Ақын өлеңіндегі өрескел қателік

Ақын өлеңіндегі өрескел қателік
Ашық дереккөз
Мектеп, мұғалімнің дүниеден бейхабар баланы оқытып, тәрбиелеуі арқылы болашағына жол ашады. Сонысымен де білім беру саласына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Егер олар қателессе, баладан не сұраймыз? Тараз қаласындағы №20 орта мектеп ғимаратының сыртқы қасбетіне ұлтымыздың ардақтысы, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің балаларды білімге шақырған өлеңінен үзінді жазылыпты. Өкініштісі – шумақтың екі жолын ғана жаза отырып, өрескел қате жіберілген. Тіпті, ол қате бірнеше жылдан бері еш өзгеріссіз тұрғаны жанға батады.

Ақын, педагогтің өлеңінен алынған үзіндіні «Тұмсықтының тамағы шоқу менен табылған» деп беріліпті әлгі мектептің сыртындағы көлемді жазбада. Бірден көзге түскен қателік – бірге жазылатын «шоқуменен» деген сөзді бөліп жазғаны. Содан соң бала кезден көбіміз «Сауысқанның тамағы шоқуменен табылған» деп оқып өскен едік. «Тұмсықтының» деп өлең сөзі бұрмаланғанға ұқсайды. Бұған күмән келтірген себебіміз – тұмсықтының бәрі тамағын шоқып таппайды. Жан-жануарлардың ішіндегі тұмсықтының бәрі құс емес.

Сондықтан анығын білу үшін белгілі ақын-жазушылардың еңбектерін зерттеп жүрген филология ғылымының докторы, профессор Сәмен Құлбарақтан сұрадық. Күмәнімізді дәлелді фактімен растаған ғалым «Ы.Алтынсариннің таңдамалы шығармалары» атты 1955 жылы жарық көрген кітабын көрсетті. Ыбырай атамыздың дәл осы өлеңі кеңестік кезеңдегі саяси жағдайларға байланысты «Бір Аллаға сиынып...» және «Істің болар қайыры, Бастасаңыз Аллалап» деген секілді жолдары алынып, таныстырылғанын қазір бәріміз білеміз. Бірақ, сол кеңестік кезеңде Алматы қаласындағы Қазақ ССР ғылым академиясының баспасында басылған кітапта «тұмсықтының» деген сөзді кездестірмедік. Біз білетіндей «Сауысқанның тамағы...» деп жазылған. Яғни, мектеп қасбетіндегі көрнекі жазбада дүйім жұртқа белгілі өлең жолы бұрмаланып таспаланған.

Жазбаның орфографиялық қателігін де нақтылап айту үшін мұғалімдердің білімін арттыруда еңбек етіп жүрген «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы облыс бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы Гүлхан Амановадан сұрадық.

– Бұл жазбадағы «...шоқуменен табылған» деген сөз көмектес септігінің «Немен?» деген сұрағына жауап беріп, «шоқу» деген етістікке көмектес септігінің жалғауы жалғанып тұр. Сондықтан да бұл жердегі «менен» деген жалғау бөлек жазылатындай шылау сөз емес. Қазақ тілінде «-мен, -бен, -менен, -бенен» деген бөлек жазылатын шылаулар бар. Бірақ, Ыбырай Алтынсариннің өлеңіндегі мына жолда шылау емес. Сондықтан ол бірге жазылуы керек еді. Егер бөлек жазылатындай жағдайда қарастыратын болсақ, «шоқу мен тоқу» деген секілді бірыңғай мүшелердің қатар айтылатын мағынасы шығар еді. Бірақ, бұл жерде «шоқуменен табылған» деп «Немен табылған?» немесе «Қалай табылған?» деген сұрақтарға жауап береді, – деген Гүлхан Сабырханқызы біздің ойымызды Қазақ тіліндегі сөйлем жасалатын ережелермен нақтылап берді.

Бұл қате жазбаны көрген соң ана тілімізге деген жанашырлықпен әрі жасөспірім тұлғаларды оқытып, тәрбиелейтін мекемеде үлкен етіп берілгендіктен үнсіз қала алмай, жөнін білмекке мектепке кірдік. Алайда, қазіргі жазғы демалыста мұндағы педагогтер ұжымы еңбек демалысында, директорды да таппадық. Мекеме басшысынан соң осы мектептегі ұстаздарға әдістемелік көмек көрсетіп, пәннің оқытылу жағдайын бақылау қызметтік міндетіне жүктелген әдіскерді сұрадық. «Іздегенге – сұраған» дегендей-ақ, әдіскер қазақ тілінің мұғалімі екен. «Біз көрген қате жазбаны осы кісі білуі керек қой» деген оймен бірден қоңырау шалып, хабарластық. Әрине, алғашқы сұрағымыз – «Тіл маманы ретінде «шоқуменен» сөзінің бөлек жазылуы қате ме, дұрыс па?» болды. Ол да бірден қате екенін айтты. Бірақ, өзі жұмыс істейтін мектептегі бұл қателікті ол әлі көрмепті. «Мектеп басшысы болмағандықтан жауап бере алмаймын» деп, сауалымызға қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Адами болмыс жағынан айтар болсақ, кез келген адам көрнекі ақпаратты көз арқылы қабылдайды. Біз сөз етіп отырған мектептегі оқушылар сыртындағы көрнекі жазуды күнде көріп жүр. Яғни, олар ағартушы ақынның өлеңіндегі «...шоқуменен» деген сөзді бөлек жазылады деп түсінуі әбден мүмкін ғой. Себебі, ол көрнекі жазба қалың мәтіннің ішінде ұсақ әріптермен таңбаланып та тұрған жоқ. Мектептің сыртқы келбетін бедерлеп тұр.

Назарымызға іліккен қателікке қалай жол берілгенін сұрап, Тараз қалалық білім бөліміне хабарластық. Біз көтерген мәселе бойынша аталған мектептен мәселенің анығын сұратыпты. №20 орта мектеп әкімшілігі Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжароваға жолдаған хатында бұл мектеп 2020 жылы күрделі жөндеуден өткізілгенде, жобалық-сметалық құжаттамасында сыртқы фасадына жазба жазу көрсетілмегенін айтыпты. Мектептің ашылу барысында облыстық әкімдіктің нұсқауымен мердігерге ғимаратының фасадына мурал мен жазу ұсынылған. Күрделі жөндеуді жүргізген «КАСУБ-Тараз» ЖШС жазуды өз қаражатына жасапты. Сондықтан қабылдау кезінде мурал мен жазбаларға құжаттама берілмеген көрінеді. Мұғалім түгілі қарапайым кісіге де мұндағы қателік құжатсыз-ақ көзге ұрып тұр емес пе?

Мектеп әкімшілігі хатында «жазудағы қателіктерді анықтағанымызда мердігер басшысы Үркен Аптиялиев мезгілсіз өмірден өтуіне байланысты «КАСУБ-Тараз» ЖШС жұмысын тоқтатқан» депті.

Бұл жай жазба емес, балаларға білім беретін киелі орынның сыртқы келбетіне басылған көрнекілік қой. Қатені анықтаған кезде мектеп әкімшілігі, басшысы түзетуге неге асықпаған? Күрделі жөндеу жасалғаннан бері бүгінге дейін 3 жыл 8 ай уақыт өтті. Тіпті, оны түзеу үшін жер қопарып, кірпіш қалайтындай ауыр жұмыстың да қажеті жоқ. Бар болғаны бояуды өшіріп, сол бояумен тек қате кеткен тұсын түзеп жазу ғана керек. Ол қыруар қаржыны да қажет ете қоймас. Осыншама уақыттан бері мектеп сыртындағы көрнекілік жазудың түзетілмей тұрғаны осындағы педагогтер ұжымының немқұрайдылығы ма, әлде ана тілімізді қорлауы ма? Әрине, сауатсыздық дей алмаймыз, себебі мұнда жоғары білімді, тәжірибелі ұстаздар қызмет етеді.

Біздің көксегеніміз – біреудің қатесін көзге шұқып, жариялау емес, сол мектепте білім алып жүрген балалардың болашағына алаңдаушылық және ана тілімізге немқұрайдылық танытуға төзбеушілік.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар