«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аймақ ахуалы айтарлықтай жақсарып келеді

Аймақ ахуалы айтарлықтай жақсарып келеді
Ашық дереккөз
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Президентке өңірдің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берген болатын. Мемлекет басшысына облыс экономикасы, инвестиция тарту жұмыстары, жаңа өндіріс орындарын іске қосу, егін жинау науқанының барысы, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жайы, тағы басқа да өңірде қолға алынып жатқан жұмыстар баяндалды.

Биылғы бірінші жартыжылдықта Жамбыл облысы бойынша экономикалық өсім 100,2 пайызды құрады. Ал, 2027 жылға дейінгі инвестициялық портфелі 70 жобаны қамтиды. Инвестициялық жобалар пулында «Еврохим тыңайтқыштар» минералды тыңайтқыштар өндірісі, «Qazaq Soda» кальцийленген сода өндірісі, «Monterra Qazaqstan» алтын өндіру, «Корсем» цемент өндірісі, «Shagala Mining» мыс өндірісі, «Masdar» жел электр станциясы, «ҚазПро Темір» қара металлургиясы, натрий цианидін өндіру «Altynalmas Reagents», «Кнауфгипс Тараз» гипс өндірісі сияқты ірі жобалар бар.

Жыл басынан бері 134 миллиард теңгеге 6 жоба іске қосылып, 248 жаңа жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде жеті айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына инвестициялардың өсімі 100,8 пайызды (246,8 миллиард теңге) құрады. Қаңтар-маусым айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 413,5 миллиард теңгеге (92,6 пайыз) жеткізілді, онда өңдеу секторының үлесі 64,5 пайызды құрайды.

Өткен кездесуде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Президентке облыста фосфор өнеркәсібін дамыту үшін жаңғырту немесе жаңа инвесторлар тарту қажеттігі туралы баяндаған болатын. Қазіргі уақытта Қытайдағы негізгі ойыншылар мен әлеуетті серіктестерді талдау аяқталды. Қытайлық серіктестер облыстағы фосфорит қорларымен, сондай-ақ, Қазфосфат тобының өндірістік қуаттарымен танысты. Әлеуетті қытайлық инвесторлар серіктестер үшін сапарлар ұйымдастырылды, Hubei Xingfa Chemicals Group (Xingda/Синьфа) және Jiangsu Changqing Phosph-Chemical (CXPC/ СиЭксПиСи) сияқты 2 әлеуетті серіктес таңдалды.

Жер қойнауын пайдалану саласында жергілікті бюджет қаражаты есебінен жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу бойынша жаңа құралдарды іске асыру басталды. Биыл шілде айында арнайы жабдықтары бар тәуелсіз сарапшыларды, маркшейдерлерді тарта отырып, мобильді топ құрылды. Маман-маркшейдер қазба орнын арнайы құрылғымен анықтайды, заңсыз пайдаланылған топырақтың көлемін есептейді. Бұл пайдалы қазбаларды заңсыз өндіруді, келісімшартт арда белгіленген өндіру көлемінің асып кетуін анықтауға және келісімшарттық аумақтан тыс өндіруді анықтауға мүмкіндік бермек. Нәтижесінде жер қойнауын тиімді және ұтымды пайдалану, бұзылған жерлерді қалпына келтіру, жер қойнауын пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру күтілуде. Міндеттемелер орындалмаған жағдайда тау-кен келісімшарттары жаңа инвесторларға берілмек.

Мемлекет басшысының тұрғындарды сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету бойынша тапсырмасын орындау шеңберінде жыл басында 313 ауылдық елді мекен және Қаратау, Жаңатас қалалары орталықтандырылған сумен толық қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін тағы 37 ауылдық елді мекен немесе 23,6 мың адамды, Тараз, Шу қалаларындағы 5 тұрғын үй алабын немесе 7 мыңға жуық қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Нәтижесінде ауылдағы халықты сапалы ауыз сумен қамту 98,1 пайыз, қалаларда 98,8 пайызды құрайды. 2025 жылы 5 ауылдық елді мекенде және 4 тұрғын алаптарында сумен жабдықтау желілерін салу жоспарлануда, бұл тұрғындардың сапалы ауыз суға қолжетімділік деңгейін 100 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Облыстың автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 мың километрді құрайды. Биыл жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеуге 25,2 миллиард теңге бөлінді. Бір көпір мен 16,5 километр көше жолдарын салу, 3 километрді реконструкциялау және 655 километр жолды орташа жөндеу (85,9 км – облыстық, 77 км – аудандық, 511,3 км – елді мекендердің көшелері) бойынша 339 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 99 пайызға, көше жол желісінің үлесін 87 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда облыстың 285 елді мекені табиғи газбен қамтамасыз етілген. 2019 жылы жұмыстардың басталуына байланысты жобалар құнының қымбаттауы нәтижесінде биыл Жаңатас қаласындағы «Еврохим-Қаратау» ЖШС химия кешенін газдандыру бойынша 4 ірі жобаны, Сарысу және Шу аудандарындағы 32 елді мекенді және Шу АГРС құрылысын іске асыру тоқтатылды. Өз кезегінде осы жобаларды іске асыру Сарысу ауданын газдандыру деңгейін 4,6- дан 92 пайызға, Шу ауданын 78,2- ден 94,5 пайызға дейін жеткізуге және көгілдір отын жоқ Мойынқұм ауданын газдандыруды бастауға мүмкіндік береді.

Облыс бойынша жылу желілерінің ұзындығы 350,7 километр, тозу деңгейі 55,5 пайызды құрайды. Биыл Тараз қаласындағы негізгі жылу магистралі 7,1 миллиард теңгеге қайта жаңартылып жатыр. Жыл соңына дейін Қаратау және Жаңатас қалаларында орталық қазандықтарды реконструкциялауды аяқтау жоспарлануда, нәтижесінде соңғысы жағу мазутынан табиғи газға ауысады. 2025 жылы Қаратау қаласындағы орталық қазандықтың мазут шаруашылығын қайта жаңартуды аяқтау жоспарлануда, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландыру болған жағдайда жылу желілерін қайта жаңартуды бастау жоспарлануда.

Биыл су үнемдеу технологиясын қолданатын ауыл шаруашылығы жерлерін 40 мың гектардан 55,4 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. АӨК-де жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жұмыстар ерекше бақылауда. Биыл жоспарланған 16 жобадан 7,2 миллиард теңгеге 6 жоба іске қосылды. Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша да жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінде облыс фермерлері егін жинауға кірісті. Бұл науқанға 1 мыңға жуық комбайн, 4,9 мың трактор және 4,4 мың өзге де техника жұмылдырылып, 11,4 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Негізгі дақылдарды жинау 2,1 миллион тонна деңгейінде күтілуде. Жеткізілген көрсеткіштерге сәйкес 14,7 мың гектар алқапқа қант қызылшасын себу қажет болды, қант қызылшасын себу 11,2 мың гектар алқапта жүзеге асырылды. Биыл қант қызылшасының өнімділігі 1,8 есеге артады деп күтілуде. Алдын ала бағалау бойынша қант қызылшасының жалпы өнімі шамамен 640 мың тоннаны құрайды. Бұл өнімділіктің рекордтық көрсеткіші. Бұл ретте, «Меркі қант» зауыты 300 мың тоннаны ғана өңдей алады, ал «Тараз қант» зауыты қамысты өңдеумен айналысады және қант қызылшасымен жұмыс істеуге арналған жабдықтары жоқ. Сондықтан, облыс басшылығы 100 мың тонна мөлшеріндегі артық өнімді «Ақсу қант» зауытына қайта бағыттауды ұсынып отыр. Қалған 240 мың тоннаға сату нарығын іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы, облыста денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үймен қамту, басқа да салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар