«Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығының көрме павильонында өткен кеңеске облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Айдана Шілібекова, Қазақстан жасанды интеллект ассоциациясының сарапшысы Айбек Нұртазаев, сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаттары, облыстық мәслихат депутаттары, аудандар мен Тараз қаласы әкiмдерiнің орынбасарлары, құқық қорғау және атқарушы органдардың, бiлiм бөлімдерінің басшылары, кәсіподақ ұйымдары мен азаматтық қоғам өкілдері, білім саласының еңбек ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Мұнымен қоса облыстағы жиырма мыңнан астам педагог кеңес жұмысын Facebook әлеуметтік желісі арқылы тамашалады.
Кеңестің негізгі жиыны басталмай тұрып, педагогтердің қатысуымен панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Оның аясында көпшілікке дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейдің оқушылары әзірлеген жаңа өнертабыстардың көрмесі ұсынылды. Көрме барысында жас ғалымдар Исабек Дулат пен Адия Тұрсынбайдың адам өмірін сақтандыратын «Second Heart» сағаты таныстырылды. «Second Heart» сағаты инсульт, инфаркт сынды басқа да созылмалы аурулары бар науқастарға арналған құрылғы. Сағат дәрігер мен сырқат арасындағы байланысты арттыруға көмектеседі және дене температурасын, қандағы оттегі пайызын, жүрек қағысын бақылап тұру функциялары бар. Қазіргі уақытта науқастарға алғашқы көмек уақытынан кеш беріліп жатады. Сол себептен көптеген науқастардың жағдайы нашарлап, соңы тіпті өлімге алып келіп жатады. Бұл құрылғы науқастарға алғашқы көмектің жедел жасалуын қамтамасыз етеді», – дейді жас өнертапқыштар. Бұдан бөлек, жасанды интеллект арқылы ауыл шаруашылығын автоматтандыруға арналған құрал, соқыр және көру қабілеті шектеулі адамдарға Браиль әріпінде басып шығаруға арналған перифериялық құрылғы таныстырылды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жас ғалымдардың жаңа өнертабыстарына оң баға беріп, олардың көпфункционалдылығына айрықша назар аударды.
Негізгі пленарлық отырыс Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың арнайы бейнеқұттықтауымен ашылды. Бұдан соң, тарихы терең Жамбыл облысына және облыстың ең үлкен саласы білім басқармасының құрылғанына 85 жыл толуына орай облыстың білім беру жүйесінің дамуы туралы және өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар мен жетістіктер туралы бейнебаян көрсетіліп, білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов цифрландыру жағдайында білім беру сапасын қамтамасыз ету туралы баяндады. Өз сөзінде басқарма басшысы өңірімізде білім басқармасының құрылғанына 85 жыл толғанын айрықша атап өтті. 1939 жыл қараша айының басында облыстық халық ағарту бөлімі ретінде құрылған мекеме сол уақыттан бері өмір ағысымен түрлі реформаларды бастан кешіріп, бүгінгі жаһандану кезеңіне абыроймен жетіп отыр.
Бүгінде облыста 11 білім бөлімі, 1239 мекеме жұмыс істейді. Оның 587-сі мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, 507-сі орта білім беру ұйымдары, 42 колледж, 76 қосымша білім беру ұйымдары, 25 ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекемелер болса, сондай-ақ, «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау» орталығы мен «Жасөспірімдер үйі» бар. Жалпы, 337 мыңнан аса бала мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылып, 40 мыңға жуық педагог қызмет етуде.
– Облыста Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында», Оқу-ағарту министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігімен бірлескен «Жамбыл облысының 2023-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша өңірлік жол картасы мен «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасын іске асыру бойынша Жамбыл облысының жол картасында белгіленген көрсеткіштер негізінде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.
2023 жылдың қыркүйек айынан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы тәрбиешілердің ж а л а қ ы с ы 3 0 п а й ы з ғ а а р т т ы . Б ұ л п ед а го г т е рд і ң ө з б і л і м і н ұдайы жетілдіруге серпіліс берді. Облысымызда білім беру саласына 2023 жылы 280 миллиард теңге бөлінсе, биыл 319,2 миллиард теңге бөлініп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 14 пайызға өсіп отыр. Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек, облыстың 587 мектепке дейінгі ұйымдарында 60 мыңнан аса бала тәрбиеленуде. 2-6 жас аралығындағы балалардың 94,2 пайызы, 3-6 жас аралығында 100 пайыз қамтылған, – деп атап өтті сала басшысы.
Өткен оқу жылында облыстағы 507 орта білім беру ұйымын 248 мыңнан аса оқушы аяқтапты. Білім алушыларды қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жұмыстары да жүйелі жалғасуда. Жаңа білім беру ұйымдары соғылып, үш ауысымды, апатты, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базалары нығайтылуда. 2024-2025 жылдары 41 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылған. Ал, биыл 19 білім нысанының құрылысы аяқталады деп күтілуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023 жылы басталған 7 мектептің құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталып, бесеуінің құрылысы ағымдағы жылы басталды.
Өткен оқу жылы облыс оқушылары мен педагогтерінің жетістіктеріне, жеңістеріне толы жемісті жыл болғанын да атап өткен жөн. Дарынды оқушыларымыз биыл халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 467 медаль иеленген. Оның ішінде 57 медальді халықаралық білім жарыстарында алған. Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы 15-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленді. Сондай-ақ, республикалық олимпиада қорытындысы бойынша биыл «Ең үздік олимпиадалық команда» атанып отыр.
Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «БілімИнновация» лицей-интернатының оқушысы Шарел Марғұлан 12-24 шілде аралығында Ұлыбританияда өткен 65-ші Халықаралық математикалық олимпиадада (IMO) күміс медальды иеленіп, ел абыройын асқақтатты. Өткен жылы дәл осы олимпиадада Марғұлан қола медальды иеленіп, 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы алған болатын. Ал, биыл күміс медаль иеленгені үшін 1000 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы алады. Облыс мектептерін бітірген 12 604 бітірушінің 9986-сы тестілеуге қатысқан. 1908 бітіруші 100-ден жоғары балл жинады. Сондай-ақ, «WorldSkills» республикалық чемпионатына 23 құзыреттілік бойынша 25 студент қатысып, 16-сы жүлделі орынға ие болды. Оның 2-еуі алтын, 2-еуі күміс, 12-сі «Үздік маман» медальон иегері атанды. Жыл ішінде өткізілген 538 әдістемелік іс-шараға облыс педагогтері 100 пайыз қамтылды. 2024 жылы 6125 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Халықаралық, республикалық олимпиадалар мен байқауларда 81 ұстаз жүлделі орындарға ие болды. Аталған жетістіктер облыс мұғалімдерінің шығармашылық әлеуетінің жоғары екендігін тағы дәлелдейді.
Оқушылардың білім сапасына, ақпараттық құзыреттілігіне тікелей әс ер ететін фактор – жоғарғы ж ы л д а м д ы қ т а ғ ы и н т е р н е т к е қолжетімділігі. Өңірде мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Интернет жылдамдығы 20 мегабит/сек жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 63 пайыздан 97,4 пайызға көтерілді. Республикада қолға алынып отырған интернет жылдамдығын көтеру бойынша Старлинк жобасына Жамбыл облысының 53 мектебі енді. Бұл өз кезегінде цифрлы даму бағытына бет бұрған білім саласы үшін өте ауқымды жұмыс десе болады.
Одан әрі басқосу барысында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Айдана Шілібекова «2023- 2024 оқу жылының қорытындылары және жаңа 2024-2025 оқу жылына арна лған міндеттер», Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы Әлішер Жүнісов «Колледждегі оқытуды даралау дәуіріндегі оқытушының жеке көмекшісі ретіндегі жасанды интеллекттің рөлі», Қазақстан жасанды интеллект ассоциациясының сарапшысы Айбек Нұртазаев «Жасанды интеллект негізінде озық талдау технологияларын ұсыну арқылы білім беру ұйымдарында қауіпсіз және жайлы ортаны қамтамасыз ету», Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров «Білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою» тақырыптарында баяндама жасады. Дәурен Омаров білім саласы жемқорлық фактілері ең көп тіркелетін салалардың бірі екенін, бірақ мұндай заңсыздықтарды жою тәсілдері аз емес екенін атап өтті.
— Білім беру жүйесіндегі ахуал – ел дамуына әсер ететін негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Соңғы жылдары бұл мамандықтың беделін арттыру үшін мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп, Үкіметпен жыл сайынғы қаржыландыру көлемі ұлғайтып келеді. Осылайша 2021 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Ғылыми дәрежелері мен сыныптан тыс сабақтар үшін қосымша төленетін еңбекақы көлемі көтерілді. Сондай-ақ, білім алушылар үшін де лайықты жағдайлар жасалуда. Барлық талаптарға сәйкес келетін заманауи және жайлы мектептер салынуда. Қабылданып жатқан шаралар білім беру сапасын жақсартуға және тиісінше адами капиталды дамытуға бағытталған. Алайда, осы саладағы жүйелі сыбайлас жемқорлық әрекеттер м е м л е ке т т і ң ж ү р г і з і п ж ат қ а н реформаларын жоққа шығаруда. Статистикаға сүйенсек, өкінішке қарай білім беру саласы жемқорлық фактілері ең көп тіркелетін салалардың бірі болып табылады. Осы саладағы сыбайлас жемқорлықтың жүйелі түрде кездесетінін ескере отырып, былтыр Агенттік Оқу-ағарту министрлігімен бірле сіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізді. Бюджеттің 70 пайызын құрайтын еңбекақы төлеу қорына басты назар аударылды. Мемлекеттік қаражатты ұрлаудың барлық схемасы ашылды, яғни жоспарлау кезеңінен түпкілікті айлық төлеу барысындағы жымқыру фактілері анықталды. Салдарынан барлық өңірлерде қылмыстық істер қозғалды, біздің облыс та одан қалыс қалған жоқ. Бұзушылықтардың басым бөлігі бухгалтерлік жүйенің тиісті жетілмеуінің салдарынан және адами фактордың арқасында мәліметтерге қолдан өзгеріс енгізу барысында орын алған, – деді сала маманы.
Сонымен қатар, ол бұл ахуалды түзеу мақсатында бірнеше ұсыныстарды ортаға салды. Алдымен, педагогтердің жұмысқа көбінесе тамыз-қыркүйек айларында қабылданатынын ескере отырып, қоғам белсенділерімен бірлесіп жақын арада аталған бағытқа сапалы ішкі талдау жүргізуді, бір орында ұзақ мерзімде жұмыс істеп келген білім ұйымдарының басшыларын ротациялар және ауыстыру тәжірибесін одан әрі жалғастыру, білім ұйымдарына бөлінетін жылыту отынының сапасы және оның тиісті игерілуін бақылауды, б а л а л а р д ы ң ы с т ы қ т а м а қ п е н қамтамасыз ету барысындағы тағамның сапасы және нормаларға сәйкес келуін бақылауды, педагогтердің біліктілігін арттыру кезіндегі алаяқтық белгілері бар тәуекелдерге жол бермеуді ұсынды.
Өз кезегінде «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбеков «Адами капиталды дамытудың негізі – ұстаз мәртебесі» тақырыбында сөз алып, өңір педагогтерінің ықыласына бөленді. Ол өз баяндамасында біздің өңірдегі бірыңғай ұжымдық шарт жобасын қазіргі таңда Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі озық үлгі ретінде ішінара өз тәжірибелеріне енгізіп отырғанын қуана хабарлады.
– Аймақтағы білім, ғылым саласында шоғырланған 65 мыңнан аса еңбек адамын біріктіретін біздің салалық кәсіподақ ұйымы мен білім саласындағы өкілетті орган білім басқармалары мен бөлімдері, тиісінше мекеме басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасындағы конструктивті әрі іскерлік қарым-қатынас, шынайы әрі пәрменді әлеуметтік әріптестік жүйесі арқылы көптеген түйткілдердің түйіні тарқаған. Республикада соңғы 12 жыл көлемінде баламасы болмаған бірыңғай ұжымдық шарт жасау, әр қызметкерге тегін әрі сапалы заң кеңесін беруге қауқарлы құқықтық қызмет, жұмыс берушілер мен сала өкілдері үшін тұрақты құқықтық семинарлар өткізетін оқу-әдістемелік орталық, республикалық мәртебеде жарық көретін «Еңбекші» салалық газеті, кәсіподақ мүшелерін отандық шипажайлар мен түрлі бағыттағы тарихи-танымдық саяхатпен қамтитын кәсіподақтық туризм қызметі осы бірлескен әріптестік аясында жүзеге асып отырған жобалар. Біздің өңірдегі бірыңғай ұжымдық шарт жобасын қазіргі таңда Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі озық үлгі ретінде ішінара өз тәжірибесіне енгізіп отыр. Ұжымдық шарттармен көзделген кепілдіктердің барлығы қосымша қаржылық шығындарды қажет ететін нормалар. Мысалы, 2022 жылы облыс бойынша Келісім мен Ұжымдық шарттардың орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған бюджет қаражаты 999.1 миллион теңгені, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 2.9 миллиард теңгені құрады. Бұл қаражаттың барлығы да кәсіподақ мүшесі болып табылатын сала қызметкерлеріне қосымша табыс ретінде бағытталғанын атап өту керек, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Бұдан бөлек, кәсіподақ басшысы облыс әкіміне сала бойынша бірнеше түйткілдің барын баяндап, олардың шешу жолын да ұсынды. Алғашқысы, білім мекемелеріндегі бақылауқадағалау жөніндегі мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан болатын әртүрлі тексерулер жөнінде.
– Әрине, адам еңбек ететін, жасөспірім білім алатын әлеуметтік нысан болғандықтан ондағы санитарлық тазалық, өрт қауіпсіздігі, қоғамдық тамақтандыру, өмір қауіпсіздігі сынды мәселелер маңызды екенінде күмән жоқ. Бірақ сол талаптарға толық сәйкес болуға, материалдық-техникалық жағдайды мінсіз етіп жас ауға толыққанды қаржы бөлініп отыр ма?! Мәселенің бір ұшы осында. Сонда, мемлекеттік орган талапқа сәйкессәйкес еместікті тексеріп, кемшіліктерді анықтап, әкімшілік шара қолданғанда «мемлекет мемлекетке айыппұл салып отырған жоқ па?! Сол қажетті жағдайды жасауға қаражат бермей, қосымша айыппұл арқалатып қойғанымыз дұрыс па? Сондай-ақ, соңғы кездері әкімшілік жаза ретінде айыппұлды заңды тұлғаға емес «лауазымды тұлға» ретінде мекеме басшыларына салу тәжірибесі кеңінен қолданылуда. Ал, айыппұл мөлшері аз қаражат емес. Ол айыппұлды басшы, жұмсартып айтқанда, «ұжым мүшелерімен» бөлісуге мәжбүр болатыны да жасырын емес. Бұл мәселенің екінші бір тұсы. Ұсынысымыз, мемлекет қаржыландыратын мекемелерді тексеру барысында бірден айыппұл емес ескерту, ұсыныс беру, ал ең бастысы қаржы бөлуші «бюджет әкімшісі» деңгейінде осындай түйткілдерді шынайы шешу жолдары қаралып, ескерілсе.
Егер білім мекемелерінде жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге шын мәнінде қол жеткіземіз десек, білім басқармасы мен бөлімдеріне, мекеме басшылығына тек оқу-әдістемелік процеспен, яғни оқу бағдарламасы, тәрбие бағыты, кадр әлеуетін қалыптастыру, таңдау, іріктеу, оқыту, біліктілігін арттыру, қайта даярлаумен айналысу функциясын ғана қамтып, сол үшін жауапкершілік жүктеп, ал құрылыс, ағымдағы және күрделі жөндеу, материалдық жабдықтау, инфрақұрылым мен инженерлік жүйенің қалыпты жұмысы, жылу, жарық сынды мәселелерді толыққанды аудандық, қалалық деңгейдегі жергілікті атқарушы орган – әкімдіктерге беру ұтымды болар ма еді?! Құзыреттердің аражігін заңнамалық негізде ажыратқан жөн деп санаймыз.
Ербол Шырақпайұлы, соңғы бір жыл көлемінде білім саласындағы қаржы-экономикалық қызметкерлерге ұжымдық шарт аясында төленген қосымша ақылардың заңдызаңсыздығы туралы бақылау-тексеру органдарымен жүріп жатқан текетірес, нәтижесінде қызметкерлердің жаппай бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мәселесінің әлі күнге дейін соңғы нүктесі қойылмай, келіссөздер, хат алмасулар, сот проце стері жалғасып, түпкілікті құқықтық бағасы берілмегенінен хабардарсыз. Сиырқұймышаққа айналған осы дау салдарынан бүгінде қаржышаруашылық саласының қызметкерлері мен басшылар арасындағы әлеуметтік қ ы с ы м б ә с е ң д е м е й , ж а л а қ ы с ы мардымсыз, жұмысы мен жауапкершілігі ж о ғ а р ы қ а р ж ы - э ко н о м и к а л ы қ қызмет мамандарының тапшылығы бұрынғыдан да еселеніп, босап қалған орындар күн санап артып келеді, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Педагогтердің көкейінде жүрген, ашық айтылған көптеген түйткілдерден соң қорытынды сөз облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке берілді. Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы өңірде білім саласына айрықша назар аударылатындығын айтып, биыл білім саласына 319,2 миллиард теңге бөлінгендігін жеткізді. Бұл облыс бюджетінің 50 пайызынан асады. Аймақ басшысы білім беруді цифрландыру – сапалы білім берудің тетігі екендігін баса айтып, өңірде мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылғандығына назар аудартты. Интернет жылдамдығы 20 мегабит/ сек жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 63 пайыздан 97,4 пайызға көтерілгендігіне, облыс ұстаздарының жеткен жетістіктеріне де тоқталды.
– Бүгінде қоғамның қарыштап дамуы мен өркениет көшіне ұмтылысындағы және білім саласындағы заманауи кеңістікті жас анды интеллект, цифрландыру деген ұғымдарсыз елестете алмаймыз. Бұл жай ғана қазіргі заманғы сәнге айналған сөздер емес, біздің өміріміздің бір бөлшегі секілді. Өйткені, білім беру саласындағы цифрландыру жас ұрпақты жан-жақты біліммен қарулануға және түрлі ақпараттарға талдау жасауға көмектеседі, ресурстарға жол ашады, заманауи технология мен оқу әдістемесін бірегейлендіруге мүмкіндік береді. Білім беру ісіндегі цифрландыру дамудың жаңа деңгейіне көтеріліп, білімі терең, ойы озық ұрпақ тәрбиелейтін әрбір педагогке үлкен жауапкершілік жүктейді. Биыл білім саласына 319,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 50 пайызынан асады. Саладағы инфрақұрылымды жетілдіру өте маңызды. Ағымдағы жылы 41 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылды. Жыл соңына дейін 15 мектеп пен 4 мектептің жапсарлас құрылысы аяқталады, 2025 жылы 22 нысанның құрылысы бітеді. Бұл жұмыстардың сапалы, әрі мерзімінде орындалуын білім және құрылыс басқармалары мен қала және аудан әкімдеріне тапсырамын. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етуді жалғастыру үшін биыл жергілікті бюджеттен 635,2 миллион теңге бөлінді. Мектепке дейінгі ұйымдарда қамтылған нақты бала санын бақылауда ұстау, жан басына шаққандағы қаржыландыруды бөлу кезіндегі ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласындағы балабақшалар ағымдағы жылдан бастап пилоттық жоба аясында кезеңкезеңімен цифрлық жүйеге енгізіліп отыр. Мектепке дейінгі ұйымдардағы баланың қауіпсіздігі және білікті кадрлармен қамтамасыз ету жұмыстары қатаң бақылауда болуы қажет. Бұл шараларды бақылау білім басқармасы мен білім бөлімдеріне жүктеледі, – деді Ербол Қарашөкеев.
Балаларды жалпыға міндетті білім берумен қамту жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді. Аймақ басшысының айтуынша, көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге жалпыға міндетті білім беру қорынан 5,6 миллиард теңге бөлінген. Киім-кешекке бөлінген қаржы ата-аналардың жеке шоттарына аударылған. Бүгінгі күні «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы өтуде. Ербол Шырақпайұлы осы акцияға барлық кәсіпкерлерді, өндіріс орындары мен мемлекеттік орган басшыларын белсенді қатысуға шақырды. Өз кезегінде аймақ басшысы бұл саладағы тағы айта кететін мәселе – мектептегі ыстық тамақтың сапасы екенін атап өтті.
– Дені сау ұрпақ – сапалы ұлттың негізі десек, балалардың құнарлы тамақпен қамтылуына барынша ден қою қажет. Өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық 1-4 сынып оқушылары бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылуда. Биыл оған облыстық бюджеттен 5,6 миллиард теңге бөлінді. Мектеп асханаларындағы күнделікті тамақтану сапасына қоғамдық бақылауды күшейткен жөн. Өңірдегі «Мейірім» жобасы аясында 96 мекеме 137 атаанасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуде. Жоба аясында «Отбасы банкінде» ашылған 1 256 баланың шоттарына бекітілген мемлекеттік органдар мен ірі кәсіпорындар 71 миллион теңгеге жуық қаржы аударды. Бұл жобаға қолдау көрсету жастардың өмірден өз орнын табуға зор септігін тигізері анық, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі өз сөзінде интернет жылдамдығы 20 мегабит/сек жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 63 пайыздан 97,4 пайызға артқанына тоқталып, республикада қолға алынып отырған интернет жылдамдығын көтеру бойынша Старлинк жобасына Жамбыл облысының 53 мектебі енгенін атап өтті. Дегенмен, 12 мектепте кемінде 20 мегабит/сек жылдамдықтағы интернетке қосу мәселесі күн тәртібінде тұрғанын да айтты. Бұл мәселені білім және цифрлық технологиялар басқармасына бірле сіп шешуді тапсырды. Бұдан бөлек, аймақ басшысы білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды, білім басқармасына алдағы оқу жылында колледжде ІТ құзыреттілік орталығын ашуды, сондай-ақ, облыстағы барлық колледж түлектерінің жұмысқа орналасуын бақылауға алуды жүктеді.
Тамыз кеңе сінің қорытынды бөлімінде жылдағы игі дәстүр бойынша бірқатар сала қызметкерлері білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан елеулі үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін бірқатар марапатқа ие болды. Атап айтқанда, Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен 4 педагог, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен 6 педагог, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен 4 педагог ж ә н е о бл ы с ә к і м і н і ң Қ ұ р м е т грамотасымен 4 педагог, Алғыс хатымен 7 педагог марапатталды. Марапат төрінен көрінген ұстаздар өздерінің сан жылғы толассыз еңбектерінің бағаланып жатқанына ризашылықтарын білдірді.
– Бүгін еңбегіміз еленіп жатқан күн. Өте қуаныштымыз. Облыс ұстаздарының тамыз кеңесінде Оқуағарту министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері атандым. Бұл менің 24 жыл бойы төккен терімнің, адал еңбегімнің жарқын жемісі деп білемін. Бізді осы марапатқа лайық көрген басшылыққа, білім басқармасына алғысым шексіз. Осы жолда, жас ұрпаққа білім беру бағытында аянбай еңбек ете береміз, – дейді марапат иесі Ақтолқын Құлекеева.
Ал, «Орта білім беретін үздік ұйым2024» грантының иегері ретінде Меркі ауданындағы Т.Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназиясына 68 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды. Аталған мектептің директоры Гүлжан Тілеубердиева марапат алған сәттегі көңіл-күйімен бөлісті.
– Мұндай марапатқа жету үшін күн мен түнді таңдамай еңбек ету керек. Біз бұл жолда аянып қалған жоқпыз. Бұл биікке ұжым, ата-аналар мен оқушылардан қ ұ р а л ғ а н ы н т ы м а қ т а с т ы қ т ы ң нәтижесінде жетіп отырмыз. Қазіргі таңда мектебіміздің білім сапасы өңір бойынша жоғары деңгейде. Соңғы екі жылда республикалық «Ауыл мектептері» байқауынан екі оқушымыз жүлдегер атанды. Пән олимпиадаларынан жақсы нәтижеге жетіп жүрміз. Робототехникадан республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда үздіктер қатарынан көрініп келеміз. Қазіргі таңда мектебімізде 1430 оқушы білім алады. Оларға 164 ұстаз білім береді. Өзімнің мұғалім ретіндегі жұмыс өтілім 36 жыл. Оның 22 жылында мектеп директоры қызметін атқарып келемін. Бұл менің тәжірибемдегі екінші мәрте «Үздік мектеп» грантын жеңіп алуым. Алғаш рет 2012 жылы Меркі ауданындағы Трубицын атындағы орта мектебінде директорлық қызметте жүргенімде осы гранттың иегері атандық. Қанжығамызға түскен 68 миллион теңгені мектептің материалдықтехникалық базасын жаңалауға, оның ішінде мектепті цифрландыруға жұмсауды жоспарлап отырмыз, – дейді жеңімпаз мектептің директоры Гүлжан Ержанқызы.
М ұ н ы м е н қ о с а « Ко л л е д ж д е р лигасының» жеңімпазы Жамбыл инновациялық жоғары колледжіне 10 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Сондай-ақ, «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған 6 білім беру ұйымы түрлі номинациялармен марапатталып, 1 миллион теңгенің ақшалай сертификатын алды. Республикалық «Үздік педагог» байқауында жеті бірдей мұғалімі «Үздік педагог» атағын иеленген облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының ұжымы «Үздік педагогтер шеберханасы» номинациясымен марапатталып, ақшалай 500 мың теңге сертификат алды. Бұдан бөлек, «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған үш бірдей мектепке дейінгі білім беру ұйымдары марапатталып, ақшалай 500 мың теңгенің сертификатын алды.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл облысында 16 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда
- 21 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді