Әйгілі қайраткер Тұрар Рысқұловтың әкесінің тағдыры туралы жақсы білетін адамның бірі, Ойық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Пантай Рахманбердиев. «Рысқұл Жылқыайдарұлының қабірі Сейілбек ауылының маңында. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Кезінде Рысқұл басына күн туғанда нағашыларына келген дейді. Саймасай болысты өлтірген соң деген де дерек бар. Қандай жағдаймен келсе де келгені рас, Сейілбек ауылының маңынан топырақ бұйырғаны рас.
«Мені жерлегенде қанжарым мен кісенімді қоса көміңдер» деп өсиет айтыпты, жарықтық. Рысқұл өмірден өткенде жергілікті тұрғындар аманатын орындап, қанжары мен кісенін қоса көмген деседі. Ертеректе Тұрар Рысқұлов қасына белгілі адамдарды ертіп, әкесінің қабіріне келіпті. Қабірді қаздырғанда әлгі қанжар мен кісен шығыпты. Тұрар кісенді қайта көміп, қанжарды өзімен бірге ала кетіпті. Ақсақалдар осылай айтатын. Қазір Рысқұлға қатысты тарихты айтатын ақсақалдар бақилық болған. Сол тірі шежіре ақсақалдардың көзін көргендердің өзі сексен жастың үстіне шығып отыр. Сейілбек ауылында Сембек Бештаев деген қария бар. Бұл туралы бір білсе, сол ақсақал біледі. Шерхан Мұртаза қабірдің басына бірнеше рет келген. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіне депутаттыққа кандидат ретінде Ойық ауылына кездесу өткізуге келгенде де Рысқұлдың қабіріне барып, құран бағыштады. Біз жазушының қасында қызмет етіп жүрдік», – деді ол.
Біз Пантай Рахманбердиев ақсақалдың айтуымен арнайы хабарласқанымызда Сембек Бештаев ақсақалдың қазір сырқаттанып жүргенін, шешіліп әңгіме айтуға зауқы жоқ екенін білдік. Ал, Ойық ауылдық округінің әкімі Қайрат Ошақбай осы кезге дейін аталған орынға аса мән бермегенін мойындап, бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта жандандыратынын айтты.
Қазіргі таңда Алматы қаласында тұратын, кезінде ұзақ жыл Ойық ауылдық округіне әкім болған Досмұрат Шахзадаевта бұл мәселе жөнінде өз ойын айтты.
«Рысқұл Жылқыайдарұлының тарихы – үлкен тарих. Рысқұлдың қабірін 1996 жылдары сол кездегі Талас ауданы басшыларының тапсырмасымен қоршап, белгі орнаттық. Бұл да танымал тұлғаның алдындағы бір парызымыз. Негізі мұндай кісілердің қабіріне құрмет жасайтындар көп. Осы жағын округті басқарып отырған азаматтар ұмытпағаны жөн», деді ол. Ал, Талас аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ербол Наршаұлы: «Рысқұлдың есімін кітаптан оқып, естіп өстік. Ойықта қабірі бар екенін әкем де үнемі айтып отыратын. Мұндай құндылыққа құрметпен қараймын. Аудандық музейдің көрікті жерінен орын беруді ойластырып жүрмін», – деді.
Сейілбек ауылындағы Шона Смаханұлы атындағы негізгі мектеп директорының орынбасары Жәнібек Тұраровтың сөзі маңызды ақпараттарға толы екен. «Рысқұл Жылқыайдарұлы жайлы біршама деректі білеміз. Өмірінің қиын кезеңдерінде Талас өңіріндегі нағашысы Дәуітбайды паналап келеді. Дәм-тұзы таусылып, осы Сейілбек ауылының маңайына жерленген. Аталған ауыл тұрғындары Рысқұлдың қабіріне үнемі құрметпен қарайды. Себебі, ол Тұрар Рысқұлов секілді алып тұлғаның әкесі.
«Қызыл жебе» романын жазу барысында Шерхан Мұртаза Рысқұлдың басына жиі келіпті. Ал, осыдан бес-алты жыл бұрын Түркістан облысынан Тұрар Рысқұловтың бір топ туыстары келіп, Рысқұлдың қабіріне Құран бағыштап, қисайған жерін түзетіп, жаңа белгі тас қойып кетті. Сол кезге дейін тұрған тасты музейге қоямыз деп өздерімен бірге әкетті. Сол делегацияның ішінде 90 жастан асқан ақсақалы, депутаты, қоғам белсенділері де болды. Олар Талас өңіріне, басшыларына үлкен алғысын айтып кетті», – деді Жәнібек Тұраров.
Рысқұлың зираты – көпшіліктің назарын аударатын тарихи орын. Көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың әкесінің зиратын көргісі келетіндер көп. Бұл қасиетті орынды мемлекеттің қорғауына алатын уақыт жетті емес пе? Біздің бұл сауалымызға облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәурембеков: «Жалпы, Рысқұл Жылқыайдарұлы деген кісінің аталған аумақта жатқаны рас. Бірақ, оның аумағы 20 гектардан кем емес. Бірақ, соның дәл қай жерінде жатқанын анықтау қиын. Міне, мынау жерде анық жатыр деп көрсетсе, дәлелдесе, ешкімнің дауы жоқ. Сонымен қатар, зират құндылық ретінде тізімге алынуы тиіс. Сол кезде біз тарихи құндылық ретінде қорғауға аламыз», – деп жауап берді.
Тарих қашанда құнды. Рысқұлдың жүріп өткен жолы – тарих. Одан Тұрар Рысқұлов секілді тұлғаның туылуы да бекер емес. Сондықтан, Рысқұл Жылқыайдарұлының зираты ескерусіз қалмайтынына сенеміз. Қазірдің өзінде оның қабіріне барып, Құран бағыштаушылар аз емес екен. Себебі, ол қазақ халқына Тұрардай текті ұл сыйлаған ардақты азамат. Болашақта Рысқұлдың зираты деп, қорғауға алса нұр үстіне нұр болар еді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді