«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Агрессияға бейім балалар көп

Агрессияға бейім балалар көп
Ашық дереккөз
Бүгінгі таңда технологиялардың дамуы біздің өмір сүру дағдымыз бен өзімізді алаңдататын мәселелердің шешімін қалай іздейтінімізді, қоршаған ортаға көзқарасымызды түбегейлі өзгертіп, дүниетанымымызға айтарлықтай әсер етіп келеді. Бұл ретте жаңа технологиялар жаңа мүмкіндіктер мен цифрлық қатерлерге де жол бастап тұрғаны жасырын емес. Мәселен, бүгінде зорлық-зомбылықтың цифрлық түрі де қалыптасқан. Виртуалды түрде бір адамды айлаға жығуға, қорқытуға және басқаруға, гаджеттер, қосымшалар мен әлеуметтік желілер арқылы оған зиян келтіруге әрекет жасауды заманауи ғылым кибербуллинг деп атайды. Мұндай сипаттағы цифрлық зорлық-зомбылықты әртүрлі жағдайларда – жұмыста, мектепте немесе университетте, отбасында кездестіруге болады.

Елімізде жаңа қалыптасқан кеселге әрбір сегізінші жасөспірім ұшырайды екен. Олардың басым көпшілігі 10- 15 жастағылар. Психологтар мұндай жағдайда ата-аналарға балаларының қасынан табылуға кеңес береді.

– Жасөспірімдер ортасында қорқыту және кибербуллинг бұл балалардың психикалық және эмоционалдық дамуына теріс әсер етуі мүмкін күрделі мәселе. Сондықтан мектептерде, отбасында, әрбір оқушы өзін қорғалған және құрметті сезінетін орта құру маңызды. Ол үшін ата-аналар өз балаларымен ашық сөйлескені дұрыс. Олардың сабақтары мен алған бағалары туралы ғана емес, сезімдері мен достары туралы да сөз арасында сұрап отыру қажет. Мұнда асығыстыққа, ашушаңдыққа бой алдырмай, сабыр сақтау бірінші орынға шығады. Өйткені, бұл аса нәзік тақырып, оған қоса осы жастағы жеткіншектерде эмоционалды пісіп-жетілу процесі жүріп жатады. Буллингте негізінен үш тарап болады: жәбірленуші, жәбірлеуші және бақылаушы. Балалар жәбірлеудің құрбаны болмаса да, олар бақылаушы ретінде өз құрдастарына құрметпен қарап, мейірімді болу арқылы жәбірлеудің алдын алады. Егер олар зорлық - зомбылықтың куәсі болса, жәбірленушіні жақтай алады, оған қолдау көрсете алады. Сол себепті баламен сөйлесу кезінде ата-аналар дұрыс қарым-қатынас қағидаттарын айтып кеңес бере алады, – дейді облыстық жастар денсаулық орталығының психологы Гүлзира Қалдыбаева.

Маманның пікірінше, кибербуллингтің зардабы психологиялық тұрғыдан ер балаға қарағанда қыз баласына көбірек қиындық тудырады. Сол себепті ата-аналар мұндайда өз баласына үлгі болып, жеткіншектің бойына сенімділікті ұялата білуі қажет.

Кибербуллингке әлеуметтік желілерде біреу туралы жалған ақпарат тарату немесе біреудің келісімінсіз фотосуреттерін орналастыру; хабар алмасу платформалары арқылы тіл тигізетін хабарламалар немесе бопса жіберу; өзін басқа адам ретінде таныстырып, оның атынан хабарламалар жіберу фактілері жатады. Бұдан бөлек оның әлеуметтік желілерде жәбірлеуге байланысты хейтинг, троллинг, түрлі гаджеттер арқылы қудалау түрі киберсталкинг пен онлайн ойындар арқылы да адам құқығын таптайтын грифинг секілді түрлері бар. Ал, облыста өткен жылдан бастап қолданысқа енген буллингтің алдын алу бойынша 2 пилоттық жоба бар. Соның бірі – «Komek Stop Bullying» жобасы. Облыс әкімдігі білім басқармасы қосымша білім беру, тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Мұхтар Керімбековтің сөзінше, жоба аясында телеграм каналынан түрлі бағыттағы 400-ден астам хабарламалар келіп түскен. Соның ішінде 66 шағым бойынша жедел түрде полиция бөлімдеріне хабарланып, полиция қызметкерлерінің қатысуымен ата-аналар жиналыстарында, комиссияларда қаралған және 37 оқушы мектепішілік есепке алынған. Сонымен бірге «Бестерек» жобасы шеңберінде құқық бұзушылыққа, агрессияға бейім 2210 оқушы анықталған. Аталған жобалардан бөлек, оқушылар арасындағы буллингтің алдын алу мақсатында республикалық «111» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы және облыстық «109» диспетчерлік қызметі жұмыс жасайды.

Бүгінде буллинг мектеп жасындағылар арасында қауіпке айналғанымен, оның зардабы ересек жастағыларды да айналып өткен емес. Мәселен, елімізде эстрада жұлдыздары мен танымал азаматтар хейтингке көбірек ұшырайды. Алайда, хейтті өзінің танымалдығын қалыптастыру үшін популизация мақсатында пайдаланатындар да жоқ емес. Сонымен бірге сталкингке, яғни, қудалау фактілері ересектердің жұмыс орнында жиі кездеседі. Мұндайда жеке мақсат пен өзара бейморальді бәсекелестік, қызмет орнына талас, қызметтік ауысым сынды себептер бірінші орынға шығады. Психологтар осы кезеңде әлеуметтік желі мен мессенджерлерде теріс әсер тудыратын оқиғалардан аулақ болуға шақырады.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар