«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қасиетті қалам иесі

Қасиетті қалам иесі
Ашық дереккөз
Тараздан Алматыға жол тартсаңыз міндетті түрде Қордай асуынан өтесіз. Қордай өңірі – киелі мекен. Оның топырағынан қаншама қазақтың белгілі азаматтары өмірге қанат қақты, тұлғаға айналған айтулы ұл-қыздары да аз емес. Солардың бірегейі – Шерағамыздың еркелетіп «Қордайдың қоңыр құлжасы» деп атап кеткен қаранар жазушы Несіпбек Дәутайұлы. Ол өзінің жазушылық құдіретімен қазақ әдебиетінің көкжиегін барынша кеңейте түскен талантты қаламгер еді.

Қолына қалам ұстаған замандастары оның шығармашылығын орынды бағалайтын, сыйлайтын, әр жазған тың әңгімесі кез келген оқырманды терең ойға қалдырып, оған мән беріп, ой елегінен өткізетін. Базбіреулермен басқа өңірлерде кездейсоқ кездесіп қалған сәттерде «Жерлесің, жазушы Несіпбек Дәутайдың хал-ахуалы, жағдайы қалай? Не жазып жүр?» деп сұрақ астына алатын. Біз, жерлестері, ортамызда осындай өмір өрнегі өзгеше, қасиетті қалам иесі бар екенін әркез мақтаныш ететінбіз. Несіпбекті «Несаға» деп құрмет тұтып, көп жылдар бойы қоян-қолтық жақын араластық, ой бөлісіп, өмір мен әдебиет жайлы сырластық. Оның қаламынан туған әрбір жаңа әңгімесін құлшына, тұшына оқыдық. Жазушылық шеберлігіне сүйсініп, кейде оның ойының тереңдігіне шынымен таңғалдық. Несін айтамыз, ол адамгершілік қасиеттерімен, өмірге деген көзқарасымен, ой тереңдігімен талай замандас қаламгерлерден биік тұрды. Сондықтан болар, Таразға жолы түскен, іссапармен келген атақтылары бар, жаңадан әдебиеттің есігін ашқан жазушылар мен ақындар бар міндетті түрде Несағаға соқпай, сәлем бермей, ой бөліспей кетпейтін. Алыс-жақын аймақтарда, Алматы, Астанада тұратын белгілі қаламгерлермен ұдайы байланыста жүрді. Олардың сиясы кеппеген тың шығармаларын өзі редактор болып басқарып жүрген республикалық әдеби-танымдық «Жамбыл» журналына жариялап отырды. Соның өзі Несіпбек Дәутайұлының мына дүрбелеңге толы беймаза дүниеде оның кім екенін көрсететін. Несағаның тұла бойы тұнған талант екенін көпшілік мойындады.

...Жаздың жайсаң, жайдары күндерінің бірінде Тараздан Алматы бағытымен жолға шықтық. Тақтайдай тегіс, кедір-бұдырсыз асфальт жол жеңіл көліктің тынысын аша түскендей, жеңіл ерке самалмен жарысып, зулап келеді. Жолсеріктеріммен әр әңгіменің басын шалып отырып, Қордай асуынан асып бара жатқанымызды байқадым. Қордайдан, қасқа жолдан ары-бері өткенде еріксіз Несағаң еске түседі. Қоңыр белдердің арасынан бір топ жасыл жапырақты тал-дарақтар көрінді. Бұл – Несағамыздың жиі еске алатын кіндік қаны тамған туған жері Иірсу. Осы аймақта оның балалық шағы өткен, таудың тұнық мөлдір бұлағынан су ішіп, тоғанға шомылып, күнге күйген, желмен жарысып жусаны мен жуасының иісіне еліткен, соқпақ жолдарында табанының ыстық табы қалған, қозы қайырып, қой баққан, жүрегіне сәуле нұрын төккен, жанына нәр берген атамекені.

Анау бір көзге тым іліне бермейтін қоңыр төбе бауырындағы ежелгі зираттың шетінде Несіпбек ағаның байыз тауып, мәңгілік тыныштық құшағында жатқан жер бесігі – қабір-бейіті бар. Бір қадам жерде өмірден тым ерте кеткен әкесі Дәутай қара жер құшағында дамылдап жатыр. Әке мен бала бейіті қатар жатыр. Жақын маңда ел жоқ, ерте кезде колхоздандыру жылдары бұл ауылды түгелдей жаңа құрылған Киров совхозының орталығына (қазіргі Кенен аулына) көшірген. Бұзылған үйлердің іргетастары ғана ерке тау самалына беттерін өптіріп, тыныштықта мүлгіп тұр. «Ой, қайран дүние-ай!» дейсің терең күрсініп.

Несағаның өзіне тән мінезі болды. Оның кез келген адаммен дос болып кетуі қиын болатын. Ол дос таңдауда өте қатал еді. Содан болар саяқ жүрген сәттері көп болатын. Оның «Жазушының жалғыз досы – жалғыздық» деген пікірі әлі жадымызда. Ол жалғыздықты ұнатты. Өмірінің соңғы жылдарының күндері мен түндерін жұмыс кабинетінде өткізуді әдетке айналдырды, тынымсыз өндіре шығармашылықпен айналысты. Жалғыз отырып, ой-қиялға бүкіл болмысымен сүңгіп, өзінің сырлы әдебиет әлеміне еніп кететін. Біреуге жағымпазданып, жалған сөйлеп, өтірік мақтап отырғанын көрмеппіз. Ол кімнің болмасын бет-жүзіне қарамай, кімді де болса қағып тастайтын өр мінезді, сұсы бар-тын. Әділдікті, тазалықты, шынайылықты жаны сүйетін. Базбіреулерге ол тым қатал мінезді, кеуделі, көп сөйлемейтін, көпке ашыла бермейтін, өзін маңғаз ұстайтын азамат болып көрінетін. Ол пікірдің жаңсақ екенін жақын араласып жүрген біздер жақсы білдік. Бос кеуде, көбік, сапырма, мыжыма сөзбен уақыт алатын, ойы таяз, мінезі жеңілтек адамдарды жаны сүймейтін. Содан болар біраз жеңіл ойлы жазушылар мен ақынсымақтар тайсалып, сескеніп жанына тым жақындамай оның ығында жүретін. Бірақ, жас қанат ақын-жазушыларға қамқорлығы ерекше еді, қат-қабат тіршіліктің ортасында жүріп, әрқайсысына «әкем» дей отырып оларға ақыл-кеңес беріп, жолын айтып, алғашқы кітаптарын шығартуға аянбай көмек беретін. Олардың тұңғыш шығармаларын өзі ұйымдастырып, көп жылдар басқарған «Жамбыл» журналына жариялап, жолдарын ашып, ақ батасын берді. Ынталы тобын республикалық әдеби конкурстарға, мүшәйра-жыр бәйгелеріне қатыстырып, бойларына сенім ұялатып, қанаттандырды, жеңімпаз болуына жол ашты. Жамбылдық Хамит Есаман, Табиғат Абаилдаев, Нұрболат Әлдибек, Нұржан Қадірәлі, Данияр Әлімқұл, Тұрсынбек Сұлтанбек, Ардақ Үсейінова, Фариза Әбдікерімова, Арайлы Жақсылық сынды талай жас ақын-жазушылар Несағаны өзідеріне ұстаз тұтты, көңілі мейірім шуағына толы, жүрегі жылы қаламгерді сыйлап, дана пейілді ағаларының берген ақыл-кеңесі үшін құрметтеді, ризашылықпен ілтипат етті. «Жастар жақсы көрген жазушы – ең бақытты жазушы» деп бекер айтылмаған болу керек, сірә.

Бір байқағанымыз, Несіпбек Дәутайұлы әрбір шығармаларына бүгінгі заман үрдісіне сай, уақыт шындығына таза суреткер көзімен қарап, көркем зерделеп, одан белгілі ой түйіп, бір мерзім аясында туындайтын әлеуметтік астарын дәл байқайтын бүгінгі күннің білгір сарапшысына айналғанына көз жеткіземіз. Ол қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі терең тамырлы құбылыстарды жете зерттеп, жіті зерделеп, заман мен адам арасындағы күрделі қарым-қатынастарды биік эстетикалық-философиялық өлшемдер тұрғысынан бағалап, романтика мен реализмді шебер қиюластырып, оқырманның жан дүниесін байытатын, көңілінің айызын қандыратын тамаша әдеби тәсілді жете меңгерген қазіргі заманның қаламгер-қайраткері болатын. Жазушы өз кейіпкерлерін қалың жұрт арасынан іздеп тауып, жаңа заманның жаңа сипатты адамдарының болмыс-бітімін өзінше өрнектеп, өзіндік көзқараспен қисынын тауып көрсетуге шебер-ақ еді. Суреткердің кейіпкерлері бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, олардың образдары, қызметтері де, мінездері де, көзқарастары да, іс-әрекеттері де, тыныс-тіршілігі де, тағдырлары да әр алуан жандар.

Оның жазушылық шеберлігі орынды бағаланып «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріліп, «Құрмет» орденімен, көптеген мемлекеттік медальдармен марапатталды, республикалық бірнеше әдеби конкурстардың жеңімпазы атанып, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері болды. Бірақ, олның даурықпа атаққа құмарлығы жоқ еді.

Кезінде оның шығармалары екі рет Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Басқалардай пысықтық жасап, орынсыз жалпақтап әркімге телефон шалып, ортаға адамдар салып, билік иелерінің есігін қағып, табалдырығын тоздырса ол сол атаққа ие болуға әбден болар еді, бірақ ол олай етпеді. Қоғамнан әділдікті күтті, озбырлыққа бармады.

Оның «Алма ағашының бұтағы», «Ақ көгершін» және «Жол» хикаяттары әр жылдары таңдаулы көркем шығармаларға арналған республикалық бәйгелердің жүлделерін иемденген. «Көкмойнақтан шыққан көкжал» әңгімесі Ғ.Мұстафиннің туғанына 100 жыл толуына орай өткізген республикалық конкурста ең үздік шығарма атанды. «Құдірет пен қасірет» романы ҚР Ұлттық кітапханасының «Ең үздік роман» байқауында жүлдегер болды. Ол – «Әнім сен едің», «Алма ағашының бұтағы», «Көгілдір көйлекті келіншек» (2006), «Ойынды еті он бөлек» (2008) және де басқа ондаған кітаптардың авторы.

2000 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көрген Несіпбектің «Құдірет пен қасірет» романы Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин және басқа да көрнекті жазушылар мен белгілі сыншылардан жоғары бағасын алды.

2009 жылы Қазақстан Жазушылар одағының «Ан-Арыс» баспасынан екі томдық (бірінші кітабы «Айғыркісі», екіншісі «Мінез» деген атпен шықты) таңдамалысы жарық көрді. Көпшілік бұрын-соңды әдебиетте кездеспеген тың детальдар мен сюжеттерге мол роман мен қызықты әңгімелер, хикаялармен ұшырасып, оқушысын еріксіз басқа бір сырлы әлемге жетелеп кете береді. Қаламгердің қолтаңба ерекшелігі сол, оның кез келген шығармасы қоғамда болып жатқан кесір, кесапаттың құбылыстарын көлденең тартып, оқырманды содан ескертеді.

Жылқы образында берілген қаратөбел «Айғыркісі» қасиетті, киелі адам символы деп айтуға болады. Шығарманың лейтмотиві – қазіргі құйтұрқы заманның жетегіне ілесіп кейбір пенделердің адамдық кейпін жоғалтып алу алдында тұрғаны. Автор өз кейіпкерлері Жалғас пен «Айғыркісі» арқылы заманның ащы запыранын, қазіргі өмір шындығын алдымызға жайып салады. Қаратөбел жылқы образына оқушы алғашқыда сенімсіздікпен, базбірі күдікпен қараса бірте-бірте әңгіме желісіне еніп, ондағы келтірілген сюжет пен детальдар тайталас, тартыс оқиғалармен күрделеніп жүрегіңді жаулап алады. Азғындау мен мәңгүрттену алдында тұрған болашақ ұрпақ жайлы ой тастап, оқырманын қатты ойландырады. Шығармада селкеулік, солғындық жоқ. Замана ауқымына, уақыт мүдесіне орай тіршілік етіп жатқан ортада, қоғамда адами қасиеттер де өзгеріске ұшырап, адамның бет-бейнесі, ой-өрісі де өзгеруге ұшырайды екен. Тәсілқой, жаңашыл автордың бұл шығармасы бұрынғы туындыларынан ерекше дүние екенін атап өткен жөн.

Мойындауымыз керек, бұл екі кітапқа енген әрбір әңгіме шағын-шағын романдар жүгін көтеріп тұр. «Шал», «Көрбай», «Қанқызыл жалқын», «Дударай», «Репитиция», «Мінез», «Архитектор», «Аты жоқ әңгіме», «Құмға қашқан құйын» сияқты әлеуметтік-психологиялық әңгімелері уақыт шындығын шебер суреттеген, ұйқыдағы көңіл күйді жұлқып оятатын, сананы сілкитін, сөйтіп, оқушыға ой салатын, ерекше әсер ететін, тағылымы мол, кесек-кесек дүниелер. Ізгілік пен зұлымдықтың арасында ғұмыр кешетін пендені әр қырынан – шым-шытырық оқиға ортасындағы пейілі, мінезі, іс-әрекеттері тамаша суреттелген ойлы, астарлы, қатпарлы туындылар. Оларды қиял-ойдан шығарылған, қолдан жасалған хикаяттар деуге аузың бармайды. Түгелдей алғанда, олардың әрбірінде шындық, ақиқат оты маздап тұр.

Оның «Жалғызілік» деген әңгімесінің басты кейіпкері – барлығын ұмытып, өмірін тек дүние жинауға, қорасындағы малының санын өсіруге арнаған жан. Әлгінің жанын қинап тірнектеп жинаған малы, еш рахатын көрмеген байлығы кімге керек? Не үшін, кім үшін тірлік етіп жүр? Қалың ойға қаласың...

«Мінез» деген әңгімесі де қызықты жазылған. Ия, мінезсіздік, ойлап отырсаң, адамға – қасірет. Адам болғаннан кейін әркімнің өз ойы, өз пікірі, байламы, түйсігі болғаны жөн. Егер олай болмаса, өз ойы, пікірі жоқ, аузында сөзі жоқ адам айдауда жүрген пендеге тең. Біреудің аузына қарап, айтқанын орындап, жалпақтап, жігерсіз тіршілік ету – бейшаралық, мүсәпірлік.

Тілалғыштық, шабармандық адам баласының рухы күйкілігін, бейшара, құлмінез, тексіз, көргенсіз біреуге айналарын осыншалық әшкерелейтінін «Тілалшақ» әңгімесінен оқып қайран қаласың. Барып кел, алып кел, тауып келдің адамдары ортамызда дәл қазір қаптап жүр емес пе? Құлмінездік мына жалған дүниеде көбеймесе, азаймай тұр. Соны сарказммен суреттегені жазушының қаламға адалдығы, рухани биік ұстанымын көрсетеді.

Қаламгердің «Ақкүшік» повесі де көпшілікті өзінің (постмодернистік тәсілмен) жазылу ерекшілігімен елең еткізді. Адамзаттың көп ғасырлардан бері серігі, досы болып саналатын ит туралы жүздеген қаламгер қалам тербеген шығар. Бірақ Н.Дәутайұлындай адамдар мен ит арасындағы жүрек елжірейтіндей ерекше қасиетті, дәнекер достықты ешбірінің шығармаларынан кездестірмейсіз.

Оның тағы бір ерекше оқылатын шығармасы «Өнеш, Комбинатор және алжапқыш» әңгімесі. Заман ағымына байланысты өмірде болып жатқан қулық пен сұмдықты, жақсылық пен жамандықты барынша бадырайтып көрсеткен, уақыт тынысын тамыршыдай тап басқан, қоғамның әлеуметтік өміріндегі өзгерістерді, кеселді құбылысты шебер суреттеген шығарма. Әңгімені оқып болғаннан кейін жүрегің тарсылдап, бойыңды үрей билейді, тіпті, аяныш пайда болады. Мұнда жазушы кез келген фактіге әдеби сын беру арқылы өмірдің де, әдебиеттің де шындығын айту мүмкіндігін көрсеткен. Көркем зерттеудің не екенін аша білген.

Несіпбектің «Батыр» атты әңгімесі шебер жазылған, тартымды туынды. Мұнда уақыттың өзіндік суреті, дәуір «психологиясы», әр кейіпкердің жеке тағдыры, батырдың өзіне тән нағыз кесек мінезі, ұлттық болмысқа сиятын қылықтары нанымды, шымыр штрихтар арқылы ерекше тартымды көрініс берген. Азаматтықтың, адамшылықтың, батырлықтың мәні секілді үлкен де терең мәселелерге шағын-шағын көріністер арқылы-ақ психологиялық дәлдігі жағынан да, толғам-байламы жағынан да шебер жасалған тосын шешімдер мол. Базбіреулер оған қызығып: «Мына дүние кинофильмге сұранып тұрған нағыз құнды шығарма ғой» – деп те жатты. Шындығында солай.

Несіпбек Дәутайұлының Ұлы нәубет жылдардың қасіретін шебер, үйлестіре суреттейтін. «Кісі киесі» деп аталатын әңгімесін бей-жай оқып шығу мүмкін емес. Ашаршылық кезеңін бар ауыртпалығын көз алдыңа әкеліп, азып-тозған ауылдың тіршілігін, тамақ таппай әбден діңкелеген, қалжыраған, титықтаған аш адамдардың аң аулауға шыққандай, кіре жол бойын торып, қарақшылық жасап, қолдарында жас баласы бар жеке адамдарды баласын күшпен тартып алып, ас етіп жеуден тайынбайтын адамдардың әрекетін әңгімелеп, жантүршігерлік оқиғаны суреттейді. Әйелі мен баласын алға оздырып, артына түскен ашкөз «қорқау» адамдарға мылтығын кезеп, бас кейіпкер жыландай арбасады.

«Арада бес-алты жыл өтіп, Арқарлы асуына адам ізі қайта түсе бастағанда баяғы кіре жолдың бойынан жүргіншілер шашылып жатқан адам сүйектерін көреді. Жалғыз адамның. Қазаққа сәбет сұмдықтың жасаған зұлматы ғой, деген сөз бәрінің көкейінде күңіреніп тұрды. Бірақ, бір-біріне онысын дауыстап айта алмады. Қолдарынан келгені, шашылып жатқан сүйектерді жиып, жерлеп кетті. Оның кімнің сүйегі екенін олар да, кейінгілер де білген жоқ...», – деп аяқталады әңгіме.

Оның әсерлігінен арқаң мұздайды.

Н.Дәутайұлының «Обал дүние» деген әңгімесі бар. Ол мазмұны жағынан мистикалық дүниеге жақын, оқшау сюжетті әңгіме.

...Ертеректе бір шет жатқан ауыл ортасындағы алаңқайда жылан ордасы болыпты-мыс. Әлгі жерді адам аяғы баспайды екен. Жылан ордасына тек Құсатай атты көзі көрмейтін қарт шал әр жұмада көк есегін жайына қойып, ұзақ отырады екен. Не істеп, не қояды, беймәлім. Болжам көп. Құсатайдың құсы, жыланы бар дейді екен ел-жұрт. Өзін мейлі, сыртынан келеке-мазақ еткендерге де түнде құсы мен жыланын жібереді екен. Құсы қанатымен терезені сабалап, жыланы қойнына кіріп, түні бойы жаныңды көзіңе көрсететін көрінеді. Құсатай сондай-ақ, кімнің не ойлап жүргенін де біліп қояды-мыс. Жаман пиғыл, бұзық ойы барларға да түнделетіп құсы мен жыланын жібереді екен. Тоқетері, жыланмен тілдеседі, сірә, өмірі жұмбаққа толы, құдіреті мол адам деп ой түйеді екен көпшілік. Күндердің күнінде Құсатай соқыр мүлде із-түссіз жоқ болып кетіпті. Оның қыстағына барғандар жағаларын ұстап оралды. Шалдың тастан қалаған шағын тұрағы да ұшты-күйлі жоқ десті. Аузы аңқайған жұрттың айтары қалмады. Оқта-текте әркімнен әрқилы әңгімелер шығып жүрді: «Бәлен жерде жүр екен, түлен жерден көріпті...». Қайсыбірде сол Құсатай мұның түсіне кіреді. «Мені жоғалтып алдыңдар ма?» – дейді ол.

– Бекер, оларың. Тәубеге келмей опа таба алмайтындарыңды ескерту үшін, Құдіреттің бар екенін естеріңе салып отыру үшін мен мәңгі оралып соғып жүремін, – дейді.

Бір күні мамыражай ауыл тыныштығын қаптаған техника бұзады. «Көкорай жусан көмкеріп жататын жазалаң беті астаң-кестең, гүріл-сарылы дүниені көшірген техникалар топырағын тегістегенде, жылан ордасын да жым-жылас қылды... Алпыс жыл бойы күнде көріп жүрген жазалаң мен жылан ордасының орны дөңгеленген қап-қара топыраққа айналды». Оны көрген ауыл тұрғындары «Әттеген-ай, бекер болды-ау!» деп үрейленіп жағаларын ұстапты.

– Ордасында жылан көп болады екен ғой. Мылжа-мылжасы шығып, дымы қалмады.

Әлде бірлі-жарымы қалды ма екен, тереңде.

– Алаңқайды түп-түгел цементтеп тастаймын. Астына биіктігі жиырма-отыз сантиметрдей қиыршық тас төсеп, – деді інісі.

– Қып-қызыл табыстың көзі. Осы заманның адамысың. – Вискиді шайқап ішіп, сырбазды тамсана жеп отырған анау бұған қараған. Солай әңгіме жалғаса береді. Ұйқы қашқан. Ойына не келіп, не кетпейді. Баяғыда Құсатай жоқ болып кеткеннен кейін, араға біраз жыл салып, мұндағы жұрт жаңа орталыққа көшті ғой. Жаман ой, арам істен аулақ жүретін ағайынның сол жаққа барғаннан соң, айдың аманында әдепкідегі ақ жолдан айнып бара жатқандарын естігенде «е, Құдайлайтын». Сонда тәубаларын ұмытқаны ма? Есінде ғой, олар осында тұрғанда, арагідік айтысып, жанжалдасқандай болса, жылан ордасы жақтан ысылдаған дауыс сумаңдап қоя беріп, салғыласып тұрғандар селк етіп, сап тиылатын. Енді келіп... Құлағына ысыл ма, сондай бір суық дыбыс жеткендей, басын көтеріп алып, тұрып отырды. Көзі бүгін түте-түтесі шыққан алаңқай жақта. Ай жарығынан байқайды, ол тұс қап-қара. Кенет соған қарай жарық саулағандай болды. О, құдай, әлгі жарық жерге қонғанда, арасынан адамның сұлбасы елес берді. Анау кім? Құсатай... Сол ғой. Иә, сол... Көк есегі... Соқыр шал ер үстінде. Жан-жағына үңіле ме...

Мұның басы айналып, көзі бұлдырады. Денесі қалшылдаған. Үш ұмтылып орнынан әзер тұрды. Алаңқай жаққа мойнын қайта созып еді, жарықты төбесіне көтеріп, қалқып бара жатқан жаңағы сұлбаны көрді...

– Сәскеге дейін жата ма бұ, жұрт, – деген әйелінің даусынан оянған. Таң ағараңдағанға кірпігі әзер айқасып еді.

– Төрежанды оятсаңшы, шай дайын, – деді әйелі.

Екінші қабатқа көтеріліп, інісінің есігін ашқан. Сол мезет тоққа түскен адамдай, тіл-ауыздан айырылып, тұрған орнында тұншығып, құлап бара жатты. Інісінің мойнына сала құлаш қара бас ақ жылан оратылып қалыпты», деп қорқынышты көрініспен аяқталады әңгіме. Оны оқып отырып төбе шашыңның түбірлері шымырлап, демің тарылып, жүрегің қысылып, алпыс екі тамырыңды жиі-жиі соқтырып, жан дүниеңді астаң-кестең ететіні рас. Қазіргі сайқымазақ, дүрбелеңге толы мына аласапыран күндерде күндіз-түні дүние қуып, ақша табуды өмірінің басты кредосына айналдырған тойымсыз, тоғышар имансыздардың, құдайсыздардың іс-әрекеттерін, пиғылдарын және оның немен аяқталатынын көркем тілмен, ғажап шеберлікпен келтірген автордың еңбегіне аса риза боласың. Қазіргі қоғамдағы ардан безген, ақша табудың артына шам алып түскен пенделердің пиғылын, келбетін ашқан. «Обал дүние» – бүгінгі күнгі, өкінішке қарай, қоғамда жиі кездесетін кейбір пысақай адамдардың кескін-келбетін, адамшылықтан алыстаған, имандары әлсіреген, жүректері кірлеген, ұяттан безген тірліктерін көрсетуімен құнды әңгіме.

Қазақ прозасында өз орнын айқындап кеткен Несіпбек Дәутайұлының жазушылық дүниетанымы «Тағдыр» атты әңгімесіндегі көзқарасында анық берілген: «Бұл еркек қызға жаһанның жарығына жаны құмар, жартасқа да жауқазын өсетініне кәміл сенетін, көрініс атаулының бәріне бір мезгілде күн сәулесі төгіліп тұрғанын көксейтін көзі ашық, көкірегі ояу көркем ойлы адам болып көрінген».

Басты мәселе шығарманың көлемінде емес, оның көркемдік салмағы мен өмір, дәуір шындығын ұтымды, тартымды, әсерлі баяндауында ғой. Қаламгердің қай шығармасын алмаңыз олардан туындайтын ой-тұжырымдар бүгінгі оқырмандар үшін өзекті болып қала береді. Қалың оқырмандар іздеп жүріп оқитын кітаптар адамдардың ой-өрісін кеңейтіп, тың көзқарасқа, биік парасатқа жетелейтіндігімен ерекшеленеді. Жазушының сырбаз да сыршыл әңгімелері философиялық ойларға тұнып тұр, олардың қайсысы болмасын өміршеңдігімен, актуальдылығымен құнды. Сырғып өтіп жатқан мына өмірдің таза шындығын, қарапайым кісі бұл күндердегі дәуір мен уақыттың кейбір көлеңкелі тұстарын зерделеп байқай бермейтін, жай адамның ойына түспейтін, қаперіне ілмейтін сырлы дүниені көз алдыңа бүкпей жайып салады. Жазушының суреткерлік шеберлігі, ой зергерлігінің негізі осында болса керек.

Жазушылықты өмірінің мәніне айналдырып, бүкіл жан-дүниесімен тынбай еңбек еткен Несіпбек Дәутайұлының бір шығармасы емес, бар шығармасы шебер ұстаның қолынан шыққан қымбат, бояуы қанық зергерлік бұйымдай жарқырып, көңіл түбінде қара домбырадан төгілген керемет сырлы, қоңыр үндей күмбірлеп тұр. Мінез мүсіндеу, ой толғау, сөз саралау, оқиға өрбіту, сөйлем құрау мен сюжет түзуге шеберлігі мол бірегей жазушы еді. Әдебиет арқылы қоғамдағы келеңсіз кесір, кесепатты оқиғаларды, адам бойындағы теріc қылықтарды, бұрыс ісі мен мінезін, ішкі психологиясын жеткізе білудің шебері болатын.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының

докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар