мұғалімдердің бірі қағазбастылықтан бас көтере алмай жүрсе, бірі жыл сайын эксперимент алаңына айналған білім ұяларының мүшкіл халін алға тартады. Мен жұмыс істеген ширек ғасырға жуық жылдарда да алдындағы жиырма-отыз оқушысына әзер ие болған сол әріптестерімнің қайсыбіріне Білім мен ғылым министрлігінің шығаратын әрбір нұсқаулықтары, жүргізетін әрбір реформалары өте жақсы сылтау болып, өздерін ақтап алуларына оң жаңбасынан келіп тұрушы еді.
Англияның Ұлыбритания екенін, Тұманды Альбионның да түбі сол мемлекеттен тарайтынын, тіпті, сол елдің дүниежүзі картасының қай жартышарында орналасқанын да білмейтін ағылшын тілі пәнінің мамандары да бар екенін ескерсек, бізге әлі тіл үйренушілермен емес, ең алдымен, қай тілді болса да үйретушілермен көбірек жұмыс жүргізуіміздің қажеттілігі туындамақ.
Алда атқарылар іс көп. Міндеттелінген межелер көкжиегі менмұндалайды. Айтулы биіктен табылуымыз үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар ауызбіршілік пен асқан іскерлік керек-ақ. Сонда ғана ата-бабалар аманатына адал болмақпыз.
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді