Саялы сарысу: кеше және бүгін

Саялы сарысу: кеше және бүгін
Ашық дереккөз
Қазақтың Қаратауы мен Алатауы астасқан қасиетті мекенге орын тепкен Жамбыл облысы – ел тарихында да, экономикасында да өзіндік орны бар өлке. «Суы бар жердің – нуы бар» деп жатамыз ғой. Таудан басталатын өзендері мен жылға-жылғадан жылжып аққан бұлақтары осы өлкенің көркі десе де болғандай. Ұшақтан көз салған кезде шахматтың шаршы тақтасындай ойдым-ойдым, бөлек-бөлек егін алқаптары, алаңсыз жайылып жатқан төрт түлік мал бірден көзге түседі.

Азық-түлік өндіруде бұл облыстың республика бойынша өзіндік орны бар. Оған біз биыл шілде айының соңғы күндерінде өңірде болған кезімізде көз жеткіздік. Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев кездесу барысында бұл бағытта облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы біраз баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев халық қалауымен Президент болып сайланғаннан кейін алғаш қабылдаған тарихи шешімі – Қазақ халқының алтын бесігі – ауылды көтеру жөнінде Жарлыққа қол қоюы болды. Бұл жай сөз емес, нақты іске айналған бастама ретінде бүгінде ойдағыдай жүзеге асуда. Осы бесжылдық мерзімде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есе ұлғайту міндеті алға қойылып, шаруаларға жеңіл шарттармен несие беру көлемі тұңғыш рет 580 миллиард теңгеге жетті. Ал алдағы уақытта әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары арқылы диқандарды жеңілдетілген қаржыландырумен қамтуды 100 пайызға жеткізу мәселесі қолға алынып отыр.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бізбен кездесу барысында осы шараларға және ауыл шаруашылығын өркендетудің басқа да мәселелеріне кеңінен тоқталып, бізді ауыл адамдарының өмірін жақсартудың қолға алынып жатқан бірқатар бағдарлы жұмыстарынан хабардар етті.

Осы сапар барысында облыстың Жамбыл, Жуалы, Талас, Сарысу аудандарын аралаудың, осы өңірлер еңбеккерлерінің ауылды өркендету жолында атқарып жатқан толымды жұмыстарымен танысудың сәті түсті. Соның ішінде, Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында болғанымызда шағын шаһардың алдағы айларда 55 жылдығы атап өтілетінін естіп білдік.

Жұртшылық тәуелсіздік жылдарында Сарысу ауданы мен Жаңатас қаласының біріктіріліп, қаланың аудан орталығы мәртебесіне ие болуына оң баға береді. Өйткені, ауданның ауыл шаруашылығының қаланың өндірістік әлеуетімен ұштастырылуы нәтижесінде аудан дамудың жаңа белесіне көтерілді деген ойда. Бұл пікірдің дұрыстығына аудан орталығы атанған қаламен, жалпы ауданмен жақынырақ танысу барысында көз жеткізгендей болдық.

Бүгінгі Жаңатас негізінен «Қазфосфат» ЖШС құрамына кіретін Тараз қаласындағы сары фосфор, аммофос, күкірт қышқылын, басқа да химиялық түрлі өнімдер өндіретін «Жаңа Жамбыл фосфор» зауыты мен суперфосфат зауытына, алыс-жақын шетелдік химия кәсіпорындарына фосфор шикізатын жөнелтеді. Қалада бірлескен кәсіпорындар салуды қолға алу да халық әлеуетін жақсарта түсуде. Мысалы, ресейлік «ЕуроХим» компаниясы фосфор шикізатын өңдіруде және фосфоритті өңдейтін кәсіпорын салуда, ал Түріктер Саудакентке жете берістегі «Сарбұлақ» аймағынан кальцилендірілген сода өндіретін зауыттың іргетасын қалауда. Бұлар өз кезегінде ауданда көптеген жұмыс орындарының ашылып, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне оң ықпалын тигізуде.

Қаратаудың биік шоқыларының басында жел күші мен жұмыс істейтін қозғалтқыштарға қарасаң көзің тояды. Жаңатас маңындағы қыраттарда қытайлықтар екі жел электр станциясын салып тастаған. Нәтижесінде жаңатастықтар дүниежүзі ғалымдарының басын ауыртып жүрген көмірден, газдан алынатын энергетикадан кетіп, таусылмайтын жел энергетикасын өндіру жөнінде алғашқы қадамдар жасап жатыр екен.

Қаланың іргетасы ірі фосфорит кенін игеруге байланысты 1964 жылы қалана бастапты. Сонау 1969 жылы кентке, 1971 жылы қалаға айналыпты. Жаңатастың фосфор байлығы 1939 жылы айқындалса да, оны игеру 1964 жылы басталған. Сол жылы іргетасы қаланған кент Бүркітті деп аталыпты.

Жаңатас қаласының қайта түлеуіне моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының тигізген пайдасы зор болыпты. Мұнда да шағын және орта кәсіпкерлік саласын мықтап дамытуға баса көңіл бөлінген. Шаһарда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының материалдық-техникалық базасы күн өткен сайын нығайып келе жатқан көрінеді.

Жаңатас – фосфор кенімен аты шыққан қала. Бүгін де мұнда «Қазфо сфат» ЖШС филиалы – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «ЕуроХим» компаниясы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Аталған өндіріс ошақтары жылына миллиондаған тонна фосфор өнімдерін өндіреді. Соңғы жылдары «ЕуроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жаңатас қаласында фосфарит шикізатын қайта өңдеу арқылы химиялық кешеннің жұмысын жандандыра түсуде. Сөйтіп, аудан халқының әл-ауқатын арттыруға өзінің қомақты үлесін қосуда.

Облыс орталығынан 180 шақырым қашықтықта орналасқан Жаңатас қаласында 155 төсекке арналған орталық аурухана, 500 адамға арналған орталық емхана, Мәдениет үйі, кітапханалар, халық театры, неміс, славян орталықтары жұмыс істейді. Көпсалалы техникалық колледж, 2 кәсіптік-техникалық лицей, жалпы білім беру мектептері, балабақшалар мен спорт мектептері, демалыс саябақтары бар.

«ЕуроХим» компаниясы Түркістан облысының Шаян өңірінен Жаңатас қаласына дейін көгілдір газ тартуды қолға алыпты. Компания жобасы бойынша алдағы уақытта Жаңатасты «Ақылды қалаға» айналдыру жоспарланған. Кезінде қала атағы алысқа кетіп, оның тұрғындары үлкен жазушымыз Шерхан Мұртазаның «Қара маржан» романының кейіпкерлеріне айналып, ол шығарма республиканың көркем әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған еді. Тәуелсіз еліміз тұсында қайта түлеген бұл қаланың болашағы зор.

Жаңатас сияқты өндірісті қаланы аудан орталығына айналдырып, қала мен дала тірлігін ұштастырып, істің көзін тауып отырған Сарысу ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде әңгімелегенде аудан тарихына аз-кем тоқталып өткеннің артықтығы жоқ болар.

Сарысу ауданы 1928 жылы 3 қыркүйекте Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қазақстанда көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарды белгілеу туралы» қаулысына сәйкес құрылған. Осы қаулыға сәйкес Сарысу ауданы Қызылқұм, Созақ, Шу аудандарымен бірге Сырдария округының құрамына кірген.

Қазақстанда 1928 жылы өткізілген ірі байларды тәркілеу науқанының көшпелі халыққа тигізген зардабы шексіз ауыр болды. Бұдан өзге 1932-1933 жылдары ғасырлар бойы көшпелі тірлікпен күн кешіп, еркін шаруашылықпен, мал өсірумен айналысқан халықты күштеп ұжымдастыру салдарынан болған нәубет Сарысу халқын аяусыз қырғынға ұшыратты. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Сарысу өзенінің бойынан 6000-дай шаңырақ үдере көшіп, Қаратау бойына шұбырды. Голощекиннің солақай саясаты салдарынан сол алты мың шаңырақтан екі-ақ мыңдайы арып-ашып Қаратау алқабына тұяқ іліктірді.

Арқадан арып-ашып жеткен адамдар Қаратау бойындағы шұрайлы жерлерге, өзендер мен көлдердің бойына қоныс тепті. Бұл жақтағы байырғы ел-жұрт та солақай саясаттың зәбірін тартқан екен. Сан түрлі салықтар бұл жақтағы ағайындарға да оңай тимеген. Десек те, отырықшылық дәстүрден қол үзбей, диқаншылық кәсіпті серік еткен қаратаулықтар ұзақ көштен шаршап-шалдыққан, әбден әлсіреген ағайындарға қолдан келген қамқорлықтарын аяған жоқ.

Сол кездегі Қазақстан Үкіметінің өкілдері, қоғам қайраткерлері Ораз Жандосов, Жанайдар Сәдуақасовтар нәубетке ұшыраған сарысулықтардың алдынан шығып, халықтың аман қалған бөлігінің осы өңірге орналасуына көп күш салды. Әсіресе, Ораз Жандосовтың сіңірген еңбегі зор болды. Кейін Қаратау алабына қоныс тепкен халықтың басым көпшілігінің ұсыныс-талаптарын зор түсіністікпен қабылдап, ауданның тарихи «Сарысу» атының сақталып қалуына қолдау көрсетті.

Есін жиып, етегін жапқан халық төрт түлік мал өсіруге ден қойды. Мысалы, 1934 жылғы шілде айындағы санақта ауданда ұсақ мал саны 7651 бас болса, 1935 жылы 18875-ке жетті. Сол жылы Сарысу ауданында 12 ауылдық кеңеске біріктірілген 47 артель болған.

Сарысу ауданының тарихы да Қазақстан тарихының кішігірім құрамдас бөлігі екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Еліміздің басынан кешкен тарихының жаңғырығы жаңа құрылған ауданды да айналып өткен жоқ. Отыз жетінші-отыз сегізінші жылғы қанқасапта да Сарысудың талай боздақтары қуғын-сүргінге ұшырады, атылды, айдалды.

Ұлы Отан соғысынан 2700-ден астам сарысулық туған топырағына қайта оралмады. Амантай Дәулетбеков, Берген Исаханов секілді Кеңес Одағының Батырларының, даңқты мерген, батыр Ыбырайым Сүлейменовтің кіндік қаны сонау Сарысу өзенінің бойында тамғандығын ұрпақтары мақтан етеді. 1950 жылы Сарысу ауданында қой-ешкі саны 183320 басқа, мүйізді ірі қара 11355-ке, жылқы 4130 басқа жетті. Мал шаруашылығын өркендетудегі үздік табыстары үшін ауданның 15 малшысы 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді.

1957 жылы аудандағы колхоздар ірілендіріліп, 7 совхоз құрылды. Осы кезде ұсақ мал саны 280 мыңға жеткен болатын. 1962 жылы Сарысу ауданының Талас ауданына қосылуының тиімді болмағандығын өмірдің өзі дәлелдеді. 1967 жылы Сарысу ауданы қайта құрылды. Бұрын Мойынқұм ауданына қарап келген «Сарысу», «Шығанақ», «Қамқалы» совхоздары Сарысу ауданына қосылды.

1990 жылы ауданда қой-ешкі саны 300 мың басқа, мүйізді ірі қара 10500, жылқы 10000, түйе 1800 басқа жетті.

Ауданның әлеуметтік-мәдени саласы жылдан жылға жақсарды. Мектептер, мәдениет үйлері көбейді. Қазақстанның егемендік алуымен аудан тарихының жаңа парақтары ашылды. Қоғам дамуының осы бір күрделі кезеңінде тәуелсіздіктің, егемендіктің, дербес дамудың дәмі қанша тәтті болғанмен де, осы сара жолға түсудің халық үшін қиындығы мен шырғалаңы аз болған жоқ. 1997 жылы Сарысу ауданы мен Жаңатас қаласы біріктіріліп, аудан орталығы Жаңатас қаласы болып белгіленді.

Бүгінде ауданның экономикалық әлеуеті біршама өсті. Саудакент, Тоғызкент ауылдарындағы мәдениет үйлері толықтай қалпына келтіріліп, ішкі жиһаздары мен музыкалық аспаптары, ұлттық киімдері жаңадан сатып алынды. Бұрын жұмысын тоқтатқан екі кәсіптіктехникалық училище кәсіптік лицей болып, Жаңатас қаласы мен Саудакент ауылынан қайтадан ашылды. Жаңатас қаласында мемлекеттік көпсалалы колледж жұмыс істей бастады. Тек соңғы жылдардың өзінде бес балабақша ашылды. Саудакент, Тоғызкент ауылдарында ауыз су жүйесі іске қосылды. Жаңатас қаласы мен Саудакент ауылында сандық телефон байланыс жүйесі енгізілді, жаңа пошта ғимараттары салынуда.

Бүгінгі таңда ауданда өндірістік кооперативтер, акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, жүздеген шаруа қожалықтары ауыл шаруашылық өнімдерін өндірумен айналысуда. Осы аталған шаруалықтарда мыңдаған адам жұмыспен қамтылған. Төрт түлік мал басы жылдан-жылға өсуде.

Кең байтақ Қазақстанда небір дүлдүл марқасқаларды қанаттандырған қасиетті жерлер көп қой. Солардың бірі – өзіміз әңгіме өзегіне айналдырып отырған Жамбыл облысының Сарысу ауданы десек қателеспейміз. Ауданға, қала берді облысқа еңбегі сіңген жайсаң жандарды былай қойғанда, айтулы өнерімен Қазақстан халқының сүйіспеншілігіне бөленген, тіпті бұрынғы КСРО-ға кеңінен танымал, аймүйізді ірі тұлғалар осы ауданның түлектері.

Мысалы, Жайылма ауылында қазақ киносы мен театрының майталманы, кеңестік және қазақстандық кино және театр актері, Қазақ КСР халық әртісі (1976 жыл), КСРО халық әртісі (1980 жыл), Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1973 жыл), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974 жыл), Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері (2017 жыл) Асанәлі Әшімов туған.

Ақтоғай ауылында композитор, жазушы, публицист, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Алматы кешінде», «Асылым», «Жайлаукөл кештері», «Еділ мен Жайық» секілді халық арасында кеңінен танымал, өлмес ән тудырған, «Екі жирен», «Аққулар қонған айдын көл», «Бірінші концерт» әңгімелер жинағының, музыка және музыканттар туралы зерттеулердің, сондай-ақ өнер тақырыбына арналған ондаған кітаптардың, оның ішінде ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлы туралы романның авторы, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов дүниеге келген.

Бұл өлке бүгінгі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қали Сәрсенбаевтың да туған жері. Қазақтың күміс көмей әншісі Сәуле Жанпейісова мен сирек кездесетін дауысты опера әншісі Амангелді Сембин де осы аудандағы Маятас ауылының түлектері. Қазақтың дүлдүл ақыны Маралтай Райымбекұлы тарихы бай Игілік ауылының перзенті.

Осы өңірге іргелес жатқан Құмкент ауылы аумақтық жағынан Түркістан облысына қарағанымен, бүкіл қазаққа және түркі әлеміне ортақ тұлға Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі осында орналасқан. Елге келген әрбір қонақ қасиет қонған.

Баба түкті Шашты Әзіз кесенесіне соқпай өтпейді. Баба түкті Шашты Әзіз – қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бейне. Қазақ шежірелерінің кейбір нұсқаларында ол Маңғыт руынан деп айтылады, Едігенің осы рудан шыққандығы негіз етіледі. Баба түкті Шашты Әзіз нақты болған адам деген бұлтартпайтын дерек жоқ. Сондықтан ғылымда ол мифтік бейне ретінде қабылданған. Қазақ фольклорында ол әулие кейпінде суреттеледі. Батырлар жырларында бас кейіпкерлер қиналған кезде демеуші, аян беруші аруақ тұлғасындағы бабадан медет тілеген. Мысалы, «Алпамыс батырда» Байбөрінің түсіне Баба түкті Шашты Әзіз кіріп, әйелінің бір ұл, бір қыз табатыны туралы аян береді, кейін Алпамыстың демеушісі болады. Басына қиындық түскенде Баба түкті Шашты Әзізге сыйынып, жалбарыну дәстүрі халық арасында күні бүгінге дейін сақталған. Күш атасы Қажымұқан додаға түскенде: «Уа аруақ, Баба түкті Шашты Әзіздің рухы қолдай гөр», - деп сыйынған.

Баба түкті Шашты Әзіздің есімі «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Шора батыр» жырларында жиі айтылады. Алтын ордаға билік жүргізген Едіге би Шашты Әзіз әулиені өзінің түп атасы санаған. Сондай-ақ, тарихи деректерде Баба түкті Шашты Әзіздің есімі Орта Азия, Қазақстан жеріне Ислам дінін уағыздаушы болып саналатын Ысқақ бабтың замандасы, үзеңгілес серігі ретінде жиі айтылады. Кесене «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының «Жалпыұлттық киелі орындар» санатының 100 нысаны тізіміне енген.

Саудакент елді мекеніне кіреберісте қобызға және осы өлкеде туып-өскен атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлына ескерткіш қойылып, сол кездегі облыс әкімі Өмірбек Байгелдінің басшылығымен даңқты қобызшының 150 жылдығы үлкен халықтық той ретінде ұйымдастырылған еді. Дарынды қобызшы Қорқыт бабадан кейінгі қобыздың құлағында ойнаған және осы аспапта халық жылы қабылдаған ірі шығармаларды дүниеге әкелген.

Қобызшының туып-өскен жері Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы, Мұңлы-Қулы тауларының етегі болса, топырақ бұйырған жері осы Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Шу өзенінің бойындағы Қуарал деген жер.

Ықыластың өскен ортасында күйшілік өнер айрықша әспеттелетін дәстүрге айналып, дәулескер күйшілердің қалың шоғыры қалыптасқан. Тәттімбет, Сары Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Итаяқ, Әбди сияқты күйшілердің Ықылас бірінің даңқын естіп, күйін құлағына құйып өссе, келесісінің көзін көріп, қадірлес, сыйлас болған. Бұл ортада бағзыдан жеткен теріс бұрау күйлері ұшталып, өрісін ұзартқан. Ықылас болса сол ұлы дәстүрді қобыз тілінде жалғастырушы дәулескер күйші. Қорқыт атадан кейін тәңірлік аспапқа адамның тілін дарытып, жоғын жоқтатып, мұңын мұңдатқан біртуар композитор.

Ықыластың әкесі Дүкен де, оның әкесі Алтын да қобызшы болған. Алтын қобызға әуестеніп жүрген бозбала шағында түс көріп, түсінде бір ақсақалды абыз: «Бұл қобыз сенің жеті ұрпағыңа дарып, желеп жебейтін болады!» деп аян береді деген шежіре сөз бар. Ықыластың Дүйсебай, Түсіпбек, Ақынбай атты үш баласы да көшелі қобызшылар болған. Олардың балалары мен немере, шөберелері қазір осы Сарысу ауданында тұрады. Ықыластың қара қобызы беріге дейін Ақынбайдың баласы Дәулеттің қолында сақтаулы болған, 2008 жылы сол кездегі Жамбыл облыстық мәдениет басқармасы ол қобызды сатып алып, мемлекеттік мұражайға табыс еткен. Сол күннен бастап, Ықылас Дүкенұлының қара қобызы мемлекет меншігінде.

Ықыластың тырнақалды туындылары «Қасқар», «Ықылас» деп аталады. Оның «Кертолғау», «Ерден», «Жалғызаяқ», «Жарым патша», «Жезкиік» сияқты күйлерінде өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-әлеуметтік көріністері бейнеленсе, «Қамбар - Назым», «Айрауық», «Қазан» сияқты күйлеріне ел арасына кеңінен тараған аңыз әңгімелер, қиял ғажайып оқиғалар арқау болған. Осы күйлердің қай-қайсысы да Ықыластың адамға деген, қоғамға деген, табиғатқа деген азаматтық тұлғасын, адамгершілік үнін айқын аңғартады.

Ықыластың күйшілік дәстүрінің жағасын қисайтпай жалғастырған төл шәкірттері Ашай Бекмағамбетұлы, Әбікей Тоқтамысұлы, Сүгір Әліұлы және өзінің бел баласы Түсіпбек болған. Бұлардан тікелей тәлім алған белгілі қобызшы домбырашылар Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаев. Ал, Дәулет пен Жаппастың төл шәкірттері – Әбдіманап Жұмабеков, Сматай Үмбетбаев, Базархан Қосбасаров.

Көшпелі елдің көшінен түсіп қала жаздап, қадау-қадау өнерпаздардың қол жалғауы арқылы көнеден бүгінге жеткен қобыз өнері қазір арнасын кеңейтіп, өрісін ұзартып, өресін биіктетіп, халқын қоңыр үніне ұйытуда.

Сарысу өңірін аралау барысында көріп-біліп, көңілге түйген кейбір әсерлеріміз осындай. Қорыта айтқанда, өсіп-өніп, өркен жайған өлкенің келешегінің жарқын болуының, ауданның жаңа дәуірде алға басқан қадамының да, өндірістік әлеуетінің де арта түсуінің басы-қасында жүрген аудан әкімі Сәкен Мамытовтың жас та болса бас болып аудан тіршілігін дөңгелетіп жатқанына риза болғанымызды айта кетелік.

Өзі басқаратын ауданның шаруашылықтарын аралатып, қасиетті жерлерімен, атақты адамдар туып-өскен өңірлермен таныстыру барысында оның осы өңір ерекшеліктерін бес саусағындай білетінін, аудан халқының мұң-мұқтажын шешу жолында бел шешпей еңбек етуге тас түйін дайын екенін аңғардық. Ел ағаларына, ақсақалдарға деген ілтипатынан да, халық дәстүрін сақтай білетін мінезінен де өмірден көргені мен түйгені баршылық екені әрбір әңгімесінен сезіліп тұрды.

Алғашқы ел басқару қадамы Жаңатас қаласының әкімі болудан басталып, кейін Сарысу ауданы әкімінің орынбасары, осы ауданның әкімі қызметтерімен жалғасын тапқан бүгінгі аяқ алысының да сабырлы, салмақты, мәселе шешуде істің байыбына бара білетін ел азаматының орнықтылығына, алғашқы басшылық қадамдарына халық дән риза. Әсіресе, ауданда жақында орын алған табиғаттың тосын құбылысы – шелектеп төккен нөсер-жауын халықты әбігерге салып, ауыртпалық әкелгенде әкім абдырап қалмай, апат жағдайында мәселені оң шешу жолдарын әбжіл қолға ала білді. Әрине, табиғаттың төтенше мінез танытқан қиын шағында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев апат аймағынан табылды. Шұғыл түрде штаб отырысын өткізді, зардап шеккен отбасыларында болды. Облыстан тиісті адам күшін және техника құралдарын жұмылдырды. Табиғи апат орын алған үш күннің ішінде облыс басшысы Жаңатасқа екі рет барды. Соның нәтижесінде тез арада құрылған еріктілер жасағы лай судың, тасқынның қалдықтарынан елді мекенді тазалап, қоқыстарды қала аумағынан шығарып, қалыпты тіршілікті қалпына келтірді.

Ауданның халқы мен әкімі бірлік тізгінін қатар ұстап жүріп атқарып жатқан игі істерге көңіліміз толып, өңірдің халқы мен басшылығына жылы лебізімізді білдіру үшін қолға қалам алғанда айтпағымыз осы еді.

 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

«Ардагерлер ұйымы»  республикалық

қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесі

төрағасының Бірінші орынбасары,

тарих ғылымдарының

докторы, профессор

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар