«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Билік пен бұқара бірлесіп...

Билік пен бұқара бірлесіп...
ашық дереккөз
Билік пен бұқара бірлесіп...

Қордайдағы ауыл әкімдері халық алдындағы есеп берулерінің бірінші кезеңін өткен аптада шалғай елді мекендердің тұрғындарымен өткізді. Ауылдық округ аумағындағы үлкенді-кішілі барлық іске жауапты болып, ауыл мен аудан арасын шаңдатумен таң атырып, күн батыратын әкімдердің жұмысы бағаланатын сәт осы есеп берулерде. Елді мекенді көркейтіп, тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсарту жолында нені тындырып, нені істей алмады? Жұрттың өткен есеп берудегі айтылған өтініші мен талап-тілектерінің орындалуы қай дәрежеде? Бәрі осында сараланады. Содан да бұл есеп беру кездесулерін халықтың әкімдіктің жұмысына деген ықыласы мен көңіл-күйінің барометрі деуге болады.

Мәселен, Сарыбұлақ ауылдық округінің әкімі Мұрат Ыбырайымовтың Қайнар ауылы тұрғындарымен кездесуінде өткен жылы ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өтіп, екі көшенің жарықтандырылғаны, көшелерге тас төгіліп тегістелгені, жылда жайылымды шайып кететін Шу өзені арнасының біршама нығайтылғаны, ауыл үйлерінің шетінен газдандырылып жатқаны жайлы жағымды жайлармен қатар, шешімін күткен мәселелер де айтылды. Кезінде өзі дербес ауылдық округ болған, қазірде үш жарым мыңдай халық мекендейтін бұл үлкен ауылдың проблемалары да күрделі. Айталық, жайылымдық жердің тарлығы жылда айтылып келеді. Осы жолы да айтылды. Бірақ, күн сайын ауыл үйлерінен өріп шығатын 350 шамалы сауын сиырлардың өрісін кеңейтіп беру ауыл әкімінің құзыретіндегі шаруа емес. Айналадағы жердің бәрі кезінде жекешелендіріліп кеткендіктен одан мемлекеттік қорға жер кесіп алу деген – арты сотқа дейін баратын дау-дамайлы шаруа. Бұл жерде ауыл әкіміне аудан және облыстық деңгейде көмек керек. Онсыз бұл мәселе осы күйінде қала береді.

Ауыл әкімі шеше алмайтын осындай мәселенің бір парасы Отар ауылдық аймағында да көрінді. Мұндағы Гвардейский кентінің іргесіндегі жұрт аузында «военсовхоз» аталатын елді мекеннің көптеген тұрғындары Отар мен Гвардейскийдегі ұйымдар мен мекемелерде қызмет еткенімен, ауылдың тұрған жері көрші облысқа қарайды. Содан да тұрғындар құжаттандыру және басқа мәселелерде көптеген кедергілерге ұрынуда. Сонымен қатар, әскери қалашықтағы биологиялық қауіпсіздік проблемаларын зерттеу институтында, мектепте, балабақшада, емдеу орындарында жұмыс істейтін елу шақты отбасы пәтерлерін босатып беруге мәжбүр болып отыр. Өйткені, осыған дейін олар тұрып келген Қорғаныс министрлігінің балансындағы пәтерлер ендігі жерде жыл сайын саны артып келе жатқан әскерилердің өздеріне аса қажет болуда. Үкіметтік деңгейде шешілуге тиіс бұл мәселеге ауылдық округтің әкімі Жайлыбек Шадиев не дей алмақ? Ол аудан әкіміне жеткізеді, одан облыс әкіміне, ал одан министрлік тарапынан шешімін табуын күтумен әлі біраз уақыт сарғаюға тура келетін сияқты. Қалай болғанда да, бұл қалашықта әскерилердің балаларын оқытатын, тәрбиелейтін, ем-дом жасайтын, сауда қызметін көрсететін азаматтық қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер салудың кезегі келгені басы ашық мәселе. Ал Бел, Аңырақай стансаларының тұрғындары ауыл әкімінің «шамасы» жететін үлкенді-кішілі біраз жайларды алға тартты. Мәселен, Белдегі су құбыры мектептің дәл қасынан қыс ортасында жарылған. Оны шұғыл жөндемесе айналаға жайыла бастаған су үйлердің аулаларына дейін кіріп, аязды күні көк мұзға айналмақшы. Бұл екі ауылда да телефонның жөнді істемейтіні, учаскелік инспектордың айлап ат ізін салмай кеткені, Аңырақай стансасына пойыздың тоқтамайтыны тәрізді жұрт реніштері айтылды. Ауыл әкімі аудандық тиісті ведомостволардың қатысуымен бұларды тез арада шешудің жолдарын қарастыруға уәде етті. Ал енді Ноғайбай ауылы тұрғындарының биыл жыл соңына қарай көгілдір отынның жылуын сезіне бастайтынына сенім нығырақ. Қазір аудан орталығынан таяқ тастам жердегі елді мекенге газ құбырын тарту қолға алынып, әр үйге газ кіргізу үшін тұрғындардан қаржы жинала бастап, бұл іс ауыл әкімінің күн сайынғы көп шаруасының біріне айналған. Округ әкімі Ермұқан Жапарбеков Шарбақты және Сарыбастау ауылдарының тұрғындарына есеп бере отырып, өзіне алдағы уақытта атқаруға басқа да бірқатар міндеттер жүктеп қайтты. Мәселен, Шарбақтыдағы Ырғайты өзені үстінен салынған көпірді жөндеу, аяқталмай қалған тоғыз шақырымдай жолды асфальттау, телефон байланысын жетілдіру, Сарыбастауда медпункт, клуб салу, жолды жөндеу, су құбырын тарту тәрізді тұрғындар тілегі хаттамаға тіркелді. Атқарылған қыруар істермен қатар, алдағы уақытта қолға алынуы тиіс өтініштер мен көпшіліктің сұранысы осындай кездесулерде барлық ауылдық округтердің әкімдеріне айтылып жатты. Жұрт әкімдеріне сенеді. Сенген соң да жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға бере отырып, жаңа міндеттер артады. Аудандағы барлық он тоғыз ауылдық округтің әкімдері есеп берудің алғашқы кезеңінен өтті. Бұл кездесулерде әкімдермен қатар сол аймақтан сайланған аудандық мәслихаттың депутаттары да есеп берді. Енді алдағы ақпан айының басынан жергілікті әкімдердің орталық усадьбаларда тұрғындармен кездесулері белгіленген. Аудан әкімінің де бүкіл ауылдық округтерді аралап тұрғындарға есеп беретіні осы күндерге орайластырылған. Бүгінде айтылған түйткілді мәселелердің дені сол кездесулерде шешімін табады деген үміт те жоқ емес.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар